Қазақстанда ширек ғасырдан бері "жатақхана" деген ресми статус жоқ. "Тұрғын үй қатынастары туралы" кодекстен де бұл сөзді таба алмайсыз. Өткен ғасырда зауыттар мен кәсіпорындар жанынан салынған жатақханалар советтік кезеңнің қалдығы деп есептеледі. Бұрынғы жатақханалардың бәрі қазір жекешелендіріліп, заңдық тұрғыда көппәтерлі үйге айналған. Бірақ өмір сүру салты, жатақханалардағы жағдай өзгермеген. Ішіне кірсең қараңғы, лас және дымқыл.
СЕГІЗ БӨЛМЕГЕ БІР ӘЖЕТХАНА
Орал қаласындағы Гагарин көшесі 36/4 мекенжайда орналасқан бұрынғы жатақхана Ремзавод ауданындағы "Өнім" базарының қасында тұр. Бұл аймақ 1990 жылдардан бері қаладағы жағдайы төмен аудан саналады. Негізгі тіршілік көзі – базар. Қасындағы жатақхана тұрғындары сауда-саттықпен күн көреді. Біреулері қолындағы затын сатып, енді бірі барын ішімдікке айырбастап жатады.
Базарда көбіне Қытайдан әкелінген арзанқол дүниелер мен тұрмыстық заттар, ресейлік азық-түлік сатылады.
Жергілікті өнімнен шошқаның сирағы, насыбай, арақ және тіскебасар ретінде бәліш пен тұздалған тағам түрлерін ғана кездестіресіз. Базар мен жатақхана бір-біріне мұқтаж.
Сырты әктелген ғимарат кәдімгі бес қабатты үй сияқты көрінеді. Қабырғада "Олигарх" кафесінің жарнамасы ілініп тұр. Онда дәмхана кәуап, мәнті, би кешін ұсынатыны және "туған күн иелеріне жеңілдік" бары жазылған.
Жатақханаға кіре бергенде шіріген заттың күлімсі исі қолқаны қабады. Баспалдаққа кір әбден сіңген, бір кездері қою жасыл түске боялған қабырғаның да өңі кеткен. Айналаның бәрі күңгірт, еңсені басады. Жатақхана 1970 жылдары "Металлист" зауытының жұмысшыларына арнап салынған. Зауытта ірі калибрлі пулемет құрастыратын. Совет одағы тарағанға дейін кәсіпорын "Кобальт" револьверін де шығарған.
2000 жылдары зауыт ғимараты мұнай-газ саласына берілді. Жатақханадағы бөлмелерді жекешелендірді. Әр секцияда ауқымы 9-17 шаршы метр болатын 7-8 бөлме бар. Секциядағылар бір унитаз, бір газ плита және екі қол жуғышты ортақ пайдаланады.
Жатақханаға кіреберістегі бөлменің есігін қаққанымызда жасы елулер шамасындағы өңі шаршаңқы әйел ашты. Есімі Кенже екен. "Жатақханаға жетекшілік ететін біреу бар ма?" деген сауалымызға "Бұрын болған еді. Қазір түрмеде отыр-ау деймін" деген жауап алдық.
Кенже бұл жерде 22 жылдан бері тұрып жатқанын айтты.
- 2011 жылы ғимаратты "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау" мемлекеттік бағдарламасы бойынша жөндеген. Билік берген қарызға жеке фирма төбесін жөндеп, коммуникацияның темір құбырларын пластикке ауыстырған. Ортақ әжетхана, унитаз бен қол жуғыштар орнатқан. Бірақ "модернизациядан" соң іші өзгермеген, - дейді ол.
Кенже жөндеу жұмыстарына разы емес. Оның айтуынша, жатақхананы тұрғындар 15 жыл бойы төлеуге міндетті сомаға лайық етіп жөндемеген.
- Басында бізге жөндеу жұмыстарына 15 миллион теңге кетеді деді. Оған келістік. Бізге сметаны көрсеткен жоқ. Дайын келісімшартты ғана берді. Соттаспақ болдық, прокуратура келді. Түк шықпады. Енді 26 әлде 28 миллион теңге төлеу керек дейді. Төлемегендерді сот арқылы міндеттейді, еш жаққа шығармайды, - деп шағымданды тұрғын.
Кенже ай сайын "модернизация және жөндеу" жұмыстарына бір жарым мың теңге береді. Бес жылда тұрғын шамамен 70 мың теңге төлеген. Әлі 200 мың теңге қарызы бар.
– Пластик құбырлар мен кранның бәрін Қытайдан әкелген. Ыстық суға шыдамай балқып кетті, - дейді ол.
Жатақханада жөндеу жұмыстарының төлемақысы көпқабатты үйлерге қарағанда әлдеқайда арзан. Жатақханадағы көлемі 17 шаршы метр болатын ең үлкен бөлменің бағасы шамамен екі миллион теңге (6 мың долларға жуық) тұрады. Сондықтан бұл жерде тұрғындар жиі ауысады. Жаңадан көшіп келген қожайын ғимаратты жөндеуге кеткен қарызды мойнына алады.
Кенжемен сөйлесіп тұрғанымызда қасымыздан тұрғындар ары-бері өтіп жатты. Түрлерінен спирттік ішімдік ішкендері байқалады. "Сен жазғаннан бірдеңе өзгере ме?" деп сұрады Кенже шығарып салып тұрып. Мен "мүмкін..." дедім.
Кейін қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі өкілдері Азаттық тілшісіне ғимаратты жөндеуге тұрғындар өз еріктерімен қол қойғанын, қарызды төлемейтіндер мен кешіктіретіндер бар екенін, жобалық-сметалық құжаттаманың жөндеу алдында мемлекеттік сараптамадан өткенін айтты.
"ТҰРҒЫНДАРҒА АДАМ БОЛУДЫ ҮЙРЕТСЕК ДЕЙМІЗ..."
Чурина көшесі 119 мекенжайында орналасқан бұрынғы жатақхана жергілікті тұрғындар жақсы аудан деп санайтын аймақта тұр. Қасында қала бойынша білімі сапалы саналатын екі мектеп бар. Бес қабатты бұрынғы жатақхананың алдында жүзі мосқал тартқан ер адамдар шылым шегіп отыр. Ғимаратқа кірген бетте жаман иіс сезіледі. Ұзын әрі қараңғы дәліздің екі жағында темір есіктер бар. Дәліз түбіндегі шаң басқан шамнан әлсіз жарық түседі. Қараңғы түкпірлерден жасөспірімдердің дауысы шығады. Едені тозып, қою жасыл түске боялған қабырғасы ескірген, төбесін күйік шалғаны байқалады. Қабырғадағы салбыраған жалаңаш электр сымдары үрей туғызады.
Бесінші пәтердің есігін қағып едім ешкім ашпады. Бөлмелердің көбінде пәтер жалдаушылар тұрып жатыр. Сөйлескілері келмейді. Бірінші қабаттағы полиция пункті де жабық тұр. Түскі асқа кетіпті. Бұл жерде екі есік қана үнемі ашық тұрады екен – үш унитаз орнатылған ортақ әжетхана мен шүмегі жоқ қол жуатын крандары бар жуынатын бөлме. Әжетханадан тараған жағымсыз иіс бүкіл дәлізді басып тұр.
Ғимараттан жүгіріп шыққан алты жасар ұл бала қолындағы қоқыс салынған дорбаны кіреберіске тастай салды. Оның іс-қимылынан бұл күнделікті әдеттегі көрініс екенін түсіндік. "Мұның не?!" дегеніме бала былқ етпеді. Бұрылып та қарамастан ары қарай кетті.
"Алмас" пәтер иелері кооперативінің төрағасы Марат Жақсымбаев ғимараттың қазіргі жағдайына тұрғындардың өздерін кінәлайды.
- Әжетханада жаңа су жіберетін бак бес жыл тұрды. Оны сындырып тастады. Біз ауыстырып бердік. Үш айдан соң оны қайтадан сындырды. Кіреберіске пластик терезелер қойдық. Олардың да быт-шытын шығарды, - дейді төраға.
Оның айтуынша, қызметтері үшін әр үйден ай сайын орта есеппен 560 теңге алады. Бұл ақшаны екі еден жуушы, аула сыпырушы, электрик пен слесарьдың жалақысына жұмсайды.
- Еден жуушылар баспалдақтарды тазалайды. Ал ортақ коридорды тұрғындар өздері тазалауы керек. Адамдар әжетхананы қолдануды білмейді. Унитазға қойдың терісін, нанды, пластик ыдыстар мен консерві құтыларын, шыны және басқа заттарды тастайды. Оларға адамша өмір сүруді үйретуге тырысамыз. Тұрғындар бұл жердің жатақхана емес, ортақ үй екенін түсінбей жүр. Мұндағылардың жартысы пәтер жалдап тұратындар. Бұрын комендант пен вахтерлер бар еді. Жалпы жиналыста тұрғындар олардан бас тартты, - дейді Марат Жақсымбаев.
"Осы үйге қызмет көрсеткеніңіз үшін жалақы аласыз ба?" деген сауалға "Алмас" ПИК төрағасы: "Қайдан?! Олар бізге екі жарым миллион теңге қарыз. ПИК жұмысынан кінә іздемеңіз. Алдымен адамдардың санасын өзгерту керек. Шарт бойынша бұл үйге бір жыл қызмет жасаймыз. Сәуірдің 15-інде шарттың уақыты бітеді. Бізге жыл сайын жатақханадан делегация келеді. Зейнеткерлер мен мүгедектер келіп, көз жастарын көл қылып, өздеріне қызмет жасауды сұрайды" деп жауап берді.
"Не үшін әуре боласыз?" деген сауалға Марат Жақсымбаев:
- Жұмысшыларым да "Не үшін алдың? Олар біздің жұмысты бағаламайды, сыйламайды, адам құрлы көрмейді" деп шағынады. Мені осылай адамдарға көмектес деп тәрбиеледі. Жыл сайын аяп, көмектесе беремін, - деді.
ӨЗ ҚОЖА, ӨЗІ БИ...
Луговой көшесі 47/1 мекенжайындағы бұрынғы жатақхана да жұпыны. Тар дәліздің едендері тесіліп біткен, жұқа тақтайлардан жасай салған. Құлып салынған әжетханалар лас. Алты және он жас шамасындағы екі қыз бірінші қабатта жүгіріп, ойнап жүр. Олардан "жатақханаға қарайлайтын адам бар ма?" деп сұрадым. "Ана бөлмеде тұрады" деп қолымен есікке нұсқады. Ол бөлменің есігін қаққаныммен ешкім ашпады. "Ол үйде жоқ, қызын қамап кеткен" деді ойнап жүргендердің бірі.
Әр бөлмеден теледидар үні, масаң адамдардың балағат сөздері мен жылаған баланың дауысы шығады. Қабаттардың бірінен күдікті иіс сезіледі: біреу шөп шегіп жатқан тәрізді. Есік қағылғанда іштегі шу тына қалды. Бірақ ешкім есікті ашпады.
Тұрғындармен сөйлесу қиынға соқты. 50 жастағы ер адам мен денелі жас әйел терезе алдында бөтелкенің аузынан арақ ішіп тұр.
- Сәлеметсіздер ме, осында тұрасыздар ма?
- Жоқ, тұрмаймыз, жаңа ғана келдік.
Покатилов көшесі 69/1 мекенжайындағы жатақхана СССР кезінде танымал болған Ворошилов атындағы зауыттың (қазіргі "Зенит" зауыты) жұмысшыларына арнап салынған. ПИК-тің ешқайсына кірмейтін бұл ғимарат көппәтерлі үй саналады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде зауыт арнайы әскери-теңіз қаруларын шығарған. Совет одағы тараған соң жатақхана жеке меншікке өткен.
Жатақхана ішінде "Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылғанына 250 жыл!" деген жазуы бар қызыл тақтайша көзге шалынады. Бұл жазу осыдан 37 жыл бұрын ілінген.
Есікті қаққанымда жүзін әжім торлаған зейнеткер ашты. Бізге қарап мейірлене күлімсіреген 76 жастағы Сақыш Сүйіншәлиева бұл жерде ұлы және қызымен 1992 жылдан бері тұрады екен. Бұрын балабақшада тәрбиеші болған. Осы қызметі үшін мемлекеттен аумағы 26 шаршы метрлік екі бөлмені алған. Зейнеткердің айтуынша, ғимарат 1955 жылы салынған. 1990 жылдардың өзінде оны бұзу туралы сөз қозғалған. Қазір тым-тырыс.
- Жеке қоймам да бар. Бөлмелермен қосқанда 36 шаршы метр болады. Үш жарым миллион теңгеге (шамамен 10 мың доллар) бағалап отырмын. Бірақ қымбат деп жатыр. Сол соманың өзіне де ештеңе келмейді. Сондықтан айырбастармын деп отырмын. Мысалы, қала шетінен жер үй шықса жақсы болар еді. "Айырбастайық" деп келгендер қосымша ақша сұрайды. Ең төмен зейнетақы аламын, ондай ақшаны қайдан табамын? - дейді зейнеткеркер.
Қазақстанда ең төменгі зейнетақы – 50 мың теңге. Ол коммуналдық қызмет төлемдері (қыста айына 16 мың теңгеге жетеді) мен тамаққа әзер жетеді. Жазда коммуналдық төлем 7-8 мың теңгеге азаяды. Жарық, газ бен суық су бар. Ал ыстық су баяғыдан жоқ. Көбі газ баллонын қолданады немесе электр пешке тамақ пісіреді. Ай сайын тұрғындар ортақ әжетхананы тазалау үшін 300 теңгеден (бір доллардан сәл төмен) шығарады.
- Бұрын вахтер бар еді, тәртіп болатын, қазір иесіз қалдық. Әркім өзі би, өзі қожа. Ел қатарлы баспанаға қол жетпей, осында өлетін шығармыз, - дейді Сақыш апай.
САНАНЫ ТҰРМЫС БИЛЕЙ МЕ?
"Өзіңіз жеке үйде тұрасыз ба, әлде пәтерде ме?" деп сұрайды менен Орал ПИК бөлімінің тұрғын үй инспекциясы секторының меңгерушісі Қанат Өмірәлиев. "Жеке үйде" деп жауап бердім.
- Төбеңізден су ақса немесе қабырға құласа, қайда барып шағымданасыз?
- Ешқайда. Өзім жөндеймін.
- Жатақханадағылар да солай жасауы керек. Тұрғындар иелігіндегі мүлікті өздері жөндеуі тиіс. Олар үшін ешкім ештеңе жасамайды, - дейді Өмірәлиев.
Шенеунік жатақханалар туралы айтқан кезде "иесіз" деген сөзді қолданбауға тырысады. Бұрынғы жатақханаларды "басқару формасы анықталмаған" үйлер деп атайды. Өмірәлиевтің сөзінше, 300 мың адам тұратын Оралда осындай 120 ғимарат бар. Олардың ешбірі "апатты жағдайда тұрған жоқ" деп сендіруге тырысады шенеунік.
- Соңғы бірнеше жылда сондай үйлердің тұрғындарын жинап, басқару формасын бірлесе отырып айқындауларын ұйымдастыруға тырысып көрдік. Бірақ тұрғындар өте немқұрайлы, енжар. Жиналысқа бес-алты адам келеді. 70 пайызы келісім бермесе, шешім заңды саналмайды, - дейді Қанат Өмірәлиев.
Оның айтуынша, адамдар апат болған немесе қарызы үшін үйді жылудан ажыратып тастаған өте қысылтаяң кездері ғана жиналады. Мұндай үйлермен ПИК жұмыс істегісі келмейді, себебі – тиімсіз. Проблеманы шешудің бір жолы ретінде шенеунік тұрғындарға дауыс беру арқылы өз араларынан үй меңгерушісін сайлауды ұсынады.
- Сайланған адам ПИК міндетін мойнына алсын. Бәрі тұрғындардың өздеріне - олардың жауапкершілігі мен ауызбіршілігіне байланысты. Бірақ әркім көрпені өзіне қарай тартады. Бұған тұрғын үй шаруашылығы модернизациясы бағдарламасы мысал бола алады. Осы бағдарлама бойынша үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу ұсынылған кезде, жоғарғы қабатта тұратындары "шатырды жөндейік, су ағады" десе, бірінші қабаттағылар "жертөлені жөндеу керек, су басады" дейді. Әркім үйдің жалпы жағдайы емес, өз мәселесін ғана ойлайды. ПИК күрделі жөндеу жасай алмайды. "Модернизация" - тұрғын үйді жөндеп алуға арналған жақсы мүмкіндік. Мемлекет қарыз береді, оны кейін бөліп төлейді, - дейді мемлекеттік бағдарламаны мақтаған шенеунік.
Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің коммуналдық шаруашылық секторы меңгерушісі Асхат Шадияровтың дерегінше, 2011 жылдан бері жаңарту бағдарламасы бойынша 94 үйге күрделі жөндеу жасалған. Олардың ішінде Гагарин көшесіндегі жатақхана да бар. Ол жерде шатыр жөнделіп, инженерлік коммуникация ауыстырылған.
- Әр секцияға ортақ қол жуғыш мен унитаздар орнаттық. Кепілдік мерзімі үш жыл еді. Ол уақыт өтіп кетті. Енді тұрғындар ортақ мүлікті сақтауға өздері жауапты, - дейді Шадияров.
Шенеуніктің сөзінше, апатты үйлердегі тұрғындар мәселесін билік мемлекеттік-жекеменшік серіктестік (МЖМС) бағдарламасының көмегімен шешеді. Яғни, жекеменшік құрылысшы 50 пәтерлі апатты үйдің орнына 100 пәтерлі үй салып береді. Елуін тұрғындарға береді, қалғанын сатады. Әкімдік адамдарды алдап кетпейтініне кепіл болады және инженерлік желіні тегін тартып береді. 2015 жылдан бері бұл бағдарлама бойынша жеті үй бұзылған. Олардың арасында бұрынғы жатақханалар жоқ.
- Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарлама – бизнес. Үй салушыларға жатақхананы алу тиімсіз. Ол жерде пәтерлер көп, шаршы метрі аз. Үй салуға жұмсаған қаражатын қайтара алмайды. Бұрынғы жатақханаларда бөлмелердің аумағы - 18-20 шаршы метр. Қазіргі стандарт бойынша бір бөлмелі пәтерде кем дегенде 40-50 шаршы метр болу керек. Әрине, кез келген жатақхана тұрғыны Мемлекеттік-жекеменшік серіктестікбағдарламасының шарттарымен келіседі. Бірақ ондай үй салатын компанияны таба алмаймыз, - дейді ол.
Әкімдіктің дерегі бойынша, Оралда 1204 көппәтерлі үй бар. Олардың 1035-і жартылай немесе күрделі жөндеуді қажет етеді. 42 үй апатты жағдайда тұр.