Осы аптада шетел басылымдары Әлия Назарбаеваға қатысы бар компаниямен арадағы даудан соң өртеніп өлген швейцариялық дәрігердің оқиғасын тереңдете жазды. Бұған қоса халықаралық басылымдар тәжік-қырғыз шекара дауына көршілес елдердің әртүрлі жауап қатқанына және Қазақстандағы киік аулау мәселесіне тоқталды.
"ӘПКЕСІ ДИНАРА ЖЕНЕВА МАҢЫНДА ВИЛЛА САТЫП АЛҒАН СОҢ..."
Цюрих түбіндегі үйінде өртеніп өлген швейцариялық дәрігердің қазақсына Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлияның не қатысы бар? Швейцарияда неміс тілінде шығатын Tages-Anzeiger өткен аптада шыққан зерттеуінің жалғасын жариялады.
Басылымның жазуынша, 65 жастағы дәрігер 17 мамырда Швейцариядағы орманды жота – Цюрихбергте орналасқан үйіне бекініп, өзіне өрт қойған. Газеттің дерегі бойынша, берешегі үшін дәрігердің үйі аукционда сатылып кеткен, ал оның мұндай қарызға батуына Әлия Назарбаеваға жақын компанияның қатысы бар.
"Дәрігер, президенттің қызы және 350 миллиондық клиника" деген тақырып қойылған мақалада автор "Қазақстанның биліктегі отбасының ақшасына" Швейцариядағы көл жағасында аса ауқатты адамдарға арнап қымбат клиника салу жоспарының қалайша "драмамен аяқталғанын" баяндайды.
Газеттің жазуынша, 2013 жылы ирландиялық адвокат Томас Джон Галлахер кардиолог дәрігермен танысып, "Әлия Назарбаеваның ақшасын басқаратынын", оның "Швейцарияға қаржы салуға дайын екенін" айтып, дәрігерге қолқа салады. Ол Цюрих көлінің "ең жақсы жері" - Пфеффикон ауданында өте ауқатты адамдарға арнап емхана салатындарын айтады. Дәрігердің хаттарында жобаға 350 млн швейцар франкі жұмсалады деген мәлімет бар.
Linkedin-дегі профилінде "аса ауқатты" адамдардың ақшасын басқаратынын жазған Галлахер Әлия Назарбаевамен бірге Kerfuffle AG компаниясы директорлар кеңесіне мүше. Business-montor.ch сайтының дерегі бойынша, 2009 жылы құрылған компания "қорды басқарумен" айналысады, ал ондағы "басты шешім қабылдаушы адамдар – Томас Джон Галлахер (президент) және Әлия Назарбаева (директорлар кеңесінің мүшесі). Оның мақсаты – "компанияларды сату және сатып алу", "құнды қағаз, патент, лицензия және интеллектуалдық меншіктің басқа түрлерін сатып алу, басқару және сату".
"Швейцарияда Әлия Назарбаеваның қанша ақшасы бар, емхана жобасына шын мәнінде қанша ақша жұмсалды, ол жағы анық емес. Бір анық нәрсе – дәрігерге миллион франктай ақша берілген. Ол сонда да қарызға кіре берген" деп жазады Tages-Anzeiger.
Өлер алдында дәрігер "Қылмыстық іс" деп тақырып қойып, 41 бет хат жазған, онысы "досы Галлахердің үстінен жазылған арызға ұқсайды" деген швейцар журналисі хат мазмұнының қосымша деректермен дәлелденген тұстарына сүйене отырып оқиғаның картинасын жасап шығады. Оның жазуынша, бұл арыз прокуратураға жазылған, бірақ ол бойынша іс қозғалды ма, ол жағы беймәлім. Швейцария прокуратурасы да, Галлахер мен Назарбаеваның адвокаттары да бұған қатысты комментарий бермеген.
Басылымның жазуынша, 2017 жылғы 9 ақпанда Цюрихтың қымбат ауданындағы Veltliner Keller конференц-залында компания директорлар кеңесінің жиыны өтеді. Оған Галлахер мен дәрігер және "Назарбаевтар әулеті атынан көп рет өкілдік еткен" женевалық адвокат Марк Боннант қатысады. "2004 жылы Қазақстанның Швейцария банкіндегі 100 млн франк шамасындағы ақшасы бұғатталғанда" экс-президент отбасының мүддесін осы адам қорғаған деп жазады басылым. "Қазақгейт" деген атпен белгілі бұл іс бойынша, мұнай компаниялары Қазақстан үкіметіндегі лауазымды тұлғаларға осы ақшаны пара ретінде бермек болған. Соңында қомақты қаражат Қазақстанға қайтып, қайырымдылықпен айналысатын арнайы қордың шотына жіберілген.
"Жиынға қатысқан аты-жөнін атамауды сұраған бір кісінің айтуынша, әпкесі Динара 2010 жылы Женеваның маңындағы Аньерде 74,7 франкке вилла сатып алған соң Әлия Назарбаева Швейцарияға ақшасын салуға тырысқан" деп жазады Tages-Anzeiger.
Жиында Галлахер көл жағасында "Қамал" (The Castle) деп аталған люкс емхана салу жоспарын айтқан.
"Кездесуде Галлахер көбінің аумағы 100 шаршы метрге жететін, барлығы заманауи медициналық құралмен жабдықталған 40-50 люкстен тұратын "Қамал" деп аталған экслюзивті емхана жобасымен таныстырды. Бұған қоса, онда қызметкерлер тұратын үй, операция залы, қарқынды терапия төсектері, шаштараз және пациенттерге тәулік бойы қызмет көрсететінін мейрамхана болуы тиіс еді" деп жазады басылым.
"Бұл ұсыныс Клотен әуежайына жеке ұшағымен, ал Пфеффиконға тікұшақпен ұшып келетін аса ауқатты адамдарға арналған".
Басылымның жазуынша, емхана 5 гектар болатын тас зауытының орнында салынуы тиіс болған және ол жердің иесі Ули Феусимен бірнеше рет кездесу де болған. "Феуси сұраққа жауап бергісі келмеді, бірақ инсайдерлердің айтуынша, келіссөз 2019 жылғы 5 мамырда өтуі тиіс болған" деп жазады журналист.
Швейцар басылымы жобаның не себепті тоқтап қалғанын анықтай алмаған, оның болжауынша, "қазақ донорлар 2018 жылдың басында-ақ жобадан кеткенге ұқсайды". Галлахер 2018 жылғы 8 наурыздағы электронды хатында "Бұл жобаға енді қатыспаймын" деп жазған.
"Ал кардиолог болса жобаны біраз жеріне дейін апарған. Ол сарапшылардың қорытындысын алып, алдын-ала зерттеуге тапсырыс беріп, жоба эскиздерін пысықтаған, тіпті емханаға паркет еден жасауға болатынын анықтаған. Кейбірі дәрігерге 2020 жылдың жазына дейін жұмыс істеген мердігерлер бұл жоспарды "шынайы", бірақ "тым алысқа құлаш сермеген" жоба деп атаған".
Журналистің жазуынша, дәрігер де, мердігерлер де жұмысы үшін ешқандай ақша алмаған. "Ол "Швейцар қамалы" туралы арманым орындалады, сөйтіп барлық проблема шешіледі деп соңына дейін күтсе керек" деп жазады басылым. Ақырында ол Галлахерден барлық шығындарын "қазақ ақшасының есебінен жауып беруді" талап еткен. Бұл жобаға нақты қанша ақша жұмсалғаны анық емес, әйтеуір соңында дәрігердің вилласы аукционнан сатылып, ол тақырға отырған.
"Қылмыстық іс" арызын жазғанннан үш күн өткен соң дәрігер үйін өртеп жіберді. Оның ішінде қалған мүліктің көбі өртеніп кетті" деп жазады Tages-Anzeiger.
ҚЫРҒЫЗ-ТӘЖІК ШЕКАРА ДАУЫНА ҚАТЫСТЫ ЕКІ ТҮРЛІ ҰСТАНЫМ
Қазақстан мен Өзбекстан іргедегі көршілер арасында болып жатқан шекара дауына екі түрлі жауап қатты, мұның өз себептері бар. Кикілжің әрі қарай ушыққанда бұдан екі ел де, бірақ әсіресе Өзбекстан қатты зардап шеккен болар еді. Америкалық Jamestown қорының сараптамасында осындай тұжырым жасалады.
Сәуірдің соңында Қырғызстан мен Тәжікстан арасында бұрқ еткен қақтығыстан үш күн ішінде 55 адам қаза тауып, 266 адам жарақат алған. "Аймақтағы белсенділігін арттырып келе жатқан Өзбекстан алғаш болып 29 сәуірде кикілжіңді деэскалациялауға шақырды. Қазақстан мен Ресей кейін жауап қатты" деп жазады автор Умида Хашимова. Оның айтуынша, Орталық Азиядағы оқиғаларға "бірінші болып үн қататын және дәстүр бойынша жылдам көмек ұсынатын" Ресей бұл жолы мүлде "аз рөл ойнаған". Дегенмен, бұл "Қазақстан мен Өзбекстанның оқиғаны қаншалық екі түрлі көретінін ашық көрсетті. Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы соғыс бақылаудан шығып, әрі қарай ушыққанда бұл екі ел де түрлі деңгейде тұрақсыздықты сезінер еді" деп жазады автор.
Атыс басталған күннің ертесінде әрекет еткен Ташкент қос тарапты сабырға шақырып, "Орталық Азиядағы бауырластық рухында" келіссөз бастауға үндеген. Тараптар келісімге келуге уағдаласқан соң президент Шавкат Мирзияев екі жақты да "бөлек құттықтап", болашақта мұндай түсініспеушілікті бейбіт жолмен шешуге үндеді. "Бұл үндеулер шиеленісті бәсеңдетуге әсер етті ме, белгісіз, бірақ Ташкенттің жағдай ушығады деп алаңдағанын, екі елмен әңгімеде де бейтарап тілде сөйлегенін байқауға болады. Өзбекстан бұл конфликтіде қандай да бір тарапты жақтады деген көзқарас қалыптастырмауға барынша тырысты" деп жазады автор.
Ал Қазақстан керісінше қай тарапты жақтайтынын "жасырып қалған жоқ". 1 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан және Тәжікстан президенттерімен сөйлесті, дегенмен "әріптесі Садыр Жапаровқа көбірек жанашырлық танытқаны байқалып тұрды, ол [қаза тапқандар үшін] көңіл айтып, Қырғыз Республикасында жапа шеккен ауыл тұрғындарына гуманитарлық көмек ұсынды". Есесіне Тоқаевтың Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен әңгімесі "фактіге көз жеткізуге көбірек ұқсады". Автор Қазақстанның ресми хабарларынан Тоқаевтың Рахмонға көңіл айтып, гуманитарлық көмек ұсынғанын байқамаған.
Оның айтуынша, Өзбекстанның екі жаққа бейтарап болуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, қырғыз-тәжік конфликті ұзаққа созылып кетсе, "бұдан ең көп зардап шегетін үшінші ел Өзбекстан болар еді", себебі ол соғысқан екі елмен де шектседі, ал Қазақстанның тек Қырғызстанмен ортақ шекарасы бар. Оның үстіне, АҚШ Ауғанстаннан әскерін әкетіп жатқан қазіргі жағдайда бұл аймаққа бұрынғыдан да көп қатер төндірері кәдік. Екіншіден, бұл Өзбекстанның Қырғыстанмен арадағы өз шекарасын реттеуіне де кедергі жасары анық еді. "Бұған қоса, Өзбекстанның экономикалық дамуына әсер ететін Қытай–Қырғыстан–Өзбекстан теміржолы сияқты жобалар аймақтағы тұрақтылыққа тікелей байланысты".
Ал Қырғызстанның ең ірі инвестиция және сауда серіктесінің бірі саналатын Қазақстан Тәжікстанға қарағанда іргелес көршісімен бұрыннан тығыз қарым-қатынаста. "Сондықтан, Нұр-Сұлтанның Бішкекпен жақындығы Тоқаевтың Жапаровпен әңгімесінен байқалады".
Сарапшының айтуынша, билікке келгелі Мирзияев аймақтық "тұрақтылық белдеуін" құру жөніндегі стратегиялық жобаны қолға алған, "ал екі көрші қатысқан конфликт оған қауіп төндіреді". Сарапшының айтуынша, Ташкенттің оқиғаға жылдам араласуының арқасында ғана "қанша ауыр болғанымен, бұл оқиға сыртқы араағайындардың араласуынсыз, аймақтық мәселе деңгейінде қалды".
КИІК МҮЙІЗІ ҚАЗАҚСТАНДА – 12 ДОЛЛАР, ОҢТҮСТІК-ШЫҒЫС АЗИЯДА – 5 МЫҢ ДОЛЛАР
Euriasianet журналисі Джоанна Лиллис жойылып бара жатқан аң ретінде қызыл кітапқа енген киікті қорғау мәселесіне, оның еті мен мүйізін сатумен айналысатындарға және үкіметтің киікті қорғау шараларына назар аударады.
"Бұл далада соңғы мұз дәуірінен бері жөңкіп жүрген сайғаққа кейінгі кезде ғана құрып біту қаупі төнді" деп жазады автор.
Оның айтуынша, әлемдегі киіктің 90 пайызы Қазақстанда.
"Аңшылардың және өмір сүру ортасынан айрылудың кесірінен" 1992-2003 жылдар аралығында Қазақстанда киік саны 98 пайызға азайып, 1 миллионнан 20 мыңға дейін құлдыраған.
Автордың жазуынша, үкіметтің "киікті сақтау бағдарламасының арқасында" 2019 жылы жануардың саны 334 мыңға өскен.
Бірақ бұл жетістік оп-оңай жоққа шығуы мүмкін, себебі киік саны "қажетті максимумға жетпеген".
Бұл дала тағысына ең қауіп – адамнан.
Дәстүрлі қытай медицинасы киік мүйізін ерекше бағалайды, ол "суық тию мен тамақ аурудан бастап, өкпе-бауыр дертіне дейін түрлі ауруға шипа. Бұл осы аңнан алынған өнім саудасының өркендеуіне алып келді" деп жазады Eurasianet.
Жабайы фауна мен флора түрлерінің саудасы жөніндегі халықаралық конвенцияға сәйкес, киікке "екінші дәрежеде қорғалатын аң" статусы берілген, соған сәйкес, оның саудасы аңның аман қалуын қамтамсыз ететіндей деңгейде болуы керек.
Осы кезге дейін киік жайлаған Қазақстан, Моңғолия, Ресей және Өзбекстаннан бұл аңның өнімін экспорттауға тыйым ережесі ғана болған.
2019 жылы киікті "бірінші дәрежеде" қорғайтын, яғни оның өнімдерін тек "ең қажет жағдайда" сатуға рұқсат беретін ереже күшіне енбей қалды. "Қазақстан мен Ресей бұған қарсы шықты, олар киік жеткілікті дәрежеде көбейген жағдайда оның санын тұрақты деңгейде ұстау үшін бақылаудағы саудаға рұқсат беретін мүмкіндік қалуы керек деді".
Есесіне киік өнімдерін экспорттауға мүлде тыйым салынды. Соған қарамастан, "қара нарық өркендеп тұр".
"Қазақстан ауылының қарапайым тұрғыны бар-жоғы 12 долларға сататын киік мүйізінің бағасы Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азияда 5 мың долларға дейін жетуі мүмкін" деп жазады Eurasianet.
Жақында "киік алатын адам кейпіне енген" "Курсив" газетінің журналистері мүйізді 200 долларға сатып жүрген саудагерлермен оңай байланысқа шықты. Әлдебір делдалдар оларды азын-аулақ ақшаға сататын WhatsApp тобына кіргізіп берген.
"Бұл бизнеспен күресудің өзі қауіпті" деген журналист 2019 жылы браконьерлердің қолынан қорықшының қаза тапқанын еске салады.
ПІКІРЛЕР