Осыдан екі апта бұрын студенттердің құқығын қорғайтын «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қоры жылдық шығындарын көрсетуден бас тартқан үш жоғары оқу орынын, атап айтар болсақ, Туризм және спорт академиясын, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері, сондай-ақ, Тұрар Рұсқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеттерін сотқа берген болатын. Кеше соңғысына байланысты сот шешімі шықты.
Дүйсенбі күні Алматыдағы ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотында аталған жоғары оқу орындарына байланысты үш сот отырысы өтті. Азаттық радиосына аталмыш қоғамдық қордың заңгері Нұргүл Мәліктің хабарлағанындай, судья Гүлбадан Тұмарова Қазақ экономикалық университеті үшін жылдық шығындарын көрсетуді мәжбүрлейтін шешім шығарды. Ал қалған жоғары оқу орындарына байланысты сот процесі кейбір мәселелерге орай, кейінге қалдырылған.
«Ар. Рух. Хақ» қоғамдық қорының өкілінен жоғары оқу орындарының жылдық шығыны сіздер үшін неге қажет болды деген сұрағымызға, ол былайша жауап берді:
«Алматы қаласы жоғары оқу орындары көп болғандықтан жастар қаласы болып саналады. Біздің негізгі мақсатымыз, студенттерге заңнамалық кеңес беру болып табылады. Дәл қазіргі уақытта қаладағы оқу орындарында омбудсменді (құқық қорғаушы) сайлауды жүзеге асырып жатырмыз. Негізінен, бұл студенттердің өздері үшін пайдалы. Шағым десем артық айтқан болармын, біздің қоғамдық қорға студенттердің және олардың ата-аналарының тарапынан білім үшін төленіп жатқан қаржыны жоғары оқу орындары қалай және қайда жұмсап жатыр деген секілді көптеген сұрақтар қойылады. Ал Қазақстан республикасының білім туралы заңында жоғары оқу орнының студенті өзі төлеп жатқан ақшаның қайда жұмсалып жатқанын білуге құқылы деп жазылған. Мәселен, жоғары оқу орындарының басшылары өздерінде оқитын студенттерді білім алуға керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге міндетті. Ал біздегі студенттердің басты проблемасы – кітап жетіспеушілігі. Сондықтан да, біз жоғары оқу орындарының студенттердің қалтасынан төленіп және бюджеттен бөлінген қаржыны қандай мақсаттарға жұмсап жатқанын білу үшін олардан жылдық шығындарын көрсетуді сұрадық».
Нұргүл Мәліктің сөзіне қарағанда, Тұрар Рұсқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті өздерінің акционерлік қоғам екенін алға тартып, талап етілген құжатты көрсетуден бас тартқан. Сонымен қатар, аталған екі жоғары оқу орындары да бірінің сөзін бірі қайталаған. Ал Нұргүл Мәлік болса, бұл жоғары оқу орындарының жарғыларында Қазақстан республикасының заңының аясында жұмыс істеу керек деп жазылған деп айтты. «Яғни, бұл дегеніміз – білім туралы заң. Сондықтан да олар білім бағасын өздерінің қалауы бойынша белгілемейді», - деді ол.