1916 жылы 25 маусымда Ресей патшасының Түркістан өлкесі мен ішінара Сібірдің 19-дан 43 жасқа дейінгі ер-азаматтарын майданның қара жұмысына алу туралы жарлығы шықты. Жерінен айырылып, патша әкімшілігінің жергілікті жердегі озбырлығынан жапа шеккен қазақ халқы осы жарлықтан кейін қарулы көтеріліске шықты.
Патша өкіметі көтерілісті күшпен басып-жаншыды, қазақ-қырғыз халқы ашаршылыққа ұшырады. Жетісу бойын індет жайлады. Азаттыққа бергеғн сұхбатында Жетісу өңіріндегі ұлт азаттық көтерілісті зерттеген тарихшы, "1916: ұлттық бірегейлікті сақтау жолындағы күрес", т.б. зерттеулердің авторы Шәмек Тілеубаев тарихи оқиғалардың қалай өрбігені жайлы баяндады.
"ПАТША ЖАРЛЫҒЫ СОЛ КЕЗДЕГІ ЗАҢҒА ҚАЙШЫ ЕДІ"
Азаттық: 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс совет кезінде де зерттелген тақырыптардың бірі. Қазіргі зерттеулердің қандай айырмасы бар?
Шәмек Тілеубаев: Советтік кезеңдегі зерттеулерде 1916 жылғы көтеріліске, тіпті оның арғы жағындағы көптеген көтерілістерге таптық тұрғыдан сипат берілді. Ал көтерілістің жетекшілері негізінен ауқатты топтың өкілдері еді. "Олар өзінің әлеуметтік мүддесін сақтау үшін ғана көтеріліске жетекшілік еткен" деген сияқты пікірлер айтылды.
Совет тарихнамасы 1916 жылғы көтеріліске 1917 жылғы қазан төңкерісінің қазақ даласындағы "алғашқы қарлығашы" дегенді де таңып келді. Шын мәнінде 1916 жылғы көтерілістің төңкеріске де, совет өкіметінің орнауына да қатысы жоқ.
Қазіргі зерттеулерде бұл көтерілістің аясын кеңейтіп, жалпы ұлттық көтеріліс деңгейінде қарастырылып жүр.
Азаттық: Қара жұмысқа алу жөніндегі 25 маусымдағы патша жарлығы көтерілістің негізгі түрткісі ме?
Шәмек Тілеубаев: Маусым жарлығы көтеріліске тек түрткі болды, ал негізгі себебі тереңде жатты. Бірақ ол жергілікті халықтың шыдамының таусылған тұсына дөп келді. Өйткені сол кезде қазақ ортасында жер мәселесі ушығып тұрған, көтерілістің негізгі шығу себебі – жер мәселесі болатын.
"Он алтыншы жыл". Азаттық тапқан суреттер
Your browser doesn’t support HTML5
Ең әуелі 25 маусымдағы жарлық – заңсыз жарлық екенін айта кету керек. Ресейдің сол кездегі заңдары бойынша, мемлекеттік маңызды мәселелер алдымен Думада талқылануы тиіс еді. Ал жарлықты Соғыс министрлігі мен Ішкі істер министрлігі дайындап, патшаға қол қойдырып, жариялап жіберген.
Түркістан халқын майданға немесе қара жұмысқа алу мәселесі оған дейін де біршама талқыланған. Бірақ патша билігі отарындағы халықтың қолына қару беріп, әскери өнер үйретуге қорыққан.
Көтеріліс басып-жаншылғаннан кейін VІ Мемлекеттік думадағы Мұсылман фракциясының ұйымдастыруымен Түркістан өлкесіне Александр Керенский (Ресейде 1917 жылы ақпан төңкерісі нәтижесінде патшасы тақтан тайдырылғаннан кейін Уақытша үкіметті басқарған – ред.) бастаған комиссия келген.
Комиссия көтерілістің шығу себептері мен жазалау шараларымен танысып, жарлықтың заңсыз екенін, көтерілістің шығуына бірден бір себепші патша үкіметінің өлкеде жүргізген саясаты екенін атап көрсетті.
Азаттық: Думада талқыланса жарлық шықпауы мүмкін бе еді?
Шәмек Тілеубаев: Ол кезде Думада қазақ халқының өкілдері болған жоқ. ІІ Мемлекеттік думадан кейін қазақ даласынан депутат сайлауға тыйым салынған.
Бірақ Әлихан Бөкейхановтар кейінгі Дума депутаттарымен тығыз байланыста еді. Мұстафа Шоқай Дума хатшылығында жұмыс істеді, Мұхаммедияров, Джафаров сияқты басқа да мұсылман депутаттары болған. Талқылау болса, сөз жоқ әсер ететін еді. Мысалы, І және ІІ Думада Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтың жақын досы Тимофей Сидельников деген депутат болған. Ол "Қазақ даласындағы жер үшін күрес" атты зерттеу еңбек жазған, қазақ жерінің мүддесін қорғаған адам. Кейін совет үкіметі тұсында репрессияға ілініп, "қазақ ұлтшылдығымен" байланысты айып тағылған, 1930 жылы атылып кеткен.
ЖЕР МӘСЕЛЕСІ
Шәмек Тілеубаев: Көтерілістің негізгі себептерінің бірі – жер мәселесі. Көтеріліс қарсаңында қазақтың 45 миллион десятина жері переселен басқармасының қорына алынып, патша өкіметі қазақтарды құнарсыз, қолайсыз жерге ығыстырды. Бұл – сол кездегі жандармерияның құпия қағаздарында мойындалған дерек.
Түркістан өлкесіне 1906-1910 жылдары граф сенатор Пален бастаған үлкен комиссия ревизиямен келіп, кейін ол патшаға әзірлеген есебінде де шиеленіскен жер мәселесін айтып, егер осылай жалғаса берсе оның салдары ауыр болатынын атап көрсеткен.
1916 жылы көтеріліс аяусыз басып жаншылғаннан кейін Верныйда 15 қазанда Жетісу облыстық басқармасының жиыны өткен. Оған Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы Алексей Куропаткин қатысқан.
Жиында Жетісу көтерілісшілерінен 2,5 миллион десятина жерді тартып алып, ол жерлерде "Тек қана орыс тұрғындары орналасатын Пржевальск уезін құру" ("Проект образования Пржевальского уезда с чисто русским населением") жөніндегі жоспар талқыланған. Бір қызығы, осыған ұқсас, енді облыстық деңгейдегі жоба совет өкіметі орнаған соң да жалғаса жаздады. 1921-22 жылдары совет билігі Жер-су реформасын жүргізгенде Жетісуда "орыс автономиялық облысын құру" туралы сөз болған. Сол кездегі ұлт қайраткерлерінің бұл жобаға жасаған қарсылығынан соң іске аспай қалған.
Азаттық: Маусым жарлығы бойынша қара жұмысқа қанша адам алуы керек еді?
Шәмек Тілеубаев: Орталық Азия мен Қазақстаннан 400 мың адам алу жоспарланды. Бұл өте көп еді. Бірақ ол жоспар толық орындалмады. Көтеріліс басталып кетті, оның үстіне ол кезде метрике (туу туралы құжат - ред.) жоқ, кімнің жасы қаншада екенін анықтау қиынға соқты. Басқа да ұйымдастыру мәселесі шешілмегені белгілі болды.
Азаттық: Көтеріліс қашанға дейін созылды?
Шәмек Тілеубаев: Қыркүйек, қазан айына дейін барды. Қазан айында толығымен күшпен басылды. Торғай өңіріндегі көтеріліске 50 мыңнан астам адам қатысқаны деректерде айтылады. Қарқарадағы, Үшқоңырдағы, Верный, Жаркент, Ыстықкөл, Пржевальский (Пішпек) уездеріндегі көтерілістердің әрқайсысына екі мыңнан бес мыңға дейін адам қатысқаны жайлы деректер бар.
Жазалаушы әскер келген соң Торғай өңіріндегі көтерілісшілер Ырғызға қарай ойысып, 1917 жылдың көктеміне дейін жеткен, бірақ бұрынғыдай тегеурінді көтеріліс болған жоқ. Әрі қарай Ресейде ақпан төңкерісі болып, патша өкіметі құлады.
Көтеріліс қыза бастағанда, 1916 жылы 7 тамызда Орынбор қаласында Орынбор облыстық әскери губернаторының қатысуымен Әлихан Бөкейхановтар үлкен жиын өткізеді. Оған Қазақстанның 6 облысы: Ақмола, Семей, Орал, Торғай, Жетісу және Сырдария облыстарының өкілдері қатысып, 17 бөлімнен тұратын талап-тілектерін орталық өкіметке жолдаған. Бірақ одан нәтиже шыға қойған жоқ.
"ҚАЗАҚТАРДЫҢ ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУҒА, ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ҰМТЫЛЫСЫНЫҢ КӨРІНІСІ"
Азаттық: Осы көтеріліс кезінде көтерілісшілердің әр өңірде бірнеше хан сайлағанын қалай түсінуге болады?
Шәмек Тілеубаев: Торғай өңірінде Әбдіғаппар Жанбосыновты, Шолақ Оспановты хан сайлады. Арғындар өзіне, қыпшақтар өзіне хан сайлап алды. Жетісуда да бірнеше хан сайланған. Жетісуда, Ыстықкөл өңірінде қырғыздар Қанат Абукин, Мұқыш Шабданов деген көтеріліс жетекшілерін хан сайлады. Үшқоңыр қазақтары 1916 жылы 12 тамызда Бекболат Әшекеевті хан сайлады.
Қарқаралы өңірі Сұлтанәлі Кекіловті ақ киізге салып, хан көтерді. Тезек төренің баласы Құдиярхан Тезековті Талдықорған жақтағы 5 жалайыр болыстығының халқы хан етіп сайлаған. Бірақ мұны "бас-басына билік құрып, хан болды" деп түсінуге болмайды. Бұл – бірінші кезекте көтерілісті ұйымдастыру, орталықтандыру мақсатында ғана жасалды.
Олардың ешқайсысы да өздерін қазақтың дәстүрлі хандық билігінің жалғасы ретінде қарастырған жоқ. Алайда бұл жергілікті халықтың өз бостандығы және теңдігі үшін шешуші күреске даяр екендігін аңғартты. Қазақ халқының өзін-өзі басқаруға, тәуелсіздікке ұмтылысының көрінісі болды. Өйткені бұл кезде тарих сахнасына Алаш қайраткерлері шыққан еді. Ал көтерілістің идеологиясын жасаған "Қазақ" газетінің төңірегіне топтасқан ұлт зиялылары болатын.
Әрине жергілікті жерде рулық деңгейде ойлағандар да болды. Бұл туралы Мұстафа Шоқайдың 1936 жылы жазған мақаласынан да аңғаруға болады. Онда автор көтерілісті таптық тұрғыдан да, рулық тұрғыдан да қарастыруға болмайтынын сол кезде айтқан. Шоқай көтерілісті "Түркістандықтардың орыс тепкісіне қарсы ұлттық көтерілісі" деп бағалады.
Мұстафа Шоқайдың "Батыр большевик Амангелдінің өлімі хақында" дейтін мақаласы назар аударарлық. Онда Шоқайдың "Патша тақтан құлағаннан кейін 1917 жылы жер мәселесінің шеті қылтиып шықты. Жерге байланысты Торғай өңіріндегі екі үлкен ру – қыпшақ пен арғын арасында дау туып, өздеріне саяси көсем іздей бастады. Арғындар Міржақып пен Ахметке біздің көсем бол деп ұсыныс жасады. Рулық санадан жоғары тұрған ұлтшылдар одан бас тартты. Біреулер менің қыпшақ екенімді есіме салып маған да хабарласты, мен де бас тарттым. Ол кезде ру тұрмақ ұлтқа бөліну, түркістандықтарды өлімге бастайтын жол еді" деп көрсеткен.
"БІР ҚЫСТА ЖҮЗ МЫҢ АДАМ АШТАН ӨЛГЕН"
Азаттық: Әдетте көпшілік Қазақстанда болған ашаршылықты айтқанда 1921-22 жылдардағы және 1931-33 жылдардағы ашаршылықты еске алады. Сіз ашаршылық одан әріде басталды дегенді айтып жүрсіз. Неге?
Шәмек Тілеубаев: 1921-22 жылдардағы ашаршылық негізінен Орталық Қазақстанда болды. 1916 жылғы көтеріліс күшпен басылған соң 1917 жылдың қысына қарай Жетісу бойында алапат аштық басталып, 1919 жылдың күзіне дейін жалғасты. Сонда екі ашаршылықтың арасы екі жылға жетпей тұр ғой. Міржақып Дулатовтың жазуынша, бір қыстың өзінде Жетісуда 100 мыңнан астам адам аштан қырылған. Жетісу облыстық Алаш комитетінің төрағасы Ыбырайым Жайнақов баяндамасында аштық 1916 жылғы көтеріліс салдарынан, т.б. себептерден болғанын айтады.
Ел-жұрт қырғынға ұшырады, босып кетті, мал-мүлкін тартып алды, оның үстіне 1918 жылға қараған қыста жұт болып, қалған мал қырылды. Ашаршылыққа әртүрлі індет қосылды. Ел ішінде сүзек, т.б. аурулар кең тараған. Бұл індет көлденең келген келген жоқ, сол аштықтың салдары болатын.
Азаттық: Ашаршылық қалай тоқтады?
Шәмек Тілеубаев: 1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін Уақытша үкіметтің Жетісудағы өкілдері, Қазақ комитеттері (1918 жылдан бастап Алаш комитеті) елге көмек ұйымдастыруға кірісті. Алаш қайраткерлері "Аш-жалаңаш қазақ-қырғыздарға көмек" комитетін құрды. Әлихан Бөкейханов бастап жылу жинады, тамақтандыратын пункттер ашты, киім кешек таратты.
"Сарыарқа" газетіндегі мәліметтерден, мысалы Торғайдағы көтеріліс жетекшілері Әбдіғаппар Жанбосыновтың 25 сом, Амангелді Имановтың 25 сом, Бөкейханов 100 сом ақша аударғанын көруге болады. Дулатов "Оян қазақ" кітабының кәмпескелеуден аман қалған мың данасын сатып, ақшасын көмекке аударған. Нәзипа Құлжанова қазақ әйелдерін ұйымдастырып, әйелдер арасында жұмыс жүргізді.
Түркістан өлкесінде совет өкіметі орнағаннан кейін Түркістан автономиялық советтік республикасы құрылды ғой. Төрағасы Тұрар Рысқұлов Жетісудағы босқыншылыққа ұшыраған қазақ пен қырғызды Қытайдан қайтару және орналастыру, аштықтан құтқаруға байланысты Ерекше комиссия құрып, өзі басқарған. 100 мың гектардан астам жерге егін салғызған.
1919 жылдың күзіне қарай ғана Жетісуда аштық бәсеңдеді. Қырғыздардың Пішпек, Пржевальский уездерінде де көмек пункттері ашылғанда Жетісу облыстық Алаш комитетінің төрағасы Ыбырайым Жайнақов азық-түлік керуендерін ұйымдастырып апарған. Алаш қозғалысына қатысқан қырғыз зиялысы Ишаналы Арабаев "Қазақ" газеті арқылы оған ризашылық білдіріп, тәңір жарылқасын айтқан. "Қазақ халқы аман болса әлі талай Жайнақовтар өмірге келер" деген.
Азаттық: 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске шығуға үгіттеген қазақ зиялыларының көбі, кейбір жетекшілері кейін большевиктер жағына өткен бе?
Шәмек Тілеубаев: Бәрі емес. Мәселен, жазалаушылар Бекболат Әшекеевті дарға асты, Жәмеңке Мәмбетовты, Ұзақ Саурықовты, т.б. өлтірді. Тарихшы Кеңес Нұрпейіс сол кездегі қайраткерлерді радикалды бағыттағы және либерал бағыттағы қайраткерлер деп екіге бөледі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ 1916 жылы «Июнь жарлығынан» кейін қазақ зиялылары екіге бөлініп тартыстыРадикалды бағыттағылар деп ол көтеріліске үгіттегендерді айтады. Әуел бастан-ақ көтеріліске шығуды қолдамай, қара жұмысқа барған жөн болатынын айтқан либералдық бағыттағы зиялылар – Алаш қайраткерлері дейді.
Совет заманында Алаш қайраткерлерін "патша өкіметіне жағымпазданды" деп сипаттады. Бірақ шын мәнінде қара жұмысқа бару, бармау мәселесі бойынша Алаш зиялыларының ұстанымы дұрыс болып шықты. Олар қарусыз халықтың қырылып қалатынын жақсы түсінді.
Кенесары көтерілісінің немен аяқталғанын ұмытқан жоқ. Олар мұндай қорытындыға әбден ойланып барып келді. Елді сақтап қалу, босқа қырылмау керек деген ұстанымда болды. Айтқаны келді, жазалаушы әскер көтерілісті асқан қатыгездікпен басып-жаншыды. Көтеріліс нәтиже бере қойған жоқ. Бірақ бұл көтеріліс халықтың өзін-өзі басқаруға, ел мен жердің тұтастығын, ұлттың бірегейлігін сақтауға деген ұмтылысын көрсетті.
Азаттық: Сұхбатыңызға рахмет.
Фотогалерея. 1916 жылғы қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісі