Шаңы шыққан көше, сарғайған су. Өзбек шекарасындағы Достық ауылының жұпыны тіршілігі

Қазақ-өзбек шекарасындағы Достық ауылына кіреберістегі жазу. Түркістан облысы Келес ауданы, 5 қазан 2021 ж.

Достық ауылы Өзбекстанмен шекараның түбінде жатыр. Мұнда ресми түрде 2400-ден аса адам тіркелгенімен, Достықтан жұмыс таппаған жұрттың көбі кәсіп іздеп қалаға кеткен. Бұл ауылдың күні Өзбекстандағы суға қарап отыр. Бірақ Сардоба су қоймасы жарылған соң ауылға келетін су көлемі азайған.

Достық – "Шекара аймағы" жобасы аясында Азаттық тілшісі барған кезекті ауыл. "Шекара аймағы" – Қазақстанның шекара маңындағы қалалары мен ауылдарының тыныс-тіршілігі туралы репортаждар сериясы.

Түркістан облысы Келес ауданына қарасты Достық ауылында жарықтан басқа инфрақұрылым жоқ. Ауыл сыртынан шекараға дейін баратын жалғыз жолға ғана асфальт төселген.

Достық ауылындағы көше. Түркістан облысы Келес ауданы, 5 қазан 2021 ж.

Достықтың ішіндегі сары топырақ жол жел тұрса – шаңға, жауын жауса – батпаққа айналады. Ауыл халқына газ арман.

Достық ауылынан Өзбекстан аумағы, шекара мұнарасы, шекараның ар жағындағы ерсілі-қарсылы өткен әскери көліктер анық көрінеді. Балалар осы шекара сымын жағалай ауыл шетіндегі мектепке барады. Кейбірі екі шақырым жердегі Ұшқын ауылындағы мектепте оқиды.

Қазақ-өзбек шекарасы Достық ауылы іргесінен өтеді. Түркістан облысы Келес ауданы, 5 қазан 2021 ж.

Достық ауылынан Өзбекстан аумағы, шекара мұнарасы, шекараның ар жағындағы ерсілі-қарсылы өткен әскери көліктер анық көрінеді. Балалар осы шекара сымын жағалай ауыл шетіндегі мектепке барады. Кейбірі екі шақырым жердегі Ұшқын ауылындағы мектепте оқиды.

Достық ауылына кіріп-шыққан, шекара аймағына жақындаған әрбір адам шекарашылар бақылауында. Әскерилер ауыл тіршілігімен танысып жүрген Азаттық тілшісінің құжатын тексерді. Шекара қызметіне "ауылда бөтен адам жүр" деген хабар түскенін де жасырмады. "Қызмет міндетіміз осылай" деп түсіндірді.

– Сақтықта қорлық жоқ. Мына заманда қауіпсіздік маңызды, – дейді құжатымды тексерген әскеридің бірі.

Достықпен көрші Ұшқын ауылындағы орталық көшеде кетіп бара жатқан оқушы балалар. Түркістан облысы Келес ауданы, 5 қазан 2021 ж.

Жергілікті балалардың кейбірі осы ауылдағы, кейбірі екі шақырым жердегі Ұшқын ауылындағы мектепте оқиды.

66 жастағы зейнеткер Гүлсім Қалдарбекова "газ, ауыз суды айтпағанда жолдың жыры қиын, бастауыш сыныпқа баратын балалардың мектепке қатынауы мұң" деп шағынды.

Достық ауылы тұрғыны зейнеткер Гүлсім Қалдарбекова немересімен бірге.

– Немерелерім мектепке мына шекара сымын жағалай төте жолмен барады. Тобықтан топырақ кешеді. Үлкен жолмен жіберуге тағы қорқамыз. Ары-бері көлік көп жүреді. Жол саламыз деп уәде бергеніне де көп болды. Ең болмағанда мына кішкентай балаларға мектепке барып-қайтуға автобус жалдап қойса болар еді. Ауылдың біз тұратын шетінен мектепке бару біраз уақыт алады, – дейді Гүлсім.

2019 жылы ауылға ауыз су құбыры тартылғанымен, суы ішуге жарамсыз. Жергілікті жұрттың сөзінше, екі күнде бір жіберетін сарғыш түсті суды жуынып-шайынуға, ыдыс-аяқ, кір жууға ғана пайдалануға болады. Жерасты суы тартылып, азайған әрі лас.

Достық ауылына ауыз суды арнайы көлікпен тасиды. Түркістан облысы Келес ауданы, 5 қазан 2021 ж.

Ауыл халқы суды сатып алады. Мәселен, бір үй айына бес-алты тонна ауыз су пайдаланады, оның бағасы 6-7 мың теңгеге жетеді. Жұмыссыздық жайлаған Достықта тұратын адамға мұның өзі едәуір ақша.

Көрші Өзбекстаннан келетін ағын су 2020 жылғы мамырда Сардоба су қоймасы жарылған соң азайып кеткен, қазір Достықта егін екпейді. Көшедегі ағаштардың өзі шөлден қурап тұр.

Ағын су тоқтаған соң ауыл тұрғындары биыл егін сала алмаған. Достық, 5 қазан 2021 ж.

Түркістан облысы Келес аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің өкілі Әбубәкір Сапаровтың айтуынша, қазақ-өзбек шекара сызығы белгіленгенше Өзбекстаннан Қазақстанға үш қаналмен су келген. Соның бірінен Достық ауылындағы тұрғын үйлердің ауласына су барған.

Ал қазір Өзбекстан бұл каналмен су жібермей отыр. Қалған екі каналмен өзге ауылдар мен егіндіктерге Өзбекстаннан шектеулі мөлшерде су келеді. Ол суды Достық ауылына жеткізу мүмкін емес дейді шенеунік.

– Достық ауылы – шекара аймағына жатады. Онда үлкен егіндік жоқ. Жеке үйлер мен ауладағы баққа су берілмейді. Бұл – көкейкесті мәселе. Қазір келіссөз жүріп жатыр, – деді Сапаров Азаттық тілшісіне.

"ТАПҚАН АҚША ТАМАҚҚА ЖЕТПЕЙДІ"

44 жастағы Сарагүл Ісқұлова Достық ауылында саманнан салынып жатқан үйде отбасымен бірге тұрады. Үш бөлмелі етіп салып жатқан үйдің 12 шаршы метрлік бір бөлмесінің ғана құрылысы біткен.

Достық ауылының тұрғыны Сарагүл Ісқұлованың мектепке баратын балалары үй жұмысын орындап жатыр. Түркістан облысы Келес ауданы, 5 қазан 2021 ж.

Еденге қос қабаттап жайылған тозған кілемнің үстіне төселген жұқа көрпеде Сарагүлдің мектеп оқитын екі баласы сабақ қарап жатыр. Аядай бөлменің терезесіне перде орнына жамылғы ілінген.

Тар бөлменің төрінде ағаш қораптың үстінде ескі теледидар мен тот тұра бастаған үтік тұр. Қораптың жанында көрпе-төсек жиналған.

Достық ауылы тұрғыны Сарагүл Ісқұлова ұлы екеуі құрылысы бітпеген үйінің ішінде тұр. Түркістан облысы Келес ауданы, 5 қазан 2021 ж.

Сарагүл – Қазақстан азаматы. Күйеуі –Өзбекстан азаматы, бірінші топ мүгедегі. Өзбекстаннан мүгедектігі үшін айына шамамен 20 мың теңге жәрдемақы алады. Екеуінің де тұрақты жұмысы жоқ.

– Екі жылдан бері осы жерде тұрамыз. Күйеуім – мүгедек. Күнделікті жалдамалы жұмысқа шығады. Оның өзі бірде бар, бірде жоқ. Жұмыс қыста тоқтайды. Ауылда тұрақты жұмыс жоқ. Мысалы, қазір жүгері жинауға шығып жатыр. Күніне 5 мың теңге табады. Ал менің күндік жұмысқа шығуға денсаулығым жарамай қалды, – деп күрсінді Сарагүл Ісқұлова.

Отбасы мал ұстамайды, егін екпейді. Сарагүл жазға дейін әкімдік атаулы әлеуметтік көмек ретінде үш айға 60 мың теңге шамасында жәрдемақы тағайындаған, бірақ кейін алып тастағанын айтады.

Достық ауылы тұрғыны Сарагүл Ісқұлованың балалары үйдің алдында жүр. Түркістан облысы Келес ауданы, 5 қазан 2021 ж.

– "Тапқан ақшаң тамағыңа жете ме?" деп сұраңызшы. Жетпейді. Өмір – осы. Ауылда су жоқ, сатып аламыз. Көрші үйдің баласы жағдайымызды көріп жаны ашыды ма, сатып алған суды пайдалана беріңіздер деді. Жәрдемақыны да бермей қойды. Қыста ауылда күндік жұмыс та жоқ. Қыс келе жатыр, қалай күн көретінімізді білмейміз. Басқа барар жеріміз де жоқ. Амалдың жоғынан осында отырмыз, – дейді Сарагүл.

Достық ауылы тұрғындары қазақшамен бірге өзбекше сөз араластырып сөйлейді. Мұны өздері отбасында күнделікті Өзбекстанның төрт-бес телеарнасын көретінімен байланыстырады. Ауылда Қазақстанның мемлекеттік "Қазақстан", "Хабар" телеарналарынан басқа арналар көрсетпейді.

"КЕЙДЕ КӨШІП КЕТСЕМ БЕ ДЕП ОЙЛАЙМЫН"

Достық ауылын аралап шықтық. Әр жерден үй ауласында малдас құрып отырған ақсақал, немересіне қарап отырған әжелер мен үйіне кіріп-шығып жүрген әйелдер көзге шалынды. Бірнеше үйдің сыртына "сатылады" деп жазылған. Мүмкіндік болса ауылдан көшіп кеткісі келетін адам аз емес сияқты.

Достық ауылы тұрғыны Замира Елшібек.

– Бұрын Өзбекстаннан ағын су мол келетін. Жан-жағымыз көктеп, бауымыз жайқалып тұратын. Қазір су тоқтап, шөл басты. Ауыз суды әр үйге әкелгенімен, зиянын білген соң ішпей қойдық. Оның өзін күнара жібереді. Міне, көлік келсе шаң көтеріледі. Оны басу үшін мына суды шашуымыз керек, – дейді әскерилер мінген көлікті көрсеткен 48 жастағы Замира Елшібек.

Замира ауыл халқы негізінен егін салып күн көріп келгенін айтады. Кейбірінің қорасында үш-төрт ірі қара мал, санаулы қой бар. Жұрттың көбі әуелде бұрыш егіп, алған өнімін сатқан. Бірақ ағын су тоқтаған соң егін де бітік шықпай қалған.

Достық ауылындағы сатуға қойылған үй. Түркістан облысы Келес ауданы, 5 қазан 2021 ж.

Ауылда еңбекке жарамды адамдардың көбі жұмыс таппаған соң Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкентке кеткен дейді ол.

– Жұмыс істемесе мұндай жерде күн көру қиын ғой. Мысалы, бұрыш ектік. Берекесі болмады, 30 сотық жерден бар-жоғы төрт қап бұрыш жинап алдым. Келісін 50-60 теңгеден саттық. 10 мың теңге болмады. Карантин болған соң алушы да жоқ. Қалғаны жиналмай, сол күйі далада жатыр, – дейді Замира.

Замира Елшібектің төрт баласы бар. Күйеуі – жүргізуші. Қысы-жазы сыртта, табылған жұмысты істеу үшін айлап үй бетін көрмейді екен. 18 жастан асқан екі ұлы үйде, жұмыссыз.

Ауылда мектеп, балабақша мен әскери бөлімнен басқа жұмыс істейтін мекеме жоқ. Көктем мен күзде егістік жұмысына жалданады. Қыста бұл жұмыс та азаяды.

Достық ауылы тұрғыны Әбділдә Ешмұқанов. Түркістан облысы Келес ауданы, 5 қазан 2021 ж.

24 жыл бұрын Өзбекстаннан көшіп келген зейнеткер Әбділдә Ешмұқанов та ауылда өмір сүру қиындағанын айтады. Жұрттың көбі зейнетақы, жәрдемақымен күн көріп отыр. Қымбатшылық пен жұмыссыздық ауыл жұртын қажытқан.

– Кейде көшіп кетсем бе екен деп ойлаймын. Ауылда не су, не жол жоқ. Егін еге алмайсың. Еккен талымның бәрі қурап барады. Мал да жайына қалды. Жем-шөп қымбаттап кетті, – дейді зейнеткер.

ӘКІМДІК МӘСЕЛЕНІҢ БӘРІН БІЛЕДІ. БІРАҚ...

Ұшқын ауылдық округі әкімі Ғалымжан Байдосов Достық, Ұшқын, Қоралас ауылында инфрақұрылым жайында проблемалар барын, жұмыссыздық пен күнкөріс қиындығын жоққа шығармайды. Ол шекара аймағында проблема көп екенін біледі. Қазақстанда аудан, ауылдағы көп мәселені жергілікті биліктің қаржы тапшылығына сілтеуі – әдеттегі жағдайға айналған.

– Барлық мәселенің шешімі қаржыға келіп тіреледі. Келес ауданы жеке бөлініп шыққанына үш жыл болды. Жаңа аудан болған соң енді-енді аяққа тұрып жатыр. Ұшқын ауылындағы жолдың 80 пайызына асфальт төселген. Газ тартылған. Достық, Қоралас ауылы Ұшқыннан бір жарым шақырым жерде. Бірақ газ тартылмаған. Газ тартылмай жол төселмейді, – дейді әкім.

Достық ауылы. Түркістан облысы Келес ауданы, 5 қазан 2021 ж.

Әкімнің мәліметінше, Үшқын ауылдық округінде 7500-ден аса тұрғын болған. Санақ кезінде олардың саны алты мыңға да жетпейтіні анықталған. Күнкөріс қамымен басқа жаққа кеткендер көбейгенін әкім де айтады. Қалаға кеткендердің көбі жастар.

Ұшқын ауылдық округындағы халықтың 60 пайызы жұмысқа жарамды жастағылар болғанымен, бәріне бірдей тұрақты жұмыс жоқ. 6 мыңға жуық адамның 300-ден астамы мектеп, балабақша, әкімшілікте тұрақты жұмыс істейді. Қалғаны – "өзін-өзі жұмыспен қамтығандар" санатында. Жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы көбейген. Мысалы, жылдың бірінші тоқсанында 53 отбасыға жәрдемақы берілсе, үшінші тоқсанда олардың саны 120-дан асқан.

Қазақ-өзбек шекарасы Достық ауылы іргесінен өтеді. Түркістан облысы Келес ауданы, 5 қазан 2021 ж.