Accessibility links

Қырғыз-тәжік қақтығысы: Елдерді достастырып, жаңа жанжалдың алдын алу жолы қандай? Сарапшылар пікірі


Қырғыз-тәжік шекарасындағы КокТаш ауылы маңын күзетіп тұрған Қырғызстан солдаттары. 5 мамыр, 2021 жыл.
Қырғыз-тәжік шекарасындағы КокТаш ауылы маңын күзетіп тұрған Қырғызстан солдаттары. 5 мамыр, 2021 жыл.

Азаттық Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасында болған қақтығыс, оның салдары және бұл оқиғаның Орталық Азияға, соның ішінде көрші жатқан Қазақстан мен Өзбекстанға әсері туралы сарапшылардың пікірін білді.

28-29 сәуірде Тәжікстан-Қырғызстан шекарасында болған қарулы қақтығыс салдарынан қос тараптан адам шығыны көп болды. Қырғызстан билігі 36 адам, оның ішінде екі бала мерт болып, 189 азамат жараланғанын хабарлады. Ресми дерек бойынша, Тәжікстанда 19 адам қаза тауып, 87 азамат жарақат алған. Екі жақтың билігі соғыс өртін тұтатып, үлкен материалдық шығын келтірді деп бір-бірін айыптап отыр. Қос мемлекеттің бас прокуратурасы шекарада болған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Енді не болады?

Камолиддин Раббимов, саясаттанушы, Өзбекстан:

ҚЫРҒЫЗСТАНДА ЫДЫРАП ЖАТҚАН ӘЛСІЗ МЕМЛЕКЕТ БЕЛГІСІ, АЛ ТӘЖІКСТАНДА "ЕЛДІҢ ТҰТАСТЫҒЫН САҚТАУ" СИНДРОМЫ БАР

– Шекара мәселесінен бөлек, әр тараптың өзіне тән ішкі саяси жағдайы бар. Кейінгі 10-15 жылда Қырғызстанда дөрекі немесе көшедегі ұлтшылдық қалыптасты. Яғни, біз көшедегі тобыр мен революционизмнің заңды, легитимді билікті бірнеше рет орнынан алып тастағанына куә болдық. Революциялық рух – көп фактордың жиынтығы іспетті. Қырғызстандағы әлеуметтік-саяси көңіл-күйдің басым бөлігін ұлтшылдық құрайды. Сондықтан Қырғызстандағы "ойында" мынадай мәселе бар: элита мен билік ұлтшылдық пен революциялық рухқа қарсы шықпайды. Не оны айналып өтеді, не көңілін табуға, оған қызмет етуге тырысады. Олар көршілер мен ішкі саяси мәселелерге келгенде жағдайға осылайша бейімделуге немесе ұлтшылдықтың жағында болуға тырысады.

Саясаттанушы Камолиддин Раббимов
Саясаттанушы Камолиддин Раббимов

Қырғызстаннан ыдырап жатқан әлсіз мемлекеттің белгісі байқалады. Яғни, орталық билік халықтың көңіл-күйін, әртүрлі процестер мен өңірлерді бақылауда ұстай алмайды. Ал Тәжікстандағы жағдай мүлде басқа. Онда қатаң авторитар, орталықтандырылған билік орнаған. Бірнеше жыл бұрын мемлекет территориясының бір бөлігін Қытайға берген, сондықтан қазір Тәжікстанда елдің тұтастығын сақтау синдромы бар. Кейінгі 10-15 жылда елде жерге қатысты дауларға ерекше көзқарас қалыптасты. Тәжікстан билігі, элитасы мен қоғамы қырғыз ұлтшылдығынан мезі болып, ызалана бастады. Соңғы оқиғалар кезінде қос тарап та бір-біріне “жағдай қақтығысқа жетсе, бізде саяси ерік бар, соғысып, өз позициямызды қорғауға дайынбыз” деген белгі берді. Әрине, олардың ешқайсысы соғыс бастап, кикілжіңді латентті сипатта жалғастырғысы келмейді. Өйткені екеуінің соғысқа деген ниеті де, ресурсы да жоқ.

Бұл кикілжің өңірде бірнеше мәселе туғызуы мүмкін. Бірінші кезекте, аймақ геосаяси тұрғыдан бытыраңқы бола бастады. Ресейдің Ферғана алқабында, оның ішінде Қырғызстан мен Тәжікстанда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскери базаларын құру жобасы мен ұзақмерзімді стратегиясы барын білеміз. АҚШ Ауғанстаннан әскерін әкетіп жатыр. Өңірде Ресейдің немесе басқа мемлекеттің әскери-стратегиялық жобаларының күшеюі Өзбекстан мен Қазақстанға ұнамайды. Өйткені бұл аймақтағы негізгі мемлекет саналатын Өзбекстан мен Қазақстанның геосаяси тәуелсіздігін шектейді.

Эмиль Жураев, саясаттанушы, Қырғызстан

ҚАЗІР ҚЫРҒЫЗСТАНДА ТӘЖІКСТАНҒА ҚАТЫСТЫ НЕГАТИВ КӨҢІЛ-КҮЙ ҚАЛЫПТАСҚАН

– Бұл оқиғалардың ерекшелігі шекара бойында ауыр әскери техниканың қолданылуында болып отыр. Бір мемлекет көршісіне әскери агрессия көрсетті. Бұл болашақта тарихтағы қара нүкте, жағымсыз оқиға болып қалатын шығар. Бірақ диалог жүруі мүмкін, ол ендігі басталып, жалғасып жатыр. Бұл диалог шекара, ортақ ресурстар мәселесін шешу процесін жылдамдатуы да мүмкін немесе керісінше қос тарап келісімге келмейтіндей ұстанымға ойысуы да ғажап емес. Бұл алдағы уақытта белгілі болады.

Саясаттанушы Эмиль Жураев
Саясаттанушы Эмиль Жураев

Аталған оқиға өңірде Орталық Азияның барлық мемлекетімен диалог жүргізу маңызды екенін тағы да бір дәлелдеді. Баяу жүріп, ақырын нығайып келе жатқан аймақтық диалог процесі енді сыртқы ойыншылардың қатысуынсыз қайта жанданатын болуы керек.

Қазір Қырғызстанда Тәжікстанға қатысты негатив көңіл-күй қалыптасқан. Бірақ жекелеген түсініспеушілік пен жағымсыз әрекет фактілерін есептемегенде, халық Қырғызстанда тұратын тәжіктерге шабуыл жасап, қысым көрсетіп жатқан жоқ деп ойлаймын.

Шекара маңында, әсіресе, Баткеннен әрі орналасқан Лейлек ауданында бұрынғы сенім мен достық көңіл-күйді қайтару қиынға соғады. Бұл жақтағы бірнеше ауыл Тәжікстан тарапынан жасалған шабуылдан қатты зардап шеккен. Біраз уақыт керек.

Шекара сызығын белгілеу, суды ортақ пайдалану, жол инфрақұрылымы, жайылым сияқты мәселелерге келгенде Қырғызстан мен Тәжікстанның қарым-қатынасы өте қиын. Сондықтан шекара туралы сөз бола қалса, адамдардың көкейінде бірден "Маңызды ресурстар біз үшін қаншалық қолжетімді болады?" деген сұрақ туындайды. Бұл – күрделі сұрақ.

Әлдебір жағдайларға байланысты ма, әлде теріс пиғылдың кесірі ме, Тәжікстан тарапынан бейбіт халық тұратын елдімекендерге ірі әскери техника қолданылғанына куә болдық. Менің ойымша, алдағы уақытта өңірде мұндай оқиғаның қайталануына жол бермей, прецедент қалыптастырмау үшін жағдайға нақты баға беру керек.

Абдумалик Қодиров, саясаттанушы, Тәжікстан:

ХАЛЫҚПЕН ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ПІКІРМЕН МАЙМӨҢКЕЛЕП СӨЙЛЕСУ МӘСЕЛЕНІ ЖЫЛДАМ ШЕШУГЕ КӨМЕКТЕСПЕЙДІ

– Бірінші кезекте, бұл кикілжіңнің үлкен соғысқа ұласпайтынын атап өту керек. Өйткені Қырғызстан мен Тәжікстан экономикалық тұрғыдан мұндай ауыртпалықты көтере алмайды. Оның үстіне, қос мемлекет те Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше. Жетекші ойыншылар бұл ұйымды мазаққа айналдыруға жол бермейді. Бұл кикілжіңнің салдары елдердің болашақ қарым-қатынасына әсер етеді. Әрине, үкіметтер деңгейінде бәрі әдеттегідей болады, келісіп, бір-біріне дипломатиялық құрмет көрсетеді. Бірақ халық деңгейінде, әсіресе шекараға жақын орналасқан аудандардағы жақынын, баспанасы мен мүлкін жоғалтқан тұрғындар арасында бір-біріне деген жеккөрініш пен жауластық әлі ұзақ сақталады. Қос мемлекеттің үкіметі экономикалық шығынды өтеуге уәде бергенімен, моральдық шығын бірден ұмытыла қоймайды.

Сарапшы Абумалик Қодиров
Сарапшы Абумалик Қодиров

Бұл кикілжің қырғыз бауырларымызға үлкен сабақ болады деп ойлаймын. Олар уәде беріп, сөзінде тұрмайтын қазіргі билігіне қарым-қатынасын қайта қарап көрер деп үміттенеміз. Қырғыз үкіметі де шекара мәселесін шешуге келгенде күш пен агрессияға сүйенуге болмайды деген сабақ алатын шығар.

Бұл кикілжің өңірдегі барлық мемлекет үшін өзекті мәселелерді кейінге қалдырмай шешкен дұрыс екенін, қажет болса, әбден ойластырылған, байыпты әдіс қолдану керегін көрсететін жақсы сабақ болады. Көршілердегідей халықпен және қоғамдық пікірмен маймөңкелеп сөйлесуден пайда жоқ. Бұл шекара мәселесін жылдам шешуге көмектеспейді.

Марс Сариев, аймақтық қауіпсіздік бойынша сарапшы, Қырғызстан:

РАХМОН БИЛІГІН ОСЫЛАЙ НЫҒАЙТЫП ОТЫР, АВТОРИТАР РЕЖИМ БАСҚАША ӘРЕКЕТ ЕТУДІ БІЛМЕЙДІ

– Кикілжіңді шешу аймақтағы көшбасшылар – Өзбекстан мен Қазақстанға, сәйкесінше, Мирзияев пен Тоқаевқа байланысты. Олар кикілжіңді реттеуде модератор рөлін атқарды. Кикілжің одан әрі ушыға берсе, Ферғана жазығы екінші Ауғанстанға айналып, мәселенің салдары көп болуы мүмкін екенін Өзбекстан мен Қазақстан жақсы түсінеді. Мұндай жағдайда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы әскер кіргізіп, Өзбекстан мен Қазақстанның аймақтағы тәуелсіздігі әлсіреп, саяси шешім қабылдаудағы еркіндігі азаяды. Сондықтан Ташкент пен Нұр-Сұлтанның алаңдаушылығын, олардың Тәжікстан басшысына ықпалын түсінуге болады. Бірақ бұл жерде геосаяси жоба көп, сондықтан өңір мемлекеттерін біріктіру, елдер арасында ақпарат алмасу және бірыңғай саясат қалыптастырудың рөлі зор.

Саясаттанушы Марс Сариев
Саясаттанушы Марс Сариев

Ресей Орталық Азияда әлдеқайда конструктив әрекетке көшуі үшін Мәскеудің кілтін табу керек. Кремль Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы кең көлемді соғысқа ұласуы мүмкін кикілжіңге көз жұма қарады. Кремльдің қолында Рахмонға ықпал ету құралдары болды деп ойлаймын. Дәл осындай жағдай Оңтүстік Кавказда да болған. Мәскеу шешуші сәтте Қарабаққа әскерін кіргізген. Бір жағынан Путин Ферғана жазығына әскер кіргізу үшін үзіліс алған болуы да мүмкін. Ресей Қарабаққа әскер кіргізіп, жағдайды тұрақтандырғанымен, Әзербайжанды жоғалтып алды. Ол Түркияның жағына шығып кетті. Бұл оқиғадан кейін Ресей Арменияны да өзіне қарата қойған жоқ.

Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы кикілжің аяқталды деп ойламаймын. Бұл ұрыс алдындағы барлау сияқты болды. Орталық Азия көшбасшыларының нақты әрекеті және Қырғызстан президентінің ұстамдылығы болмаса, кең көлемді қақтығыс болар еді. Қырғызстан басшысы Тәжікстанға үлкен қақтығыс бастауға мүмкіндік бермеді. Тәжікстан өзі үшін кішкентай тапсырманы шешкісі келді. Рахмонға өзіне жеңіс әкелетін кішкентай соғыс пен Ворух аймағына дәліз ашу керек болды. Ол бұлай жасаса, бірден Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен Ресей әскерін кіргізіп, Кавказдағыдай жағдай қалыптасатынын түсінді. Рахмон осылай өз билігін нығайтып жатыр. Авторитар режим билігін басқа жолмен нығайта алмайды. Оның Таулы Бадахшан мәселесі бар. Элитааралық қайшылықтар. Рахмон елді 30 жылдан бері басқарып отыр, ол билігін ұлына қалдырғысы келеді.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының жарғысында мұндай бөлім болмағанымен, Ресей кикілжіңді тоқтату шараларын қолға алса болар еді. Бірақ кикілжіңді Ташкент пен Нұр-Сұлтан тоқтатты.

Негматулло Мирсаидов, саясаттанушы, Тәжікстан:

САЯСИ АЛАЯҚТЫҚТЫ ПАЙДАЛАНУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ. ШЕКАРА МӘСЕЛЕСІ ОҢАЙ АЙЫРБАСТАЙТЫН ДҮНИЕГЕ АЙНАЛМАУЫ КЕРЕК

– Бәрінен бұрын қос мемлекет пен бауырлас халықтар қарым-қатынасына нұқсан келді. Сенім азая түсті. Адамдарда қорқыныш пайда болды. Бұл кикілжің экономикалық қарым-қатынасқа да әсер етеді. Кәсіпкерлер бір-бірімен байланысқа шығып, бизнес-жоспар құруды біраз уақыт тоқтатады деп ойлаймын. Қырғызстандағы ұлттық азшылық өкілдеріне қиын болуы мүмкін. Тәжікстанда қырғыздарға ешкім ешқашан ұлттық сипаты бойынша қысым көрсеткен емес. Бірақ Қырғызстанда тәжіктерге, мысалы, базардағы кәсіпкерлерге қысым көрсетілген кездер болды. Маған Қырғызстан жеріне өткен адамдардан өте көп ақша алғаны туралы хабар жетті. Қырғызстан билігі шекара мәселесін шешкісі келе ме, әлде жай ғана манипуляция жасап отыр ма, мәселе – осында. Қазір Қырғызстан шешім ұсынып отырған жоқ, күш көрсетуге болмайды. Кейінгі 20 жылда кикілжіңді үнемі қырғыз қоғамының өкілдері бастап келгенін растайтын сенімді дәйектер бар. Олардың көлік коммуникациясын салу жөніндегі құпия жоспары бар. Бірақ осы үшін халықтар арасындағы сенімді бұзуға болмайды. Саяси алаяқтықты қолданудың қажеті жоқ. Шекара мәселесі оңай айырбастайтын дүниеге айналмауы керек. Өкінішке қарай, Қырғызстанда солай болып жатыр.

Саясаттанушы Негматулло Мирсаидов
Саясаттанушы Негматулло Мирсаидов

Жақында қырғыздар тұратын елдімекендерді аралап шықтым. Әрине, олар қысымнан қорқып отыр. Бірақ олардың өміріне ешкім араласып жатқан жоқ. Ол жақтағы жағдай жақсы. Олар бұрынғы өмірін жалғастырып, жұмыс істеп, тәжік достарымен араласып жүр. Қазір жағдайды тұрақтандыру үшін бәріміз барынша саналы әрі ақылды болуымыз керек. Ешкімге соғыс керек емес. Ол тек бақытсыздық әкеледі.

Орталық Азия мемлекеттерінің көшбасшылары тараптарға әскери көмек ұсынбай, керісінше, оларды кикілжіңді шешуге шақырып, көмектесуі керек.

Досым Сәтпаев, саясаттанушы, Қазақстан:

"ЕКІ АДАМ ТӨБЕЛЕССЕ, ҮШІНШІСІ ҚУАНАДЫ". КРЕМЛЬДІҢ ӨҢІРДІ БАҚЫЛАУДА ҰСТАУҒА АРНАЛҒАН ҚҰРАЛДАРЫ БАР

– Қазақстанның шекараға қатысты проблемасы әлдеқайда аз. Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты мемлекеттермен салыстырғанда, Қазақстан барлық көршісімен шекара мәселесін шешіп алған. Бірақ бұл жерде болашақта Қазақстанға соққы болып тиюі мүмкін маңызды дүние бар. Тәжікстан мен Қырғызстан, Қырғызстан мен Өзбекстан шекарасында болып жатқан кикілжіңдердің негізгі себебі су мәселесі екенін ұмытпаған жөн. Болашақта Қазақстан да көршілерімен суға байланысты тартысып қалуы мүмкін. Алдағы 20–30 жылға, мүмкін, одан ерте уақытқа жасалған өңірдегі суға қолжетімділік жөніндегі болжамдар жақсы емес. Мысалы, Қазақстан негізінен көрші мемлекеттерден келетін суға тәуелді. Жаһандық жылынуға, мұздықтардың еруі мен өзендердің тартылуына байланысты Орталық Азиядағы су ресурстары мәселесінің өзектілігі арта түседі. Көрші мемлекеттер арасындағы суға байланысты кикілжіңдер күшейіп, оның көлемі қазір болып жатқан оқиғалардан да ауқымды болады.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев
Саясаттанушы Досым Сәтпаев

Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы кикілжің шекарада бұрыннан ахуал кесірінен болды. Өкінішке қарай, СССР тарағаннан кейін туған жергілікті мәселелер адам шығынына әкеліп соққан. Қазір екі елдің қарулы күштері қатысқан әлдеқайда қауіпті конфликт формасына көріп отырмыз. Бұл өңір үшін үлкен мәселе туғызады. Көбірек қан төгілсе, бұл кикілжіңді тоқтату әлдеқайда қиын болар еді. Сондықтан қазір кей мемлекеттің, оның ішінде Қазақстанның Тоқаев арқылы дәстүрлі бітімгерлік миссиясын атқаруға асығуы таңғаларлық жайт емес. Тоқаевқа сыртқы саясаттағы беделі мен аймақтағы белгілі бір салмағын сақтау үшін қос мемлекет арасындағы бітімгердің рөлін атқарған тиімді болды. Путин де дәл осы рөлге ие болуды көздейді. Ол осы арқылы Ресейді өңірде тұрақтылық орнатушы фактор ретінде көрсеткісі келеді. Ал шынайы геосаяси жағдай туралы айтсақ, Ресей Орталық Азия мемлекеттерінің арасында қайшылықтар болғанын қалайды. Өйткені "Екі адам төбелессе, үшіншісі қуанады" деген принцип бойынша, Кремльдің қолында өңірді бақылауда ұстайтын құралдар бар.

Аймақта Ресейді көбірек жақтайтын элита Қырғызстанда бар екені жасырын емес. Бұл Қырғызстандағы барлық президенттің бірінші кезекте Путинмен кездесуге баруынан көрінеді. Жапаровтың соңғы сапары да Бішкектің Мәскеуге қаншалық арқа сүйейтінін көрсетті. Бұл жағынан алғанда Орталық Азияның кей мемлекеті үшін Ресей қауіпсіздік пен тұрақтылық кепілі саналады.

Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы кикілжің жергілікті сипатта қалып, бұрынғы формада сақталса, үлкен мәселе туа қоймайды. Бірақ осының бәрі мемлекетаралық әскери қақтығысқа ұласса, босқындар пайда болып, берекетсіздік жайлағанда немесе ұлтаралық қақтығыс кезінде күшейетін террористік, экстремистік ұйымдар белсенділігінің артуы сияқты мәселелер шығып, бұл Қазақстанның қауіпсіздігіне қосымша соққы болуы ықтимал. Қазақстан осыған дайын болуы керек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG