ТОҚАЕВ ҮКІМЕТТЕ НЕ АЙТТЫ?
Премьер-министр Асқар Мамин бастаған үкіметтің бірнеше мүшесі мен облыс әкімдерінен кейін Тоқаевтың өзі сөз алып, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында мақтанышпен аталған кейбір жобаларды сыпайы сынағандай әсер қалдырды. Ол Назарбаев тұсында құрылған мемлекеттік холдингтер бір-бірінің жұмысын қайталайды деп мінеді.
"2007-2018 жылдар арасында мемлекеттік холдингтерге 7 триллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл – көп ақша. Халық мұның нәтижесін көруі керек. Есеп комитетінің талдау қорытындысына қарағанда штаты мен құрылымдары барынша ұлғайған мемлекеттік холдингтер бірі-бірінің жұмысын қайталайды... "Бәйтерек" холдингінде 63 мекеме бар. Оның 11 еншілес ұйымында 2,8 мың қызметкер бар. "ҚазАгроның" үш еншілес кәсіпорны бар. "Бәйтеректің" әкімшілік шығыны 54 миллиард теңгеден асқан. Оның 24 миллиарды жалақыға кеткен" деді ол
"Бәйтерек" сайтындағы деректерге қарағанда, холдинг құрамында он акционерлік қоғам (барлық акциясы мемлекеттікі) және бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік (97 пайыз акциясы мемлекетке тиесілі) бар. Холдинг өзін "корпоративтік басқарудың озық стандарттарына сәйкес келетін және Қазақстан экономикасын әртараптандыру, инновацияларды қолдау, экспортты дамыту, еңбек өнімділігін ұлғайту жолымен орнықты дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ететін Үкіметтің негізгі институты" деп сипаттайды.
Тоқаев сөзінде Еуразия экономика одағы бойынша жасалған кейбір келісімдерді сынады. Оның сөзінше, келіссөздер барысында тек қана мемлекет мүддесіне сай келетін құжаттарға қол қою керек.
"Бұрын біз барлық келісімдерге қол қоятын едік. Бұл үрдісті тоқтату керек. Кез келген келісімге қол қоюға болмайды" деді ол.
Үкімет отырысында премьер Асқар Мамин "халық табысы 5,5% өсті" деп мәлімдеді. Жұрт не дейді?
Your browser doesn’t support HTML5
Тоқаев экспортты көбейту мақсатында шекарадағы сауданы дамыту көзделгенімен, орындалмағанын айтты. Айтуынша, 2018 жылы Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша Орталық Азиямен экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін Өзбекстанмен шекарада орталық құру жөніндегі бастамасы орындалмаған, Қазақстан мүддесін ескеретін нақты шешімдер қабылданбаған. Тоқаев үкіметте Қорғас шекара маңы ынтымақтастық орталығының жұмысы "тиімді болмай отыр" деп сынады.
"Қытай Қорғастың Қытай жағына тұтастай қала салып тастады. Шекаралық ынтымақтастық орталығы шын мәнінде көрші елдің жеңілдетілген импорт өнімдерінің орталығына айналды" деді ол.
Қорғас шекара маңы ынтымақтастық орталығын құру жөнінде Қазақстанның экс-президенті Назарбаев 2002 жылы Қытайға ресми сапармен барғанда уағдаласқан еді. Қазақстан мен Қытай шекарасында орналасқан бұл орталық Қазақстан тауарын Қытайға экспорттауға жол ашады деп жоспарланған.
"Үкімет реформаны өзі жоспарлап, өзі жүзеге асырады және өз жұмысын өзі бағалайды, бұлай болмайды" деген Тоқаев Қазақстан президенті жанынан үкімет жұмысын бағалайтын "Әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторг жасау орталығын" құруды ұсынды. Сөзінше, "орталыққа президент әкімшілігінің қызметкерлері мен сарапшылар мүше болады және болашақта бұл орталық өз алдына агенттік болуы да мүмкін".
Қазақстан президенті "үкімет пен әкімдерді халыққа қажетті азық-түлік бағасын ұстап тұра алмадыңдар" деп сынады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шетелден алған көлікті тіркеу дауы ушықты. Жүргізушілер неге наразы?
Тоқаев баяндамасының соңында шетелдік нөмірі бар көліктердің мәселесін шешу үшін оларды уақытша тіркеуді тапсырды. Алайда мұндай көліктер бір жылдың ішінде, "2021 жылдың наурызына дейін қазіргі заң талаптарына сай тіркелуі тиіс". Қазақстан билігінің елде армениялық, қырғызстандық және ресейлік нөмірлермен жүрген автокөліктерді заң жолымен тіркеу туралы талабы кейбір жүргізушілердің наразылығын тудырған. Билік тіркелмеген шетелдік көліктер заң бұзса, жазадан құтылып кетеді деп санайды. Ал жүргізушілер тіркеу құны көліктің бағасынан асып кетеді деп шағымданады. Олар биліктен шетелдік нөмері бар көліктерді тіркеуді жеңілдетуді талап етеді.
24 қаңтардағы отырыста Тоқаев "үкімет 2019 жылға жоспарланған макроэкономикалық көрсеткіштердің бәріне қол жеткізді, президент тапсырмасын орындады" деп баға берді. Тоқаев баяндамасының соңында "ешкімге сөгіс жарияламаймын, сөгістің жұмысқа айтарлықтай әсері жоқ" деп министрлер кабинеті мен әкімдерді жұмыс істеуге шақырды. Ол берілген тапсырмалардың орындалғанын тексеру үшін көктемде қайта жиын өткізетінін айтты. Тоқаев тапсырмаларды жүзеге асыра алмаған, азық-түлік бағасын реттеуге шамасы жетпеген шенеуніктер қызметтен кететінін де ескертті.
"ҮКІМЕТТІ ТАРАТЫП, ЖАҢА АДАМДАР ШАҚЫРУ КЕРЕК"
Азаттық тілшісімен сөйлескен сарапшылардың арасында Тоқаевтың бастамасы дұрыс деп санайтындар да, Тоқаевтың сыны жеткіліксіз деушілер де бар.
Бұрын зейнетақы жинақтау қоры қауымдастығын басқарған қаржы сарапшысы Айдар Әлібаевтың пайымдауынша, үкіметінің 2019 жылы атқарған жұмысы қанағаттанғысыз. Ол қазір Тоқаев үкіметті отставкаға жіберуге "дәрменсіз", оған "жол бермейді" деп есептейді
Қазір жоғары лауазымды шенеуніктер жеке жауапкершілік алғысы келмейді. Бір идеяны жүзеге асыру үшін өзінен төмен лауазымдағы бірнеше адамға қол қойдырады
- Үкіметті толығымен отставкаға жіберіп, ешбірін қайтып үкіметке алмау керек. Кабинетте отырған шененуніктер кетіп, бизнестен, қоғамның белсенді өкілдерінен, кәсіпкерлерден, ғылымда, өндірісте жұмыс істеген, жаңа идея айта алатын және оған жауапкершілік ала алатын адамдар керек. Қазір жоғары лауазымды шенеуніктер жеке жауапкершілік алғысы келмейді. Бір идеяны жүзеге асыру үшін өзінен төмен лауазымдағы бірнеше адамға қол қойдырады, -дейді ол.
Айдар Әлібаев Тоқаевтың Армения мен Қырғызстан көліктерін уақытша тіркеуге қоюға рұқсат бергенін де "мәселені шешпейтін, жартылай шара" деп санайды. Қаржыгердің пайымдауынша, Қазақстан сауда саласында үлкен инфрақұрылым салам десе, алдымен жемқорлықты тоқтату керек.
- Тоқаев Қорғас сауда орталығына Қытай жағы қала салып тастады деп отыр. Ол рас. 2000 жылдары ол бос жер болатын. Сауда орталығын құру туралы уағадаластықтан кейін Қытай құрылысты жылдам жүргізді. Қазақстан да үлкен инфрқұрылым салуға мол ақша бөлді. Бәрін жемқорлық жеп қойды. Сондықтан Тоқаев салынбаған құрылыспен емес, әуелі жемқорлықпен күрес мәселесін көтеруі тиіс,-дейді ол.
Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының директоры, саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева "жұртшылық президент қатысатын үкімет отырысында міндетті түрде бірер министрдің сөгіс алып, ұрыс естігеніне, қандай да бір кадрлық өзгерістерге" үйреніп қалғанын айтады. Сарапшының ойынша, Тоқаев қазір үкіметті сыпайы сынап, сақтана сөйлейді.
Тоқаев біздің саяси истеблишмент күшті билікке ғана бағынатынын біледі. Сондықтан үкімет отырысында бір жағынан азу көрсетіп, әрбіріңді көріп отырмын дегісі де келеді.
- Тоқаевта бір жылға жетпейтін уақытта мемлекеттің бүкіл проблемасын жете білетіндей болған жоқ. Сондықтан салған жерден сынап, ұрса алмайды. Ол қазір үкіметке ұстанымын білдірді, енді әрі қарай бақылайды. Осы тұрғыдан бейтарап сарапшылардан тұратын әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторг жасау орталығын құрығысы келетін шығар. Мұндай орталық балама есеп жасауы тиіс. Тоқаев элита ішіндегі топтармен қарым-қатынасын реттеуі керек. Байқамай бір жағын ренжітіп алуына болмайды. Бірақ ол біздің саяси истеблишмент күшті билікке ғана бағынатынын біледі. Сондықтан үкімет отырысында бір жағынан азу көрсетіп, әрбіріңді көріп отырмын дегісі де келеді, - дейді ол.
Толғанай Үмбетәлиеваның сөзінше, Қырғызстан мен Армениядан көлік алғандар талаптарының ішінара орындалғаны да таңғаларлық емес.
- Өйткені биылғы президент сайлауында қоғамдағы қарсылық көңіл-күйді сезінген Тоқаевқа тағы да бір проблеманың қажеті жоқ. Оның үстіне олардың талаптары онша үлкен емес, ол үшін үлкен реформаның қажеті жоқ, - дейді ол.
"ХОЛДИНГТЕРДІ ЖОЙМАЙ ЭКОНОМИКА ДАМЫМАЙДЫ"
Экономист, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Мұхтар Тайжан "Тоқаев сынаған мемлекеттік холдингтерді тарату керек" деп есептейді.
- Мемлекет бизнеспен айналыспауы тиіс. Ол – экономиканың заңы. "Самұрық – Қазына", "ҚазАгро", "Бәйтеректі" тарату керек. Олар құрылғанда-ақ қарсы болғанмын. Билік енді түсіне бастады, мемлекеттік холдингтерді жоймай экономика дамымайды, - дейді ол.
Мұхтар Тайжанның сөзінше, Қазақстан президентінің әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторг жасау орталығын құру идеясы орынды.
- Экономикалық проблеманы жасап отырған биліктегі шенеуніктердің өзі. Оларға осы жүйені реформалауды тапсыру – нонсенс. Сондықтан бұл орталық қажет. Әрине, үкімет жұмысын бақылайтын басқа да мекемелер бар. Бірақ олардың бәрі де бір жүйенің бөлшегі, - дейді ол.
AERC экономиканы зерттеу орталығының директоры, экономист Олжас Төлеуов те Тоқаевтың экономикалық орталық құру идеясын қолдайды. Оның сөзінше, бұл орталық онсыз да үкіметке кеңес беріп жүрген экономистер жұмысын жүйелейді.
- Тоқаев айтқан әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторг жасау орталығы қоғамдық негізде жасалатын болса, сенуге болады. Мемлекеттік орган ретінде ұйымдастырылса күмәнді болады, - дейді ол.
Ал қаржы сарапшы Айдар Әлібаев Тоқаевтың жаңа орталық жайлы бастамасының жұмысы нәтижелі болатынына сенбейді.
- Ол орталыққа тәуелсіз ойлайтын адамдар келсе мақұл. Солар ғана үкіметтің бағдарламасына, жоспарына тәуелсіз баға бере алады. Бірақ олардың бағасын кім тыңдайды, ұсынысы қалай орындалады? Есеп комитеті қаншама қаржы былығын ашты, одан не өзгерді? Жаңа орталық есеп комитеті мен мониторинг орталығының жұмысын қайталап шығады, - дейді ол.
2019 жылы наурызда Қазақстанды отыз жылдай басқарған Назарбаев президенттіктен кетіп, орнына Тоқаевты қалдырған (Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің және "Нұр Отан" партиясының басшысы ретінде биліктің бір тармағын ұстап отыр). 9 маусымда өткен кезектен тыс президент сайлауында Тоқаев жеңімпаз деп танылған. Ол сайлауалды бағдарламасында тұрақты экономикалық өсімді қалыптастыруға, өнімді жұмыс орындарын ашуға, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға уәде берген. Бірақ елде соңғы бір жылда инфляция ұлғайып, азық-түлік бағасы қымбаттады. Елде биліктен нақты әлеуметтік және саяси реформалар талап еткен наразылық шаралары жиіледі.