"Шығын көп, шаршап кеттік". Түркістан облысында диқанды зиянкес жәндік әбігерге салды

Түркістан облысы Арыс қаласының Байтоғай мен Қожатоғай ауылдарын шегіртке басты. Зиянкес жәндік егістік пен жайылым жерді жалмап жатыр дейді халық. Облыстық аумақтық инспекция шегірткені улау іс-шарасы бірер күнде тоқтайтынын айтады. Ауыл шаруашылығы министрі шегіртке басқан аймаққа арнайы барған.

Your browser doesn’t support HTML5

Түркістан облысының диқандары шегірткемен күресіп жатыр

"ЖОЛЫНДАҒЫНЫҢ БӘРІН ЖАЙПАДЫ"

Түркістан облысында Сырдария өзеніне тиіп тұрған Қожатоғай және Байтоғай ауылдарының халқы мал асырап, егін егіп күн көреді.

Арыс қаласынан 100 шақырым қашықта жатқан бұл екі ауыл биыл шегіртке шабуылына ұшырады.

Байтоғай ауылы биыл шегірткеден қатты зиян шекті. Түркістан облысы, 11 маусым, 2024 жыл.

Арыс қаласынан жиырма шақырым жүрген соң-ақ топ-топ болып ұшып-қонып жүрген шегірткенің қарасынан адам шошиды. Көлікке тарс-тұрс тиіп өлген жәндік тас жолдың кей тұсын жауып қалған.

– [Шегіртке] көктемде жердің бетіне тұқым салып, қарайып тұрды. Бақылау аз болды ма, улағанымен қайта қаптады. Қазір шегірткенің күшіне мінген кезі, жолындағының бәрін жайпап жатыр, – деді бізді ауылға апара жатқан такси жүргізушісі.

Егістікті жалмаған шегірткеге қарсы дәрі себетін техникалар мен шағын ұшақ алыстан мұнартып көрінеді. Байтоғай ауылы, Түркістан облысы, 11 маусым, 2024 жыл.

Байтоғай ауылына жақындаған кезде қырдан тікұшақ пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ветеринария қызметінің арнайы көліктері көзге шалынды. Ауылға апаратын жолда өлген шегіртке қаптап жатыр.

Байтоғай ауылына апаратын жолда жатқан шегіртке. Түркістан облысы , 11 маусым, 2024 жыл.

Мәншүк Мәметова атындағы жергілікті мектептің жаны көлікке толы екен. Шегірткемен күресу үшін құрылған штаб осында орналасыпты. Штаб жұмысшылары қыр мен даладағы шегірткеге қарсы дәрі себумен айналысады. Ал диқандар егістігін өздері қорғауға мәжбүр. Сондықтан олар ми қайнайтын аптапқа қарамастан, ауыл іргесіндегі егістік басында жүр.

Дихан Нұркен Сейсенбек биыл қарбыз еккен алты гектар жердің екі жарым гектарын бір аптаның ішінде шегіртке жеп, тып-типыл қылғанын айтады.

Байтоғай ауылында тұратын 44 жастағы Нұркен Сейсенбектің шегірткемен алысып жүргеніне аптадан асқан. Ол биыл көктемде екі досымен бірігіп алты гектар жерге қарбыз еккен. Екі жарым гектар жердегі гүлдеп, түйіндеп қалған қарбызды бір аптаның ішінде шегіртке жеп, тып-типыл қылған.

– Шегіртке мына қырдан түсіп жатыр. Міне, осылай қарбыздың сабағын қиып тастайды, көрдіңіз бе? – дейді диқан сола бастаған қарбыз сабағын көрсетіп.

Егіндік алқабында ұшып-қонып жүрген, уланып өлген шегіртке көп, төңіректің бәрі дәрі сасиды.

Егістікке түскен шегірткеге қарсы дәрі сеуіп жүрген диқан. Түркістан облысы, 11 маусым, 2024 жыл.

Сейсенбек пен оның екі серігі алты гектар жерге қарбыз егіп, өсіруге шамамен жеті млн теңге (15 мың доллар) жұмсаған. Оның төрт млн теңгесін несиеге алыпты.

Қалған егін өнім берген күннің өзінде кеткен шығынды жабар-жаппасы белгісіз. Шегірткеден келген зиянға мемлекет өтемақы бере ме, жоқ па, ол да анық емес. Ал диқанның бір жылдық табысы мен күнкөрісі осы егістікке байланған.

– Шығын көп. Суды насоспен жеткіземіз. Оған күніне 150 литр дизель отынын жағамыз. Шегірткеге қарсы дәріні де, оны шашатын құрылғыны да қарызға алдық. Қалған егінімізді аман алып қала аламыз ба, жоқ па, ол да уайым. Шаршап кеттік, – дейді Нұркен Сәрсенбек.

"Шегіртке даладағы жантаққа дейін жеп қойды, биыл шөптің жайы қиын болғалы тұр" дейді Байтоғай халқы. Түркістан облысы, 11 маусым, 2024 жыл.

Ауыл халқының сөзінше, былтыр мұндай шегіртке келмеген. Жұрт биыл шегіртке көбейгенде әуелі Арыс қаласы әкімдігіне, "олар қимылдамаған соң" облыс әкімдігіне шағынғанын айтады. Осыдан соң ауыл шаруашылығы министрлігі арнайы комиссия құрып, қосымша дәрі себу жұмысын бастағанымен, шегіртке егістікке түсіп кеткен.

Егістік басында жүрген диқандар ауылдағы 80 гектардай қарбыз алқабының шамамен 30 пайызға жуығын шегіртке жалмап қойғанын айтады. Кей алқапқа шегіртке енді түскен. Диқандар шегіртке әлі жетпеген аумақты аман алып қалу үшін барын салып жатыр.

ШӨП ҚЫМБАТТАП КЕТТІ

Қожатоғай ауылына барғанымызда орталықта тізіліп тұрған тракторларды көрдік. "Әнеки, шегірткені улайтын тракторлар. Жұмысты кешке бастап, таң атқанда тоқтатады" дейді таксист.

Шегірткеге қарсы дәрі себетін тракторлар. Қожатоғай ауылы, 11 маусым, 2024 жыл.

Ауыл халқының негізгі әңгімесі – шегіртке. Аты-жөнін айтқысы келмеген жергілікті тұрғын шегіртке егіндік пен жайылым жерден бөлек үй ауласындағы бауға да келгенін айтады. Ағаш жапырақтарын жеп, аулаға еккен гүлге дейін отап тастаған.

"Мына видеоны үш күн бұрын түсірдім. Бұл – біздің қырдағы үйіміз. Ауладағы шегірткені көрдіңіз бе? Кілем сияқты қаптап кеткен" дейді тұрғын смартфонындағы видеоны көрсетіп.

– Өзім мал ұстаймын. Биыл шөп бітік шығып, қалың болды. Бірақ орақ тимей жатып шегіртке қаптап, жайпап кетті. Енді шөптің жайы қиын болғалы тұр. Даладағы жантаққа дейін шегіртке жеп қойды. Лезде шөп қымбаттап кетті. Сырдарияның арғы бетінде шөп дестесі 300-350 теңге, ал бізде 500-600 теңге болып тұр, – дейді Қожатоғай ауылының тұрғыны.

Егістікте шегірткеге қарсы дәрі сеуіп жүрген адамдар. Түркістан облысы, 11 маусым, 2024 жыл.

МИНИСТР МЕН ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ?

11 маусымда Байтоғайға ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров барған. Ол шегіртке Түркістан өңіріне қоса Қостанай, Ақтөбе облыстарында да көбейгенін хабарлады.

– Жағдайды оңай деп айтуға болмайды, өте қиын. Бірақ жұмыс жасағанның арқасында, уақытында препараттардың бәрін алып, дайындықтың арқасында үлгеріп жатырмыз. Осыдан төрт-бес күн бұрын бұл жерде қиын жағдай болған. Жүруге келмейтін. [Шегіртке] бұлт сияқты жүрді. Қазір көбі азайды, – деді министр Байтоғайда.

Шегірткеден қатты зиян шеккен Байтоғай ауылы. Түркістан облысы, 11 маусым, 2024 жыл.

Ал Түркістан облысы әкімдігі өңірде аса қауіпті марокколық шегірткенің Арыс қаласымен қоса Келес, Сарыағаш ауданында шамадан тыс таралып кеткенін растайды. Әкімдік шегірткемен күресу үшін арнайы штаб құрған. Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы 715 мың гектар жерді зерттеп, 260 гектар жерді залалсыздандыруды ұсынған. Кейіннен тағы 50 мың гектар жерге шегіртке жайылғаны анықталып, қосымша залалсыздандыру жұмысы басталған.

Әкімдік "тиісті жұмыс ерте басталып, дер кезінде жүргізілуінің арқасында ауыл шаруашылығына үлкен шығынға жол берілмеді" деп мәлімдеді. Жергілікті билік биыл шегірткенің көп таралуы "ауа райының салқын, жаңбырлы, желді болуына байланысты. Залалсыздандырудан аман қалған шегірткенің қанаттанып, үйірілуі байқалған" дейді.

Түркістан облыстық аумақтық инспекция басшысының орынбасары Бектас Сапарбекұлы аймақта марокколық шегірткемен қоса саяқ шегірткесі шегіне жете көбейгенін айтады. Оның сөзінше, тек Арыс қаласының өзінде 70 мың гектардан аса жерді шегіртке жайлаған.

– Сәуір айында дәрі себуді бастадық. Ауа райы қолайсыз, жауын-шашын көп болды. Шөп қалың шықты. Шөптің астында қалған шегірткеге удың әсері болмады. Кейіннен бұл шегірткелер жиналып, шыға бастады, – дейді Бектас Сапарбекұлы.

Шегіртке жалмап кеткен егістік алқабы. Түркістан облысы Байтоғай ауылы, 11 маусым, 2024 жыл.

Аумақтық инспекция басшысының орынбасары "шамамен бір аптаның ішінде улау жұмысы аяқталып, шегірткенің беті қайтып, тоқтайды" деп топшылайды. Диқандарға зиянкес жәндіктен келген шығын көлемі әзірше анықталған жоқ.

Әкімдік мәліметінше, 2023 жылы Түркістан облысында шегіртке басқан 70 мың гектар жерге дәрі себілген. Шегірткені жою жұмысын мердігер компаниялар атқарады. Оның сапасын бақылау аумақтық инспекцияға жүктелген.

Ал ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда биыл екі жарым миллион гектар жерді шегіртке жайлап алған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда миллион гектарға артық. Шегірткені жоюға бюджеттен 8,1 миллиард теңге бөлінген. Қазір бүкіл елде 2500 адам шегірткемен күресіп жатыр.