Мамандығы дипломат президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық отырыстар болмаса, Қазақстандағы ішкі саяси жиындарда сирек көрінеді.
ҮКІМЕТТІ СЫНАП, МИНИСТРЛІКТІ МАҚТАДЫ
Былтыр желтоқсан айында Екібастұз қаласының жылу жүйесіндегі апаттан кейін өткізілген үкіметтің кеңейтілген отырысы президенттің 2022 жылы кабинет мүшелерімен өткізген соңғы жиыны болды. Бұл 20 қарашадағы кезектен тыс президент сайлаудан кейінгі аз ғана ауыс-түйістен соң президенттің қатысуымен өткізілген үкіметтің алғашқы басқосуы еді.
Сол жиында президент Тоқаев премьер-министрден бастап, үкімет жұмысын сынға алған. Жекелеген министрліктер мен әкімдіктерге қарата кемшіліктерді сөз еткен президент сырты істер министрлігінің жұмысына ғана оң баға берді.
"Сыртқы істер министрлігі шетелден инвестор тарту үшін тиімді жұмыс атқарып жатқанын атап өткен жөн. Елшілер шетелде түрлі кездесу өткізіп, елімізге инвесторларды жетелеп әкеледі деуге болады. Бірақ жобаны жүзеге асыратын кезде, жергілікті жерде түрлі мәселе туындайды. Бір сөзбен айтсақ, біз дайын инвесторлардан айырылып қалып жатырмыз" деген президент Тоқаев.
"САЯСАТТЫ СЕЗІНУ"
Президент Тоқаев парламент сенаты төрағасы болған тұста да шетелдік дипломатиялық лауазымды тұлғалармен жиі кездесетін.
2019 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев орнынан кетерде, президенттікке Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынған. Сонда ол Тоқаевтың бірнеше шет тілінде еркін сөйлейтініне және сыртқы саясаттағы тәжірибесіне мән беретінін мәлімдеген.
"Ол – Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлегі, ғылым докторы, қытай, ағылшын және француз тілдерін еркін меңгерген. Басшылық орындарында мол тәжірибе жинаған. Елдің сыртқы саясатын қалыптастыру кезінде сыртқы істер министрі болды. Премьер-министрдің орынбасары, сыртқы істер министрі, премьер-министр, сенат төрағасы болды. Елдің экономикасы мен саясатын жетік біледі. БҰҰ бас хатшысының орынбасары болып жұмыс істеді... Елдің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақсы сезінеді. Қазақстанды басқаруға лайықты азамат", деген Назарбаев Тоқаев туралы.
Қасым-Жомарт Тоқаев 1975 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген соң СССР-дің Қытайдағы және Сингапурдағы елшіліктерінде әртүрлі қызмет атқарды.
Ал Қазақстан тәуелсіздік алған соң, ол Алматыдағы қызметін сыртқы істер министрінің орынбасарлығынан бастады. Тоқаев – сыртқы саясат тұжырымдамасын жасаушылардың бірі. Ол 1993 жылы Ресей дипломатиялық академиясын тәмамдаған.
Тоқаевтың докторлық зерттеу жұмысы да сыртқы саясат тақырыбына арналған. Ол премьер-министр қызметін атқарған 2001 жылы Мәскеуге барып, Ресей дипломатия академиясында "Жаңа әлемдік жүйенің қалыптасу кезіндегі Қазақстан" тақырыбында докторлық диссертациясын қорғаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев пен Назарбаев арасындағы "сауда", экс-президент "құрбан еткен" Мәсімов, режимге "сынақ""НАЗАРБАЕВСЫЗ ӨМІР СҮРУ"
2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін бір ай өтпей жатып президент әкімшілігінің басшысы ауысты. Осы қызмет жүктелген Мұрат Нұртілеу – халықаралық қатынас маманы, көбіне елшіліктерде, сыртқы істер министрлігінде қызмет атқарған.
Ал Қаңтар оқиғасынан жарты жыл өткенде, маусым айында президент Тоқаев мемлекеттік кеңесшінің мәртебесі мен өкілеті туралы жарлыққа қол қойған. Тікелей президентке бағынатын мемлекеттік кеңесшінің бірінші өкілеті ішкі саясат бойынша стратегиялық ұсыныстар әзірлеу. Елде ішкі саясатты жүзеге асырумен президент әкімшілігі айналысады. Президент әкімшілігі ішкі саяси тұрақтылыққа да жауап береді.
Мемлекеттік кеңесші қызметіне бұрын президент Тоқаевтың көмекшісі, кеңесшісі, мемлекеттік хатшы болған Ерлан Қарин тағайындалды.
Азаттық сарапшылардан президент Тоқаевтың ішкі саясатының сипаты және оны жүзеге асырушылар жайлы сұрап көрді. Олар Тоқаев билікке келгеннен бері өз командасын толық қалыптастырып үлгермеді деп есептейді.
Саясаттанушы Серік Белгібайдың айтуынша, Тоқаевтың ішкі саясаты туралы сұрақтарға жауап беру үшін мынандай мәселелерге назар аудару керек болады.
– 2019 жылы Тоқаев президенттікке келгеннен бері билік консолидациясы әлі қалыптасып бітпей жатыр. Назарбаев төңірегіндегілердің біразы президентпен қалды. Арада сәл уақыт өткенде жұрт Тоқаевтың президент екеніне де үйрене бастады. Басында бұл кейбіреулер үшін күтпеген жағдай болды. Қазір адамдар Назарбаевсыз өмір сүруге үйренді. Қайта Назарбаевсыз өмір сүру оның кезімен салыстырғанда көбірек жақсы екенін түсінді, – дейді саясаттанушы.
Серік Белгібай Тоқаевтың ішкі саясатын айқындауда Қаңтар оқиғасы маңызды роль атқарғанымен, әлі де белгісіз жайт көп деп санайды. Айтуынша, қазір Ақорда мен кітапхана (экс-президент Назарбаевтың кеңсесі сонда – ред.) арасында алшақтық пайда болған. Қазір ішкі саясатқа кім көбірек жауап беретінін дөп басып айту қиын. Президент әкімшілігінің қазіргі басшысы Мұрат Нұртілеу де көбіне сыртқы істер министрлігі жүйесінде жұмыс істеген. Мұндайда мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жиі көзге түсіп жүр деп санайды саясаттанушы.
КӨРІНБЕГЕН ЕКІНШІ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЫҚПАЛЫ
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов президент Тоқаевтың Қаңтар оқиғасына дейін ішкі саясатқа ықпал ете алмағанын айтады.
– Тоқаевтың ықпалы Қаңтар оқиғасынан кейін байқала бастады. Ішкі саясат президент әкімшілігінің басшысы мен орынбасарлары және мемлекеттік кеңесші арқылы жүзеге асады. Оған президент әкімшілігіне тәуелді парламент пен әкімдер қатысып отыр, – дейді Нұрсейітов Азаттыққа.
Ол президент әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу көбіне сыртқы саясат мекемесінде жұмыс жасаса да, Тоқаев сенат төрағасы болған кезде сенаттың аппаратын басқарғанын айтады.
Шалқар Нұрсейітов Тоқаев пен Нұртілеуді байланыстыратын тағы бір жайға мән береді. Президенттің ұлы Тимур Тоқаев пен Нұртілеудің інісі Шалқар Нұртілеу екеуі бизнес-серіктес. Бұл туралы Азаттық зерттеуінде жазған болатын.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаевтың Алматыдағы құпия үйі. Туыстарының бизнесіСаясаттанушы Қаңтар оқиғасынан кейін президент Тоқаевтың мемлекеттік кеңесші өкілетін ұлғайтқанына назар аударады.
– Оған дейін мемлекеттік хатшы президенттің көлеңкесінде жүретін қызмет сияқты еді. Бұрын мемлекеттік хатшы лауазымы, басқа қызметке тағайындалғанға дейін салмақты саясаткерлер уақытша атқаратын қызмет сияқты көрінетін. Конституциялық реформа барысында мемлекеттік хатшы лауазымы мемлекеттік кеңесші болып өзгертілді. Бұл белгілі бір дәрежеде президент әкімшілігі басшысының орынбасары атқаратын қызметті жүктеп алғандай сезіледі. Мәселен, ішкі саясатты талдау және ұсыныс жасау сияқты президент әкімшілігі басшысы орынбасары құзырын өзіне тартып алғандай әсер қалдырады, – дейді Нұрсейітов.
БІТПЕЙТІН "БІРІНШІ ПРЕЗИДЕНТ ФАКТОРЫ"
Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева Тоқаев тұсындағы ішкі саясат туралы айту үшін сыртқы саясатты ескермеуге болмайды деп санайды. Ол Ресейдің Украинадағы соғысы қашан аяқталары және немен аяқталары белгісіз дейді.
Оның пайымдауынша, Ресей – болжауға келмейтін серіктес. Мұның сыртында, Қазақстанда ішкі саясатта белсенді болуға ұмтылатын бірінші президент факторын жоққа шығаруға болмайды. Бірінші президент факторы Путин факторын қолдануға да тырысуы мүмкін.
Саясаттанушы ішкі саясат мәселесінде бірінші президенттің әулетімен мәміле жүргізіліп жатыр деп санайды. Айтуынша, келісім болмай, реформа да болмайтын сияқты.
– Бірінші президент әулеті белсенді түрде кедергі жасайды. Ондайда саяси тұрақсыздық жалғасады. Сондықтан келісуге тура келеді. Әулет көп нәрседен айырылады, сол себепті олар өз саяси амбициясынан бас тартпайды. Мұндайда "элиталар пакті" қажет. Бұрын Назарбаевтан кейінгі кезеңді қарастырғанда, біз бір жылдан бері байқап отырған элиталар тартысы жағымсыз сценарийдің бірі ретінде қарастырылған еді, – дейді Толғанай Үмбетәлиева Азаттыққа.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тоқаевтан Зеленский жасауға тырысу". Қаңтар туралы кітаптағы "президентке мадақ" пен "саяси аңыз"Оның сөзінше, бірінші президент әулетінің Қаңтар оқиғасына қатысы барына дәлел көбірек табылған сайын мәміле деңгейі де өзгере беруі мүмкін. Қоғам назары оқиғаға қатысқан қарапайым адамдарға ауып кетті де, оның артында кім тұр деген сұраққа жауап табылмай тұр. Олардың кінәсі әзірге талқыланып жатқан жоқ. Негізі акцент Тоқаевтың роліне беріліп отыр.
– Бұл – Қаңтар оқиғасындағы жауапкершіліктен қашу үшін бірінші президент әулетіне қолайлы. Тоқаевтың командасы да әзірге анық емес. Онымен қатар жүргендердің қайсысы президент ұстанымымен келіседі, қайсысы келіспейді, бұл да түсініксіз, – дейді Толғанай Үмбетәлиева.
Айтуынша, өзгеріс жасау үшін саяси тұрақтылық керек. Сол үшін бірінші президент әулеті жоқ дегенде 10-15 жылға саяси амбициясынан бас тартуы керек болады. Әулет мүшелерінің Қаңтар оқиғасына қатысы дәлелденіп, капиталдар қайтарылғанда ғана саяси тұрақтылық болады деп есептейді Үмбетәлиева.
Ал тағы бір саясаттанушы Әзімбай Ғали елдегі реформаларды жүзеге асыру үшінші президентке жүктелуі мүмкін деген күдігін жасырмайды.
– Өйткені Тоқаев сыртқы саясаттағы Ресейдің ықпалын ескеріп, ішкі саясатта өзгерістер жасауға асықпайтын сияқты. Көпшілік арасында өзгерістерді жүзеге асыруды бүгін, дәл қазір талап ететін психология бар. Ал оған уақыт керек, – дейді Әзімбай Ғали Азаттыққа.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тоқаев әкімшілігі Назарбаев кланының активтерін қайта бөлуге баса назар аударады". 2023 жылға болжамдар