Орыс тіліне ресми мәртебе беру жайлы ұсыныс айтқан азаматтар арасында халық әртістері, танымал суретшілер мен кинематографтар болған. Ұсыныстың өзін елде "Кремль насихатшысы" деп аталатын сайттардың бірі жариялаған.
Азаттықтың Өзбек қызметінің жазуынша, бұл ұсыныс Ташкенттегі орыс мәдени орталығына 25 жыл толуына орай өткен салтанатты шара кезінде талқыланған. Бұл орталық "Россотрудничество" федералдық агенттіктің қаржысымен жұмыс істейді. Бұл ұсыныс бойынша қол жинау міндеті журналист Аъло Хаджаевқа жүктелген.
Өзбек журналисі Сардор Салимнің айтуынша, vesti.uz сайтында ұсыныс жарияланған күні небәрі үш адамның ғана қолы болған.
"Мақала жарияланған күні онда тек профессорлар Юсуф Абдуллаев, Муяссар Максудова және заңгер Сайёра Хаджаеваның пікірі ғана болған. Кейінірек онда өзге де әртістер мен өнер адамдарының қолдары пайда болды. Бірақ өзбекстандық интернет сегментінде бұл ұсынысқа байланысты өткір сындар айтыла бастаған соң Сайёра Хаджаеваның қолы алынып тасталды" дейді Сардор Салим.
Азаттық тілшісі өзбек тіліне ресми мәртебе беру туралы ұсыныс айтқан азаматтардың кейбірімен сөйлесе алды. Танымал мультипликатор Назим Толехожаев және СССР заманында танымал әртіс болған Бернара Кариева "өзбек ұлтының мәдени-ағартушылық кезеңінде жетекші рөл ойнаған орыс тіліне ресми мәртебе беру" әділдік болар еді деп айтқан.
"БІЗДІ АДАМ ЕТКЕН ОРЫСТАРҒА АЛҒЫС АЙТПАСАҚ, ҚҰДАЙ БІЗДІ ЖАЗАЛАЙДЫ"
Бернара Кариева 3 мамырда Азаттық тілшісіне берген сұхбатында "орыс тіліне ресми мәртебе беру - бізді тәрбиелеген совет одағы мен оның негізін қалаған ұлы орыс халқына деген құрмет белгісін білдіреді" деп айтқан. Ол елде "советтік кезеңнің жұрнағы ретінде" саналатын "георгий ленталарымен күресті" жаратпайтынын білдіріп, бұл тұрғыда биліктің екіұшты позициясына наразы танытқан.
- Маған Аъло Максумович (журналист Аъло Хаджаев – Ред.) хабарласты. Ол маған "бізге Лавров келеді, оның сапары қарсаңында Өзбекстанда орыс тіліне ресми статус беру бастамасын көтердік, сіз де қол қойыңыз" деді. Мен "әрине" дедім. Себебі өзбек тілін білмеймін. Онда тұрған не бар? Мен Мәскеуде оқыдым, сонда тұрдым. Өзбек тілін не үшін меңгеруім керек? Оған күш жұмсаудың не қажеті бар? Жасым болса 80-ге келді. Қартайған шақта өзбек тілін не үшін үйренуім керек? Дәріханаға кірсем, дәрі-дәрмек қорапшасында барлығы өзбек тілінде жазылады. Мен нұсқаулықтың орыс тілінде жазылғанын қалаймын. Егер орыс тіліне мемлекеттік статус берсе, бұл біздің орыс халқына айтқан алғысымыздың белгісі болады. Егер мұны жасамасақ, онда бізді құдай жазалайды, - деді ол.
"ЖОҒАРЫДАН КЕЛГЕН ТАПСЫРМА"
Ұзақ жылдар бойы Өзбекстан президентінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған танымал өзбек жазушысы Мурод Мухаммад Дуст "орыс тіліне мемлекеттік статус беру туралы ұсыныс" "жоғарыдан" келген "тапсырма" деп санайды.
"Егер сіз назар аударған болсаңыз, басында бұл ұсынысты қолдаған адамдар саны үш-ақ адам болды, кейінірек тағы 20 адам қосылды. Бұл адамдардың "ресейшіл" адамдар екеніне күмәнім жоқ, бірақ бастаманың солардан шыққанына күмәнім бар. Егер жоғарыдан бұйрық түспесе, олар мұндайға бара алмас еді. Мұның ұйымдасқан түрде жасалған бастама екені анық. Бұлардың артында кім тұрғанын тек болжауға ғана болады. Бастаманың шынайы авторлары туралы ресми жауап шыққан соң біле аламыз" деп жазды ол Facebook-тағы парақшасында.
Ол сонымен бірге "халық мүддесінің ойыншық емес екенін, мұндай жалған бастамаларды саяси ойындарда пайдаланам дейтіндер болса, опық жейді" деп айтқан.
ӨЗБЕКСТАННЫҢ РЕСЕЙСІЗ КҮНІ ҚАРАҢ БА?
Кейбір өзбек зиялы қауым өкілдері орыс тілінің арқасында әлемдік мәдениет пен ғылымға жол ашылғанын, ал өзбек ғалымдары мен жазушыларының әлемге сол тілдің көмегімен танымал болғанын айтады.
80 жастағы балерина Бернара Кариева егер Өзбекстан Ресейден жырақ кетсе, тарихи сахнадағы рөлі әлсіреуі мүмкін деп санайды. Ал өзбек суретшісі Вячеслав Ахунов мұндай ұсыныс айтқандарды "отарлық санадан айыға алмаған" "өткенді аңсайтын адамдар" деп атайды.
"Олардың бәрі өткен шақтың тұтқындары. Олар өткенмен өмір сүреді. Себебі совет кезінде тәрбиеленген. Сол кезді аңсап, Кремль ойындарының қуыршақтарына айналады. Орыс тілін ұлтаралық тіл деп атау - бұл таза отарлық сана, империядан қалған мұра. Қазір халықаралық қатынас тілі туралы айту керек, бірақ орыс тілі халықаралық қатынас мәртебесіне жете қойған жоқ. Ресей мәдениеттің жанданған ортасы емес. Лондон, Мадрид, Вена, Париж, Берлинді солай деп айта аламыз. Егер біз мәдениетті меңгергіміз келсе, онда ағылшын, неміс, испан тілдерін меңгеруіміз қажет. Ешкім сізге орыс тілінде сөйлемейді. Ал Өзбекстанда өзбек тілі мемлекеттік тіл болып қалуы керек. Құжаттар мен заңдар мемлекеттік тілде жазылуы тиіс" деді ол.
1989 жылы 21 қазанда Өзбек ССР жоғары кеңесі өзбек тіліне мемлекеттік тіл статусын беру туралы заң қабылдады.
"Мемлекеттік тіл туралы" заң баспасөзде қызу талқыланды. Өзбек зиялыларының көбі сол заңды қолдаған.
Алайда сарапшылар содан бері 30 жыл өткеніне қарамастан өзбек тілінің мемлекеттік деңгейге көтеріле алмағанын жиі айтады. Қазіргі кезде орыс тілі Қазақстан және Қырғызстанда ресми тіл мәртебесіне ие. Тәжікстанда халықаралық қатынас тілі саналады.
Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы.