"Жайық құрып барады". Өзенді қалай құтқаруға болады?

Суы тартылған Жайық өзені. Орал, Батыс Қазақстан облысы, 18 қазан 2021 ж.

Кейінгі жылдары Жайық өзенінің мәселесі көбейіп келеді: су көлемі азайып (Ресейде өзен бойына су қоймалары салынған), кеме қатынасы тоқтап, судың ластану деңгейі шекті нормадан асып кеткен. 2018 жылы Батыс Қазақстан облысы билігі өзен суының тартылуы мен ластануы шегіне жеткенін мәлімдеген. Бірақ Жайықты құтқаруға көмектесетін маңызды қадам жасалған жоқ. Биыл қазанда Орал қаласының орталығында өзен суының тартылуынан Жайықтың түбі көріне бастаған. Экологтар бұрын-соңды мұндай жағдай болмағанын айтады. Жайықты әлі де құтқарып қалуға бола ма? Ол үшін не істеу керек?

ЖАЙЫҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ?

Жайық – Еуропада ұзындығы бойынша үшінші орын алатын, Қазақстандағы ең ірі өзендердің бірі. Ресейдің Челябинск облысынан бастау алатын өзен Башқұртстан мен Орынбор облысы, Қазақстанда Батыс Қазақстан мен Атырау облыстары арқылы ағып, Каспий теңізіне құяды.

Экологтар мен билік өкілдері Жайық мәселесін он жыл бұрын көтере бастаған: су деңгейі көктем кезінде де өз нормасына жетпей, балығы азайып, кеме қатынасы тоқтап, өзен түбі лайлана бастаған. Мұның зардабы осы экожүйеге кіретін Жайық өзені жайылмасына да тиген: өзен суының жайылуы есебінен толысатын кіші көлдерге су жетпей, ағаштар мен көк шалғын қурап, жануарлар саны кеміген.

2018 жылы Батыс Қазақстан облысы билігі Жайықтың тереңдігі тарихи минимумға жетіп, өзенде су қалмағанын мәлімдеген. Сол жылы экологтар, қоғам қайраткерлері, Қазақстан мен Ресей мамандарының қатысуымен үлкен жиын өткен. Жайық мәселесі мен оны шешу жолын үш күн бойы талқылау нәтижесінде "Жайық мәселесін шешу жөніндегі секретариат" құру туралы шешімге қол қойылған.

2019 жыл жылдам әрі нақты қадам қажет екенін көрсетті: Жайықтың жағдайы ауыр екені, судың тартылуы тарихи минимумға, ал ластану деңгейі ең жоғарғы шекке жеткені анықталды. Ресми дерек бойынша, ол кезде өзен суының деңгейі 170 сантиметрден жоғары көтерілмеген. Бұл өте аз.

Суы тартылған Жайық өзенінің жағасы. Орал, Батыс Қазақстан облысы, 18 қазан 2021 ж.

Екі жылдан кейін Жайықтың жағдайы одан әрі нашарлай түсті. 2021 жылы қазанда Орал қаласының орталығында өзен суы тартылғаны соншалық, Жайықтың құмды қайраңы көріне бастады. Оның үстімен өзеннің ортасына дейін су кешпей жүруге болады. Жергілікті халықтың айтуынша, жағалау маңындағы су бетінде шағын аралдар пайда болардан бірнеше күн бұрын өзен үстімен техника жүрген.

– Бұл жерде өзен түбін тазалау не тереңдету жұмыстары жүрді. Олар бір беттегі өзен түбінен алынған құмды екінші бетке үйіп жинай бастады. Кейінгі бес жылда бізде гидрологиялық жағдай күрт нашарлады. Батыс Қазақстан облысында Жайықтың суы қатты тартылып жатыр. Температура бес-жеті градусқа (38 градустан 45 градусқа) өсті. Биыл жазда қатты ыстық болды. Осыдан қала тұрғындары суды көп пайдалана бастады, – дейді "Зеленый фронт" қозғалысының жетекшісі, эколог Арман Бектенов.

Бектеновтың болжамынша, алдағы 10-15 жылда Жайықтың ахуалы одан әрі нашарлап, арнасы кең су айдыны шағын өзенге айналуы мүмкін.

БИЛІК НЕ ДЕЙДІ?

Батыс Қазақстан облыстық табиғи ресурстар басқармасы судың тартылуына табиғи және антропогенді фактор әсер еткенін айтады. Су ресурстары бөлімінің басшысы Марат Машекеновтың айтуынша, табиғи факторға қоршаған ортадағы су айналымының бұзылуы жатады. Өңірде жауын мен қар аз жауады, сондықтан көктем мен жазда өзен суы толыспайды.

Шенеунік антропогенді факторлар қатарына су қоймаларын салу мен су ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесін де қосты. Машекенов үнемді тұтынуға көшіп, таза ауыз суды мал мен бақшаны суаруға, әжетханаға пайдалануды қойып, оның орнына суды екінші рет қолданып не заманауи тазартудан өткізу керегін айтады.

Жайықтың тартылуына негізгі себептердің бірі – Ресейден келетін су көлемінің азаюы.

– Биыл Қазақстанға жіберілетін су көлемін секундына 60 текше метрге дейін арттыруды сұрадық, бірақ өтінішіміз орындалмады, – дейді Марат Машекенов. Ресми дерек бойынша, қазір секундына 15 кубометр су беріледі.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов бұл пікірге қосылмайды. Министр Жайықтың тартылуына Ресейден келетін су көлемінің аздығы әсер етпейді деп есептейді.

Жайық өзені. Орал, Батыс Қазақстан облысы, 26 маусым 2019 ж.

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева мәселенің себебін Жайық бассейніне су қоймаларын салып, өзен бойында шаруашылықпен айналысып, жер игеріп, ормандарды кесіп, су ресурстарын белсенді пайдаланумен байланыстырады.

Қазақстанда Жайық бассейніне оның екі саласындағы су қоймалары – Елек өзеніндегі Ақтөбе су қоймасы мен Қарғалы өзеніндегі Қарғалы су қоймасы қатты әсер етіп отыр. Жайықтың ең маңызды саласы – Ресейдің Орынбор облысындағы Сақмара өзеніне 2004 жылы Сақмара су қоймасы салынған.

– "Жайықта су қоймасы жоқ" деп айтып жүр, олай емес. Су қоймалары бар. Соның ішінде заңсыз салынған су бөгеті аз емес, – дейді мәжілістің бұрынғы депутаты Елена Тарасенко. Ол Жайық проблемасын Ресеймен бірлесіп шешу қажетін көптен бері айтып келеді. Бірақ бұл мәселеде әзірге ешқандай іс-қимыл байқалмайды.

Your browser doesn’t support HTML5

Жайық өзені құрып кете ме?

ЖАЙЫҚТЫҢ РЕСЕЙДЕГІ БӨЛІГІНДЕ НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

Жайықтың Ресейдегі бөлігіне бірнеше су қоймасы салынған. Олардың ішіндегі ең ірілері – Челябинск облысындағы Жоғарғы Орал (аумағы 72 шаршы километр), Орынбор облысындағы Ириклинск (аумағы 260 шаршы километр) су қоймалары. Жайықтың Қазақстандағы бөлігіне су Ириклинск қоймасынан келеді.

Ресми өкілдер мен экобелсенділер Жайық мәселесін Ресей мамандарының қатысуымен халықаралық деңгейде шешу керегін айтқанымен, әзірге бұл бағытта еш өзгеріс байқалмайды. 2020 жылы билік өкілдері Жайық арнасын суға толтыру үшін Ресейден келетін су көлемін арттыру керек деген ұйғарымға келген.

Батыс Қазақстан облыстық табиғи ресурстар басқармасы "[2020 жылғы] 10 наурыздан бастап Ириклинск су қоймасынан келетін су көлемі секундына 30 текше метрге дейін артады. Қазір 15 текше метр. Кейін су көлемі секундына 90 текше метрге дейін жетеді" деп уәде берген.

2020 жылы жаздың аяғына қарай Жайықтың суы молаймағаны, жаздың ортасына дейін Ресейден бұрынғыдай секундына 15 текше метр ғана су келіп жатқаны белгілі болды.

Суы тартылған Жайық өзенінің жағасы. Орал қаласы, Батыс Қазақстан облысы, 19 қазан 2021 ж.

ӨЗЕНДІ САҚТАП ҚАЛУҒА БОЛА МА? ҚАЛАЙ?

Ресей ғалымы, көп жылдан бері Жайық өзенін зерттеумен айналысатын география ғылымдарының докторы Александр Чибилев бірінші кезекте, су тұтынуды қазіргі ресурс көлеміне қарай бейімдеу керек деп есептейді. Ғалымның пікірінше, өзен бойына жаңа бөгет пен су қоймаларын салуды тоқтату қажет. Қолданыстағы су қоймаларын пайдалану ережелерін де қайта қараған жөн: олардың жұмысын реттеп, көктемде Жайыққа өзен жайылмасына жететіндей мол су жіберу керек.

Чибилев сондай-ақ су сақтаудың заманауи технологияларын пайдалануды ұсынады. Бұл Жайықта ғана емес, оның бөгет салынған арналарында да егін шаруашылығына кететін су шығынын азайтуға көмектеседі. Бірақ бұл үшін Қазақстан мен Ресей үкіметтік деңгейде тығыз әріптестік орнатуы керек.

Жайық мәселесін шешуде халықаралық әріптестік керегін шенеуніктер де мойындайды, бірақ әзірге нәтиже шығатындай қадам жасалған жоқ. Мысалы, парламенттің бұрынғы депутаты, көп жылдан бері "Біздің Жайық – Наш Урал" экологиялық-туристік қозғалысын басқаратын Елена Тарасенко қос мемлекеттің жұмыс топтары белсенді қатысқанда ғана өзеннің ахуалына толық талдау жүргізуге болады деп сенеді.

Жайық өзені. Батыс Қазақстан облысы, 18 қазан 2021 ж.

2018 жылы Жайық мәселесі жөніндегі Ресей-Қазақстан комиссиясының бірінші отырысы өткен. Бұл кездесуде өзеннің экожүйесін жақсарту және трансшекаралық ластануды тоқтату бойынша 2020 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары бекітілген. Онда өзен арналарын тазарту, жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізу, өзеннің биоалуандығын қалпына келтіру, Жайыққа әсер ететін кәсіпорындар мен нысандарға бақылау орнату мәселелері қамтылған.

Бір жылдан кейін комиссия мүшелері қайта бас қосуы керек еді, бірақ бұл жиын өтпей қалды.

Экобелсенді Арман Бектенов Жайыққа өз бетінше қалпына келуге мүмкіндік беру керек, бұл үшін кедергі жасамаудың өзі жеткілікті деп есептейді.

– Жайық – өздігінен қалпына келетін өзен. Ол адамның қатысуынсыз-ақ қалпына келе алады. Бұл жерде керісінше, адамдар өзенге тимей, демалуға мүмкіндік беруі керек, – дейді Бектенов.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жайықта қырылған балық. Жаңа дерек пен "даулы" сот