Қазақстан бас прокуратурасы "Панамагейт" аталып кеткен офшорлық әрекеттерге қатысты аты аталған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені "Нұрәлі Әлиевтің үстінен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқан жоқ" деп хабарлады.
Your browser doesn’t support HTML5
Прокуратура бұл туралы Азаттықтың жазбаша сауалына берген жауап хатында жазған.
Қазақстан бас прокуратурасы "тексеру жүргізбеуге" "панамагейт" материалдарының "шығу көздері туралы қандай да бір шынайы мәліметтің жоқтығы себеп болып отыр" дейді.
Сәуірдің басында коррупция мен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) медиа тобы мен Халықаралық журналистік зерттеулер консорциумы (ICIJ) және бірқатар шетелдік БАҚ Панамада орналасқан Mossack Fonseca заң компаниясының құжаттарын жариялаған. Онда Астана әкімінің бұрынғы орынбасары, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, вице-премьер Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәлі Әлиевтің британдық Виргин аралдарында бірнеше фирманың акционері болғаны айтылған.
Құжаттарда Нұрәлі Әлиев 2008 жылы Виргин аралдарында тіркелген Baltimore Alliance Inc. фирмасының акционері болғаны жазылған. Панама құжаттарындағы ақпаратқа қарағанда, бұл компания яхталарды сатып алу және сатумен айналысқан, 2008 жылы фирма 77 футтық «Номад» деп аталатын яхтаны Mossack Fonseca фирмасының қатысуымен сатып алған.
Кейін Әлиевті Baltimore Alliance Inc. компаниясында акционер ретінде Лондондағы жылжымайтын мүліктерге бақылау жасайтын Greatex Trade &Invest Group (GTIG) компаниясы алмастырған. Әлиев 2008 жылы осы GTIG компаниясының әкімшілік президенті болған.
Mossack Fonseca құжаттарында Нұрәлі Әлиевтің 2014 жылы Виргин аралдарында құрылған Alba International Holdings LTD компаниясына да иелік екені айтылады. Панама құжаттарындағы ақпараттарда "ол компанияны Әлиевтің Кипрдегі банк есепшоттарын ұстау үшін пайдаланғаны" жазылған.
Осы ақпараттар жарияланған соң Азаттықтың Қазақ қызметі Қазақстан бас прокуратурасына сауал жолдап, "Нұрәлі Әлиев Астана әкімі орынбасары болып тұрғанда тапсырған салық декларациясында Виргин аралдарындағы фирманың акционері болғанын көрсеткен бе?" деп сұраған еді. Бас прокуратурадан келген жазбаша жауапта азаматтардың табысы мен мүлкі туралы декларациясы салық органдарына тапсырылатынын және ол "жариялауға жатпайтын салық құпиясы болып саналатынын" жазған.
Жариялауға жатпайтын салық құпиясы болып саналады.Қазақстан бас прокуратурасы
Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңында мемлекеттік қызметкерлердің кейбір санатының мемлекеттік кіріс органдарына келіп түсетін табысы және мүлкі туралы ақпараттар заңмен қорғалатын құпия болып табылатыны жазылған.
Азаттық сауалында прокуратурадан сонымен қатар қазіргі кезде елден офшорлық аймақтарға заңсыз жолмен шыққан, салықтан жалтарған немесе өзгедей күдікке ілінген күмәнді қаржыларға байланысты қозғаған тергеу істері бар-жоғын да сұраған еді.
Қазақстан бас прокуратурасының департамент бастығы Қанат Сейдгапбаров қол қойған бұл жауапта "офшорлық компаниялар арқылы қаржы жылыстату фактісі бойынша ешқандай қылмыстық іс қозғалмағаны" жазылған.
"Панамагейт" құжаттарында Нұрәлі Әлиевтен басқа Нұрсұлтан Назарбаевтың "жақын серігінің" де аты аталған. Мәселен Швецияның Local басылымы «Швецияның SVT телекомпаниясы «Nordea банкі Мәскеудегі құрылыс жобасына деп жуырда берген несие ақыр соңында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын серігі Сержан Жұмашовтың офшорлық есеп-шотынан табылғаны» жайлы хабарлады» деп жазды. Офшор дауына қатысты бұған дейін Рахат Әлиев, Патох Шодиевтің есімдері де аталған болатын.
«Панамагейт» аталып кеткен бұл құжаттардың жарияланып кетуі Исландия премьер-министрі мен Испания өнеркәсіп министрінің отставкасына ұласты. Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон әйелі екеуінің әкесі құрған офшордағы компанияда үлестері болғанын мойындап, салық құжаттарына абай болуға уәде берді.
Өткен аптада АҚШ-тың әділет министрлігі «Панама құжаттарындағы» салықтан жалтару фактілеріне байланысты қылмыстық тексеру шаралары басталғанын хабарлады.
«Панамагейт» құжаттарында Украин, Әзербайжан, Ресей президенттерінің аты аталып, оларға жақын адамдар туралы да жазылған.