13 қаңтарда Нұр-Сұлтанда елу шақты әйел еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне келіп, ведомство басшысы Біржан Нұрымбетовпен кездесуді талап етті. Әйелдер жаңа жылдан бастап күшіне енген атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төлеудің жаңа жүйесіне наразы. Өткен аптадан бері Қазақстанның бірнеше қаласында әйелдер билікке келіп, АӘК-тің жаңа жүйесі енгелі көмектің азайып қалғанына шағымданып жүр.
Министр Нұрымбетов әйелдердің алдына шықпады. Кейін наразылар талаптарын айтпаққа Ақордаға бет алды. Бірақ оларды арнайы жасақ президент резиденциясына өткізбеді.
– Біз балаларымыз жақсы өмір сүру үшін мемлекетпен күресіп жүрміз. Біз – пайдалы қазба қоры бойынша әлемдегі көшбасшы елдердің біріміз. «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» бағдарламасының бәрі – ертегі. Халық кедей. Бұл – масқара жағдай. Кедейлік пен қиыншылықтан халық шаршады, – деді наразы әйелдердің бірі Қанағат Шүменова.
Ақордаға өте алмай жарты сағат тұрған әйелдер кейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне оралды.
Олар АӘК төлеудің бұрынғы жүйесіне оралуды талап ететіндерін мәлімдеді. 2019 жылы 5 ақпанда астанадағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір үйдің бес баласы опат болған. Өрт шыққанда балалардың ата-анасы түнгі ауысыммен жұмысқа кеткені айтылады. Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар, мүгедек баласы бар әйелдер биліктен жәрдемақыны көбейтуді талап еткен. Осыдан соң сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев көп балалы және тұрмысы төмен отбасындағы әр балаға 21 мың теңге көлемінде АӘК төлеуді тапсырған. Біраз уақыт өткен соң билік «елде үкіметке қол жаятындар» көбейіп кеткенін, «масылдық артып бара жатқанын» айта бастады. Артынша үкімет жәрдемақы мен АӘК төлеу шартын өзгертіп, мұны парламент пен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолдаған.
Жаңа ережеге сай, үкімет көп балалы отбасыларға табысына, әлеуметтік жағдайына қарамай айына жәрдемақы төлейді. Енді билік төрт балаға - 42 496 теңге (бір балаға 10 500 теңге), бес балаға - 53127 теңге, алты балаға - 63 757 теңге, жеті және одан көп балаға 74 388 теңге береді. 2019 жылдың 1 сәуірінен көп балалы және тұрмысы төмен отбасындағы әрбір балаға 21 мың теңге көлемінде қаражат беріліп келсе, енді биылдан бастап АӘК тек күнкөріс деңгейі мен кедейлік шегіне байланысты беріледі. Үкімет АӘК-ті тоқсан сайын есептеп отырмақ. Билік осы уақыт аралығында АӘК алып жатқан отбасының еріне я әйеліне жұмыс ұсынады. Отбасы мүшесі үкімет ұсынған жұмысты істеген соң оның табысы жарты жылдан соң АӘК тағайындағанда есепке алынады. Егер отбасы мүшесі үкімет ұсынған жұмыстан бас тартса, АӘК те тоқтайды.
Билікке талаппен барып жүрген әйелдер жаңа жүйеге түбегейлі қарсы. Өзін алты баланың шешесімін деген Асыл Ошақбаева биліктен бұрынғы жүйені қалдыруды, яғни әр балаға 21 мың теңге төлеуді талап етеді.
– 146 мың теңге АӘК алдым. Сәуір айына дейін алуым керек болған. Желтоқсанда соңғы рет алдым. Одан кейін берілген жоқ. Ар жағындағы төрт айды кімнен сұрайтынымды білмеймін. Кеше әкімдікке қайта құжат өткіздім. Бүгін-ертең комиссия келуі керек-тұғын. Алты балаға алатын 64 мың теңге жәрдемақыны, күйеуім табатын 80 мың теңгені табыс ретінде есептеді. Ең төменгі күнкөріс деңгейіне алты мың теңге жетпей тұр деді. Кейін АӘК деп 48 мың теңге шығарып берді, – дейді ол.
Ошақбаева министрлікке келген әйелдердің көбі пәтер жалдап тұратынын, АӘК-пен пәтерақыны төлеп келгенін айтты.
Үкімет тұрмысы төмен отбасылардың балаларына әлеуметтік пакет беретін жаңа заң қарастырған. Бұл заңға сай, жағдайы жоқ отбасыларға мемлекет гигиеналық және тамақ береді.
Үкіметке келген әйелдер «жатып қалған тауарлар, сабындар қажет емес. Одан да АӘК бұрынғыдай төлесін» деді. Бұдан бөлек, олар биліктен баспана мәселесін шешуді де талап етті.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қызметтер саясаты департаменті басшысының орынбасары Сырым Наси журналистерге «баспана мәселесі әкімдіктің құзырында» деді. Ол АӘК алып отырған отбасының мүшелеріне билік жұмыс ұсынатынын, жұмыстан бас тартса көмектен қағылатынын айтты. Насидің сөзінше, билік әлеуметтік салаға бөлінген бюджетке байланысты көмек көрсетеді.
Өткен аптада, 8 қаңтарда премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев астанадағы брифингте «халықты жұмысқа тарту, яғни мұқтаж адамдарды жұмысқа тұрғызу туралы» айтқан. 13 қаңтарда наразы әйелдер алдына шыққан шенеуніктер де осы сөзді қайталады.
Министрлікке келген Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кеңесшісі Елнұр Бейсенбаев баспана тек кезекпен берілетінін, бүгінде астанада құрылыс қарқыны жоғары екенін айтты. Ол «қазір 861 мың көп балалы отбасы пәтер алғанын» жеткізіп, көп балалы аналардың «көмек азайып кетті» деген сөзін жоққа шығарды.
- Бұрын АӘК-ке баланың тамағы, киімі бәрі кіретін. Қазір бөлек. Өйткені аналар қаражатты алып, оны баласына жаратпауы мүмкін. Басқаға жұмсайды. Пәтер төлейді, тағысын-тағы... Қазір 45 мың теңгеден 75 мың теңгеге дейін жәрдемақы бала 18 жасқа дейін беріледі. Екіншіден, тамақ беріледі. [Аналар] берілетін тамақ аз дейді. Ол бір балаға жеткілікті. Үшіншіден, балаға қажетті заттар, киім беріледі. Бұған қоса, ол отбасы АӘК-ке тапсыра алады. Ақша азайған жоқ. Ақша форматы бойынша жан-жаққа бөлінді. Осыны түсіну керек. Біз еңбекке ынталандыруымыз керек. Біз жұмыспен көмектесейік. Масылдық дегенді адам түсінуі тиіс. Масылдық пен мұқтаждықты ажырата білуі керек, - деді әкімдік өкілі.
13 қаңтар түс ауа Елнұрс Бейсенбаев әйелдердің жартысын Нұр-Сұлтан әкімдігінде қабылдады. Әкімдікке кейбір әйелдер келмеді. Олар «талабымызға құлақ аспады» деп санайды.