Белсенді зейнеткерлер мәселесін бірлестік арқылы шешпек

"Соғыс балалары" қоғамдық бірлестігінің құрылтай жиналысы. Ақтөбе. 2 маусым, 2018 жыл

Әлеуметтік жағдай туралы шағынған ақтөбелік зейнеткерлердің бір тобы қоғамдық бірлестік құрып, мәселесін бірігіп шешу жолдарын қарастырып жатыр. Билік өкілдері зейнеткерлерді алаңдатқан жайды реттеуге болатынын айтады.

Ақтөбелік зейнеткерлердің бір тобы күнкөрістің қиындап бара жатқанын айтады. Олар билік басындағы азаматтарға хат жолдап, коммуналдық, медициналық жеңілдіктер талап етпекші. Қарттар қойып отырған көп талаптың бірі – қала ішіндегі автобустардың қызметін тегін немесе жеңілдікпен пайдалану.

ҚЫЗЫЛОРДАДА БАР ЖЕҢІЛДІК АҚТӨБЕДЕ ЖОҚ

Ақтөбе қаласының тұрғыны Орынбай Өтениязов - Қызылорда облысының тумасы. Осыдан 25 жыл бұрын Ақтөбеге қоныс аударған ақсақал өзі туып-өскен Қызылордаға жиі барып тұратынын айтады.

- Қызылордаға барғанда автобустарына мініп көрдім. Ол жақта автобустың билеті 90 теңге екен. Кондуктор «жасыңыз нешеде?» деп сұрады. «Жасым 70-те» дедім. «Онда жартысын төлейсіз» деп менен 50 теңге алды. Ақтөбеде де зейнеткерлер үшін тым құрыса сондай бір жеңілдіктер болса деймін, - дейді Орынбай Өтениязов.

Орынбай Өтениязов. Ақтөбе. 2 маусым, 2018 жыл

Ол Ақтөбеде бертінге дейін зейнеткерлердің бәрі автобуста тегін жүргенін айтады.

- Сонда да үкімет ақсап қалған жоқ. Қазіргі билік те зейнеткерлердің 50-55 теңгесіне қарап қалмаған шығар?! Біз де аштан өліп қалмаспыз-ау, бірақ соның өзі қартайған адамның адамның көңіліне демеу болар еді, - дейді Орынбай Өтениязов.

Ақтөбелік зейнеткерлер 2016 жылдың сәуір айына дейін қала ішіндегі автобустар қызметін тегін пайдаланып, кейіннен бұл жеңілдік алынып тасталған еді.

«ТӘРБИЕДЕН БҰРЫН АЛДЫМЕН ӨЗ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ КЕРЕК»

Балалық шағы екінші дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келген ақтөбеліктердің алды қазір 90-нан асып барады, соңы 70-тің үстінде. Олар өткен аптада «Соғыс балалары» деп аталатын қоғамдық бірлестік құрылғанын жариялады. Қарттар енді өздерінің әлеуметтік мәселелерін осы ұйым шеңберінде талқылап, тиісті мекемелерге ұсыныстар беріп отырмақшы. Бірлестіктің жарғысында «жас буынға егде ұрпақтың соғыс уақытындағы адамдардың жоғары моральдық және рухани қасиеттерін дәріптеуге, патриоттық сезімде тәрбиелеуге ықпал ету» деген де пункт бар. Бірақ бірлестік төрағасы Сәрсен Шәкібаев «ұрпақ тәрбиесімен айналысатын адамдар алдымен өз құқықтарын қорғай білуі керек» деп санайды. Сондықтан олар биліктен ең алдымен өздеріне арнайы статус берілуін, содан кейін коммуналдық қызмет ақысына, автобус және теміржолда билет бағасына жеңілдік жасалуын талап етпек.

Сәрсен Шәкібаев, "Соғыс балалары" қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Ақтөбе, 2 маусым 2018 жыл

- Әкелері соғысқа кетіп, жетім қалғандықтан бұл балалардың көпшілігі 10-15 жасқа дейін ашқұрсақ жүріп ер жетті. Қазір де жетісіп отырғандары шамалы. Көпшілігі зейнетақыларының 70 пайызын дәрі-дәрмекке жұмсайды. Оның өзі күн сайын қымбаттап жатыр, - дейді «Соғыс балалары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәрсен Шәкібаев.

- Ай сайын 47-50 мың теңге зейнетақы алатындар бар екен. Бұл не? Бұл-мазақ! Біз соғыс балалары әкенің алақанын, шешенің мейірімін көрмей өскен ұрпақпыз. Мысалы, менің шешем 1947 жылы қызылшадан өлді. Көрмеген құқайымыз жоқ. Ал қазір «біздің еліміз өте бай, Менделеев таблицасындағы элементтердің бәрі бар» деп мақтанамыз. Одан не үміт, не қайыр? Сондықтан ақтөбелік зейнеткерлер көтеріп отырған мәселе өте өзекті. Мұны қымбатшылық қажытқан қариялар емес, тәуелсіздік алған жылдары мемлекеттің өзі көтеруі керек еді,- дейді зейнеткерлердің бірі Әзімғали Майкөзов.

Тілек Майкөзов. Ақтөбе. 2 маусым, 2018 жыл

Әзімғали Майкөзов өзінің зейнетақысы 109 мың теңге екенін, бірақ соның өзінде дәрі-дәрмегі мен азық-түлігіне әрең жеткізетінін айтты.

- Бізді билік бүлікші көруі де мүмкін. Бірақ мүлдем олай емес. Мысалы, мен жасы 86-ға қараған адаммын. Әкем соғысқа кеткенде он жастағы бала едім. Жалғыз сиырға қарап отырған біздің отбасымызбен бірге сол жылы бір шешен, бір неміс отбасы қыстап шықты. Ешкімді бөле жарғанымыз жоқ. Балалық шағымыз қиындықпен өтті. Қазір де оңай боп тұрған жоқ. Базарға барсаң - қымбатшылық, дүкенге кірсең - қымбатшылық, дәріге барсаң-қымбатшылық. Бұған тоқтау бола ма өзі?!-дейді замандасының сөзін қостаған білім саласының ардагері Ғалымжан Бірманов.

«ЖАСТАР ТӘРБИЕСІНЕ ПАЙДАЛАНУ»

Жолаушылар тасымалымен айналысатын «Автопарк» компаниясының ресми өкілі Руслан Жылқамановтың айтуынша, қазір соғыс ардагерлері мен 1-топ және 2-топ мүгедектігі бар зағиптар ғана қала ішіндегі автобустар қызметін ақысыз пайдалана алады. Басқалар үшін жол жүру құны -55 теңге. Ал Ақтөбе облысы әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасары Ербол Нұрғалиев қарттардың автобуста тегін немесе жеңілдікпен жүруі тағы бір талқылауды қажет ететін мәселе деп санайды.

- Бұрын бізде жеңілдіктердің болғаны рас. Бірақ оның барлығы бюджет үшін тиімсіз болды. Бюджеттің миллиондаған қаржысы «Автопаркқа» аударылып отырды. Мұның ешқандай нәтижесі болған жоқ, бюджеттік қаражатты үнемді пайдаланбағаннан кейін жеңілдіктер алынып тасталды. Сондықтан бұл мәселені шешудің жолдарын тағы да қарап, пысықтауымыз керек,-дейді Ербол Нұрғалиев Азаттыққа.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары облыс орталығында «Соғыс балалары» атты қоғамдық бірлестіктің құрылғанын БАҚ өкілдерінен естіген.

"Соғыс балалары" қоғамдық бірлестігі жиынында отырған адамдар. Ақтөбе. 2 маусым, 2018 жыл

- Қоғамдық ұйымдардың құрылғаны дұрыс нәрсе деп ойлаймын. Бұл жерде тек ол кісілердің құқықтары емес, бұл жерде ол кісілердің қоғамға қандай көмектері болады, қандай ықпалы болады деген ой да туындайды. Мысалы, тәрбие жұмысына, жастарды тәрбиелеуге пайдалануымыз керек. Нақты ұсыныстарын дайындасын, сосын ол кісілермен кездесуге,мәселелерді бірлесе талқылауға дайынбыз,- дейді облыс әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасары.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев әлеуметтік ахуалы қиын жағдайға ұшыраған зейнеткерлерге қатысты наурыз айынан бастап тұрмысы нашар отбасыларды анықтап,тізім жасалып жатқанын айтады.

- Мысалы, үлкен супермаркеттерде арнайы бұрыштар болады. Ол жерге кез келген қала тұрғыны мұқтаж қариялар үшін азық қалдырып кете алады. Ал ауылдық жерлерде тұратын мұқтаж қарияларды жергілікті кәсіпкерлердің қамқорлығына бекітіп бермекшіміз. Бұл мәселенің масылдық деп аталатын екінші қыры да бар. Әрине, біз халықты 100 пайыз қамтамасыз ете алмауымыз мүмкін. Бұған қоғам болып ат салысуымыз керек. Сондықтан да қоғамдық ұйымдардың ашыла бастағаны бізді қуантады, - дейді Ербол Нұрғалиев.

"Соғыс балалары" қоғамдық бірлестігінің ұраны - "Қамтамасыз етілген және қорғалған егде буын". Ақтөбе. 2 маусым, 2018 жыл

2 маусым күні құрылтай жиналысын өткізген «Соғыс балалары» қоғамдық бірлестігі алты зейнеткерді жұмыс комитетіне мүше етіп сайлады. Белсенді қариялар тобы өз тілек-талаптарын Астанаға барып, үкімет мүшелеріне жеткізбек ниетте. «Соғыс балалары» үшін арнайы статус сұраған хатқа 133 адам қол қойды. Өз мәселелерін бірлесе шешпекші қарттар Ақтөбе облысының аудандарынан да бірлестік филиалдарын ашуды ойлап отыр.

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің мәліметінше, Ақтөбе облысында 90 мыңға жуық зейнеткер бар. Олардың еңбек стажына қарай зейнетақы мөлшері де әртүрлі. Аймақтағы ең төменгі зейнетақы мөлшері - 33 мың 245 теңгені құрайды.