Ақмола облысы Есіл ауданындағы кей тұрғындары белгісіз «ұйқы дертіне» шалдыққан Калачи ауылы біртіндеп көшіріле бастады. Жуырда, қаңтардың 26-сында тағы екі отбасының осы облыстағы Атбасар ауданы Родиновка ауылына қоныс аударылғаны хабарланды.
Ғалымдар Калачидегі 2013 жылдың наурызында басталған дерттің – адамның басын айналдырып, әлсіретіп, есте сақтау қабілетін нашарлатып, ұйықтатып, дел-сал етіп кететін аурудың – себебі жайлы әртүрлі жорамал жасайды.
«ҰЙҚЫ ДЕРТІНІҢ» СЕБЕБІ РАДОН БОЛУЫ МҮМКІН»
Ресейдегі Томск политехникалық университетінің профессоры Леонид Рихванов Калачидегі «ұйқы дертінің» себебі – ауыл маңында 1960-1990 жылдары уран өндіріліп, Совет Одағы құлаған соң көмілген шахталардан көтерілген радон газы болуы мүмкін деп болжайды.
– Курчатов қаласындағы радиациялық қауіпсіздік және экология институтының мәліметінше, Калачиде радон газының құрамы мөлшерден тым көп. Шахталарды көмген кезде 5 миллион куб метр ашық кеңістік болған. Бірақ ол жерде радон радиациялық фактор ретінде емес, табиғаттағы газ сияқты, есірткі зат сияқты әсер етіп тұр, – дейді геология-минералогия ғылымдарының докторы Леонид Рихванов.
Ресейлік ғалым «Калачиде радон газы таралса, ондағы тұрғындардың бәріне бірдей неге әсер етпейді?» деген сауалға:
– Медицина мен биология ғылымында ағзаның резистенттілігі яғни төзімділігі деген ұғым бар. Бұл 50 грамм ішімдік ішкен адам мен бір литр ішімдік ішкен адамның бірдей дәрежеде мас болғаны сияқты нәрсе, – деп жауап берді.
Қазақстандық ғалымдардың өтініші бойынша «ұйқы дертіне» қатысты зерттеу жүргізген Леонид Рихванов Калачи тұрғындарымен, ондағы уран кенішінің бұрынғы директорымен Skype арқылы сөйлесіп, жұмбақ дерттің сипатын білген. Ресейлік ғалым қазақстандық әріптестеріне Калачиде цитогенетикалық анализ жасап, ауылға қандай фактор (химиялық не радиациялық) әсер еткенін анықтауға кеңес бергенін айтады.
– Бұл модельді тексеру үшін бірнеше жерді бұрғылау керек. Жерасты суларының деңгейін, олардың тербелісін бақылау керек. Ондағы газ құрамын зерттеу керек. Бұл зерттеу әзірге жасалған жоқ. Алдағы уақытта жасала ма, жоқ па, – оны да білмеймін. Себебі қазір адамдарды басқа жаққа көшірейін деп жатыр, – дейді Леонид Рихванов.
Бұрын уран өндірілген ескі шахталар маңында тұрған өзге ауылдар да осындай күйге түсуі мүмкін деп қауіптенетін ғалым «Калачидегі жұмбақ дерттің себебін зерттеу қажет» деп біледі.
«СЕБЕПКЕР РАДОН ЕМЕС, БІРАҚ НЕ ЕКЕНІ БЕЛГІСІЗ»
Қарағанды қаласындағы экологиялық музей директоры Дмитрий Калмыков Леонид Рихвановтың «Калачидегі «ұйқы дертіне» радон себепкер» деген пікірімен келіспейді.
– Қазақстанда радоны мол жерлер өте көп. Ондағы адамдардың хал-ахуалы тамаша. Меніңше, ауру бір ғана себептен туындамайды. Бұл жерде өте көп факторлар әсер етіп отыр. Әрі оны ғылыми түрде анықтау мүмкін болмай отыр, – дейді Дмитрий Калмыков.
Оның айтуынша, «химиялық заттар тым көп араласып кеткен жерлерде оның салдары да болады – кейбірі осы сияқты түсініксіз келеді».
Калачи тұрғындарына радон газы әсер етті деген болжамды Қазақ ұлтттық ядролық орталығы бас директорының орынбасары әрі қауіпсіздік және экология институты директоры Сергей Лукашенко та қолдамайды.
– Рас, кентте радон газының шамадан тыс мөлшері жиналған. Бірақ қолымыздағы бүкіл ақпаратқа қарамастан, бұл дертке радиацияның қатысы жоқ деп кесіп айта аламыз, – деген ол Азаттық тілшісіне берген сұқбатында.
Оның айтуынша, ауылды зерттеген мамандар ауада көміртек монооксиді, яғни ыс мөлшері көп екенін де анықтаған.
– Әдетте оның адам ағзасына әсері «ұйқы дерті» белгілеріне ұқсайды. Бірақ дәрігер болмағандықтан мұны негізгі фактор деп 100 пайыз кесіп айта алмаймыз. Дерттің жалғыз әрі негізгі себебі сол дей алмаймыз. Біз тек кейде бұл фактордың жағымсыз әсері болатынын ескертеміз, – дейді Сергей Лукашенко.
Ол Калачидегі ыс тұрғын үйлердің пештері мен автомобильдерден тарайтынын, табиғи ыс та болатынын санамалай келе, ол ауылда «пештің мұржасынан шыққан түтін көбінесе әуеге тарамай, төмен жайылатынын» айтады.
Калачидегі «ұйқы дертінің» себебін анықтауға Астанадан келген комиссиялар да оған нақты не әсер ететінін анықтай алмады. Бірақ Қазақстан мамандары тұрғындарға вирус, бактерия не радиация әсер етуі мүмкін деген болжамдарды жоққа шығарады. Ұлттық ғылыми-медициналық орталықтың директоры Абай Байгенжин де ауылдан қандай да бір сыртқы фактордың анықталмағанын айтқан.
Калачидегі кейбір тұрғындар ауылдан бірнеше шақырым жерде ашық жатқан, кезінде уран өндірілген кеніштің экологиялық зардабын шегіп жатырмыз деп санайды. Ауылда әсіресе былтырғы желтоқсаннан бері 40-тан астам тұрғын «ұйқы дерті» белгісімен ауруханаға түсіп, дәрігерлер оларға «этиологиясы белгісіз энцефалопатия» деген диагноз қойған.
Жергілікті билік соңғы айларда Астанадан 450 километрдей жерде орналасқан, мыңға жуық адамы бар Калачи ауылы тұрғындарын басқа аймаққа көшіру шараларын қолға алған.