Қасым-Жомарт Тоқаев тәжік-қырғыз шекарасында болған, 50 адамның ажалы мен жүздеген азаматтың жаралануына апарып соққан қақтығыстан кейін мамырдың басында Тәжікстанға шақырту алды. Тоқаев 28-30 сәуірде Ферғана алқабында өткен қарулы қақтығысқа байланысты алаңдаушылық білдіріп, екі жаққа да тиімді шешім іздеп, тараптардың өзара сенімін қалпына келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтты. 3 мамырда Тоқаев қос мемлекет басшысымен сөйлесіп, оларды ұстамды болуға үндеді.
Қазақстан президентінің баспасөз қызметі Душанбеге ресми сапардың алдында Тоқаев пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон әріптестік мәселесін талқылайтынын, " Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінетінін" хабарлады.
Азаттық саясаттанушы, "Қауіп-қатерді бағалау тобының" жетекшісі Досым Сәтпаевтан Тоқаевтың Душанбеге сапарының астарында не жатқанын, Қазақстанның бітімгер болуға талпынысын басқа ойыншылар қалай бағалайтынын және Орталық Азияда сыртқы күштердің қандай мүддесі барын сұрады.
Азаттық: Бішкек пен Душанбе арасындағы кикілжіңге байланысты келіссөздерде бітімгерлік көмек көрсету туралы ұсыныс айтты, тараптарға жедел қоңырау шалды, енді Тәжікстанға ресми сапармен бара жатыр. Тоқаевтың ісін қалай түсінуге болады? Бұл оның Қазақстанның бұрынғы президент тұсындағы бітімгерлік рөлін жалғастырып жатқанын білдіре ме?
Досым Сәтпаев: Тоқаев президент болғалы Қазақстанның сыртқы саяси моделі көп өзгере қойған жоқ. [Бұрынғы президент Нұрсұлтан] Назарбаев бір кездері Иранның ядролық қару бағдарламасы мен Сирия мәселесінен бастап Украинаға қатысты бастамаға дейінгі әртүрлі халықаралық тақырыптарда "Қазақстан – бітімгер" деген модельді белсенді насихаттай бастаған. Қазір де сол жұмыс жалғасып жатыр. Тоқаев сыртқы істер министрі болған, дипломатиялық тұрғыдан Назарбаевтың сыртқы саяси моделін іске асыруға қатысқан. Ол көп жыл бойы Қазақстанның сыртқы саясатында белсенді жұмыс істеп, осы модельді құруға күш салған болуы да мүмкін.
Қазақстан Орталық Азияда тараптардың арасында келіссөз жүргізетін бітімгер мемлекет рөлін сақтап қалғысы келеді. Тоқаевтың Душанбеге сапары осымен байланысты деп ойлаймын.
Бірақ бұл жерде Қазақстанның Ресей деген бәсекелесі бар. Тәжістан мен Қырғызстан арасындағы қақтығыс Мәскеуге тиімсіз. Өйткені қос мемлекет те Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (Ресей басымдыққа ие әскери одақ – ред.) мүше, оның үстіне, Тәжікстан мен Қырғызстанда Ресейдің әскери базалары бар.
ҚАЗАҚСТАН МҮДДЕСІ МЕН РЕСЕЙДІҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫ АРАСЫНДА ҚАЙШЫЛЫҚ БАР МА?
Азаттық: Ресейге бұл кикілжің "тиімсіз" екенін айттыңыз. Бірақ Рахмон 9 мамырда Мәскеудегі әскери парадқа қатысқаннан кейін Кремльдің қырғыз-тәжік шекарасында болған жағдайға бейтарап ұстаным білдіруі сұрақ туғыза бастады. Рахмон осы шараға қатысқан жалғыз шетелдік президент болды...
Досым Сәтпаев: [Қырғызстан президенті Садыр] Жапаров та жақында Мәскеуге барып қайтты, Путинмен кездесті. Бішкекпен де тұрақты байланыс болып тұрады деп ойлаймын. Рахмонның Мәскеуге сапары Путиннің бұл мәселе жөнінде басшылықпен тікелей сөйлесіп, ұсыныс айтуға ниет білдіруімен байланысты. Ресей өңірдегі позициясын нығайтып, тараптар арасындағы келіссөз жүргізуші мемлекет болғысы келеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тас та, оқ та, миномет те атылған қақтығыс. Қырғыз-тәжік шекарасында не болды?Кейінгі кезде Ауғанстандағы жағдай қиындағанын ескерсек, бірнеше себеп бойынша Ресейге Орталық Азияны тұрақсыздық жайлағаны тиімсіз. Өңірдегі кикілжің мен тұрақсыздық радикал ұйымдарға пайдалы болуы мүмкін. Араб әлеміндегі оқиғалар кез келген тұрақсыздық пен бейберекеттік радикал, тіпті, экстремист, криминал құрылымдарды жақтаушылардың позициясын нығайтуға жақсы мүмкіндік туғызатынын көрсетті. Нақты бөлініп, бекітілмеген шекара қылмыс топтары контарабанда жасайтын ортаға айналады. Ал Орталық Азияда ондай топтар аз емес.
Азаттық: Қазақстан Орталық Азиядағы және одан тыс жердегі кикілжіңдер жөнінде қаншалықты тәуелсіз пікір айта алады?
Досым Сәтпаев: Өзбекстанның бұрынғы президенті марқұм Ислам Каримов кезінде Ресей Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын геосаяси құралына айналдырып, оған мүше мемлекеттерді өз геосаяси мақсатын қолдауға мәжбүрлейді деп қауіптеніп, ұйымнан шығып кеткен болатын. Кейінгі кездері біз осыған куә болдық. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының мүшелерін Ресейдің сыртқы қорғаныс саясатының жағына қарай тартуға талпыныс жасалды.
Қорғаныс саясаты тұрғысынан алғанда, Қазақстан ұлттық мүдде мен мемлекет үшін басымдыққа ие тақырыптар Ресейдің мақсатымен үйлесе бермейтінін түсінуі керек. Қазір Ресейдің сыртқы саясаты Қазақстанның сыртқы саяси моделіне қайшы келеді. Ресей саясаты қарсылыққа құрылған, ол біртіндеп Совет одағының сыртқы саясатына айналып, қырғи-қабақ соғыс атмосферасын қалыптастырып жатыр. Қазақстанның сыртқы саясаты көпвекторлы сипатқа ие. Ол АҚШ, Еуропа одағы, Азия елдері, Ресей сияқты барлық мемлекетпен жақсы қарым-қатынаста болуды көздейді. Сондықтан бұл тұста Қазақстанның моделі Ресейдің сыртқы саясатымен қақтығысып қалуы мүмкін. Бұл модельдердің басымдық беретін дүниесі әртүрлі.
Әрине, Ресей, Қытай немесе АҚШ сияқты бір ойыншыға ғана бағытталған саясатқа қарағанда Қазақстанның көпвекторлы саясатынан пайда көбірек. Қазақстанға қысым жасалады. [Ресейлік] депутаттардың жерге байланысты даулы мәлімдемелері (былтыр Мемлекеттік дума депутаттары Вячеслав Никонов пен Евгений Федоров Қазақстан территориясы – Ресейдің "сыйға тартқан" жері деген мәлімдеме жасады, Қазақстан сыртқы істер министрлігі ресейлік депутаттардың бұл талабын "бос сөз" деп атады – ред.) бекер емес. Бұл – гибридтік соғыстың бастамасы. Қазақстанға әлсіз тұстары барын, мұны Ресей ұмытпағанын ескертіп отыр. Жақында [Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей] Лавров Ресейдің Қазақстанға қатысты теріс пиғылы жоғын айтты. Бірақ кешіріңіз, 2014 жылға дейін Ресейдің Украинаға сондай әрекет жасайтынын көп адам білген жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Орыс аюы" иек астында. Солтүстік өңірдегі жұртты не мазалайды?ОРТАЛЫҚ АЗИЯ: СЫРТҚЫ ОЙЫНШЫЛАР МҮДДЕСІ
Азаттық: Қазіргі геосаяси жағдай күштер тепе-теңдігін қалай өзгертеді? Ресей Орталық Азиядағы ықпалын сақтап қалуға тырысса, Қытай өңірдегі белсенділігін арттырып жатыр. АҚШ Ауғанстаннан әскерін әкете бастады.
Досым Сәтпаев: Қазір Ресей [Батысқа қарсы] үлкен қарcылығын бастады, Мәскеу бар күшін салып, постсоветтік кеңістіктегі позициясын нығайтып, өзіне адал мемлекеттер одағын құруға тырысады. Оның қазіргі негізгі серіктестері – Беларусь пен Армения.
Таулы Қарабақтағы қақтығыс кезінде Ресей Арменияны, Түркия Әзербайжанды қолдады. Қазір Түркияның Әзербайжан арқылы Кавказда ғана емес, түркітілдес мемлекеттердің әріптестігі аясында Орталық Азияда да өз позициясын нығайтуға тырысып жатқаны Ресейді қатты алаңдатып отыр. Оның үстіне, Түркия Украинамен де қарым-қатынасын реттеуге кірісті. Жақында [Украина президенті] Владимир Зеленский Түркияға барып, Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Стамбул постсоветтік кеңістіктегі салмақты ойыншыға айналуға тырысып жатыр.
Ердоғанның өзіне адал мемлекеттер альянсын құруға талпынысы Путинді еске салады. Постсоветтік кеңістікте қызық геосаяси құрылым қалыптасты: өңірде позициясын нығайтуға тырысқан Ресей, Қытай, Түркия сияқты үш негізгі ойыншы мемлекеттермен жұмыс істеудің өзіндік моделін ұсынып отыр. Қытайдың мақсаты – экономикалық басымдыққа ие болу, Түркия діни бірлестік және инвестициялық қызмет бойынша белсенді. Ресей Еуразиялық экономикалық одақ (оған Қазақстаннан бөлек, Армения, Беларусь, Қырғызстан мүше, Ресей басымдыққа ие — ред.) пен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына басымдық беріп отыр.
Азаттық: Қытай мен Батысты ірі ойыншылар ретінде қарастырсақ, олардың Орталық Азиядағы мүддесі қандай?
Досым Сәтпаев: Қытай Орталық Азияға көп инвестиция құйды. Қытайға тұрақсыздық орнату тиімсіз екені түсінікті. Пекин өңірде тұрақсыздық күшейсе, бұған ауған факторы қосылуы мүмкін деп қауіптенеді. Ондай жағдай Қытайға Шыңжаңда мәселе туғызуы мүмкін. Ал бұл – Қытайдың әлсіз тұсы. Оның өңірдегі мәселесінің өзі шаш-етектен, әсіресе Қырғызстанда Қазақстандағыдай Қытайға қарсы көңіл-күй артып келеді.
Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі әріптесі – Пекинге қарыз Тәжікстан. Қытайдың Тәжікстанда әскери базасы бар, Пекин ол жақта Орталық Азияға әскерін орналастыру моделін сынақтан өткізіп жатыр. Қытай бұл әрекетін Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесіп жатырмыз деп түсіндіреді. Сондықтан әзірге Ресей бұған дұрыс қарап отыр.
АҚШ-қа келсек, қазір Ақ үйдің Орталық Азияны ойлауға мұршасы жоқ. Олар Ауғанстаннан әскер шығару саясатын жүргізіп жатыр. Бірақ АҚШ Ауғанстаннан шығарған әскерін жақын маңда ұстау үшін Өзбекстанда немесе өңірдегі басқа мемлекетте әскери-логистикалық базасын ашуға мүдделі болуы мүмкін деген сыбыс тараған. Білуімше, келіссөздер әлі жүріп жатыр. Әзірге ешкім ешқандай міндеттеме алған жоқ. Бірақ Орталық Азияда АҚШ-тың әскери базалары болған. Олар Мәскеу мен Пекиннің қысымымен жойылды. Яғни, прецедент бар.
Ресей мен Қытай белсенді қарсылық білдіріп, Өзбекстанға және Орталық Азияның осындай ұсыныс түскен басқа мемлекеттеріне қысым көрсетеді. Қазір өңірде 1990-жылдардағы Батыс басымдығы жоғын көріп отырмыз. Өңірде АҚШ пен Еуропа одағының белсенділігі төмендеді. АҚШ-та бұл [осыған дейінгі президент] Дональд Трамптың тұсында, Еуропа одағында өзара жікке бөліну және Брексит, кейін коронавирус эпидемиясы басталған кезде болды. Әрине, олардың экономикалық ықпалы бар. Қазақстандағы ең ірі инвесторлар – америкалық компаниялар. Олар шикізат өндіру саласына қаржы құяды. Еуропа одағы да Қазақстанның ірі сауда серіктесі. Бірақ олар әскери-саяси салаға араласпайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытайдың жекеменшік әскері һәм "саяси тұрақсыздық қаупі"СЫРТТА МӘСЕЛЕ ШЕШІП ЖҮРГЕН "БІТІМГЕР МЕМЛЕКЕТТІҢ" ІШКІ МӘСЕЛЕСІ ШАШ-ЕТЕКТЕН
Азаттық: Тоқаев Душанбеге жай уақытта бара жатқан жоқ. Кейінгі жылдары өңірдегі шиеленіс арта түскенге ұқсайды. Шекарада ұлтаралық жанжал көбейіп, су ресурстарына талас күшейіп барады…
Досым Сәтпаев: Совет одағы тарағанға дейін алғашқы ұлтаралық жанжалдың бірі Орталық Азияда болғанын естен шығармайық. Ферғана алқабында өткен ғасырдағы 80-жылдардың соңында да кикілжің болған. Сол кездің өзінде өңірде қақтығыс тұтануы ықтимал аймақтар болды. Олар сол күйі қалды, жойылып кеткен жоқ: ұлтаралық келіспеушіліктер, суға таласу мәселесі әлі бар. Орталық Азиядағы су тапшылығымен бірге өңірдегі кикілжің саны да артады.
Азаттық: Қазақстан президентінің бітімгерлік әрекеті көбіне ішкі саясатқа бағытталған ба, әлде сыртқы саясатқа ма?
Досым Сәтпаев: Екі жаққа да. Өйткені Тоқаев Қазақстан ішіндегі легитимдігін арттыра алмады. Ол "еститін мемлекет" концепциясы, ал шындығында "бос сөз" болып шыққан саяси реформалар пакеті арқылы осыған ұмтылып көрді.
Жыл басында Еуропарламенттің Қазақстандағы саяси жағдайға байланысты қабылдаған қатаң қарары алдағы барлық саяси бастамалар мен имитацияларға нүкте қойды. Еуропарламенттің саяси реформаларға, бейбіт жиын өткізу саласындағы реформалар имитациясына, сайлау туралы заңға енгізілген шалағай өзгерістерге байланысты қатаң мәлімдемелерін ескерсек, халықаралық қауымдастықтың Қазақстаннан көңілі қалды деуге болады. Біреулер Тоқаевты реформатор көріп, ол елге өзгеріс әкеледі деп сенді. Бірақ іс жүзінде ол тек жарнамамен ғана айналысты. Ешкім жүйені өзгерткісі келмеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Хейди Хаутала: Қазақстандағы адам құқығының жайына алаңдаймызТоқаев ішкі аудиторияның алдында легитимдігін нығайтуы керек, өйткені көбінің одан шынымен көңілі қалды.
Азаттық: Рейтингті көтерудің мұндай әдісі қаншалықты тиімді?
Досым Сәтпаев: Мұндай бір ғана әрекетпен Тоқаевтың барлық мәселесін шешу мүмкін емес. Ондайда "қазір Қазақстан қос тарап арасындағы кикілжіңді шешу үшін бітімгер болуға талпынып жатқаны сияқты, неге дәл осындай саясатты ел ішінде жүргізіп, азаматтармен қоғамдық келісімге келмейді?" деген сұрақ туындайды.
Қазақстанда қарсылық, көзқарас қайшылығы, жікке бөліну сияқты мәселе көп, ал билік бұл мәселелерді шешіп жатқан жоқ. Есесіне Қазақстан әлем сахнасында Назарбаевтың тұсындағыдай кикілжіңді шешу механизмі бар мемлекет болып көрінуге тырысады. Жұртқа жақсы көрінгенді ұнатады. Ішкі аудиторияны да осы әдіспен алдаусыратқысы келіп, "Қараңдар, біз қандай мықтымыз! Қараңдар, біз мына келіссөзге қатысып жатырмыз!" дейді. Бірақ көп қазақстандыққа ел ішіндегі жағдай, қалтасындағы ақша, Қазақстандағы қауіпсіздік, білім беру жүйесі мен денсаулық сақтау саласының тиімді жұмыс істегені ғана қызық. Былтырғы эпидемия Қазақстанда барлық сала қирап қалғанын көрсетті. Қазір дәл осы мәселені қолға алуымыз керек.
Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қауқарсыз билік, Назарбаев пен Тоқаев, "адал ақымақтар" моделі"Шіріген" жүйенің "реформа имитациясы". Димаш Әлжановпен саясат жайлы сұхбат"Реформатор" Тоқаевтың "қайшылықты ұстанымы" мен "реформалар пакеті"