Жайық өзені жойылуға шақ тұр. Экологтар дабылы

Жайық өзені. Орал, Батыс Қазақстан облысы. 11 қазан 2019 жыл.

Мамандар Қазақстанның батысындағы екі облысты басып өтетін, көлемі жағынан Еуропадағы үшінші ірі өзен саналатын Жайықтың таяздануын экологиялық апатқа балайды. 2019 жылы өзен суының ластануы ең соңғы - бесінші деңгейге жеткен. Қазақстан мен Ресей билігі мәселенің барын мойындағанымен, оны шешуге әрекет қылып отырған жоқ.

"ӨЗЕН ТАРТЫЛЫП, АРАЛДАР ПАЙДА БОЛА БАСТАДЫ"

Батыс Қазақстан облысындағы Үлкен Шаған ауылы. Маусым айы. Жергілікті тұрғын Алексеймен бірге ауылдан жеті километр қашықта орналасқан Жайық өзенін көруге бара жатырмыз. Үлкен Шағанда 30 жылдан бері тұратын Алексей өзен суының осылай тартылғанын бірінші рет көргенін айтады. Көк түсті Renault көлігімен жергілікті халық "баржа" деп атайтын қолдан құрастырылған уақытша көпір арқылы Жайықтың бір тармағы Көшім өзенінің екінші жағасына қарай бет алдық.

Көшім өзеніндегі қалқымалы көпір. Үлкен Шаған ауылы, Батыс Қазақстан облысы. 5 шілде 2019 жыл.

- Әдетте жылдың бұл мезгілінде су көбейіп, қарсы жағаға өту үшін "баржаның" ұзындығы жетпейтін. Биыл су мүлде болған жоқ, - дейді көлік жүргізіп келе жатқан Алексей. Бұл маңда су шынымен аз: "баржа" су бетіне зорға тиіп тұр.

Биыл қыста қар қалың болғанына қарамастан, өзен суының деңгейі көтерілмеген. Жайықтың айналасында отырған ауылдар үшін өзеннің маңызы зор: демалыс пен балық шаруашылығынан бөлек, өзен алабынан малға шөп жинауға болады (көктемде Жайы суы жақсы жайылса, шөп те бітік өседі). Күзде өзен алабындағы орманнан адамдар саңырауқұлақ жинап, сатады. Олардың айтуынша, саңырауқұлақ мол болған жылдары жақсы табыс табуға болады. Мұнда қабан, елік, қасқыр, түлкі жүреді. Бұрын бұлан да болған, бірақ көп уақыттан бері бұл жануар кездеспейді: браконьерлер бәрінің көзін құртқан.

Жайық өзені жағасында жайылып жүрген жылқы. Үлкен Шаған ауылы, Батыс Қазақстан облысы. 10 маусым 2017 жыл.

Біз мінген көлік Жайық өзеніне жетті. Айнала – ашық жасыл майса. Биыл шөп аз, бірақ Жайық алабындағы жеткілікті ылғалдан қаулап өскен көк майса көзге әдемі көрінеді.

- Міне, қара, Жайықтың тартылғаны соншалық, аралдар пайда бола бастады. Жақында өзенді жаяу кешіп өтуге болады. Мұндайды ешқашан көрген емеспін, - дейді Алексей.

Ауыл тұрғыны Алексей Жайық өзені туралы әңгімелеп тұр. Үлкен Шаған ауылы, Батыс Қазақстан облысы. 5 шілде 2019 жыл.

Жайықтың ортасында шынында кішкентай арал пайда болыпты. Жағалау сызығына қарап, судың қаншалықты тартылғанын түсінуге болады: бұрын суға секіруге болатын жерде қазір құмды жағалау жатыр.

Жайықта өскен басқа азаматтар сияқты Алексей де жыл өткен сайын Қазақстанның ең ірі және маңызды өзені деген атын жоғалта бастаған Жайықтың тағдырына алаңдайды.

Суы тартылған Жайық өзені. Үлкен Шаған ауылы, Батыс Қазақстан облысы. 5 шілде 2019 жыл.

ЖАЙЫҚ СУЫ АЗАЙЫП БАРАДЫ

2018 жылы экологтар Жайық өзеніндегі су деңгейі рекордты аз көрсеткішке жеткенін айтып, дабыл қаққан. Бірақ 2019 жылы өзен суы өткен жылғы деңгейінен тағы азайған. Мұны экобелсенділер мен билік өкілдерінің сөзінен бөлек, қалада қалыптасқан жағдайға қарап-ақ байқауға болады.

2019 жылы күздің басында Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Орал қаласы сусыз қалды. Бұған Жайық өзеніндегі су деңгейінің аздығы себеп болған. Өзен суының тартылғаны соншалық, қалаға су тартатын сорғылар өзен бетіне шығып қалған. Жергілікті билік қала тұрғындарын сумен қамтамасыз ету үшін сорғылар орнатылған жердегі өзен түбін тереңірек қазуды ұсынды. Бұл шара өз тиімділігін дәлелдегенімен, мәселенің уақытша шешілгені белгілі болды. Екі айдан кейін, қазан айының соңында, "Батыс су арнасы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры (Орал қаласындағы су құбырларына иелік ететін монополист – ред.) Қайырғали Имашев кәсіпорынның қалаға қажет суды Жайықтан алудан бас тартпақ ойы бар екенін мәлімдеді.

Жайық өзені. Орал қаласы, Батыс Қазақстан облысы. 26 маусым 2019 жыл.

"Қазір Орал қаласы тәулігіне 50-55 мың текше метр ауыз су пайдаланады. Оның жартысынан көбі - 32-33 мыңы - Жайықтан алынады. Биыл өзен суы азайып, сорғы станциясы су тарта алмағандықтан оны қайта орнатуға тура келді. Екінші себеп, өзен суының ластануы. Биыл экологтар өзен суының ластануы бесінші деңгейге жеткенін тіркеді. Біз өзен суын қалалық тарату желісіне бермес бұрын, әрине, тазартамыз. Бірақ деректің аты дерек, өзен суын өндіріс қалдықтары қатты ластаған. Сондықтан бізге уақыт өте келе жерасты суын пайдалануға көшуге тура келеді" деген еді Қайырғали Имашев журналистерге.

Жайық өзені. Орал қаласы, Батыс Қазақстан облысы. 26 маусым 2019 жыл.

Жергілікті экобелсенді және өңірлік "Таза бұлақ" қоғамдық бірлестігінің өкілі Арман Бектеновтың пікірінше, Жайықтан су алуды тоқтатып, жерасты суын пайдалануға көшу өзендегі жағдайды өзгертпейді.

- Бұл шара су алмасу процесіне қатты әсер етеді. Жер астынан су алып, орнына қайта су толтырмаса, бос орындар пайда болады. Өзенде су алмасу болмаса, Жайық тартыла береді. Өзен бұрынғы көлемде су бере алмайды. Соңғы үш жылда топырақтың беткі қабатындағы сулардың орны толмай жүр, ал біз жиналатын су көлемін арттырғымыз келеді. Біз соңғы су көздерін қаза бастадық. Ал Жайық өзені осы көздердің есебінен толығады. Сондықтан бұл бәрібір суды Жайықтан алып отырғанмен тең, - дейді Арман Бектенов.

Жайық өзенінің ескі арнасы. Орал қаласы, Батыс Қазақстан облысы. 11 қазан 2019 жыл.

Бектеновтың пікірінше, Жайық мәселесін шешу үшін, өзенді зерттеу жөнінде көлемді жұмыс жүргізу керек. Экобелсенді бұл үшін үлкен ғылыми комиссия құру керек деп санайды.

БАСЫ ҚОСЫЛМАЙТЫН КОМИССИЯ

Жайық өзенінің экожүйесін сақтау бойынша өңіраралық келісім құру туралы көп жылдан бері айтылып келеді. Бірақ Ресей-Қазақстан комиссиясының бірінші отырысы Орынбор қаласында 2018 жылы қарашада бір-ақ өтті. Кездесу барысында өзен арнасы мәселесі талқыланып, 2019-2020 жылдарға арналған Жайықтың экожүйесін жақсартуға және өзеннің трансшекаралық ластануын тоқтатуға бағытталған шаралар жоспары бекітілген. Бұл жоспарға өзен суының көлемін арттыру (өзен тармағы арналарын тазарту, жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізу), өзендегі биоалуандылықты зерттеу және қалпына келтіру, Жайық пен оның тармақтарына әсер етіп отырған кәсіпорындар мен нысандарға мемлекеттік бақылау орнату шаралары кірген. Бір жылдан кейін комиссия тағы да жиналуы керек еді. Бірақ жоспарлы кездесу әлі күнге дейін өткен жоқ.

Қазақстан мен Ресей шекарасындағы Жайық өзені. Батыс Қазақстан облысы, 6 қараша 2014 жыл.

Екінші маңызды кездесу 2019 жылы шілде айында Орал қаласында өтті. Жайық мәселелеріне арналған семинарға Қазақстан мен Ресейден шенеуніктер, экологтар мен тәуелсіз ұйымдар өкілдері қатысты. Жиында сол баяғы өзен суының аздығы, ластану деңгейі, балықтың жойылуы, өзен алабының құрғауы, ормандардағы өрт мәселесі талқыланды. Екі күндік отырыстың нәтижесінде Қазақстан мен Ресейде Жайық мәселесін шешумен айналысатын екіжақты орган құру ұсынылды. Бірақ бұл мәселе де әлі күнге толық шешілген жоқ.

Жайық өзені. Орал қаласы, Батыс Қазақстан облысы. 26 маусым 2019 жыл.

"Біздің Жайық – Наш Урал" экологиялық-туристік қозғалысы" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, парламенттің бұрынғы депутаты Елена Тарасенко Азаттыққа берген пікірінде екіжақты орган құру бастамасы қазір үкімет деңгейінде талқыланып жатқанын айтты. Бірақ шешім қабылдау үшін басы қосылмай жүрген комиссия тағы бір рет отырыс өткізуі керек. Елена Тарасенконың айтуынша, "Ресей тарабы қатысушылардың тізімін әлі бекітіп үлгермеуіне байланысты" отырыстың нақты қай күні өтері белгісіз.

Жайық өзені. Үлкен Шаған ауылы, Батыс Қазақстан облысы. 10 қазан 2017 жыл.

- Біз қазір комиссияның ішінде (Жайық өзені трансшекаралық арнасының экожүйесін сақтау бойынша Ресей-Қазақстан комиссиясы – ред.) хатшылығы құрылуы үшін күресіп жатырмыз. Өзен бойында орналасқан барлық өңір арасындағы қарым-қатынастың белгіленген жүйесі болғанын қалаймыз. Қазір ғылыми зерттеуге кірісу туралы бастама көтерілді. Біз зерттеуге халықаралық ұйымдардан қаржы сұрап отырмыз. Ғылыми зерттеуден кейін өзенді сақтау бойынша мемлекеттік бағдарлама жасалады, - деді Тарасенко.

"ЕҢ ҚИЫНЫ – СУДЫ БӨЛУ"

Жайық өзенін сақтау бойынша халықаралық орган құру қажет деген пікірге жергілікті журналист Александр Суетин де қосылады. Жайық мәселесін 30 жылдан бері жазып жүрген журналистің пікірінше, Қазақстан мен Ресей арасындағы Жайық туралы келісім қағаз жүзінде қалып, нақты жұмыстар қолға алынбай отыр.

Жайық өзені. Орал қаласы, Батыс Қазақстан облысы. 26 маусым 2019 жыл.

- Совет одағы тұсында Жайық өзенін сақтау бойынша арнаулы комитет болды. Олар өте тиімді жұмыс істеді. Жайық суының тазалығын сақтау және суды дұрыс пайдалану бойынша бірқатар мәселе шешілді. Өкінішке қарай, 1994 жылы комитет жабылды. Қазір осы комитетті қайта ашу керек. Өйткені қазір Қазақстан мен Ресей арасындағы келісім негізінде жұмыс істеп тұрған комиссия жалпылама тақырыптарды қарап, сирек жиналып, жұмысты баяу жүргізіп отыр. Бірінші кезекте комитет суды дұрыс пайдалану мәселесін шешуі керек. Қазір суды қалай бөлу керегі көп сұрақ туғызатын ең қиын мәселеге айналды, - дейді Александр Суетин.

Оның пікірінше, өзен суын қалпына келтіру үшін Жайықтағы су қоймасының құрылысын мүлде доғарып, болмаса уақытша тоқтату керек.

- Жайық өзенінде 19 су қоймасы бар! Ириклинское су қоймасы барын, Магнитогорскіде (Ресейдің Челябинск облысындағы қала – ред.) тағы біреуі жұмыс істейтінін бәрі біледі. Бірақ одан бөлек, Жайықтың айналасында, Сақмара, Ілекте де су қоймалары бар, жаңа нысандар тағы да салынып жатыр. Мұны тоқтатып, зерттеу жүргізу керек. Өйткені қазір Жайыққа тек Сақмара ғана құяды. Бірақ оның өзі Жайықтың тағдырын қайталайтын сияқты. Сақмараның жоғарғы тұсында су қоймасын салып жатыр: білуімше, біреуін іске қосып үлгерген, - дейді Александр Суетин.

Жайық өзені түбін тазалап жатқан кран. Үлкен Шаған ауылы, Батыс Қазақстан облысы. 5 шілде 2019 жыл.

Жайыққа келген зардап туралы жергілікті кеме жөндейтін зауыт басшысы Владимир Самсонов та айтады. Ол өзенде елу жылдан бері жұмыс істеп келеді. Самсонов Жайық туралы білетінімен былай бөлісті:

- Жайыққа 82 немесе 83 өзен құяды. Ең ірілері – Шаған, Сақмара мен Ілек. Сақмарадан басқа өзендердің бәрінде бөгет тұр. Шағын өзендерден қазір су келмейді, оларды тазалау керек. Көктемгі сумен бірге келетін қоқыс жыл өткен сайын жиналып, өзендердің Жайыққа құятын сағасын бітеп тастаған. Осыдан шағын өзендердің Жайықпен байланысы үзілген. "Жайықты тазалау керек" дегенді үнемі естимін? Оны неден тазалау керек? Әйтеуір, өзен арнасындағы тамырымен жұлынған ағаштарды алып тастау керек. Бірақ қайраңды тазалауға болмайды. Қайта қайраң өзеннің ағуын тежейді, - дейді Владимир Самсонов.

Жайық өзені түбін тазалап жүрген кран. Үлкен Шаған ауылы, Батыс Қазақстан облысы. 5 шілде 2019 жыл.

ҒАЛЫМДАР ПІКІРІ

Ресей географы, академик Александр Чибилев Жайық мәселесін көп жылдан бері зерттеп жүр. Оның сөзінше, өзеннің жағдайын жақсарту үшін бірқатар нақты шаралар қолға алынуы керек.

- Біріншіден, су тұтынуды су бетіндегі ресурстарға қарай бейімдеу; екіншіден, жаңа бөгеттер салу мен жаңадан су жинауды тоқтату; үшіншіден, өзен алабына су жайылуын қамтамасыз ету және ағын деңгейін көтеру мақсатында қазір жұмыс істеп тұрған су қоймаларын пайдалану ережелерін қайта қарау; төртіншіден, шағын өзендердегі жүздеген бөгеттің маңызын қайта сарапқа салып, өзеннің төменгі жағында су үнемдейтін заманауи технологиялардың көмегімен суару мақсатына жұмсалатын суды азайту керек, - дейді Александр Чибилев.

Жайық өзені. Атырау облысы, 11 қараша 2017 жыл.

Академик Жайық алабында мұнай өндіруді су және әуе кеңістігін ластап отырған негізгі фактор деп есептейді. "Ресей мен Қазақстан көмірсутек өндірудің ескірген технологиясымен жұмыс істейді. Сондықтан экологиялық апат қаупі жоғары" дейді Чибилев.

- Кен орнын игеруге бағытталған кез келген жоба мұнай мен газ өндіру туралы шешім қабылданбай тұрып, ғылыми және қоғамдық сараптамадан өтуі керек. Менің ойымша, мұнай өндірушілер өзен алабы мен басқа да жоғары экологиялық жауапкершілікті талап ететін жерлерден кетуі керек. Бұл табиғат қорғау органдары мен қоғамның жұмысы, - дейді Александр Чибилев.

Жайық өзені. Атырау облысы, 11 қараша 2017 жыл.

Атырау облысындағы Қаратабан мұнай кен орнында газ-химия кешені құрылысын қолға алған мердігер, құрылысты жобалау саласындағы ең ірі қытайлық компаниялардың бірі China National Chemical Enginnering Co Жайықтың сағасының түбін тереңдетіп қазу жұмыстарын бастаған. Жоспар бойынша, 2020 жылы мамыр айында сел кезінде су каналынан ірі көлемдегі құрылыс жүгін артқан баржалар өтуі керек.

АТЫРАУДАҒЫ БАЛЫҚ ҚЫРҒЫНЫ: СОТ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Өткен жылы желтоқсанда Қазақстанның мұнай өндіру бойынша ең ірі өңірі Атыраудағы Жайық өзенінде балық жаппай қырылған еді. Ресми дерек бойынша, бекіре тұқымдас түрлерді қоса алғанда жалпы салмағы 119 тонна балық өлген. Бұған "Атырау су арнасы" коммуналды кәсіпорнының 2018 жылы желтоқсанның 3-і күні Жайық өзеніне химиялық заттар төгуі себеп болған. Атырау облыстық экология департаменті мамандары тексеру нәтижесінде сараптамаға алынған суда хлорид мөлшері шекті мөлшерден әлдеқайда асып кеткенін анықтаған.

Жайық өзеніндегі шағала. Атырау облысы, 8 қараша 2017 жыл.

Жергілікті белсенділер Атырауда балықтың жаппай қырылуын дәлелдейтін бірінші дерек бір күн бұрын, 2018 жылы желтоқсанның 2-і күні Жайыққа құятын Нижняя Перетаска жасанды каналында тіркелгенін айтады. Оған өңірдегі екі ірі компания - Атырау мұнай өңдеу зауыты және Атырау жылу электр станциясы ғана шыға алады. Кейінірек өңір билігі қырылған балыққа жүргізілген сараптама кезінде олардың ағзасынан аммиак табылғанын хабарлады. Бірақ 2019 жылдың басында "өзен таза, ондағы балық жеуге жарамды" деген ресми мәлімдеме жасаған. Қазір балықтың жаппай қырылуы мәселесі бойынша сот процесі жалғасып жатыр.

Жайық өзені. Атырау қаласы, 10 қараша 2017 жыл.

Атырау облысы әкімдігі Азаттыққа 2017 жылдан бастап Жайықтың балық жүзетін каналдарында су түбін тереңдету жұмыстары жүргізіліп келе жатқанын, соның арқасында өзенде балық саны көбейгенін айтты.

"Жыл басынан бері балық шаруашылығымен айналысатын өндірістік кооперативтер белгіленген шекті мөлшерге сәйкес, тура 6555 тонна балық аулаған. Өткен жылы дәл осы уақытта 4038 тонна балық ұсталған. Осылай өндірістік мақсатта балық аулау өткен жылмен салыстырғанда 2517 тоннаға өскен. Бұл 2018 жылы жаппай балық қырылғанына қарамастан, балықтардың уылдырық шашуға өзенге өтуін қамтамасыз ету және олардың санын сақтап қалу мақсатындағы су астын тереңдетіп қазу жұмыстарының нәтижелі болғанын көрсетеді" делінген облыс әкімдігі баспасөз қызметінің Азаттыққа берген ресми жауабында.

Жайық өзені. Орал қаласы, Батыс Қазақстан облысы, 26 маусым 2019 жыл.

Жайықтың жағдайы жыл өткен сайын маңызы артатын көкейкесті мәселе болып отыр. Азаттық сөйлескен сарапшылардың көбі Қазақстан мен Ресей жақын уақытта өзенді сақтап қалудың нақты шараларын қолға алмаса, ондаған жылдан кейін өзенді құтқару мүмкін болмайтынын айтады.