Қазақстанда қыздарға адам папиллома вирусына қарсы екпе салынады. Қашан, қалай, не үшін?

Қазақстанда жатыр мойны обыры ең көп таралған аурулар тізімінде омырау рагынан кейінгі орында тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 95 пайыз жағдайда жатыр мойны обыры адам папиллома вирусынан болады. Елде адам папиллома вирусына қарсы вакцина салу науқаны қайта басталмақ. 10 жыл бұрын халықтың қарсылығына байланысты вакцинация науқаны басталған бойда тоқтап қалып еді. Азаттық онколог дәрігермен сөйлесіп, ата-ананы алаңдатқан сұрақтарға жауап алды.

Қазақстан адам папиллома вирусына қарсы екпе салуды Орталық Азияда бірінші болып қолға алған. Бірақ бұл науқан нәтижелі аяқталған жоқ. 2013-2015 жылдары Алматы, Астана, Павлодар және Атырау облыстарында қыздарға адам папиллома вирусына қарсы екпе салынды. 17 мың адам вакцинаның бір не үш дозасын (сол кездегі толық екпе курсы) алды.

Көп ұзамай ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде негатив пікір көбейіп, бағдарламаны тоқтатуға тура келді. Бұған Павлодар облысында екі қыздың екпе салдырғаннан кейін есінен танып құлауы себеп болды. Денсаулық сақтау министрлігінің жанындағы комиссия бұл оқиғаға қатысты зерттеу жүргізіп, қыздардың талып қалуы препараттан емес, вакцинация жүргізу тәртібінен деген қорытындыға келді. Бірақ вакцинация науқаны қайта жүргізілмеді.

Бағдарламаның жүзеге аспауы халықты ақпараттандыру жұмысының дұрыс жүргізілмеуі, азаматтардың отандық медицинаға сенбеуі сияқты себептермен түсіндірілді.

Одан бері Өзбекстан адам папиллома вирусына қарсы вакцинаны ұлттық екпелер күнтізбесіне енгізіп, мақсатты топтың 95 пайызын қамтыған бірінші орталықазиялық мемлекетке айналды. Осы уақыт ішінде әлем бұрын-соңды болмаған пандемияны басынан өткерді. Бұл дүниежүзінде вакцинаға қарсы көңіл-күй жоғары екенін көрсетті.

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі келер жылы адам папиллома вирусына қарсы екпе салуды қайта қолға алмақ. Ведомствоның дерегінше, қазір ұйымдастыру, екпе өндіруші компаниялармен келіссөз жүргізу, вакцинация жүретін орынды (мектеп не аурухана) анықтау мәселесі шешіліп жатыр. Министрлік осыған дейінгі негатив тәжірибені ескеруге тырысқан.

Осыған қарамастан, Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы вакцина туралы алып-қашпа әңгіме азайған жоқ. Қатерлі ісікпен ауырған ата-ананың өзі екпеге күмәнданып қарайды.

Олардың қатарында Динара Сейқалиева да бар. 10 жыл бұрын Динараға омырау рагы диагнозы қойылған. Операция, сәуле және химия терапиясынан кейін аурудың беті қайтқан. Бірақ бірнеше жыл бұрын науқастың өкпесінен қатерлі ісік табылған.

– Рак не екенін жақсы білемін. Адам папиллома вирусының ракпен байланысы туралы естігенмін. Еуропада балаларға осындай екпе салады. Баламды қатерлі ісіктен қорғағым келеді, бірақ күдігім көп, – дейді ол.

Динара 15 жастағы қызын қатерлі ісіктен қорғау үшін вакцина салғызуға қарсы емес. Бірақ әлі де екпенің қауіпсіздігі мен тиімділігіне қатысты сұрағы көп.

Азаттық Динараны алаңдатқан жайттарды жоғары дәрежелі хирург-онколог, Павлодар облыстық онкология диспансері директорының орынбасары Телман Әлғожиннен және денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінен сұрап көрді.

АДАМ ПАПИЛЛОМА ВИРУСЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Адам папиллома вирусы – әлемдегі ең көп таралған вирус. Оның алуан түрі бар. Қазірге дейін зерттелген штамдарының өзі 200-ден асады. Ең қауіпті түрі – 16 және 18-типтегі вирус. Мұндай онкогенді вирустар жатыр мойны мен вульвада, ер адамның жыныс мүшесі мен шырышты қабаты бар басқа да органдарында обыр ауруын туғызады.

Адам папиллома вирусының тағы 10 түрі қауіпсіз ісік шақырады. Штамдардан сүйел, кондилома, респираторлық папилломатоза пайда болады.

Вирус байланыс арқылы жұғады. Заттардың беткі қабатында ұзақ өмір сүре алмайды. Сондықтан көбіне жыныстық жолмен тарайды.

Адам папиллома вирусы әйелдерге өте қауіпті. Кейінгі бес жылда Қазақстанда 2 948 әйел жатыр мойны обырынан көз жұмған. Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған статистикаға сүйенсек, бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып барады. Кейінгі бес жылда 148 әйел вульва мен қынап рагынан қайтыс болған.

Адам папиллома вирусының онкогенді түрлері ерлерге де зиян. 2018-2022 жылдары жыныс мүшесі мен анустағы рактан 95 ер адам көз жұмған. Кейінгі бес жылда тіл, ауыз қуысы мен тамақ-өңеш рагынан мың науқас өлген.

АДАМ ПАПИЛЛОМА ВИРУСЫН ҚАЛАЙ АНЫҚТАУҒА БОЛАДЫ?

Павлодар облыстық онкология диспансері директорының орынбасары, хирург-онколог Тельман Әлғожин. Павлодар, 10 наурыз, 2023 жыл.

Хирург-онколог Телман Әлғожин:

Ауру белгілері байқалмайды. Яғни адам өзіне вирус жұққанын білмеуі де мүмкін. Вирус зертханалық сараптама көмегімен анықталады. Бұл аурудың емі жоқ. Әзірге вирусқа қарсы препарат табылмады. Өйткені вирус жасушаға енеді. Оның көзін жою үшін жасушаны да өлтіру керек. Дәрігер науқасқа вирусқа қарсы препарат жазып берсе, не ол кәсібін дұрыс білмейді, не коммерциялық мүддесі бар деген сөз.

Адам папиллома вирусы емдеуді қажет етпейді. Бұл ауру коронавирус не тұмау сияқты байқалмайды. Адамның иммун жүйесі антидене түзеді, 1,5-2 жылда ағза вирусты жеңіп шығады. Бірақ адам папиллома вирусының кей штамдарына иммун жүйесінің шамасы жетпейді. Қатерлі ісікке айналмай тұрып, вирус көп жыл бойы жасушада өмір сүре беруі мүмкін. Ұзақтығы иммун жүйесіне байланысты.

АДАМ ПАПИЛЛОМА ВИРУСЫНАН ҚОРҒАНУДЫҢ ВАКЦИНАДАН БАСҚА ЖОЛЫ ЖОҚ ПА?

Хирург-онколог Телман Әлғожин:

Ғылыми тұрғыда дәлелденген жалғыз жолы – вакцина салғызу. Екпе вирус салдарынан туған қатерлі ісіктен немесе басқа да аурулардан емдемейді. Кез келген вакцина сияқты бұл да – алдын алу шарасы. Балаларға бірінші жыныстық серігі пайда болғанша, 9-11 жасқа дейін салады. Жыныстық серігіңіз көп болған сайын, адам папиллома вирусын жұқтыру ықтималдығы арта береді. Екпені 45 жасқа толмаған кез келген адам салғыза алады.

ВАКЦИНАЦИЯ ЖҮРГІЗГЕН ЕЛДЕРДЕ ҚАТЕРЛІ ІСІК СТАТИСТИКАСЫ ӨЗГЕРДІ МЕ?

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі Австралия, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Германия тәжірибесіне сүйеніп отыр. Ведомствоның дерегінше, Австралия – 2007 жылы адам папиллома вирусына қарсы екпе енгізген алғашқы мемлекеттердің бірі. Бағдарлама нәтижесінде 18-24 жас аралығындағы австралиялық әйелдердің адам папиллома вирусын жұқтыруы 22 есе (22,7% пайыздан 1,5% пайызға дейін) азайған. Жатыр мойны обырымен ауыру 50 пайыз кеміген. 2035 жылға қарай жатыр мойны обырынан болатын өлім-жітім деңгейі 100 мың әйелге шаққанда 1-ге жетпеуі керек деген болжам жасалған.

ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙЛАРДА ЕКПЕ САЛДЫРУҒА БОЛМАЙДЫ?

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, тоғыз жасқа дейінгі балаға және 55 жастан асқан кісіге, екпе құрамындағы заттарға сезімталдығы бар, жүкті, бала емізіп жүрген немесе дене қызуы көтеріліп тұрған адамға вакцина салуға болмайды.

ВАКЦИНАДАН ҚАНДАЙ КЕРІ ӘСЕР БОЛУЫ МҮМКІН?

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, вакцина өндірушілер мынадай кері әсерлер болуы мүмкін деп көрсетеді: бас ауыруы, дене қызуының көтерілуі, қызару, ісіну, екпе салған жердің ауыруы. Сирек кездесетін жағдайлар: бас айналуы, жүрек айнуы, аяқ-қолдың ауыруы, екпе салған жерге қан ұйып, көгеріп қалуы және ілуде бір бронхоспазм болады.

Хирург-онколог Телман Әлғожин:

Адам папиллома вирусына қарсы вакцина көпжылдық зерттеуден өткен. Ол туралы алғаш рет өткен ғасырдың 30-жылдары айтыла бастады. Ондаған жыл бұрын қолданысқа енді. Қазірге дейін әлемде 200 миллион адам осы вакцина түрін салғызған.

ВАКЦИНАЦИЯ ЕРІКТІ ӘРІ ТЕГІН ЖҮРЕ МЕ?

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, адам папиллома вирусына қарсы вакцинация мақсатты топқа жататын 11 жастағы қыздарға тегін болады. Министрлік бұл бағдарламаға одан кіші не үлкен қыздардың қатысу мүмкіндігі туралы ақпарат бермеді. Вакцинация ерікті түрде ата-анасының немесе қамқоршысының жазбаша келісімі арқылы жүреді.

ҚАНДАЙ ПРЕПАРАТ САЛЫНАТЫНЫ БЕЛГІЛІ МЕ?

Денсаулық сақтау министрлігі бұл сұраққа жауап бермеді. Тек бұл мәселе шешіліп жатыр деп хабарлады. Осыған дейін ақпарат құралдарында Қазақстан америкалық вакцинаны сатып алады деген жаңалық тарап еді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы Диляра Қайдарова айтқан. Бірақ ведомство Азаттыққа жауабында мұндай ақпарат бермеді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ВАКЦИНАЦИЯДАН КЕЙІН ЗЕРТТЕУ ЖҮРГІЗІЛІП, ЕКПЕНІҢ ТИІМДІЛІГІ АНЫҚТАЛДЫ МА?

Хирург-онколог Телман Әлғожин:

Ол кезде Павлодар облысында 3 мыңнан астам адамға вакцина салынды. 2021 жылдың аяғында онкология институты зерттеу жүргізді, оған 2013 жылы екпе алған қыздар қатысты. Қазір олар – жас әйелдер, кейбірінің үш баласы бар. Зерттеуге қатысуға келіскендердің жатыр мойнынан сынама алынды. Мамандар оның нәтижесін дәл осы жастағы, екпе алмаған әйелдің сынамасымен салыстырған. Вакцина алған 100 және екпе салдырмаған тағы сонша әйелдің қатысуымен өткен зерттеудің нәтижесі былай болды: вакцинациядан өткен әйелдердің 99 пайызының жатыр мойнынан еш өзгеріс байқалмаған. Екпе салдырмаған әйелдердің 40 пайызы дисплазия (тіндер құрылымының өзгеруі – ред.) табылған. Бұл әйелдер қауіп-қатер тобына жатады.

ВАКЦИНА ӨМІР БОЙЫНА ВИРУСҚА ҚАРСЫ ИММУНИТЕТ ҚАЛЫПТАСТЫРА МА?

Хирург-онколог Телман Әлғожин:

Вакцина вирустан 8-10 жылға қорғайды. Кейін тағы салу керек. Екпе салдырған адамның өзі жылына бір рет гинекологқа қаралып тұруы керек. Әр төрт жыл сайын скринингіден өту қажет.