Әлемде 70 мың адам қайтыс болды. Қазақстанда 16 науқастың халі ауыр

Алматы қаласын дезинфекциялап жүргендер. 30 наурыз 2020 жыл.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 660-тан асты. Ал әлемде 1,2 миллионнан аса адамнан вирус табылып, 70 мыңнан астам адам қайтыс болды. Қазақстандағы және әлемдегі жағдайды шолып шықтық.

ҚАЗАҚСТАНДА 120 МЕДҚЫЗМЕТКЕРГЕ ВИРУС ЖҰҚҚАН

6 сәуір 17.00-дегі мәліметке сай, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 629-ға жетті. Дүйсенбі күні елдің бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова брифингте COVID-19​ дертіне шалдыққан 16 науқастың халі ауыр екенін мәлімдеді.

“Олар – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласында және ШҚО мен Қарағанды облысында. Науқастардың 85 пайызында симптомдары жеңіл не мүлде жоқ. 11,5 пайызының жағдайы орташа” деді бас санитар дәрігер.

Қазақстанда қазір 46 адам дерттен айықты. Алты адам қайтыс болды. Алты марқұмның да басқа да созылмалы аурулары болған.

Есмағамбетованың айтуынша, елде вирус жұқтырған 122 адам шетелден келген, 350-ден астамы вирус жұқтырғандармен байланыста болып, дертке шалдыққан. 130 адамның вирусты қалай жұқтырғаны белгісіз. Вирус табылғандармен 17 мыңнан астам адам байланыста болған. Олардың он мыңнан астамы қазір үйде карантинде.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 120 медициналық қызметкерден коронавирус анықталған. Бірінің жағдайы ауыр. Тоғыз қызметкердің халі орташа, 57 медқызметкерден симптомдар аз. Бұдан бөлек, 45 баладан коронавирус анықталған. Олардың төртеуі ауруханадан шыққан. Қалғандардының жағдайы жақсы.

Коронавирус кезінде Нұр-Сұлтан көшесін дезинфекциялап жүрген адам. 2020 жылдың наурызы. (Сурет Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайтынан алынды).

Елде қазір коронавируспен күреске 16 мыңнан астам дәрігер тартылған. Тағы 10 мың дәрігер резервте тұр.

Бас санитар дәрігер Есмағамбетованың айтуынша, елдегі карантин шараларының арқасында Алматы мен Нұр-Сұлтанда инфекцияның тарауы азайып келеді.

“27 наурыздан 5 сәуір арасында Нұр-Сұлтанда 60 адамнан 0 адамға дейін түсті. Алматыда 15 адамнан 5 адамға дейін азайды. Елде вирус жұқтырғандардың санының өсуі 10-11 пайыздан аспайды. Бірақ Қызылорда, Қарағанды, Түркістан, Атырау облыстарында вирус жұқтырғандар саны жоғарылап барады. Сондықтан бұл аймақтарға карантин енгізу қажет” деді ол.

Қарай отырыңыз: Қазақстандағы коронавирус картасы

Ресми мәлімет бойынша, қазір елде 96 мың тест алған. Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елде коронавирус тарау шегі сәуірдің ортасында келіп, кейін азая түседі деп болжайды. Министрдің есебінше, Қазақстанда 3500 адамға вирус жұғуы мүмкін.

ӘЛЕМДЕГІ ЖАҒДАЙ ҚАЛАЙ?

АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінің 6 сәуір 17.30-дағы мәліметі бойынша, әлемде 1 миллион 278 мың адамнан табылды. Қайтыс болғандар саны 70 мыңнан асып кетті. 265 мыңдай адам дерттен айықты.

Вирус жұқтырғандардың басым бөлігі АҚШ-та. Бұл елде 338 мыңдай адам дертке шалдыққан. 9200 адам қайтыс болды. Ақ үй алдағы уақытта өлім-жітім көбейеді деп болжайды. Өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамп елде коронавирустан 100 мыңнан 240 мыңға дейін адам қайтыс болуы мүмкін деген.

5 сәуірде Вашингтондағы брифингте Трамп денсаулық сақтау саласындағы сарапшылардың қорқынышты болжамына қарамастан АҚШ пандемияны жеңетініне “үміттенеді”.

Коронавирус жұқтырған адам. Нью-Йорк, АҚШ. 2020 жылдың сәуірі

Трамп алдағы екі апта АҚШ үшін өте қиын болатынын, қайтыс болғандар саны “сұмдық деңгейге” жететінін мойындады. Ол “вирустан қатты зардап шегіп жатқан штаттарда инфекцияның тарау деңгейі түсе бастайды” деп сенеді.

Трамп брифингте “АҚШ коронавирусқа қарсы вакцина дайындауға білек сыбана кіріскенін, іс оңға басып жатқанын” жеткізді. Ол нақты қандай вакцина екенін ашып айтпады.

Қаңтардың соңы мен ақпанның басында Қытайда коронавирус қатты тарап жатқанда Трамп бірнеше рет “инфекцияны бақылауда ұстап отырмыз” деп бірнеше рет айтқан. Келер жылы сайлауға түсуді жоспарлайтын Трамп бұл сөзі үшін кейін сынға ұшырады.

АҚШ президенті жанындағы коронавируспен күрес тобының мүшесі Энтони Фаучи “оқшаулау шаралары мен үйде отыру вирустың тарауына көмектесетінін, бірақ қиын күндер әлі алда екенін” айтты. Ал Ақ үйдегі коронавирус тобының координаторы Дебора Биркс “Испания мен Италиядағы жақсы жаңалықтар АҚШ-қа да үміт сыйлайтынын” айтты.

5 сәуірде Италияда 525 адам көз жұмды. Бұл – Италияда 19 наурыздан бері тіркелген ең аз өлім-жітім. Бірақ бұл ел қазір COVID-19 дертінен қайтыс болғандар саны бойынша алғашқы орныда тұр (15887 адам көз жұмды). Италия билігінің мәліметінше, қазір ауруханада емделіп жатқандардың саны 3977-ге түскен.

Коронавирустан қатты зардап шегіп жатқан Испания да 5-6 сәуірде инфекция жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны төмендегенін мәлімдеді (131646 адам жұқтырды, 12641 адам қайтыс болды). Германияда (100132, 1584) вирус жұқтырғандар, Францияда (93780, 8093) қайтыс болғандар саны азая түскен.

Барселона қаласы, Испания. 2020 жылдың наурызы.

Бірақ Ұлыбританияда дертке шалдыққандар мен қайтыс болғандар саны өсіп барады. 5 сәуірде ел билігі тағы 708 адам қайтыс болғанын, көз жұмғандар саны 4300-ден асқанын жеткізді. Ұлыбританияда 42 мың адамнан вирус табылды. Оның бірі – ел премьер-министрі Борис Джонсон 5 сәуірде ауруханаға жатқызылды. Ел үкіметі мұны сақтық шарасы деп атады.

Азияда вирустан қатты зардап шегіп жатқан Иранда 58 мыңнан астам адам дертке шалдықты. Қайтыс болғандар 3600-ден асып кетті. Ел президенті Хасан Роухани 5 сәуірде кейбір жұмыс орындары ашыла бастайтынын мәлімдеді.

Көптеген сарапшылар Иран, Қытай, Ресей, Түркіменстан және Солтүстік Кореяның коронавирус статистикасына күмәнмен қарайды. 145 миллион халқы бар Ресейде 5389 адамнан вирус табылып, 47 адам қайтыс болды. Медицина сарапшылары Мәскеу шынайы статистиканы жасырып отыр деп сынап жатқанда ел президенті Владимир Путин басқа елдерге көмек жіберді.