АЗАЙТЫЛҒАН ШЫҒЫНДАР
Ақтау қалалық №2 сотында қыркүйек айынан бері бір топ оралмандарға қарсы өтіп жатқан сот процесі қарашаның 27-сі күні қайта жалғасты. Екі күнге созылған сот процесінде «Әлеуметтік жатақхана» директоры Насыреддин Қожырбаев пен Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкері Набат Баймұналова оралмандардың уақытша берілген баспанада заңсыз тұрып жатқанын және олардың мемлекетке шығын келтіргенін дәлелдеуге тырысты.
Насыреддин Қожырбаев жатақханада тұрып жатқан әр оралман отбасынан талап етіліп отырған 200 мыңнан 700 мың теңгеге дейінгі коммуналдық төлемнің қайта есептеліп, азайтылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл төлемдерді анықтау мақсатында «аймақта бекітілген тарифтер қолданылған». Ол бұған дейінгі сот процесінде «Әлеуметтік жатақхана» заңгері Нұрбибі Мереева айтқан «жатақханадан шығарылғандардың коммуналдық төлемнен босатылатыны туралы» мәлімдемесін жоққа шығарды.
- Бұл - сот процесі басталғанға дейінгі әңгіме. Бұл адамдар дұрыс түсінбеген, - деді ол.
Алайда бұл жағдай сотқа тартылып отырған шет елден келген қазақтардың наразылығын тудырды. Өзбекстаннан көшіп келген Жансәуле Жангиличева өзінен талап етіліп отырған «500 мың теңге көлеміндегі коммуналдық төлемді алып тастайтын болғандықтан ғана жатақханадан шығуға келіскенін» айтты.
Неге квота алмадық? Неге жеріміз жоқ? Неге үйіміз жоқ, жұмысымыз жоқ? Онда әркім келген еліне қайта берсін деп қайтарып жіберіңіздер.
- Егер бәрібір мойныма ілінсе онда не үшін келісуім керек? Неге бейімдеу орталығы болған соң бізді бейімдеген жоқ? Неге квота алмадық? Неге жеріміз жоқ? Неге үйіміз жоқ, жұмысымыз жоқ? Онда әркім келген еліне қайта берсін деп қайтарып жіберіңіздер,- деді ол .
Бұл сөзден кейін істі жүргізіп отырған судья Қазила Сағындықова оралмандарды эмоцияға берілмеуге шақырды.
«ПЕНДЕШІЛІК МАҚСАТПЕН ОТЫРҒАН АДАМДАР»
Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қызметкері Набат Баймұналова «Әлеуметтік жатақханада» тұрып жатқан оралмандарды «пендешілік мақсатпен тұрып жатқандар» деп сипаттады. Оның сөзінше, бұрынғы бейімдеу орталығында тұрып жатқан оралмандарға ол жерді босату туралы ескерту бірнеше мәрте берілген.
- Олар құлықсыз қарап, «не болса да отыра берейін, кейін бұл жатақхана бізге қалмас па екен» деген пендешілік мақсатпен отырған адамдар. Олар 2012 жылы кіріп, 6 айдан соң бостауы керек еді. Көбі тепсе темір үзетін, еңбек жасындағы азаматтар. Арзан жұмысқа барғысы келмейді. Кейбіріне Түпқараған ауданынан үй де ұсынылды,- деді ол сотта.
Набат Баймұналованың айтуынша, «оралмандар келген бетте оқу -ағарту жұмыстары да жүргізілген».
Сотқа қатысқан оралмандар бұл мәліметке қарсы шығып, «өтірік айтады» деп шуласты. Мұнан соң судья «нақты кімге үй ұсынылғанын атап айтуды» сұрады. Шенеуніктің сөзінше, Ираннан келген Әбдірахман Бабық пен Мұстафа Бейкиге Форт Шевченкодан үй берілген, «бірақ олар бас тартқан».
Сотта сөз алған Иранның Горган қаласынан келген этникалық қазақ Мұстафа Бейки өзімен бірге келген Әбдірахман Бабықпен бірге «Түпқараған ауданына құжаттарын апарғанымен, екі күннен соң өздеріне әкімдіктен хабарласып ол үйдің берілмейтінін хабарлағанын» айтты.
- Ол кезде бізде ешқандай сауат болмады. Қайда бар десе сонда бардық. Оқыттық дейді. Үш күн класс қойып, төртінші күні Ақтаудан телеарна камерасын шақырып түсірді де, сонымен бәрі аяқталды. Ал үйдің берілмеу себебін «жоғары жақ солай шешті» деп түсіндірді, -деді ол.
«АҚША ҚАЙДА?»
Оралмандар құқығын қорғап сотқа қатысқан алматылық заңгер Маржан Аспандиярова сот үстінде жатақхана директорынан «бейімдеу орталығының әлеуметтік жатақханаға айналғаны туралы оралмандарға алдын ала түсінік жұмысының неге жүргізілмегенінің себебін сұрады. Алайда Маржан Аспандиярова бұл сауалына ешкім жауап бермеді.
- Бұл адамдардың кейбірі 2011 жылғы «Нұрлы көш» бағдарламасының соңғы көшіне іліккен, бірақ квота алмаған. Ол ақша қайда? Бұл адамдар үкіметке залал келтіргендер ретінде жауапкершілікке тартылып отырса және олар жатақханадан шығып кеткен жағдайда төлем төлеуден босатылса, ол шығынды кім өтейді? - деп сұрады ол облыс әкімдігі өкілінен. Бірақ оның бұл сауалына да жауап болмады.
Оралмандар құқығын қорғау үшін Алматыдан келген заңгер Маржан Аспандиярова жатақхана дауын «Маңғыстау облысы әкімдігінің оралмандар квотасына қатысты заң талаптарын орындамауы салдарынан болған шиеленіс» деп бағалайды.
- Ақпараттық жұмыстар оралмандарға дұрыс жүргізілмеген. Бұл кісілер құқықтық жағынан сауатсыз. Қазақстанда орысша білмеген адамның мемлекеттік қызметтегілермен сөйлесуі қиын. Оралмандарға тиесілі жеңілдіктер, бейімдеу орталығының әлеуметтік жатаханаға айналғанын, мойындарына жарты миллион теңгеге дейін қарызы бар екенін олар сотта бірақ білді, - дейді Маржан Аспандиярова.
ЖАТАҚХАНАДАН ШЫҒАРУДЫ ШЕГЕРГЕН «ШҰҒЫЛ ХАТ»
Қарашаның 28-інде жалғасқан сот процесінде жатақхана директоры Насыреддин Қожырбаев оралмандарды «Әлеуметтік жатақханадан» шығару және олардан материалдық залал өндіру туралы арызын кері қайтарып алатынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, «оған Маңғыстау облысы әкімдігінен келіп түскен шұғыл хат негіз болған». Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Ильмухамбетова қол қойған бұл хатта «облыстағы ішкі қоғамдық -саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында «әлеуметтік жатақханада» тұру мерзімі өтіп кеткен отбасыларын сотқа беруді 2018 жылдың сәуір айының 1-іне дейін тоқтата тұру» ұсынылған.
- Облыс әкімдігіне осы мәселеге орайкомиссия құрылып жатыр. Қазір қыс мезгілі. Сол комиссия қортындысына қарай бұл істі кейін жалғастыратын боламыз, - деп ескертті Насыреддин Қожырбаев оралмандарға. Судья Сағындықова оның өтініш қанағаттандырды.
Маңғыстауға Ираннан, Түркіменстан мен Өзбекстаннан келген оралмандарға қатысты сот процессі қыркүйек айында басталған. Оралмандар өздерін алты-жеті адамнан бөліп соттап жатқандарын айтады. Иран, Түркіменстан, Қарақалпақстаннан келген оралмандардың тағы бір тобына қатысты сот процесі қарашаның 29-ына белгіленген.
Ақтау қаласындағы 2010 жылы салынған «Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» 2016 жылдың желтоқсанынан бастап аты өзгеріп, «Әлеуметтік жатақхана» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне айналған. Оның құрылтайшысы - Маңғыстау облыстық әкімдігі. 200 отбасына арналған бұл мекенжайда соңғы мәлімет бойынша 139 оралман отбасы, яғни 675 адам тұрып жатыр. Олардың көпшілігі - Өзбекстан мен Түркіменстаннан келген этникалық қазақтар.
Азаттық Ақтау қаласындағы әлеуметтік жатақханада тұрып жатқан оралмандарды баспанадан шығару дауына бұған дейін де мақала арнаған. Даудың негізгі мазмұны – жергілікті билік оралмандарды уақытша баспанадан шығаруды қалайды. Жатақхана директоры Насыреддин Қожырбаев «келгеннен алты ай ішінде оралмандар осы елдің азаматы ретінде қоғамға кірігіп, бейімделіп, өзі күнін көріп, баспанасын қамдап алуы керек еді» деген болатын. Ал оралмандар өздеріне заңда көрсетілген жеңілдіктер көрсетілмегендіктен, «жатақхананы өздеріне мүлік ретінде берілген» деп санайды.
ВИДЕО: Бір топ оралман қайтуды ойлай бастады
Your browser doesn’t support HTML5
Қазақстанның көші-қон туралы заңында оралмандарды бейімдеу және уақытша орналастыру орталықтары қызметін аймақтардағы жергілікті билік ұйымдастыратыны жазылған. Онда оралмандардың «тұрғын үйі болмаған кезде бейімдеу не уақытша орналастыру орталықтарында бір жылдан аспайтын мерзімге тіркелуге құқығы бар» екені көрсетілген. Одан бөлек, оралмандардың «уәкілетті орган белгілеген кезең аяқталғаннан кейін берілген үй-жайды босатуға міндетті» екені де ескертіледі. Оралмандар мәселесімен айналысып келе жатқан белсенді Ауыт Мұқибек бұл дауды «Оралмандарға заңды түсіндіру жетіспейді. Жергілікті биліктің заңды атқару жағы да жетпей жатыр. Екінші жағынан оралмандардың өзі де ұмтылуы керек. Бұл жерде заңдық сауат төмен болып тұр. Екі жақтан да бар» деп бағалаған болатын.