Алматыда ұлттық баспасөз клубы алдында жер мәселесіне қатысты митинг өткізуге рұқсат сұрайтындары туралы баспасөз жиынын өткізбек болған он шақты белсендіні полиция ұстап әкетті.
Your browser doesn’t support HTML5
Жиын сағат 11-де өтуі тиіс болған. Бірақ жиын басталатын уақыт таяғанда полиция келіп, оны ұйымдастырушылардың бірі Маржан Аспандияровадан түсініктеме жазуды талап етті. Белсенді оны жазудан бас тартты.
Ұйымдастырушылар баспасөз жиынында "Жерімізді қорғаймыз - Ана тілімізді сақтаймыз!" деген атпен Алматыда жалпыхалықтық митинг өткізуге рұқсат сұрау туралы қала әкімдігіне өтініш беру мәселесін талқылайтындарын" хабарлаған еді.
Бірер минуттан соң клуб алдына полиция жасағы келіп, саясаткерлер Маржан Аспандиярова, Әміржан Қосанов, белсенділер Жанболат Мамай, Инга Иманбай, Ғалым Ағелеуов, журналист Ермұрат Бапи мен қарсылық танытқан тағы үш-төрт адамды күшпен көліктерге мінгізіп алып кетті.
Полиция жасағы қоғамдық белсенді Жарылқап Қалыбайды да көлікке күштеп кіргізгенімен, бірер минуттан соң босатып жіберді.
Ұсталғандардың Медеу аудандық ішкі істер басқармасына әкетілгені хабарланды.
Бүгінгі баспасөз жиынына дейін журналист Рысбек Сәрсенбай мен қоғамдық белсенді Мұхтар Тайжанды да полиция ұстап әкеткені хабарланған.
Астанада да бүгін таңертең "Алаш жолы" қозғалысының жер мәселесі бойынша үндеуін жариялаймын деген белсенді Мақсат Ілиясұлын полиция ұстап әкеткені хабарланды. Ол ұстап әкетіп бара жатқанда, 11:00-ге дейін қайтып оралып, мәлімдемесін жариялайтынын айтқан. Бірақ, жоспарлы баспасөз мәслихаты өтпей қалды.
ВИДЕО: Белсенділердің шара өткізуге кедергілер туралы айтқаны:
Your browser doesn’t support HTML5
Қазақстандағы жерге қатысты дау наурыздың соңында ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың "шілденің 1-інен бастап ауыл шаруашылығы жерлерінің аукцион арқылы сатылатыны" туралы мәлімдемесінен соң басталған.
Сәуірдің 24-і күні Атырау қаласында мыңдаған адам қатысқан рұқсат етілмеген митинг өтіп, жиналғандар жер кодексіндегі өзгерістерге наразылық білдірген.
Сәуірдің 27-сінде Ақтөбе мен Семей қалаларында да наразылық жиындары өткен.
Сәуірдің 28-і күні Ақтаудағы Ынтымақ алаңында ондаған адам жиналып, жерді сатуға және шетелдіктерге жалға беруге қарсы пікірлерін білдірген. Жарты сағаттай ғана уақытқа созылған рұқсат етілмеген бұл жиынды полиция таратып жіберген.