"Айыппұл не депортация". Сарыағашта "көші-қон заңын бұзған" мигранттарды жаппай жазалап жатыр

"Көші-қон туралы" заң ережесін бұзған" деп айыпталған мигранттардың ісін қарап жатқан Сарыағаш аудандық әкімшілік соты маңында кезек күтіп тұрған адамдар. Түркістан облысы, 4 қараша, 2024 жыл.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының әкімшілік соты күніне жүзден аса еңбек мигрантын – Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтарын "көші-қон заңын бұзды" деген айыппен жауапқа тартып жатыр. Қазақстанға жұмыс іздеп келген олардың көбі заңда көрсетілген айыппұлды төлеуге шамасы жоғын, соттың депортация жасау туралы қаулысына наразы болса да мойынсұнуға мәжбүр екенін айтады.

Your browser doesn’t support HTML5

Сарыағашта "көші-қон заңын бұзған" мигранттар сотқа тартылды

"КӨШІ-ҚОН ЗАҢЫН БҰЗҒАН"

Қарашаның 4-і, дүйсенбі. Сарыағаш аудандық әкімшілік істер жөніндегі сот ғимаратының алды ала таңнан ығы-жығы адамға толы.

"Қазақстанда заңсыз жүрді" деген айыппен әкімшілік жауапқа тартылып жатқан бұл шетел азаматтарының түгелге дерлігі еңбек мигранттары. Дені – Өзбекстан азаматы, олардан бөлек осы жерде Тәжікстан азаматтары да кездеседі.

"Көші-қон туралы" заң ережесін бұзған" деп айыпталған мигранттардың ісін қарап жатқан Сарыағаш аудандық әкімшілік соты маңында кезек күтіп тұрған адамдар. Түркістан облысы, 4 қараша, 2024 жыл.

Сот үйі маңына жиналғандар арасында қарттар, әйелдер мен балалар да бар. Бұл адамдарды Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі "Жібек жолы" шекара бекетінен ұстап, "көші-қон заңын бұзды" деген айыппен хаттама толтырып, сотқа жеткізген.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте Қазақстан аумағында тіркеу мерзімінен он күн артық жүрген шетел азаматына 92 300 теңге (шамамен 190 доллар – ред.) айыппұл салу не ел аумағынан шығару шарасы қарастырылған.

Сарыағаш аудандық әкімшілік сотында құжатқа қол қойып жатқан шетел азаматы. Түркістан облысы, 4 қараша, 2024 жыл.

Өзбекстандық Абдулазиз Абдулкаимов Тараз қаласындағы дәмханалардың бірінде аспаз болып жұмыс істеген. Қазақстанда жүргеніне тоғыз айға жуықтаған. Абдулазиздің сөзінше, жұмыс беруші оны алғашқы алты айда заң талабы бойынша тіркеуге тұрғызғанымен, кейінгі үш айда тіркемей қойған. 1 қараша күні Қазақстанның "Жібек жолы" шекара бекеті арқылы Өзбекстанға өтпекші болғанда ұсталған.

– Күніне мың теңгеден (шамамен 10 доллар – ред.) төлеп, үш күн пәтер жалдап тұрдық. Бір бөлмеде он бес адам жаттық. Бәрі де Қазақстанға жұмыс істеп, нәпақа табуға келген Өзбекстан азаматтары, – деді Абдулазиз Абдулкаимов 4 қарашада Азаттық тілшісіне.

ҚАЗАҚСТАНҒА ЖОҚШЫЛЫҚ АЙДАП КЕЛГЕНДЕР

Абдулазиз сияқты сот ғимаратының алдында сот қаулысын күтіп жүзге жуық адам жүр. Арасында балалы әйелдер мен қарттар да бар. Бір тобы жол жиегінде тізіліп отыр, кейбірі қалғып-мүлгіп отыр. Анда-санда басын көтеріп, жан-жағына қарайды.

Сарыағаш аудандық әкімшілік соты маңында кезек күтіп отырған шетел азаматтары. Түркістан облысы, 4 қараша, 2024 жыл.

Жолдың арғы бетінде ас-ауқат сататын орындар ашылған. Сатушылардың "ыстық тамақ, арзан сорпа, палау бар" деп айғайлаған дауысы естіледі.

Мигранттар әр жерге төселген көрпе мен қойылған орындыққа отырып тамақтанады. Балалы әйелдердің кейбірі сыз тартқан жерге бар төсенішін салып, ұйықтаған баласын сонда жатқызыпты.

Сарыағаш аудандық әкімшілік соты маңында тамақ ішіп отырған шетел азаматтары. Түркістан облысы, 4 қараша, 2024 жыл.

Еңбек мигранттарының айтуынша, ауылда жұмыс бар болғанымен жалақысы аз. Қазақстанға жоқшылық айдап, нәпақа табуға келген. Осында табылған жұмысқа жалданып еңбек еткен.

– Степногорск қаласында (Ақмола облысы – ред.) фермада мал бақтық. Фермада төрт жүздей мал бар, ет, сүт өндірумен айналысады екен. Сонда екі тракторшының жұмысын жалғыз істедім, – деді өзбекстандық 42 жастағы Зафар Раджапов.

СОТ ШЕШІМІНЕ НАРАЗЫЛАР

Шекарадан ұсталып, ісі сотқа жеткен еңбек мигранттары Қазақстан заңын бұзғанын мойындап отыр. Жағдайдың ушығуын құжат рәсімдеудің қиындығымен байланыстырады. Кейбірі бұлай жаппай сотқа тартуға наразы. Оған қоса "іс баяу қаралып жатыр" деп шағынды. Күнделікті тамақ сатып алуға және жалға пәтер алуға көбінің жағдайы жоқ екенін айтты.

"Көші-қон туралы" заң ережесін бұзған" деп айыпталған мигранттардың ісін қарап жатқан Сарыағаш аудандық әкімшілік соты маңында кезек күтіп отырған адамдар. Түркістан облысы, 4 қараша, 2024 жыл.

Тәжікстан азаматы Сардор Насурлаев шекарашылар өзін заңсыз ұстады деп наразы. Айтуынша, кейінгі 4 жылда Қазақстанда жұмыс істепті. Биыл тамыз айында Қазақстанға келіп, "қонақ визасын" рәсімдеп, ЖСН алған.

Ол Қазақстанда жүру мерзімі бітуге бір апта қалғанда еліне қайтпақшы болған.

– Шекарашылар құжаттарымды қарап, тексерген де жоқ. Қазақстанға екі күн ерте келдің деп, хаттама толтырып, сотқа жіберді. Сот себепсіз депортация жасады. Мұндай заңға келіспеймін, – деді Насурлаев.

"Көші-қон туралы" заң ережесін бұзған" деп айыпталған мигранттардың ісін қарап жатқан Сарыағаш аудандық әкімшілік соты маңында бала ұстап отырған әйел. Түркістан облысы, 4 қараша, 2024 жыл.

Сарыағаш ауданы әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының төрағасы Берік Қайыпов еңбек мигранттарының "іс баяу қаралып жатыр" деген шағымына келіспеді.

Сот күніне кемі 100 мигранттың ісін қарайды, демалыс күндері жиналып қалғандықтан, дүйсенбі күні іс саны екі есеге артады деп түсіндірді ол.

– Мысалы, Өзбекстан азаматтарына Қазақстанда 30 күн жүруге құқық берілген. Сол мерзімнен 10 күн артық жүрсе, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 517-бабы 4-бөлігі бойынша іс сотқа өтеді. Мұндайда оларға 92 300 теңге айыппұл салынады не әкімшілік жолмен Қазақстан аумағынан шығару жазасы қолданылады, – деді сот төрағасы.

Сарыағаш аудандық әкімшілік соты маңында кезек күтіп тұрған адамдар. Түркістан облысы, 4 қараша, 2024 жыл.

Дүйсенбі күні түс ауа сағат сайын адам саны көбейгені байқалды. Сот әкімшілігінен хатшылар шығып, сыртта тұрған адамдарды аты-жөнін дауыстап айтып шақырып, шамамен он кісіден ішке кіргізе бастады.

Сотқа кіріп шыққандардың көбі судья оларды Қазақстан аумағынан шығару жөнінде қаулы шығарғанын айтты. Айыппұл төлеуге шамасы жоқтар сот қаулысына келісетінін айтты.

Ал Қазақсанда жұмыс істеп, Өзбекстан мен Тәжікстандағы отбасын асырап жүргендер сот шешіміне келіспеді. Ілеуде біреу болмаса, сот қаулысына қарсы ешкім апелляциялық шағым түсірмеді.

"Көші-қон туралы" заң ережесін бұзған мигранттардың ісін қарап жатқан Сарыағаш аудандық әкімшілік сотына шетелдік азаматтардың құжаттарын әкелген шекарашы. Түркістан облысы, 4 қараша, 2024 жыл.

Сарыағаш аудандық әкімшілік сотының дерегінше, былтырғымен салыстырғанда биыл сот қарауына мигранттарға қатысты түскен істің саны күрт көбейген. Мәселен, аудандық сотта 2023 жылы Қазақстанға жұмыс істеуге келіп, тіркеуге тұрмаған 17 мың адамның ісі қаралған. Биыл 10 айда 17 мыңға жуық шетел азаматының ісі сотта қаралып, айыппұл кесілген не оларды Қазақстанннан депортациялаған. Бұдан бөлек, Сарыағаш ауданына көрші Келес және Қазығұрт аудандарында сот қараған іс он мыңға жеткен.

Сарыағаш ауданында "көші-қон заңын бұзды" деген айыппен әкімшілік жауапқа тартылған мигранттар былтыр да сот алдына қарақұрым болып жиналып, әуре-сарсаңға түскен. Сотқа күніне 200, кей күндері 800 адамның ісі келіп, сот әкімшілігі тіркеуге үлгермеген еді. Сол кезде облыстық сот мигранттарға қатысты істерді Қазығұрт және Келес аудандық соттарына бөліп, жағдайды ушықтырмай, барынша реттеуге тырысқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Анамның жаназасына қатыса алмадым". Сарыағашта "заңды бұзған" жүздеген мигрант еліне қайта алмай отыр