"Ақорда іріктеген депутаттар". Мәжілістің жаңа құрамынан не күтеміз?

Сегізінші сайланған мәжіліс мүшелері Орталық сайлау комиссиясына депутат куәлігі мен төсбелгісін алуға келіп отыр. Астана, 28 наурыз, 2023 жыл

Қазақстандағы кезектен тыс мәжіліс пен мәслихат сайлауының нәтижесінде парламентке билікке адал алты партия өтті. Мәжілістегі 40 орын "Аманат" партиясының өкілдеріне тиді, 29 депутат қалған бес партиядан сайланды. Сайлауда өзін-өзі ұсынған кандидаттардың да көбі "Аманат" партиясының мүшелері болып шықты. Сарапшылар "тағы да биліктің аузына қараған депутаттар сайланды", "парламенттегі алдағы қойылымдардың репертуары Ақордада жазылады" дейді.

27 наурызда Орталық сайлау комиссиясы сайлау қорытындысын жариялап, партияларға мандат бөліп берді. Билік партиясы "Аманат" 40, "Ауыл" сегіз, Қазақстан халық партиясы бес, өзін оппозицияға жатқызатын Жалпыұлттық социал-демократиялық партия төрт, "Республика" алты, "Ақ жол" да алты орынға ие болды.

Мәжіліске бірмандатты округтер бойынша өткен 29 кандидаттың 22-сі – "Аманат" партиясының өкілі. Осылай билік партиясы парламенттен ең көп орын алып отыр.

Тоқаев бұл сайлауды "ауқымды өзгерістердің лайықты жалғасы" деп атап, мәжілістің жаңа құрамының отырысын 29 наурызға белгіледі.

ЕҚЫҰ бақылаушылары дауыс санау процесі әділ әрі ашық өтті ме деп алаңдаушылық білдірді, ал тәуелсіз кандидаттар сайлау қорытындысын мойындамай, сотқа жүгінді.

Your browser doesn’t support HTML5

Сайлау қорытындысы, наразылық, бақылаушылардың бағасы

ШЕНЕУНІКТЕР, БҰРЫНҒЫ ДЕПУТАТТАР ЖӘНЕ "АМАНАТТЫҚ" АЙТЫСКЕРЛЕР

28 наурыз күні таңертең "Аманат" партиясы 40 кандидаттың тізімін бекітті. Баспасөз хабарламасында партия фракциясының 32 пайызы әйелдер мен 35 жасқа дейінгі жастар және мүгедектігі бар азаматтар болатыны жазылған.

"Аманат" фракциясында парламенттің VII шақырылымынан мәжілістің бұрынғы спикері Ерлан Қошанов, партияның атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев, депутаттар Альберт Рау, Константин Авершин, Наталья Дементьева, Снежана Имашева, Павел Казанцев, Айгүл Құспан, Ерлан Сайыров, Айдос Сарым, Екатерина Смышляева және басқалары қалды. Жалпы алғанда, партияға мүше 20 депутат қызметін жалғастыратын болды.

Депутат болып сайланғандар ішінде бұрын үкіметте, мемлекеттік органдарда істеген адамдар да бар. Мысалы, бұрынғы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, қаржы вице-министрі Татьяна Савельева, ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиев, бұрынғы әкім әрі министр Бақтықожа Ізмұхамбетов, Конституциялық кеңестің бұрынғы мүшесі Үнзила Шапақ депутат атанды. Мәжілістің IV және V шақырылымдарында "Нұр Отанның" атынан депутат болған Мұрат Әбенов те саясатқа оралды.

Одан бөлек, "Аманаттың" мәжілістегі өкілдерінің қатарына журналист Мақсат Толықбай, Нартай Сәрсенғалиев, Жанарбек Әшімжан, Сергей Пономарев, айтыскер Аманжол Әлтай мен Ринат Зайытов қосылды. Зайытов 2019 жылы Тоқаевты президент етіп сайлауға қарсылық білдіріп, сайлау күні Алматыда оны полиция ұстап әкетіп еді. Артынша Зайытовты босатуды талап етіп, мыңдаған адам көшеге шыққан. Полициядан босағаннан кейін айтыскер ақын халыққа "үйлеріңе қайтыңдар" деген. Осыдан кейін Зайытов билікті сынамайтын болды. Ол полицияға ұсталғанға дейін "Билікті "Нұр Отанның" қолына бермейміз" деп ұрандап еді.

Орталық сайлау комиссиясы жаңадан сайланған Мәжіліс депутаттарын тіркеп, оларға депутат куәлігі мен төсбелгісін тапсырды. Астана, 28 наурыз, 2023 жыл

КӘСІПКЕРЛЕР МЕН ПРЕЗИДЕНТТІККЕ КАНДИДАТТАР

Қазақстан халық партиясының партиялық тізімінде ұйым төрағасы Ермұхамет Ертісбаевтың өзі жоқ. Тізімге осыған дейін депутат болған Магеррам Магеррамов пен Ирина Смирнова, көпбалалы аналар бірлестігінің басшысы Гауһар Танашева, мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғаушы Кенжегүл Сейітжан және жаңа жастар саясатын қолдап жүрген белсенді Ислам Сұңкар енген.

"Ақ жол" партиясынан парламентке әдеттегідей ұйым төрағасы, 2005 жылғы сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді өкілі, кейін "Нұр Отан" саяси кеңесі бюросының құрамында болған, Назарбаев отставкаға кеткенде жылаған Азат Перуашев өтті. VII шақырылымда депутат болған экономист Ерлан Барлыбаев, қаржыгер, президенттікке үміткер болған Дания Еспаева, ақын Қазыбек Иса мәжілістегі орнын сақтап қалды. "Ақ жол" депутаттарының қатарына жас кәсіпкер Ержан Бейсенбаев пен ақтөбелік кәсіпкер Асқар Садықов қосылды.

Жаңадан құрылған "Республика" партиясының фракциясына ұйым төрағалары, орталық аппарат басшысы кірді. Атап айтсақ, "Олжа Агро" агрохолдингінің бас директоры Айдарбек Қожаназаров, Akniet Pharmaceuticals компаниясының басшысы Руслан Берденов, "АгромашХолдинг KZ" президенті Динара Шұқыжанова және Олжас Күспеков. Одан бөлек, мәжілістегі "Республика" өкілдерінің қатарын Динара Наумова мен Нұргүл Тау да толықтырды.

Your browser doesn’t support HTML5

Жаңа депутаттар Қаңтарды қайта тергеуді талап ете ме?

"Ауыл" партиясы мәжіліске өз басшысы, 2022 жылғы президент сайлауына қатысқан Жигули Дайрабаевты жіберген. Ол сайлауалды науқанда жілік шағып, ат тағалағанымен есте қалған еді.

Президенттікке үміткер болған тағы бір тұлға – "Қазақ қызы" қоғамдық бірлестігінің президенті, "Қазақ қызы болғаныңды мақтан тұт" кітабының авторы, сайлауалды бағдарламасында консерватив отбасы құндылықтарын насихаттаған Қарақат Әбден де депутат болды. Мәжіліске бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі Серік Егізбаев, "Ауыл" партиясының басқа мүшелері мен университетте дәріс беретін оқытушылар да өтті.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан ұйым төрағасы Асхат Рахымжанов, президент сайлауында үміткер болған Нұрлан Әуесбаев, Ажар Сағындықова мен Наурыз Сайлаубай депутат мандатын алды.

Сегізінші сайланған мәжіліс депутаттары Орталық сайлау комиссиясында отыр. Астана, 28 наурыз, 2023 жыл

"САЙЛАУ ӘДІЛ ӘРІ АШЫҚ ӨТПЕСЕ, ДЕПУТАТТАР САЙЛАНБАЙДЫ, ТАҒАЙЫНДАЛАДЫ"

Саяси сарапшы Виктор Ковтуновский "Ескі Қазақстан" бойынша бағаласақ, парламент құрамында елеулі өзгерістер болды" дейді. Бірақ мәжілісте жаңа адамдардың көбеюі "заң шығарушы органның сапасы жақсарды" дегенді білдірмейді. Халық депутаттардың көбін танымайды.

– Депутаттар кастингісі Ақордада өткендіктен, болашақ парламент қойылымдарының репертуары да сол жақта жазылады. Жаңа пьесалар болады деп күтпеймін. Саяси драматургтердің қиялы депутаттардың аты-жөнін ауыстырудан әріге бармайтын сияқты, – дейді Ковтуновский.

Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті, 1999-2005 жылдары сенат депутаты болған Зәуреш Батталованың пікірінше, депутаттарды блогер, спортшы болғанына қарап бағаламау керек. Өйткені әртістен де жақсы депутат шығуы мүмкін. Батталова "сайлау әділ өтті ме, негізгі мәселе осында" дейді.

– Сайлау әділ әрі ашық өтпеген болса, депутаттар сайланған жоқ, оларды тағайындады деген сөз. Демек, олардың аяқ-қолы байлаулы. Мұндай депутаттан не күтуге болады? Өкінішке қарай, мұндай депутаттар халықтың мұң-мұқтажын жеткізеді, адам құқықтары үшін күреседі, азаматтардың өмір сапасын көтереді, билікке ыңғайсыз сұрақтар қояды деп үміттенбеймін, – дейді Батталова.

Your browser doesn’t support HTML5

Батталова: Мәжіліске билік тағайындаған, "қолы байланған" депутаттар келді

Сарапшы өзін-өзі ұсынған кандидаттарға қатысты үміт те ақталмағанын (29 депутаттың 22-сі "Аманат" партиясынан сайланған) айтты.

– Өзін-өзі ұсыну мүмкіндігі туралы айтқанда, халық тәуелсіз кандидаттар болады, парламентке солар өтеді деп сенді. Тағы да үмітіміз ақталған жоқ. Қазақстандық партиялардың сиқы қандай? Бәрі – билікті жақтайтын, соның аузына қарап, бұйрығын күтіп отыратын партиялар, – дейді Зәуреш Батталова.

Батталова бұрынғы президент пен қазіргі мемлекет басшысының арасында әлі де бәсеке жүріп жатыр деп есептейді. Тоқаев өзіне адал адамдардан команда жинап алған. Бірақ сарапшы парламенттің рөлі әлсіз екенін, заң жобасындағы өзгерістердің бәрі үкіметпен келісілетінін айтады.

Your browser doesn’t support HTML5

Бір аптадан асса да, бақылаушылар сайлау хаттамасын алмаған

"БІР ЖАРЫМ ПАРТИЯЛЫҚ МӘЖІЛІС"

"Стратегия" әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының президенті Гүлмира Илеуова алты партия мандат алғанымен, мәжіліс "бір жарым партиялық палата" болып қалды, тек енді жарты партия рөлін бес партия атқарады дейді.

Сарапшы мәжілісте классикалық депутаттардан бөлек, "командалық ойынға" үйренбеген, бірақ көпшілікке танымал тұлғалар да барына назар аударады.

– Олардың табиғаты бәрібір басым түседі. Мәжілістің жаңа бейнесін осы адамдар қалыптастырады деп ойлаймын. Партиялық тәртіп қатаң сақталмайды. Бұл – жұрт арасында танымал болған, әлеуметтік желіде қолданушыларға ұнағысы келетін жаңа форматтағы адамдар. Сондықтан мәжілістен күтпеген тосын сый, – дейді "Стратегия" орталығының директоры.

Гүлмира Илеуова партия ішінде қарым-қатынас құруға талпыныс мәжіліс жұмысына әсер етеді деп болжайды.

– Өйткені жаңа партиялар, мысалы, "Республика" немесе "Ауыл" фракциясы – бір-бірімен кейінгі екі айда ғана танысқан адамдар. Жигули Дайрабаев пен Қарақат Әбден партияға мүше болмаған. Аяқ астынан партияға өтіп кетті. Екеуінің де идеологиядан хабары жоқ. Олар қандай мүдденің айналасына бірігіп, нендей идеология қалыптастыруы керек? – дейді сарапшы.

Виктор Ковтуновский билік жаңа партияларға өз саясатын жүргізуге мүмкіндік береді дегенге сенбейді.

– Не олардан, не басқа фракция мен өзін-өзі ұсынған депутаттардан салмақты импровизация күтпеймін, – дейді саяси сарапшы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Хаттаманы өзгертіп, сыртымыздан қол қойды". Сот сайлау бұрмаланғанын айтқан кандидаттың талабын орындамады"Ескі әдіс". Тәуелсіз кандидаттарды сайлаудан шеттетудің астарында не жатыр?"Ашық бұрмалау". Кандидаттар сайлаудағы заңбұзушылықтар туралы дәлел жинаса да, сотқа сөзін өткізе алмай отыр "Әлеуметтік толқу қаупін" арттырған "Назарбаев стиліндегі сайлау""Сайлауды қайта өткізу керек!" Депутаттыққа өзін-өзі ұсынған кандидаттар дауыс беру нәтижесіне қарсы