Азаттық радиосы Алматы облысы, Үшқоңыр жайлауындағы резиденцияны сот үкімімен түрмеге қамалған және тағы бір қылмыстық істе күдікті Қайрат Сатыбалды немере ағасы, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сыйға тартқанын анықтады. Бұл әрекет қалай жүзеге асты? Заңға сай ма? Күдіктіні тергеп жатқан сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің пікірі қандай? Үшқоңыр жайлауындағы 9,5 мың гектар жерді экс-президенттің інісі Болат Назарбаев кімге берді? Материалда осы сауалдарға жауап іздедік.
Your browser doesn’t support HTML5
Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі туып-өскен өлкесіне арнаған әннің әсері болар, Үшқоңыр атауы жұртқа таңсық емес. Іле Алатауының бір бөктеріндегі көк майсалы үстірт, көркем жайлау. 2000-жылдардың басында Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылының аумағына кіретін Үшқоңыр жайлауының кадастр дерегі өзгеріп, бірнеше жаңа учаскеге бөлінген.
Кейін Шамалған ауылынан жайлауға дейін жол салынып, газ бен жарық тартылды. 2014 жылы жеке бөлінген 7 гектардай аумақта зәулім сарайдың құрылысы аяқталды.
2016 жылғы ресми тіркеу кезінде бұл жылжымайтын мүлік Қайрат Сатыбалдының меншігіне жазылған. Содан бері Қазақстанның бұрынғы президентінің немере інісі мүліктің иесі болып қала берді. Қаңтар оқиғасынан кейін көп өтпей ол қамауға алынған кезде де тергеу органдары шектеу, тыйым салған. Бұл Азаттық танысқан ресми деректе анық жазылған.
Биыл сәуірдің ортасында бұрын Сатыбалдының атында тұрған жайлаудағы осы резиденция ағасы, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың иелігіндегі "Елбасы" қорының меншігіне өткен. Азаттық радиосына "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының берген жауабына сәйкес, мүліктің меншік құқығы сыйға тарту шарты бойынша өзгерген. Бірақ оның қалай жүзеге асқаны жұмбақ.
БҰҒАТТАЛҒАН МҮЛІК
Қайрат Сатыбалды былтыр қыркүйекте серіктерімен бірге 40 миллиард теңгені талан-таражға салды деген айыппен Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бостандығынан айырылды.
Астана қаласы №2 Байқоңыр аудандық сотының үкімінде Сатыбалдының мүлкін тәркілеу де жазылған. Бірақ қандай мүлік екені анық көрсетілмеген. Қызық та осыдан басталды. Біз судья Нұрлан Баяхметовке Жоғарғы сот қаулысына сәйкес тәркіленетін мүлік үкімде анық көрсетілуі керегін айтып, хат жаздық. Судьядан келген жауапта қандай мүлікті тәркілеуге үкім шығарғаны жөнінде нақты ақпарат болмады.
"Үкімнің мүлікті тәркілеу түріндегі қосымша жазаны орындау бөлігі мемлекеттік сот орындаушының өндірісінде" деп жазылған судьядан келген жауапта.
Cот процесіндегі осындай жайт туралы парламент мәжілісінің екі депутатынан – заңнама комитетінің мүшелерінен сұрадық. Екі заңгер депутатқа да Қайрат Сатыбалдының есімін атамадық, оның ісіндегі баптарды және жағдайды баяндадық. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан үкімде "тәркіленетін мүліктің көлемі толық көрсетілуі керек" деп түсіндірді.
– Үкімнің сот үкім етті деген бөлігінде нақты мүліктердің атауы, қай жерде орналасқаны, мекенжайы толық көрсетіле отырып, оны мемлекет меншігіне ме, әлде басқа бір жәбірленушілердің пайдасына өндіріле ме және конфискация деген бар, ол тек қана мемлекет меншігіне ғана өндірілетін залал, ол түгел көрсетілуі керек, – деді депутат.
Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, депутат Үнзила Шапақ та осындай пікірде. Ол заң бойынша "мүлікті тәркілеу қосымша жаза ретінде белгіленсе, қарар бөлігінде нақты жазылады" дейді. Депутат бұл туралы Жоғарғы сот қаулысынан үзінді келтірді.
– Тәркіленетін мүлік сотталғанның немесе үшінші тұлғалардың меншігінде тұрған, заңсыз тәсілмен табылған не заңсыз тәсілмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлікке, сонымен қатар қылмыстық құқық бұзушылыққа қолданылған қылмыс қаруына және құралына қолданылады.
Сот үкімінде Сатыбалдыұлының бойдақ екені, бірақ кәмелет жасына толмаған 7 баласы бары жазылған. Қылмыстық-атқару кодексі бойынша, "сотталған адамның мүлкі оның отбасы тұратын жалғыз үй болса, тәркіленбейді" деген қосымша бар. Бірақ Сатыбалды отбасының басқа үйі болмағандықтан тәркілеу тізіміне кірмеді деген нұсқаға негіз жоқ. Себебі Азаттық бұған дейінгі зерттеулерде Астанада Қайраттың Исмаил деген ұлының атындағы зәулім үйді, Алматы қаласында үш баласының анасы Әсел Бақтиярқызының иелігіндегі 12,5 гектар жерде орналасқан салтанатты сарай, коттедждерді көрсеткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтың астанадағы аралы. Жайлаудағы резиденция. Жекеге өткен ҮшқоңырМЕНШІК ҚҰҚЫҒЫ АУЫСҚАНЫ ЗАҢҒА САЙ МА?
Былтыр қарашада жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Қайрат Сатыбалдының үстінен екінші қылмыстық іс қозғап, тергеп жатырмыз деді. Агенттік Сатыбалды мен онымен байланысы бар адамдардан 1 миллиард доллардан астам қаражат қайтарылғанын айтты, бірақ әзірге тергеу аяқталғаны туралы ресми хабарланбады. Демек, қылмыстық жазаға тартылған және екінші істе күдікті боп отырған адамның атындағы мүліктің басқа тұлғаның иелігіне ауысқанына куә болып отырмыз. Заңгер депутаттардың бұл бойынша нақты айтқаны – "тергеудегі адам арест қойылған мүлкін басқа тұлғаға бере алмайды". Олардың бұл сұраққа байланысты жауабы мынадай.
Абзал Құспан, мәжіліс депутаты:
– Тергеу тарабынан шектеу салынған болса, істей алмайды. Өз иелігінен шығару деп аталады. Мақсатты түрде иелігінен шығару. Оны сатып шығарды ма, сыйға тартып шығарды ма, ешқандай айырмашылық жоқ. Конституцияның 83-бабының талаптарына сәйкес, мемлекеттің мүддесін қорғайтын бірден бір орган орган – прокуратура. Осындай қандай да болмасын әрекет жасалған болса, оның бәрі заңсыз деп танылып, прокуратура органдары әрекет етуі керек деп есептеймін.
Үнзила Шапақ, мәжіліс депутаты:
– Егер ол соттың құзырында жатқан азамат болса, белгілі деңгейде шектелген болады. Бұл әрекеттерді жасауға шек бар.
– Сыйға тартуға да, біреудің атына өткізіп беруге де болмайды, солай ма?
– Егер ол мүлік үкімнің ішінде болса, болмайды.
– Үкім шыққанға дейін іс жүріп жатқан кезде де болмай ма?
– Қылмыстың арбитрына кіріп кеткен болса, оның бәріне арест, санкциялар қойылды ғой.
Тергеу органы санкция салған резиденцияның қалай "Елбасы" қорына өтіп кеткенін ресми орындар түсіндіргісі келмеді. Істі қозғап, тергеген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "бар ақпаратты ресми түрде жариялаймыз, басқасы тергеу құпиясы" деп жауап қатты. Алматы облысының прокуратурасы ғана "мүліктің меншік құқығының ауысуын тексеретінін" айтты. Азаттық мүлікті меншіктеу ісіне байланысты "Елбасы қорына", Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесіне хат жолдаған. Кеңсенің баспасөз қызметі "Елбасы қоры" туралы ақпараты жоғын хабарлады.
ҮШҚОҢЫРҒА САПАР
Бұрынғы президенттің иелігіне өткен Үшқоңыр жайлауындағы сарайды түсіру үшін жолға шықтық. Сарайға апаратын негізгі жолмен жүріп, таудағы өткізу бекетіне тоқтадық. "Жеке меншік" деген жазуы бар қақпаны сондағы күзетші ашып-жауып отырады. Біз жеткенде күзетші шығып, "түсіруге және әрі қарай өтуге болмайды" деп, шағын үйіне қайтып кіріп кетті.
Біз жаяу адамдар жүретін тұстан өтіп, алыстан көрініп тұрған Үшқоңыр резиденциясына қарай беттедік. Тақтайдай жол, электр бағандары тура сарайға апарады. Шамамен 5 шақырым жол. Сәлден соң бізді күзет бекетінде тұрған "Нива" көлігі соңымыздан қуып жетті.
Көлік айдаған күзетші "аумақ жеке меншік емес, ұлттық парктікі" деп, бұл жерден қайтуымыз керегін айтты. Қандай ұлттық парк деген сұраққа жауап бермеді. Көлікті әрлі-берлі орғытып, "бұл ұлттық парктің жері" деген сөзінен танбаған күйі кері қайтты.
Біз 5 шақырымдай жаяу жүріп, Үшқоңыр жайлауына, Назарбаевтар әулетінің таудағы сарайына жеттік. Үй айнала қоршалған. Бейнекамералар орнатылған. Алыстан екі күзетші көрінді. Бірақ қоршаудан әрі өту мүмкін болмады.
Сатыбалдының иелігінен "Елбасы" қорына өткен аумақта зәулім сарайдан өзге көзге түскені – киіз үй, бір қабатты тағы екі ғимарат, тікұшақ алаңқайы және көлік тұрағы.
Сәлден кейін қоршау ішіндегі күзетшілер жетті. Түсірмеңдер деп бұйыра сөйлеген екеу:
– Бұл жақта ешкім жоқ, адам тұрмайды. Өшіріңіздер, болды, – деп сарай жаққа қарай кетіп қалды. Айналаны түгел шолып шықтық. Сарайдан әрірек тұрған ғимарат кадастр жүйесіндегі дерекке сәйкес, Қайрат Сатыбалдының "әйелі" Әсел Бақтиярқызының атына тіркелген.
Антикор бұрын медресе болған мүлікке былтыр қойылған шектеуді алып тастапты. Бірер жыл бұрын басталған ғимараттың құрылысы былтырдан бері тоқтап тұрғанға ұқсайды. Мұны Google Earth-те сақталған суреттер де растады. Енді мұндағы сарай мен өзге де үйлерден бөлек бұрынғы президент әулетіне қарайтын мыңдаған гектар жердің жайын түсіндірелік.
НАЗАРБАЕВТАРДЫ "ТӘРКІЛЕУ"
Бір жыл бұрын Азаттық Үшқоңырда 9 мың гектардан астам жер Болат Назарбаевтың компанияларына тиесілі екенін анықтаған. Ол компаниялар бұрын Қайрат Сатыбалдыға қараған.
Алматы облысының прокуратурасы Азаттыққа бұрынғы президенттің туыстарынан (прокуратура есімдерін атамады) жиыны 4569 гектар болатын 12 жер учаскесі мемлекетке қайтарылғанын хабарлады.
Дегенмен қазір Үшқоңыр сарайы Нұрсұлтан Назарбаевтың, ал айналасындағы мыңдаған гектар жер оның туыстарының меншігінде. Биыл сәуірде сарайдың меншік құқығы ауысқан уақытта мұндағы жер учаскелерін иелік етіп отырған компаниялардың түпкі құрылтайшысы да ауысқан.
9412 гектар жерді меншіктеп, тағы 1300-дей гектар жерді жалға алып отырған 4 компания – "Steppe AgroMeat" ("Дүние Агро" – бұрынғы атауы), "Qaz Agro Centre" ("Айсам Ко. ЛТД"), "Breeding company" ("Луна Трейд"), "Prime Capital reKarasay-дың" түпкі иесі бұрын Болат Назарбаев еді. Қазір бұл жылжымайтын мүліктерге "Prime Capital Holding" серіктестігі арқылы Болаттың ұлы Нұрбол Назарбаев иелік етіп отыр.
Түпкі бенефициары ауысқанымен, сарайдан тыс жатқан 10 мың гектар жерге антикор, соттың арест, шектеуі тұр. Мемлекетке қайтарыла ма, жоқ па, белгісіз.
Ақпан айында "Аманат" партиясы Маңғыстау және Жамбыл облыстарында Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына қараған 300 мың гектардай жер мемлекетке қайтарылғанын хабарлаған. Ол жерлердің кадастр нөмірі ресми жарияланбады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Назарбаев әулетінің Алматыдағы мүліктеріНазарбаев әулетінің шетелдегі зәулім сарайлары. Азаттық зерттеуіСалтанатты сарай, қымбат қонақ үй. Назарбаевтардың Германиядағы мүліктері"Кланның әлсіреуі". Назарбаев туысының ұсталуы нені білдіреді?Лондонда Назарбаева мен Әлиевтікі деген үй 11,8 млн долларға сатылымға шығарылды