Accessibility links

Қырғыз-тәжік қақтығысы. Көрші елдердің ұстанымы қандай?


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) Кремль іргесіне қойылған Белгісіз жауынгердің қабірі басына гүл қою шарасында тұр. Мәскеу, 9 мамыр 2021 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) Кремль іргесіне қойылған Белгісіз жауынгердің қабірі басына гүл қою шарасында тұр. Мәскеу, 9 мамыр 2021 жыл.

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында болған қарулы қақтығыстан кейін қос тараптың ешқайсысын ашық қолдағысы келмеген одақтас мемлекеттер ыңғайсыз жағдайда қалды. Бірақ сөзі мен ісі арқылы өз позициясын айқын көрсетіп отырған басшы да бар.

Сәуірдің соңында қырғыз-тәжік шекарасында қарулы қақтығыс басталған кезде көп мемлекет пен халықаралық ұйым екі тарапты әскери іс-қимылды тоқтатып, бұрыннан келе жатқан кикілжіңді бейбіт жолмен шешуге үндеді.

Бірақ ешбір мемлекет 50-ден астам адамның өліміне себеп болған қақтығысқа қатысты пікір білдірмей, Қырғызстан мен Тәжікстанның қайсысына жақ екенін ашық көрсетпеуге тырысты.

Қырғызстан мен Тәжікстанның ресми тұлғаларының арасында әскери іс-қимылды тоқтату туралы келісім жасалғаннан кейін кей елдің басшылары шекарадағы кикілжіңге байланысты позициясын білдіретін мәлімдемелер жасай бастады.

МӘСКЕУДЕГІ ПАРАДҚА ҚАТЫСҚАН ЖАЛҒЫЗ ШЕТЕЛДІК БАСШЫ

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон бірнеше ай бұрын Мәскеуден 9 мамыр – Жеңіс күнін тойлау салтанатына ресми шақырту алды.

Рахмон Мәскеуде биыл мамырда Жеңіс күні мерекесіне арналған салтанатты шараға қатысқан жалғыз мемлекет басшысы болды. Осы сапары оған 8 мамырда Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуге мүмкіндік берді. Рахмон Путинмен 9 мамырда Қызыл алаңда өткен салтанатты шеруде тағы да кездесті.

Бірнеше күн бұрын Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 28-30 сәуірде қырғыз-тәжік шекарасында болған қақтығыс тақырыбы Путин мен Рахмонның кездесуінің күн тәртібіне енгізілгенін айтқан. 30 сәуірде Путин Орталық Азиядағы постсоветтік екі елдің арасындағы кикілжіңді шешуде бітімгер болуды ұсынды. Бірақ Путин мен Рахмонның кездесуінен дайындалған есепте қос президенттің шекарадағы кикілжіңді талқылағаны туралы ештеңе жазылмаған.

Путиннің пікірі Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы мәселеге жанама түрде бағытталғандай қызық болып көрінді.

Қырғызстанның Баткен облысыдағы Кок-Таш ауылы маңындағы «Головный» су бөлу орталығы қырғыз-тәжік жанжалына себеп болды. «Баткенсуарнасы» мекемесінің қызметкерлері су тоғанын тазалауға кіріскен кезде Тәжікстан жағынан Ходжаи Ало ауылының адамдары жұмысты екі жақ бірлесіп істесін деген талап қойған. 5 мамыр 2021 жыл.
Қырғызстанның Баткен облысыдағы Кок-Таш ауылы маңындағы «Головный» су бөлу орталығы қырғыз-тәжік жанжалына себеп болды. «Баткенсуарнасы» мекемесінің қызметкерлері су тоғанын тазалауға кіріскен кезде Тәжікстан жағынан Ходжаи Ало ауылының адамдары жұмысты екі жақ бірлесіп істесін деген талап қойған. 5 мамыр 2021 жыл.

Путин мен Рахмон кездескен сайын талқыға түсетін Ресейдің Тәжікстандағы әскери базасы (Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ол жақта Ресейдің 201-дивизиясы орналасқан) туралы тақырып бұл жолы АҚШ пен басқа мемлекеттердің Ауғанстаннан әскерін шығаруына байланысты тағы да көтерілді.

Путин "Ресей әскери базаларын нығайтып, Тәжікстан әскерін күшейтуге жұмыс істейді" деп мәлімдеді.

Ресей басшысының Тәжікстан қарулы күштерін нығайту туралы мәлімдемесі Қырғызстанның назарынан тыс қалмады. Путин Тәжікстан әскерін нығайту туралы ұсынысын Ауғанстандағы әскери іс-қимылдың жиілеуімен түсіндіруге тырысты.

Шекарадағы қақтығыстан қос тарап та біраз шығынға ұшырағанымен, қолда бар деректерге қарағанда, қырғыздардың көбірек зардап шеккені байқалады.

ПУТИННІҢ ЕМЕУРІНІ

Кремль өз әскери базасы орналасқан, 2005 жылдан бері үш рет революция болған Қырғызстанға тұрақтылық керегін бірнеше рет айтқан.

2019 жылғы шілдеде сол кездегі Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Мәскеуде Владимир Путинмен кездескен. Ол кезде Атамбаев өзінің орнына қалдырған президент Сооронбай Жээнбековпен жауласып жүрген. Қырғызстанның бұрынғы президенті үйқамақта отырғанына қарамастан, Ресейдің Қырғызстандағы "Кант" әскери базасынан шыққан ұшақпен Мәскеуге ұшып барған.

Путин Атамбаевпен кездесудің соңында 2005, 2010 жылдары болған революцияларды еске салып, "Қырғызстан бірнеше, кем дегенде екі салмақты ішкі саяси сілкіністі бастан өткерді... Елге саяси тұрақтылық керек" деген еді.

Ресей президенті сондай-ақ "тұрақтылыққа қол жеткізу үшін ел азаматтары қазіргі президенттің айналасына бірігіп, оған мемлекетті дамытуға көмектесуі керек" деп түйіндеген.

Бірақ Атамбаев пен Жээнбеков арасындағы тірес тоқтаған жоқ. Екі аптадан кейін Ішкі істер министрлігінің арнайы жасағы Бішкектің түбіндегі ауылдағы Атамбаевтың үйіне шабуыл жасады. Қарулы қантөгістен кейін Атамбаев өз еркімен беріліп, түрмеге қамалды.

2020 жылы қазанда Қырғызстанда өткен парламент сайлауының нәтижесін бұрмалауға ашулы жұрт билікке қарсы наразылыққа шығып, Жээнбеков отставкаға кетуге мәжбүр болды. Бірақ Мәскеу Қырғызстанның жаңа президенті Садыр Жапаровтың үкіметімен жылы қарым-қатынас орната қойған жоқ.

Бір жағынан, Рахмон Тәжікстанды 29 жылдан бері басқарып отыр. Бұл Кремль үшін Ауғанстанмен шекаралас елдегі тұрақтылықтың белгісі саналады.

Ресей Тәжікстанды Ауғанстаннан келетін қауіптің өңірге таралуына жол бермейтін мемлекетке айналдыру үшін көп күш пен қаржы жұмсады. Путин Рахмонмен кездесуінде Ресейде жұмыс істейтін тәжік мигранттарын да әңгімеге қосты.

– Бұл Тәжікстан үшін нәзік тақырып екенін білемін. [Еңбек мигранттарының] отбасына берілетін қолдаудың көп бөлігі Ресейден [Тәжікстанға] жіберіледі, – деді Путин.

Ресей Қырғызстанда да, Тәжікстанда да әскери база ұстап отыр.
Ресей Қырғызстанда да, Тәжікстанда да әскери база ұстап отыр.

Қырғызстандағы жағдай да осыған ұқсас.

Қырғызстан мен Тәжікстанның жүздеген мың азаматы Ресейде жұмыс істеп, елде қалған туыстарына ақша жібереді. Бұл ақша болмаса қос мемлекеттің экономикасы құлдырайды. Экономиканың құлдырауы әлеуметтің наразылығына түрткі болады.

Путин Тәжікстан қарулы күштеріне қосымша көмек беретінін айту арқылы Қырғызстан билігіне шекарада агрессия көрсету туралы ойдан аулақ болу керегін ескертті. Ал еңбек мигранттарының өз еліне миллиардтаған доллар ақша жіберетінін еске салу арқылы қос мемлекетке тараптардың бірі шекара маңында тұрақтылықты бұзатын әрекетке барса, Кремльдің қандай ықпал ету тетіктерін пайдаланатынын астарлап жеткізіп отыр.

Кремльге мәлімдемелер жасағанда баланс сақтауға тура келсе, басқа елдер өйтпейді.

КӨРШІЛЕРДІҢ ҰСТАНЫМЫ ҚАНДАЙ?

Бір де бір мемлекет немесе халықаралық ұйым Қырғызстанды не Тәжікстанды қолдайтыны туралы мәлімдеме жасаған жоқ. Тек кей мемлекет әскери іс-қимыл салдарынан болған адам шығынына байланысты көңіл айтты.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 мамырда Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа хабарласты. Ол Баткен облысында болған қақтығыста қаза тапқан азаматтардың жақындарына көңіл айтып, Қырғызстанға гуманитарлық көмек беруге дайын екенін хабарлады.

Тоқаев Рахмонмен де сөйлесті. Тәжікстан президенті Тоқаевқа шекара мәселесінің тарихы мен қазіргі жағдайдың жай-жапсарын баяндап берген.

Қазақ президенті Қырғызстан мен Тәжікстан арасында бітімгер болуды ұсынды. Ол 19-20 мамырда Душанбеге баруды жоспарлап отыр.

4 мамырда Түркіменстан сыртқы істер министрі Рашид Мередов қырғыз әріптесі Руслан Қазақбаевқа хабарласып, қақтығыста қаза тапқан қырғыз азаматтарының туыстары мен жақындарына Түркіменстан атынан көңіл айтты.

Дәл сол күні Армения сыртқы істер министрі Ара Айвазян да Қазақбаевқа көңіл айтып хабарласты.

4 мамырда Айвазян Тәжікстан сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен сөйлесті. Бірақ дипломаттың Тәжікстандағы адам шығынына байланысты көңіл айтқаны туралы ақпарат болған жоқ.

10 мамырда Жапаров пен Путиннің телефонмен сөйлесіп, жақында болған қақтығысты талқылағаны жайлы ақпарат тарады.

Путин Қырғызстанға гуманитарлық көмек беруге уәде берген. Әрине, телефон арқылы сөйлесумен салыстырғанда Мәскеуде екі күн қатарынан кездесудің орны бөлек. Бірақ Путин мен Рахмонның арасында болған келіссөздерде, әсіресе, шекарадағы қақтығысқа байланысты талқылауда не айтылғаны әзірге белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG