"Таяқ ұстап қаламыз-ау..." Қуаңшылық титықтатқан шаруаға мал азығы уайым

Әлімтау ауылы тұрғыны Қуаныш Қосмырзаевтың қорасында орнынан тұра алмай жатқан көтерем қой. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы, 14 қазан 2021 ж.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Әлімтау ауылы жаздағы қуаңшылықтың зардабын әлі тартып отыр. Шаруалар жайылым іздеп, ондаған мың малды көрші ауылға айдауға мәжбүр. Қуаңшылықтан аман қалған малдың кейбірі көтерем болып, кейбірі өліп жатыр. Жұрт "жем-шөп жоқ, қыс қатты болса қалған малдан айрыламыз-ау" деп уайымдайды.

Сарыағаш қаласынан 90 шақырымда орналасқан Әлімтау ауылына барар жолдағы егіндік пен жайылым жер қазір қу тақырға айналған, топырағы шығып жатыр. Жайдақ ауылынан Әлімтауға барар жол бойында шөп іздеген мал көзге түседі, көбі арық. Кейбірі орнынан тұруға шамасы жоқ.

Әлімтау ауылына апаратын "Монтайтас – Жылға" тасжолы. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы, 14 қазан 2021 ж.

Жайдақтан өтіп кырға көтерілгенде алыстан әр жерден салынған мал қораның төбесі көрінді. Кейбірінің маңына шөп жиналыпты. Бірақ бірде-бір мал байқалмайды. Бізді әкеле жатқан көлік жүргізушінің сөзінше, шаруалар бар малын Көксарай су қоймасының маңындағы жайылымға айдап кеткен. Әшейінде мал жайылып жүретін даладағы өлі тыныштық көңілде үрей туғызады.

"ҚЫС ТҮСПЕЙ ЖАТЫП ҚОЛДАН ШӨП БЕРІП ЖАТЫРМЫЗ"

Әлімтау ауылының биі, зейнеткер шаруа Қуаныш Қосмырзаевтың қолында қазір 500 қой, 60 сиыр мен 50 жылқы қалған. Ол биыл жазда жауын болмай, шөп шықпай қысылған соң 200 қойын сатуға мәжбүр болғанын айтады. Тағы 250 қойы көтерем болуға жақын тұр.

Қорасының бір бұрышында басын көтере алмай, тұмсығымен жер тіреген қойлар, келесі бұрышында орнынан тұрғанымен жерге шашылған шөпті жеуге шамасы әрең жеткен көтерем тоқты тұр. Екінші қорасында қабырға сүйегі көрінетін арық сиыр суға бас қойған. Қора сыртында он шақты жылқы байлаулы тұр.

Әлімтау ауылы тұрғыны Қуаныш Қосмырзаевтың қорасында су ішіп тұрған тана. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы, 14 қазан 2021 ж.

– Мұндағы елдің жағдайы нашар. Далада шөп жоқ. Малды жайылымға аяқ жазып келуі үшін ғана жібереміз. Келген соң малға қорадағы шіріп кеткен ескі шөпті береміз. Қыс түспей жатып қолдан шөп беріп жатырмыз. Ертең қыста не боларын білмеймін. Өткенде жайылымға кеткен екі сиырым қайтып келмеді. Көтерем еді. Үйге жете алмай далада өліп қалыпты. Көрдік те, сол жерге көмдік, – дейді шаруа.

Зейнеткер бұрын қолдағы малы қар түскенге дейін далаға жайылып шөп жесе, биыл жағдай басқаша екені айтады. Қуаныш Қосмырзаев биыл құрғақшылық кесірінен қысқа қажет жем-шөпті жинай алмаған.

Малды қыстан алып шығу үшін алты ай қорада ұстап, қолдан шөп беру керек. Қазірге дейін жинаған 3 мың десте шөп пен 10 тонна жем жұғын болмайды дейді шаруа. Қолда бар малын аман алып қалу үшін кемі 6-7 мың десте шөп, 45 тонна жем қажет. Жайылымға қоя берген жылқы мен сиыры үйге қайтпай, далада өліп қалып жатыр. Орнынан тұруға шамасы қалмаған қойларын қорада ұстап отыр.

Әлімтау ауылы тұрғыны, зейнеткер Қуаныш Қосмырзаев. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы, 14 қазан 2021 ж.

– Амал жоқ, [малды] сатамыз. Сатқанда Сарыағаштағы базар малға лық толы. Тайдың құны 100 мың теңгеден 70-80 мың теңгеге түсіп кетті. Көтерем болуға жақын тоқты 50 мың теңгеден 20-25 мың теңге арзандады. Биыл құдай малдың күнін бермесе, таяқ ұстап қалатын заман болғалы тұр-ау, – дейді Қуаныш Қосмырзаев күрсініп.

Шаруаның сөзінше, биыл егін де бітік шықпаған. 400 гектар жерге 5 миллион теңге жұмсап, бидай еккенімен, бір түйір де дән жинай алмағанын айтады.

Жем-шөптен тарыққан малшы қауым алдағы қысты уайымдайды

"МАЛДЫ АЗАЙТУДАН БАСҚА АМАЛ ҚАЛМАДЫ"

Жергілікті әкімдік шаруаларға көмек ретінде малын шамамен жүз шақырым қашықтағы Арыс қаласы маңындағы Көксарай су қоймасына жақын жайылымдарға апаруды ұсынған.

Қазір 30 шақты шаруа 40 мың малды айдап, Көксарайдағы жайлауға кеткен.

Малшысы жоқ шаруалар ауылда қалған. Ауылда екі адамның басы қосылса өлген мал мен жем-шөп жайын айтады.

Малшы шашқан шөпті теріп жеп жүрген қой. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Әлімтау ауылы, 14 қазан 2021 ж.

Малын таудағы қорасында ұстап отырған Алмасбек Мәліков те биылғы қойдың 300-дей төлін сатып, ақшасына жем-шөп алған. Қазір қорасында қалған 400 қойды қыстан аман алып шығудың қамымен жүр. Оның айтуынша, былтыр оруға келмесе де, мал жайылатын шөп шыққан.

– Биыл дым шөп жоқ, тап-тақыр. Мал басын азайтудан басқа амал қалмады, – дейді ол.

Алмасбек Мәліковтің ағасы да – шаруа. Ол да басқа жұртпен бірге Көксарай су қоймасына жақын жайылымға мал айдап кеткен. Ірі қара мен ұсақ малға арналған қырдағы қорасы бос тұр. Қораға туысқандары келіп, бас-көз болып жүр.

– Міне, қараңыз, қора қаңырап қалды. Анау төбесі көрініп тұрған көрші малшылардың да қорасы осылай бос тұр. Биыл қыс қатты болса малдың бәрі қырылып қала ма деп алаңдап отырмыз, – дейді шаруа.

Қуаңшылық салдарынан малын көрші ауданға айдап кеткен шаруаның бос қалған мал қорасы. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы, 14 қазан 2021 ж.

Әлімтау ауылынан шыға бере мал суаратын бірнеше орын бар. Бірі – сиыр мен жылқыға, екіншісі – ұсақ малға арналған. Біріншісінің маңында ашыққан жылқы мен әлсіреп, орнынан тұра алмай жатқан сиыр көп.

Екінші судың басында жүздеген қой, ескі көлік мінген бірнеше малшы жүр. Олар 2-3 десте шөпті жерге шашып, қойға азық беріп жатыр.

– Жем-шөп алуға шамамыз келмейтін болған соң біз де биылғы төлдің бірін қалдырмай саттық. Мұнда төрт жүздей қой бар. Елу шақты көтерем қойды арам өліп қалмасын деп үйге алып бардық. Үкіметтен жәрдем болмаса, қыстан бірде бір қой аман шықпайтын сияқты, – дейді малшылардың бірі.

Қуаңшылық салдарынан малын көрші ауданға айдап кеткен шаруаның бос қалған қорасы маңындағы мал суғаратын орын. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы, 14 қазан 2021 ж.

"МАЛ АШТАН ӨЛГЕН ЖАҒДАЙДА ӨТЕМАҚЫ БЕРІЛМЕЙДІ"

Әлімтау ауылдық округі әкімі Зайырбек Мәліков ауылда "аштан өлген мал көрмегенін" айтады.

– Кейбір шаруалар малын үйінен шөп бермей, қырға жайып жатыр. Ал онда таза шөп жоқ, топырақ араласып кеткен. Соны жеген мал қаталап өліп жатқан шығар, – дейді ол.

Әлімтау ауылдық округі әкімдігі. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы, 14 қазан 2021 ж.

Әкім шаруалардың жем-шөптен қысылып, тықыр таяғанынан жергілікті билік хабардар екенін айтады. Ал қысқа қарай жағдай тіпті қиындауы мүмкін дейді ол.

– Көріп тұрсыз, жан-жағыңызда түк жоқ. Көксарайдағы жайлауға кеткен шаруалар қар түскенше сонда болады. Шамамен бір айдан соң ауылға қайтады. Ауруын жасырған өледі дейді. Шаруаларда қаңтар айына дейін жететін жем-шөп бар. Көктемге ілініп кетуі үшін тағы екі айға жететін қорек керек. Әйтпесе жағдай қиындайды. Биыл шаруалар көп қой сатты, бірақ нақты саны белгісіз. Тағы үш мыңнан аса малды сату керек деген жоспар болғанымен, мал өтпей жатыр, – дейді ауыл әкімі.

Қуаңшылық салдарынан малын көрші ауданға айдап кеткен малшының үйі, күннен қуат алатын батерея. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы, 14 қазан 2021 ж.

Сарыағаш аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Мадияр Тұрлыбеков құрғақшылықтан зардап шеккендерге өтемақы берілмейтінін айтады.

– Әлімтау малшыларына көрші ауыл, аудандардан шөп шыққан жерлер беріліп, орып алу ұсынылған. Арзандатылған жемнің қашан келетіні белгісіз. Құрғақшылық болса да, шаруаларға тегін жем-шөп немесе мал аштан өлген жағдайда өтемақы беру қарастырылмаған. Тек мал басына субсидия және арзандатылған бағамен жем беріледі. Өтемақы жұқпалы ауру тарап, жаппай мал өлімі тіркелсе ғана беріледі, – дейді ол.

Тұрлыбеков шаруалар қыс мезгіліне қажет мал азығын әлі дайындап жатқанын айтады. Күні малға қарап отырған Әлімтаудағы үш жүзге тарта отбасы 74 мыңдай қой-ешкі, төрт мыңдай ірі қара, үш мыңдай жылқы ұстайды.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Әлімхан ауылы маңындағы құдық басына келе жатқан мал. 14 қазан 2021 ж.

Биыл Қазақстанның Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жауын болмай, құрғақшылық қысып, жұрт талай малынан айырылды. Қызылорда облысында төтенше жағдай жарияланды.

Маңғыстау халқы биылғы қуаңшылықты жұт деп атаған. Қуаңшылықтан зардап шеккен шаруалар биліктен жем-шөптен жәрдемдесуін сұраған. Олар үкімет тез арада көмек бермесе, мал жаппай қырылып қалу қаупі бар деп ескерткен.

10 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты қуаңшылыққа дұрыс дайындық болмады деп сөгіп, қызметінен босатқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қуаңшылық қысқан Маңғыстау

Шілденің ортасында қуаңшылықпен күрес үшін үкімет резервінен Маңғыстау облысына – 1,9 млрд теңге, Қызылорда облысына 1,7 млрд теңге бөлінетіні айтылды. Ал Түркістан облысы әкімдігі "өңірде төтенше жағдай жарияланбағандықтан" құрғақшылықпен күреске ақша бөлінбеді деді.

Шілденің аяғында жергілікті БАҚ Маңғыстау облысына бөлінген 1,9 млрд теңге халыққа әлі жетпей жатқанын жазған. Облыс бюджетінен бөлінген 204 млн теңге де толық игерілмегені айтылған еді.

Қазан айының ортасында Маңғыстау облысындағы шаруалар аймақта жұт әлі жалғасып, малы қырылып жатқанын айтып, президент Тоқаевтан көмек сұрады.

Маңғыстауда жұт жалғасып жатыр. 15 қазан 2021 ж.

Your browser doesn’t support HTML5

"Жылқы да, түйе де қырылды". Маңғыстауда жұт жалғасып жатыр