Шілденің 29-ында Алматы облысының Заречный кентінде орналасқан ЛА-155/8 түзеу мекемесінде билік журналистерге арнап шұғыл брифинг ұйымдастырды. Алматыдан 60 шақырымдай қашықтағы жиын туралы жергілікті БАҚ-қа бір жарым сағат бұрын ғана хабарлама түсіп, Заречныйға бірнеше журналист қана жетіп үлгерді. Брифингті Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) бастығының бірінші орынбасары Теңізжан Жәнібеков өткізді.
ЖЕТІ ҚЫЗМЕТКЕР ЖҰМЫСЫНАН КЕТТІ
- Шілденің 26-сында YouTube-те ЛА-155/8 мекемесіндегі заңсыз әрекеттер туралы 40-қа жуық видео тарады. Екі видеода түрме қызметкерінің жазасын өтеушіге зорлық жасағаны анықталды. Жиналған құжаттар тергеу бойынша Алматы облыстық прокуратурасына жіберілді, - деді Теңізжан Жәнібеков.
Полковник Жәнібеков бұл іске байланысты ішкі істер министрінің тапсырмасымен құрылған комиссияға жетекші болып тағайындалып, мекеме жұмысын тексерген.
- Шілденің 29-ында комиссия жұмысын аяқтады. Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша, түзеу мекемесінің жеті қызметкері жұмыстан босатылды. Оның ішінде мекеме бастығы мен оның екі орынбасары қызметінен кетті. Бұған қоса облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшылығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ішкі істер министрлігі басшылығы мұндай істер алда қайталанбас үшін алдын алу шараларын да қолға алды, - деді ҚАЖК өкілі.
Он минуттан сәл асқан брифингте комитет өкілі жыл басынан бері ел бойынша қамау орындарында заңсыз әрекет жасаған 21 қызметкер түрлі қылмыстық жауапқа тартылғанын айтты.
"Тұтқынды азаптау" видеосы жайлы "Настоящее время" сюжеті (орысша):
"ЖЕҢІЛ ЖАЗА"
Қамау мекемесінде жазасын өтеп жатқандарды қинау туралы ондаған видео YouTube арнасында шілденің 26-сында пайда болған. Клиптерде ЛА-155/8 колониясына ұқсайтын мекемеде болған түрлі азаптау бейнеленген.
Видеоның бірінде жаза өтеушінің киімін киген адамды бірнеше түрме қызметкері қолын артқа қайыра байлаған күйі асып қояды. Аяғына кір тасын байлап, салбырап тұрған күйі ұрып-соғады. Құқық қорғаушы Елена Семенованың жазуынша, прокуратураға шағымданған сотталушыдан түрме қызметкерлері осылайша арызын қайтарып алуын талап еткен. Және бір видеода сотталғандардың бірі қатты таяққа жығылады. Видеолардың кейбірінде дауыс жоқ. Жазбаша сипаттамасына қарағанда, "тұтқынның айқайлаған дауысы естілмес үшін музыканың дауысын қатты шығарып қойған".
Бұл видеолар YouTube-тен павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенованың Facebook парақшасына көшкен соң ғана көпшілік қатыгездікті қызу талқылай бастады.
- YouTube-те 40 видеоның 21-і ғана жарияланған. Сотталушылардың сөзінше, мына видеодағы қорлық – бергі жағы ғана. Түрменің ішінде одан да сорақысы болады, - дейді құқық қорғаушы.
Семенова комитеттің кінәлі деп танылған қызметкерлерді жазалау туралы шешімін "жұмсақ жаза" деп санайды.
- Жарияланған видеолар қылмыстық іс қозғауға бірден-бір негіз. Өйткені мұнда дәлелдеуді қажет етпейтін айғақтар бар. Ол жерде бәрі көрініп тұр. Егер бұған дейін түрмеден түскен видеоларда сотталушылар өздерін ұрып-соққаны туралы баяндаса, мұнда сол азаптау процесінің өзі бар, оған жауаптылардың да түрі көрінген. Соған қарамастан қылмыстық атқару комитетінің бүгінгі шешімі "зорлап, азаптай берсең болады, ол үшін тек қызметіңнен алып тастаймыз" дегенге ұқсайды, - деп наразылығын білдірді Семенова.
Құқық қорғаушы Елена Семенованың айтуынша, егер тергеу ашық жүріп, азаптау фактілері әділ тергелсе, жыл басынан бері "полковник айтқандай 21 емес, 221 адам сотталар еді".
- Бір ғана видеода кемінде бес адам бар. Яғни бес адам жауапқа тартылуы керек. Менің лентамды қарап көрсеңіз сотталушылардан апта сайын осындай видео, арыз-шағым түседі. Оларды дәлелдеу өте қиын. Себебі арыз жазған сотталушыны өз арызынан қалайша бас тартқызатынын өздеріңіз көрдіңіздер. Тіпті маған хабарласқан сотталушылардың туыстарының өзі "ешкімге айтпаңыз, ол солардың қолында ғой, өлтіріп тастайды" деп үнсіз отыруға мәжбүр, - дейді ол.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Туыстары сотталушының азапталғанын айттыҚылмыстық атқару жүйесі комитетін қадағалайтын Ішкі істер министрлігінің басшысы Ерлан Тұрғымбаев түрмеде отырғандар саны азайғанын (ресми көрсеткіш соңғы сегіз жылда 50 пайызға кеміген, осылайша Қазақстан әлемдік рейтингте үшінші орыннан 95-орынға түскен) және түрме саны қысқарғанын (сегізі жабылған, тағы төрт түрмені жабу жоспарда бар) өткен айда хабарлаған.
Алайда "Халықаралық түрме реформасы" (PRI) ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігінің директоры Азамат Шамбилов Қазақстан түрмелерінде азаптау мен өз-өзіне зақым келтіру фактілері көбейгенін айтады.
Азаттық бұған дейін Заречный түрмесіндегі азаптау фактілері жайлы жазған, зорлық-зомбылық құрбандарының кейбірі жарақатынан айықпаған күйі қайтыс болған.