Полицейді «өлтірді» дегендердің ісі қайта қаралмақ

Кісі қолынан өлген полицей Әділет Тұрсынбеков (сол жақ) пен әкесі Алшынбай Ыбырай. Әкесінің сот залына әкелген суреті. Алматы, 30 қаңтар 2013 жыл

Қазақстан бас әскери сотының апелляциялық алқасы Ақтаудағы полицей өліміне қатысты іске шыққан үкімнің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберді.
2012 жылы сәуірдің 2-сі күні Алматыдағы әскери соттың апелляциялық алқасы Ақтауда қаза болған полицейдің ісін «қайта қарау керек» деген шешімге келді.

Осылайша Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот шешімінің күші жойылған.

Күші жойылған сот үкімі бойынша полиция қызметкері, аға лейтенант Әділет Тұрсынбековтің өліміне қатысты айыпталған алты азаматтың тек біреуі – Қайрат Айтбаев «айыпты» деп танылып, тоғыз жылға бас бостандығынан айырылған еді. Екінші айыпталушы Ренат Бердалиев төрт жылдық шартты жазаға кесіліп, қалған төрт азаматпен бірге (арасында бұрынғы ҰҚК қызметкері Самат Сабалақов та бар) сот залынан босатылған еді.

Қаза болған полицейдің әкесі айыпталушылар «құқық қорғау органдарымен байланыста, тіпті екеуі ҰҚК-нің бұрынғы қызметкерлері болғандықтан құтылып кетті» деп мәлімдеген.

АПЕЛЛЯЦИЯ

Бұл іске қатысты айыпталған бес ақтаулық азамат ешқайда кетпеу туралы қолхат берген. Ал «айыпты» деп танылған Қайрат Айтбаев Алматының тергеу изоляторында отыр. Сондықтан 2 сәуір күні Алматыда өткен сот отырысына тек екі жақтың адвокаттары мен қаза болған полицейдің әкесі ғана қатысты.

Ренат Бердалиевтің адвокаты Ғабдрашит Нұрманов. Алматы, 2 сәуір 2013 жыл.


Екі тарапты тыңдаған апелляциялық алқаның төрағасы судья Ғани Есжанов: «2013 жылы қаңтардың 30-ы күні Самат Сабалақов, Мейрам Рахметов, Илья Гугиев, Мақсат Айтуар, Ренат Бердалиев пен Қайрат Айтбаевқа қатысты шыққан үкімнің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберу керек» деді.

Судьяның сөзінше, шешімге қатысты айыпталғандардың адвокаттары алты ай ішінде кассациялық шағым беруге құқылы.

Адвокаттар бұл мүмкіндіктерін міндетті түрде пайдаланатындарын айтты. Ал жәбірленуші тарап «әділеттік енді орнап, айыптылар жазасын алады» деп үміттенеді.

Cудья Ғани Есжанов. Алматы, 2 сәуір 2013 жыл.


«ПРЕЗИДЕНТ ТЕ СЫНАҒАН»

Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының оперативтік қызметкері Әділет Тұрсынбеков 2010 жылы желтоқсанның 23-і күні Ақтаудағы ішкі істер департаменті ғимаратына қарама-қарсы жерде соққыға жығылған. Арада екі апта өткенде, 2011 жылы қаңтардың 7-і күні есін жимастан көз жұмған.

Қаза болған полицей Әділет Тұрсынбеков – үйдің жалғыз ұлы болған. Әкесі Алшынбай Ыбырай – бұрынғы тергеуші, қазір запастағы подполковник. Ол жауапқа тартылған алты адамға 340-бап («сот төрелiгiн немесе алдын ала тергеудi жүзеге асырушы адамның өмiрiне қол сұғу») бойынша айыпталғанын айтты. Оның сөзінше, «бұған дейін бұл бап жұмыс істемей келген».

Қаза болған полицей Әділет Тұрсынбековтің әкесі Алшынбай Ыбырай. Алматы, 2 сәуір 2013 жыл.


Қаңтар айында сот шешімі шыққанда Алшынбай Ыбырай бұл істі аяғына дейін жеткізетінін, «ұлын жабылып ұрған құқық қорғау органдары қызметкерлерін жауапқа тартуға күш салатынын» айтқан еді.

Оның сөзінше, осы жылдың қаңтар айында елдің құқық қорғау органдарының жетекшілерімен жиын өткізген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл іске қатысты пікір білдірген.

- Президент «бас прокуратура, ҰҚК мен сот, Ақтаудағы полицейді өлтіргендердің жағына шығып кеткенін» сынаған еді, - деді Алшынбай Ыбырай.

Қазақстан президенті 2013 жылы қаңтар айының 30-ы күні Ақордада құқық қорғау органдарының жетекшілерімен кездесуде тергеушілер мен прокуратура қызметкерлерін «қылмыс жасағандарды жақтады» деп айыптай сөйлеген. «Біз араласқанша прокуратура да бұрыс позиция ұстанған» деген еді президент Назарбаев.