"Әлімжеттік жасаған" оқушылар тергеліп жатыр

Your browser doesn’t support HTML5

Видео: Түркістан облысында "әлімжеттік жасау" оқиғасы бойынша іс қозғалды

Түркістандағы Талғат Бигелдинов атындағы мектептің 9-сыныптағы үш оқушысына «әлімжеттік жасаған» қаладағы өзге үш мектептің оқушыларын тергеу басталды. Қалалық білім бөлімі тергеу амалдары біткен соң жауаптыларға шара қолданатынын айтады.

Сәрсенбі күні Азаттық тілшісімен сөйлескен жәбірленушілердің бірінің ата-анасы полицияға арыз түсіргенін айтты. Ал Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы күдіктілерді тергеу басталғанын растады. Екі мектеп директоры Азаттыққа интернетте тарап кеткен видеодан бұзақылық жасаған оқушыларын танығандарын мәлімдеді.

Қаңтардың 21-інде интернетте түркістандық мектеп оқушыларының үш балаға әлімжеттік жасап, оларды ұрып-соғып, «темекімен күйдіреміз» деп қорқытып, еңбектетіп жатқаны бейнеленген видео тараған. Бұл әрекет әлеуметтік желілерде көптеген қолданушының ашу-ызасын тудырған. Ертеңінде ішкі істер министрлігінің өкілі төбелеске қатысушылардың бәрін анықтағандарын жариялаған.

Түркістан қаласындағы Талғат Бигелдинов атындағы мектептің сыртқы көрінісі. 23 қаңтар 2019 жыл

«ДАҚТЫҢ БӘРІ ІШІНДЕ ҚАЛДЫ ҒОЙ»

Талғат Бигелдинов атындағы мектеп директоры Базарқұл Мырзақұловтың Азаттықққа айтуынша, мектеп оқушылары әлімжеттікке қаңтардың 18-інде ұшыраған. Зардап шеккен үш баланың екеуін дәрігер әлі тексеріп жатыр. Үшіншісі сабаққа бара бастаған. Үш жасөспірім де 9-сыныпта оқиды. Директордың сөзінше, оқушылармен «мектеп психологы мен социологы жұмыс істеп жатыр».

- Бір баланың беті жырылған. Бір баланың ата-анасы полицияға шағым түсірді. Оқиға сабақтан кейін болған. Оқушылардың тәртібі, сабақ үлгерімі жақсы, - дейді мектеп директоры.

Жәбірленушілердің бірінің анасы Маржан Аманқұлова полицияға арыз түсірмеген. Баласының денсаулығы қалыпты, сабаққа барып жүр.

- Баламды достарымен бірге футбол ойнауға кетіп бара жатқан жерінен ұстап алып кеткен. Әйтпесе балам үйден шықпайды. Баратын жеріне уақытылы барып, уақытылы келеді. Көшеде жүрмейді, - дейді ол Азаттыққа.

Оның сөзінше, оқиға болған күні баласының күшпен әкетілгенін досының шешесінен естіген. Анасы бір жарым сағат іздеп таба алмай отырғанда ұлы үйіне келген.

- Оқиғаның қалай болғанын балам айтпады. Кеше (қаңтардың 22-сі күні – ред.) әлеуметтік желіден көріп, ауырдық, - дейді Маржан Аманқұлова.

Екінші жәбірленушінің әжесі (аты-жөнін айтудан бас тартты – ред.) полицияға арызды оқиғадан соң екі күннен кейін түсіргенін айтады.

- Балам үйге үсті-басы лай-лай болып келді. «Әй, не болды?» деп едік, бір ауыз сөз айтпады. Ертеңіне сабаққа барды. Екі-үш күннен соң видеоны көріп жүрегіміз ауырды. Еңбектетіп, табанын жалатқан. Сосын [полицияға] арыз түсірдік. Медициналық тексеруден өткізді. Денесінде дақ жоқ дейді. Дақтың бәрі баланың ішінде қалды ғой, - дейді ол қапаланып.

Түркістан қаласындағы Талғат Бигелдинов атындағы мектеп. 23 қаңтар 2019 жыл

«КЕШІРІҢІЗДЕРШІ...»

"Әлімжеттік көрсетті" деген күдікті оқушының бірінің шешесі Бақыткүл Оңғарбаева қаңтардың 23-інде журналистер қатысқан жиында оқиға ішінде баласының болғанын мойындап, көпшіліктен кешірім сұрады.

- Балалардан, олардың ата-анасынан, отбасынан кешірім сұраймын. Кешіріңіздерші мені, балам үшін... Баламның мұндай қылығын сезген емеспін. Сабағы, тәртібі жақсы еді. Айта алмаймын, жауап бере алмаймын, - деп ол бір қолымен орындыққа сүйеніп, екінші қолымен бетін басып, дауыстап жылап жіберді.

"Әлімжеттік көрсетті" деген күдікті оқушының бірінің шешесі Бақыткүл Оңғарбаева

Абай атындағы мектеп директоры Шынар Тілепбергенова әлімжеттік қылған оқушы ұлдардың бірін танығанын айтады. Оның сөзінше, ол – өзі басқарып отырған мектептің 9-сынып оқушысы, «сабақтан қалмайтын, белсенді бала».

Жұмабек Еділбаев атындағы мектеп директоры Дәулет Құдайбергенов те оқиғаның ішінде бірнеше оқушысының бар екенін көрген. Оның сөзінше, өрескел әрекет жасап көзге түскендер «бұзық балалардың есебінде тұрмайды», «қарапайым отбасынан шыққан».

- Бәрі – 9-сынып оқушылары. Араларында қандай да бір дау болған. Не дау екені бізге жұмбақ. Бекзат шағын ауданында үш мектеп болса, ондағы оқушылардың бәрі ынтымақты. Мұндай болмаған, болады деп те ойламадық, - дейді Дәулет Құдайбергенов.

«ТИІСТІ ШАРА ҚОЛДАНЫЛАДЫ»

Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова видеода бейнеленген оқиғада қаладағы төрт мектептің оқушылары болғанын жеткізді. Оның сөзінше, әлімжеттік қылған жасөспірімдер – Бекзат шағын ауданында орналасқан Абай атындағы, Жамбыл Жабаев атындағы және Жұмабек Еділбаев атындағы мектептің оқушылары.

- Тергеу амалдары басталды. Талғат Бигелдинов атындағы мектептің оқушылары – жәбірленуші, үш мектептің оқушылары әлімжеттік жасаған. Түркістан облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөлімі арнайы комиссия құрып, оқиғаға не себеп болғанын анықтап, тексеріп жатыр. Тергеу амалдарының қорытындысы шыққаннан кейін осы оқиғаға жол берген, алдын алу үшін жұмыс істемеген қызметкерлерге тиісті шара қолданылады, - деді ол.

Түркістан қаласы әкімдігінің білім бөлімі. 23 қаңтар 2019 жыл

​22 қаңтарда ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Садубаев Түркістандағы мектептердің бірінде "оқушыларға әлімжеттік жасағандар анықталғанын" хабарлаған.

- ІІМ интернетте тараған видеодан кейін бірден ақпаратты тексерді. Оқиға 18 қаңтарда Түркістанда болған. Төбелеске қатысқандардың бәрі анықталды, - деді ол.

ІІМ өкілі бұл оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 293-бабы бойынша («Бұзақылық») іс қозғалғанын және алдағы уақытта әкімдікпен профилактикалық шара өткізілетінін мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мектептегі әлімжеттік ырық бермей отыр