Құда Боранбаевтың қоңырауы, Боқаевтың бостандығы, Ситерлер және 5 қыздың қазасы

Азаттық сіз оқитын жалғыз басылым емес екенін және жарияланған журналистік жұмыстардың бәрін қамту мүмкін бола бермейтінін білеміз. Тілшілеріміз осы аптада да қоғамдағы маңызды оқиғаларды елеусіз қалдырмай, мақала мен видеорепортаждар әзірледі, тамыры терең жайылған әлеуметтік мәселелерді қозғады. Демалыс күні сайтымыздағы аптаның үздік жеті хикаясын назарларыңызға тағы бір мәрте ұсынамыз.

"Саяси тұтқын" Макс Боқаевтың бостандыққа шығуы

2016 жылғы жер митингілерінен кейін 5 жылға сотталған Макс Боқаев 4 ақпанда Атыраудағы түрмеден босап шықты. Құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп атаған Боқаевты елдің әр аймағынан жиналған ондаған адам қарсы алды. Белсенді бостандыққа шыққан бетте Атыраудың орталық алаңына барды.

Your browser doesn’t support HTML5

"Назарбаев Конституцияны дәретхана қағазына айналдырды". Боқаев қамаудан шықты

Белсенді Макс Боқаевтың белсенділік жолы

Макс Боқаев 2016 жылғы жер митингісіне дейін де азаматтық белсенді болған. Ол Атыраудың экологиялық проблемасын көтеріп, түрлі акцияға қатысқан. Жергілікті мәслихатқа депутат болуға да ұмтылған. Боқаев кім?

Your browser doesn’t support HTML5

Белсенді Макс Боқаевтың белсенділік жолы

"Жаңа Конституция керек". Түрмеден шыққан Макс Боқаев алаңда билікке талабын айтты

Макс Боқаев бейсенбі, 4 ақпан күні таңертең Атыраудағы УГ-157/9 мекемесінен бостандыққа шықты. Ол өзін қарсы алуға келгендерге қолдау білдіргені үшін алғыс айтты.

– Халықтың қолдауына, халықаралық ұйымдарға рақмет айтқым келеді. Халық қолдауы болмаса мені жоқ қылып жіберетін еді. Сүйегімді таба алмайтын едіңдер. Рақмет сол үшін! Теледидар, радио-газеттен қарап отырмын жағдайды. Назарбаев тақтан кетсе де, 5 миллиметр өзгеріс бар деуге болады. Бірақ алып бара жатқан өзгеріс жоқ. Сондықтан ары қарай қоғамдық жұмыспен айналыса беремін, – деді Боқаев.

Мақаланың толық нұсқасына өтіңіз.

Макс Боқаев: Төрт жарым жыл өтсе де талабымыз орындалмады

Азаттық: Сіз Нұрсұлтан Назарбаев президент болып тұрған кезде түрмеге қамалып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұсында бостандыққа шықтыңыз. Осы уақыт аралығында жүйе өзгерді ме, қалай өзгерді?

Макс Боқаев: Жаман жағына қарай өзгерді, жағдай одан сайын нашарлап кетті. Мысалы, мен қамауға алынған 2016 жылы Қазақстан азаматы мәслихат депутаттығына кандидат етіп өзін өзі ұсына алатын. Ал қазір өзін өзі ұсына алмайды. Осы бір мысалдан-ақ жағдайдың нашарлағанына көз жеткізуге болады. Бұрын мен Тоқаев жайлы білімді, Еуропада жұмыс істеген және Назарбаевқа қарағанда біраз болсын жас адам ғой, жаңаша жұмыс істейтін шығар деп ойлағанмын. Бірақ олай болмады, жағдай нашарлап кетті. Бұған экономикалық дағдарыс, пандемияның салдары қосылды. Түрмеде отырған адамға ол алдымен сезіледі. Қазір амнистия болады деп жатыр ғой, бюджетте ақша болмаған соң жасап жатыр оны, әйтпесе түрмеде отырғандарды аяп отырған ешкім жоқ.

Сұхбаттың толық нұсқасы мына жерде.

Назарбаевтың құдасы ұсынған "Спутник". Қазақстандағы вакцина және билік төңірегіндегілер бизнесі

Мыңдаған қазақстандыққа (көбі – медицина қызметкерлері) коронавирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасын салды. Ресми тұлғалар 1 ақпанда басталған екпе науқанын "пандемияны жеңудің жалғыз амалы" деп атап, бүкіл шығынды мемлекет мойнына алғанын айтты. Мемлекет бөлген қаржының бір бөлігі Қазақстандағы ең ықпалды отбасының туысы – кәсіпкер, кейінгі бірнеше жылда елдегі ең бай адамдардың біріне айналған Қайрат Боранбаев басқаратын компанияға түседі. Мақалаға өтіңіз.

Covid екпесі: мемлекеттік келісімді Дариға Назарбаеваның құдасы алған ба?

Қазақстанның медицина мекемелеріне арнап коронавирус екпесін өндіретін компания қожайындарының арасында Қазақстандағы ең ықпалды әулеттің туысы бар. Ресейдің "Спутник V" вакцинасын шығаратын Қарағанды фармацевтика кешені иелерінің бірі – Қайрат Боранбаев. Ол елдегі ең бай бизнесмендердің бірі әрі бұрынғы президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның құдасы. Мемлекетпен миллиондаған долларға келісім жасасқан фармацевтика мекемесінің басқа қожайындарының арасында Ресейдің ықпалды адамдары бар.

Your browser doesn’t support HTML5

Мемлекеттік келісімді Дариға Назарбаеваның құдасы алған ба?

"Табыс таппаймыз", "Тыңдашы..." Қайрат Боранбаев Азаттық тілшісіне хабарласып, не айтты?

Қайрат Боранбаев Азаттық тілшісіне қоңырау шалып, Назарбаев отбасына жақындығы бизнесіне әсер етпейтінін айтып, сендіруге тырысты.

"Тыңдашы, бұл – әлеуметтік жоба, коммерциялық [жоба] емес. Түсінесің бе?" деді Қазақстандағы ең бай әрі ықпалды бизнесмендердің бірі Қайрат Боранбаев телефонмен.

"Мен жалған жазғанды ұнатпаймын" деді ол әңгіме барысында. Боранбаевтың нені "жалған" дегені түсініксіз. Ол "жалған ақпараты бар" деп санайтын материалдың сілтемесін жіберуге уәде беріп, кейін Азаттыққа сайты мен желідегі парақтарына шыққан "Covid екпесі: мемлекеттік келісімді Дариға Назарбаеваның құдасы алған ба?" деген видеоның сілтемесін жолдады.

Жарты сағаттық әңгіменің қорытындысын оқығыңыз келсе, сілтемені басыңыз.

"Жеті айда қабылданған шешімді жеті минутта бұзды". Бас прокурор араласқан іс

Бас прокурордың наразылығынан кейін Жоғарғы сот алматылық Салтанат Құсманқызын қайтадан түрмеге қамауға пәрмен берді. Аса ірі мөлшерде өзгенің мүлкін иеленді деген айыппен 2019 жылы 8 жылға сотталған Салтанат былтыр көктемде апелляция сотының шешімімен бостандыққа шыққан еді. Сотталушы мен адвокаты тергеу таққан айыптар дәлелденген жоқ дейді. Азаттық тараптардың уәжін тыңдап көрді.

Бейнетке толы күрес. Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғайтын семейлік белсенді

Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының тұрғыны Айгүл Қасенова ауыр диагнозына қарамастан, мүгедек азаматтардың құқығын қорғаумен айналысып жүр. Кейінгі бес жылда ол жүз шақты адамның өмірін жеңілдетуге үлес қосқан. Мақаланы оқи отырыңыз.

Назарбаевтың Түркиядағы "резиденциясы"

Осыдан бірнеше жыл бұрын түркиялық басылымдар Анталия провинциясы Белдиби қалашығында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың резиденциясы барын жазған. Зәулім ғимарат жанында Назарбаевтың өзі жалғыз құрылтайшысы саналатын бес жұлдызды қонақүй бар. Резиденция мен туралы не белгілі?

Your browser doesn’t support HTML5

Назарбаевтың Түркиядағы "резиденциясы"

Бес қыздың қазасына екі жыл. Елді мұңайтқан қайғылы оқиғаны еске алсақ

Осыдан тура екі жыл бұрын Астананың (қазіргі – Нұр-Сұлтан) Көктал-1 елдімекенінде көмірмен жылынатын жер үйде өрт шығып, бір отбасының бес қызы көз жұмды. Бұл қайғылы оқиға қоғамда резонанс туғызып, биліктен елдегі көп жылдан бері қордаланған әлеуметтік проблемаларды шешуді талап еткен аналар наразылығына түрткі болды. Мақалаға өтіңіз.

Your browser doesn’t support HTML5

Астанада бес бала өртенген оқиғаға екі жыл болды

Киік тағдыры: жол ма, жазық па?

Қазақстан биологтары елдің орталық және батыс аймақтарын жалғайтын жол құрылысы сайын далада үйірімен жүретін киік көшіне кедергі туғызып, бөкеннің азайып кетуіне әсер етуі мүмкін деп алаңдайды. "Қазавтожол" компаниясы мамандары жаңа жолдың бойына киік үшін арнайы өткелдер салынады деп уәде беріп отыр. "Орталық-Батыс" көлік жолы киікке зиян тигізе ме? Азаттықтың түсірілім тобы Ақмола облысындағы жағдаймен танысып қайтты.

Your browser doesn’t support HTML5

Киік тағдыры: жол ма, жазық па?