Базар бағасына әкімнің әмірі жүрмей тұр

Алматыдағы базардың бірі. 21 тамыз 2015 жыл.

Бағаны күрт өсірмеу туралы Қазақстан президентінің тапсырмасын қадағалау үшін жергілікті әкімдер базарлар мен ірі сауда орталықтарын аралап кеткенімен баға бәрібір өсіп барады.

Алматы қаласына жақын орналасқан Іле ауданына қарасты Байсерке ауылының 60 жасар тұрғыны Қаныкей базардағы баға өскен соң балаларына киім-кешек алып бере алмай қалғанын айтып налиды.

Бір үйде үш отбасы – үйленген екі ұлымен бірге тұратын Қаныкейдің бес немересі мектепте оқиды. Жалданып жұмыс істейтін екі ұлының табысы мардымсыз, келіндері үй шаруасына қарайды.

«Барлығы шал екеуміздің зейнетақымызға қарап отыр. Балалардың мектепке баратын киімдерін аламыз деп жүргенде доллар өсіп кетіпті. Енді базардағы баға да шарықтап тұр» дейді ол.

Қаныкей базардан іздеп барған киім-кешегі мен керек-жарағын толық ала алмай, ақшасы жетпей қайтқанын айтады.

«Төрт-бес мыңға алам деп есептеп барған сумкаларым сегіз мыңға жетіпті. Жеті мыңнан алам деп есептеген костюмдерім тоғыз-он мыңнан тұр. Мен өзгелер секілді қымбатынан емес, ең арзанынан іздеймін ғой. Соның өзінде жетпеді» деп мұңаяды ол.

ДОЛЛАР БАҒАМЫНЫҢ ӘСЕРІ

Базардағы бағаның қымбаттағанын саудагер Майра Аққозина да растайды.

20 жылдан бері Алматының «Барахолка» базарында сауда істеп келе жатқан Майраның айтуынша, Түркиядан тауар тасымалдайтын ол «бағаны көтеруге мәжбүр».

Калькуляторын қолынан тастамайтын Майра: «Доллар бағамы 188 теңге болып тұрғанда әйелдер көйлегі 30 доллардан, яғни 5 мың 640 тенгеге сатылып алынған. Енді жаңа курс бойынша – 7 мың 200 тенге. Бұған кедендік рәсімдеу кезінде тауардың әр килосына төленетін 7 доллар, ұшақ билеттеріндегі айырмашылық пен Стамбулдағы қонақүй, тамақ қосылады. Мәселен, жаңа бағам бойынша билет құны 13 долларға қымбаттады. Бұған қоса бутикті жалға алу құны бар. 12 шаршы метрлік бутиктің әр шаршы метріне 24 доллардан төлеймін. Енді осының бәрін есептеп келгенде көйлектің бағасы 18 мың тенге болып шығады, яғни бұрынғы бағаның үстіне 7 мың тенге қосылмақ» дейді.

Саудагердің айтуынша, Алматының «Барахолка» базарында тұрған кәсіпкерлердің барлығы тауар құнын осылайша қайта есептеп жатыр.

«АРЫЗ-ШАҒЫМ ТҮСКЕН ЖОҚ»

Алматыдағы базардың бірі. 21 тамыз 2015 жыл.

Алматы қалалық әкімшілігіне қарасты кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің өкілі Руслдан Абайұлы Азаттыққа «өздеріне киім-кешектің қымбаттауына қатысты халықтан арыз-шағымның келіп түспегенін, сондықтан сауда орындарын тексермегендерін» айтты.

Тамыздың 20-сы күні Қазақстан үкіметі валюта бағамының ауытқу шегін алып тастап, теңге бағамын еркіне жіберу туралы шешім қабылдаған соң, бір АҚШ долларының орташа бағамы 188-ден 255 теңгеге дейін өскен еді.

Девальвациядан кейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бағаны күрт өсірмеу туралы тапсырмасына орай жергілікті әкімдер базарлар мен ірі сауда дүкендеріндегі бағаларды «қатаң бақылауға ала бастаған». Мәселен, Алматы қаласы әкімшілігінің ресми сайтында Бауыржан Байбектің «Қаланың ірі дүкендерін, дәріханалары мен базарларын аралап, теңге девальвациясынан кейін халық тұтынатын тауарлардың бағаларын тексергені» жазылған.