Accessibility links

Калачидегі «ұйқы дерті» себебін ыс тигенге жори бастады


Ұлттық ядролық орталық мамандары Калачиде зерттеу жүргізіп жүр. Ақмола облысы, 7 қыркүйек 2014 жыл.
Ұлттық ядролық орталық мамандары Калачиде зерттеу жүргізіп жүр. Ақмола облысы, 7 қыркүйек 2014 жыл.

Калачиде тағы екі адам "ұйқы дерті" белгілерімен ауруханаға түсті. Арасында аудандық мәслихат депутаты да бар. Ұлттық ядролық орталық мамандары жұмбақ құбылыстың себебін пеш түтінінен іздейді.

Жуырда Астанадағы ауруханаға Калачи ауылы қарайтын Красногорск ауылдық округі әкімі Әсел Сәдуақасованы әкетті. Оған "этиологиясы белгісіз энцефалопатия" деген диагноз қойылған. Былтырғы желтоқсаннан бері дәрігерлер осындай белгілермен 40-тан аса науқасты тіркеген.

Калачи ауылында «ұйқы дертінің» алғашқы белгілері 2013 жылдың наурызында байқала бастаған. Тұрғындар бас айналу, әлсіздік, есте сақтау қабілетінен ішінара нашарлауы, ұйқы басу, тәлтіректеу сияқты белгілерге шағымданады. Бірақ Астанадан келген комиссиялар ауыл тұрғындары шалдыққан дерттің нақты себебін анықтай алмаған.

Ұлттық ядролық орталық мамандары бұл ауылда былтырғы сәуірден бері екінші рет зерттеу жүргізіп жатыр. Әуелі белгісіз дерт себептерінің бірі Калачи маңындағы кезінде уран өндірілген, кейін қараусыз қалған кеніштен тараған радиация болуы мүмкін деген болжам жасалған.

Ұлтттық ядролық орталығы бас директорының орынбасары әрі қауіпсіздік және экология институты директоры Сергей Лукашенко Азаттық тілшісіне

- Рас, кентте радон газының шамадан тыс мөлшері жиналған. Біраққолымыздағы бүкіл ақпаратқа қарамастан, бұл дертке радиацияның қатысы жоқ деп кесіп айта аламыз, - дейді.

Калачидегі бұрынғы уран кенішінің орны. Ақмола облысы, 7 қыркүйек 2014 жыл.
Калачидегі бұрынғы уран кенішінің орны. Ақмола облысы, 7 қыркүйек 2014 жыл.

Оның айтуынша, қоршаған ортаның микроэлементтерін зерттеген мамандар ауа мен судан табылған қорғасын сияқты элементтің ұсақ белгілерін зерттеген. Бірақ ұлттық ядролық орталығы мамандарының айтуынша, олар «ұйқы дертіне» шалдыққан науқастардың жағдайына әсер етуі мүмкін емес.

- Атмосфераның газ күйін де шамамыз келгенше қосымша тексердік. Негізі, біз бұл саланың маманы емеспіз. Ауада көміртек монооксиді, яғни кәдімгі ыс мөлшері көп екені анықталды, әдетте оның адам ағзасына әсері «ұйқы дерті» белгілеріне ұқсайды. Бірақ дәрігер болмағандықтан, мұны негізгі фактор деп 100 пайыз кесіп айта алмаймыз. Біз тек кейде бұл фактордың жағымсыз әсері болатынын ескертеміз. Ыстың әсерін зерттеуді әлі де жалғастыра беру керек деп санаймыз, бірақ дерттің жалғыз әрі негізгі себебі сол деп айта алмаймыз, - дейді Сергей Лукашенко.

Оның айтуынша, ауылда ыс тарайтын бірнеше себеп бар. Олар – тұрғын үйлердің пештері, автомобильдер және табиғи ыс.

- Бұл факторлар Калачи ауылының ерекше метеожағдайымен қосылып, әсер етуі мүмкін. Калачи ауылында пештің мұржасынан шыққан түтін көбінесе әуеге тарамай, төмен жайылады. Жұрт радонның қатысы жоқ деген уәжімізге сенбейді, сондықтан зерттеуді жалғастырып жатырмыз, - дейді Сергей Лукашенко.

Калачи ауылында пештің мұржасынан шыққан түтін көбінесе әуеге тарамай, төмен жайылады.

Ұлттық ядролық орталық мамандары Ақмола облысы Калачи ауылындағы зерттеу жұмыстарын биыл сәуірде аяқтауды жоспарлайды. Мамандардың айтуынша, тұрғындар «ұйқы дертіне» көбінесе қыста шалдығады, ал жазда оның белгілері байқалмайды.

Азаматтық белсенділер Калачи ауылындағы «ұйқы дертінің» себебін анықтау үшін шетелден мамандар шақыру керек дейді. Эколог Мэлс Елеусізовтің пікірінше, Қазақстанның ғылым саласы мешеу халде, сондықтан жергілікті мамандар дерттің себебін анықтай алмайды. Атыраулық белсенді Макс Боқаевтың айтуынша, «жоғарының жарлығынсыз артық сөз айтуға қорқатын» шенеуніктер Ақмола облысындағы «ұйқы дерті» туралы ауыз ашпауды жөн санайды.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің дерегінше, 2013 жылдың наурыз айынан бастап биылғы қаңтардың 9-ына дейін "этиологиясы белгісіз энцефалопатия" диагнозымен 101 адам тіркелген. Министрлік «Тамыр арқылы дәрі-дәрмек егу, жалпы ағзаны нығайту, қанды тазарту (дезинтоксикация) шараларынан кейін Есіл аудандық ауруханасында жатқан науқастардың жағдайы жақсарған, науқастардың бәрі ауруханадан тәуір болып шығып жатыр» деп мәлімдейді.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG