Заречный түрмесі тағы бір азаптау дауына қалды

Аяжан Сүлекеева, Заречный түрмесінде жазасын өтеуші Аманжол Тұраровтың зайыбы. Алматы, 17 қазан 2018 жыл

Заречный түрмесіндегі "ұрып-соғу" жайлы тағы бір адам шағымданды. Ал ауруханада өлген және бір тұтқынның туыстары тергеу барысына наразы.

28 жастағы Аманжол Тұраров жазасын Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА-155/12 түзету мекемесінде өтеп жатыр. Ол былтыр Қылмыстық кодекстің 194-бабы ("Қорқытып алу") бойынша 9 жылға сотталған. Туыстарының сөзінше, алдымен Қарағандыдағы колонияда отырған Тұраров қазанның 3-і күні Заречныйға ауыстырылып, сол күні "соққыға жығылған".

"МИЫ ШАЙҚАЛҒАН"

- Мен ол туралы (Тұраровтың соққыға жығылғаны - ред.) ертесі естідім. Аманжолмен кездесіп, жағдайын білу үшін қазанның 5-інде адвокат барды. Бірақ колония басшылығы кездесуге рұқсат бермеді. Қазанның 8-і күні Аманжолды Капшағай қаласындағы ауруханаға алып келгенін біліп, сонда бардым. Ол арықтап кеткен, бүкірейіп, аяғын әрең басып кетіп бара жатты. Оны екі жағынан екі әскери конвой демеп барады екен, - деп еске алады тұтқының әйелі Аяжан Сүлекеева.

Your browser doesn’t support HTML5

Колонияда қысым бар ма?

Оның сөзінше, ауруханадағы дәрігерлер де күйеуіне не болғанын ашып айтпаған. Колония басшылығы да мардымды жауап бермеген. Қазанның 15-і күні күйеуін компьютер томографиясын жасату үшін Алматыдағы көпсалалық клиникалық ауруханаға әкелуді талап еткен.

- Құдайға шүкір, томография еш жері сынбағанын көрсетті. Бірақ миы шайқалған, бас сүйегіне зақым келген екен. Адвокат Қапшағайдың ауруханасында Аманжолмен кездесіп, денесінде көгерген іздерді байқаған. Қазір Аманжол колонияда, оған ешқандай ем-дом жасалып жатқан жоқ, - дейді жазасын өтеушінің әйелі.

Заречный түрмесінің сырт көрінісі.

"Сотталғандар құқығын қорғау коалициясы" Алматыда қазанның 17-сі күні өткізген жиынға қатысқан Сүлекееваның сөзінше, өміріне қауіп төніп тұрғандықтан күйеуі өзін кімнің және не үшін ұрғанын ашық айта алмай отыр.

ЛА-155/12 түзету мекемесінің бастығы Сырымбет Нұрмұхамбетов Азаттыққа Аманжол Тұраровтың "соққыға жығылғанын" жоққа шығарды.

- Егер ол (Тұраров - ред.) біздің мекемеге келгенше дәл сондай томография өтіп, бәрі жақсы болса, қазіргісімен салыстырып, біреуді кінәлауға болар еді. Мүмкін ол бұрын алған шығар зақымды? - деді мекеме бастығы.

Оның сөзінше, Тұраровты Қапшағай қаласының ауруханасына тұтқынның "жүрегі айнып, жайсыз сезінген соң" апарған.

- Ұрып-соқса жазасын өтеушінің өзінен арыз түсу керек еді ғой, біз ештеңе жасырмаймыз. Арыз, ештеңе жоқ. Колонияда оны ешкім ұрған жоқ. Тұраровтың өзінің түсініктемесі де бар "ешкімге шағымым жоқ" деген, - деді Нұрмұхамбетов.

"ОНЫ ЕШКІМ ҰРМАҒАН"

"Сотталғандар құқығын қорғау коалициясының" жиынына ЛА-155/14 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқанда ауруханаға түсіп кейін қайтыс болған Қайрат Егімбаевтың жақындары да қатысты. Олар қазаға байланысты қозғалған істің барысы мен жасалған сараптамаларға күмән келтіреді.

- Жақында ғана бауырымның (Қайрат Егімбаевтың - ред.) қырқын өткіздік. Бізге оның "30 сантиметрлік биіктен" құлағанын айтады. Осындай биіктен құлап, іш құрылысты езіп жіберу мүмкін бе? Бір емес төрт операция жасағанмен де аман алып қала алмады, - деді марқұмның әпкесі Гүлмайра Қошкеева.

Гүлмайра Қошкеева, Заречный түрмесінен ауруханаға түсіп қайтыс болған Қайрат Егімбаевтың әпкесі. Алматы, 17 қазан 2018 жыл

Туыстарының сөзінше, 44 жастағы Қайрат Егімбаев 2017 жылы Қылмыстық кодекстің 192-бабы ("Қарақшылық") бойынша 6 жылға сотталған.

- Мас күйінде біреулерден екі мың теңге тартып алып, алты жыл арқалап кетті. Ал оны ұрып өлтіргендер әлі жазасын алмай отыр. Әділет қайда? Оның көзі тірі кезінде жасалған алғашқы сараптамада "қатты затпен ұрған" деп жазылған. Қайтыс болғаннан кейін екінші сараптама жасалып, оның "құлап өлгені" айтылады. Осылайша түрме әкімшілігі жасаған қылмыстарын жауып тастамақшы, - деді Қошкеева.

Заречныйдағы ЛА-155/14 түзету мекемесінің бастығы Руслан Оразметов Азаттыққа бұл іске қатысты тергеу жүріп жатқандықтан толымды комментарий бере алмайтынын айтты.

- Егімбаев ауруханада жатқанда одан прокуратура өкілдері сұрақ-жауап алды. Сонда "құладым" деп айтқан. Мен ол кезде демалыста болғанмын, бірақ іс материалдарын зерттеу барысында анықтағаным - оны ешкім ұрмаған, - деді мекеме бастығы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Туыстары сотталушының азапталғанын айтты

ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) баспасөз қызметінің өкілі Аглая Тұрланованың Азатыққа хабарлауынша, "Егімбаевқа дене жарақатын салу фактісіне қатысты Қылмыстық кодекстің 106-бабының 1-бөлігі бойынша Алматы облысының ІІД-нің тергеу басқармасымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр".

- Сонымен қатар Алматы облысы ішкі істер департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы салғырттық фактісі бойынша мекеме қызметкерлеріне қатысты да тергеп-тексеру жүріп жатыр, - деді Тұрланова.

Қазақстан түрмелерінде тұтқындарды азаптау оқиғалары жиі болатынын жергілікті құқық қорғаушылар үнемі айтып келеді. Билік түрме қызметкерлерін "өкілетін асыра пайдаланғандары үшін" аракідік қылмыстық жауапқа тартады, бірақ көп жағдайда азаптау фактілерін теріске шығарады.