2016 жылы маусымның 5-і күні Ақтөбе қаласында 30 шақты ер адам екі қару дүкенін тонап, қаладағы ұлттық гвардияның әскери бөліміне шабуыл жасағанда Ақтөбенің жеті бірдей бейбіт тұрғыны оққа ұшты. Азаттық тілшісі «Паллада» жанындағы атыста оқ тиіп, мерт болған зейнеткер Николай Онищенконың жесірі мен оққа ұшқан жедел күзет қызметкері Мирхан Тәжібаевтың әкесімен тілдесті.
Шабуыл күнгі ақпарат: Ақтөбедегі әскери бөлімге қарулы шабуыл жасалды
Николай Онищенконың жесірі Галина «бір жылдан бері үйден шығудан қалғанын, бүркеніп алған әйелдер мен сақалды еркектерді көрсе, зәре-құты қалмай қорқатынын» айтады. Ол Азаттық тілшісіне де пәтерінің есігін әрең ашты.
Your browser doesn’t support HTML5
«ҚАНСЫРАП ЖАТЫП, «ҰЛЫМА ХАБАРЛАС» ДЕП ҮЛГЕРДІ»
Ақтөбелік Николай Онищенко маусымның 6-сы күні 70 жасқа толуы керек еді. 2016 жылы маусымның 5-і болған қарулы шабуыл қарсаңында ол туған күніне дайындық қамымен жүрген. Өмірінің соңғы 40 жылында Ақтөбенің Әлия Молдағұлова даңғылындағы 12-үйде тұрған Николай Онищенко сол күні жеке көлігімен балконының түбіне келіп тоқтайды. Бес қабатты бұл үйдің бірінші қабатында сол күні «діни радикалдар» шабуылына ұшыраған қару-жарақ сататын «Паллада» дүкені орналасқан.
- Төргі бөлмеде отырғанмын. Тарс-тұрс еткен дыбыстар шықты. Көлік доңғалағы жарылған болар деп ойладым. Терезеге жүгіріп барсам, қолдарында қаруы бар он шақты жігіт күйеуімді көлігінің қасында тепкілеп жатыр екен. Жедел жәрдем мен полиция шақырдым. Жүгіріп сыртқа шықсам, күйеуім боп-боз болып, қансырап жатты. «Ұлыма хабарлас» деп айтып үлгерді. Сол жерде көмекке келген бейтаныс жігіт екеуіміз Коляны өз көлігімен ауруханаға жеткіздік, - дейді Галина Онищенко.
Әлеуметтік желіде Ақтөбедегі атыс деп сипатталған видео (5 маусым 2016 жыл):
Жесірінің айтуынша, «кеуде тұсы мен ішіне пышақ сұғылып, оқ тиген Николай Онищенко туған күніне үш сағат қалғанда аурухана төсегінде жан тапсырған». Содан бері Галина Онищенко екі бөлмелі ескі пәтерінде жалғыз тұрады. Жесір әйелдің бойындағы қорқыныштың әлі де сейілмегенін аңғару қиын емес.
Бүркеніп алған әйелдер мен сақалды еркектерді көрсем, тіпті зәре-құтым қалмайды.
- Кейінгі бір жылда үйден шығудан қалдым. Керек-жарағымды отбасымен бөлек тұратын ұлым әкеп береді. Бүркеніп алған әйелдер мен сақалды еркектерді көрсем, тіпті зәре-құтым қалмайды. Ондайлар орталық базар жақта өте көп. Қорқынышты. Мен былтырдан бері келін-баламнан өзгеге есігімді ашуға да қорқамын, -дейді ол.
Галина Онищенко зардап шегуші ретінде шабуылшылардың сотына да қатысқанын айтады. Сотта шабуылшылар Николай Онищенконы көлігін бермей қойғаны үшін өлтіргендерін айтқан. «Жап-жас жігіттер... Менен біреуі кешірім сұраған жоқ» дейді Галина Онищенко.
«МАҢДАЙЫНАН СОҢҒЫ РЕТ ИІСКЕГІМ КЕЛДІ»
Дабыл қағылған бойда «Паллада» дүкеніне барып, оққа ұшқан жедел күзет қызметкері Мирхан Тәжібаевтың әкесі Есенбай шабуылшылардың сотына бармаған. «Солардың жүзін көргім келмеді. Тіпті үйіме кешірім сұрап келер болса, қуып шыққан болар едім» дейді Есенбай Тәжібаев.
Мирхан 70 жастағы Есенбай Тәжібаевтың үш ұлының кенжесі болған. Қаза боларынан біраз бұрын әкесіне отау көтермек ниеті бар екенін айтыпты.
Қартайған шағыңда балаңның артында қалып, оған топырақ салғаннан қиын ештеңе жоқ екен.
- Қартайған шағыңда балаңның артында қалып, оған топырақ салғаннан қиын ештеңе жоқ екен. Амал жоқ. Өз қолыңды өзің кесе алмайсың... Мирхан қаза болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Жергілікті билік бес миллион теңге жәрдемақы берді. Бірақ медаль да, ақша да, мақтау мен мадақтау да баламның орнын толтыра алмайды, - дейді көзінің жасын әрең іркіп отырған Есенбай Тәжібаев.
Жедел күзет қызметкері, 32 жастағы Мирхан Тәжібаев былтыр маусымның 5-і күні үйінде тынығуы тиіс болған. Бірақ шұғыл шаруалары шығып қалған әріптесінің орнына күндізгі ауысымға шығады. Сол күні түскі 12-лер шамасында әкесімен соңғы рет хабарласып, түскі асқа кешірек баратынын айтқан.
Instagram желісінде Ақтөбедегі атыс деп жарияланған видео (5 маусым 2016 жыл):
- Ақтық сапарға анасының жанына аттанар алдында баламды маңдайынан соңғы рет иіскегім келген. Рұқсат етпей қойды. Соған қарап әртүрлі ойға кетемін. «Баламның басы болмады ма екен» деп те ойлаймын. Мирхан менің өзегімді өле өлгенше өртейтін өкінішіме айналды ғой... Шүкірмін ... Қазір ортаншы ұлым Ринатпен бірге тұрамын. Маусымның 5-і Ринатымның туған күні еді. Енді бұл күн - отбасымыз үшін қаралы дата, - дейді қызмет бабымен жүріп қаза болған Мирхан Тәжібаевтың әкесі.
Қайғы қажытқан зейнеткер соңғы кезде үйінен ұзап шықпайтынын айтты. Тек екі апта сайын ұлының зиратына барып, құран бағыштауды әдетке айналдырған. Жедел күзет қызметкері Мирхан Тәжібаевтың бір жылдық садақасы мамырдың 21-і берілген. Туыстарының айтуынша, марқұмның жылына Ақтөбе қаласы әкімі Ілияс Испанов бастаған он шақты шенеунік келіп, қаралы отбасына жұбату айтқан.
Азаттық тілшісі жедел күзет қызметкері Мирхан Тәжібаев оққа ұшқан «Паллада» дүкеніне де барған еді. Қару-жарақ дүкені маусымның 4-і жабық тұрды. Былтыр маусымның 5-і қарулы шабуылға ұшыраған тағы бір қару-жарақ дүкені «Пантераның» да есігі құлыптаулы. Дүкеннің кіреберісіндегі құлақтандыруға қарағанда , маусымның 3-і, 4-і және 5-і күндері мұнда есеп-қисап жүргізіледі. Ал қарулы шабуыл кезінде қаза болған азаматтардың туыстары «дүкен қожайындары қауіпсіздікті ойлап отырған болар» деп болжайды. Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) мәліметінше, «Ақтөбе қазір қауіпсіз қала. Облыс аумағында биыл қылмыс саны 35,5 пайызға азайған».
Полиция хабарламасында «биыл дәстүрлі емес исламды ұстанатын 19 адамның қамауға алынғаны, олардың ұрлық, қарақшылық, қару қолдануға қатысты 25 қылмыс жасағаны» жазылған. ІІД «Экстремистердің арасында мешітке келіп, ұрлық жасағандары да кездесті» деп хабарлайды.
2016 жылы маусымның 5-інде Ақтөбеде 30-ға жуық белгісіз адам екі қару-жарақ дүкенін тонап, 17 адам ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан еді. Ресми мәлімет бойынша, шабуыл мен атыстан 40 шақты адам жараланып, 20 адам қаза тапқан. Қайтыс болғандардың 13-і – «шабуыл жасады» деген күдіктілер, жетеуі – бейбіт тұрғын (олардың үшеуі әскерилер – Досбол Сапар, Даниель Майлыбаев, Берікжан Қалиев, төртеуі қала тұрғындары – Андрей Максименко, Николай Онищенко, Михаил Матросов және жедел күзет қызметінің өкілі - Мирхан Тәжібаев). Маусымның 5-індегі шабуылдан соң Ақтөбеде террорлық қауіп-қатердің ең жоғарғы – қызыл деңгейі, ал Қазақстан бойынша 40 күн мерзімге террорлық қауіп-қатердің сары деңгейі жарияланған.
Алты күнге созылған арнайы операция кезінде "діни радикал", "қарулы шабуылшы" деп сипатталған тағы бірнеше «терроршының» көзі жойылып, 29 адам ұсталған. Ұсталғандарды былтыр қарашаның 28-і күні Ақтөбе облыстық соты түрлі мерзімге соттады. Оның 9-ы – түрлі қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны, оның ішінде «терроризм актісін жасауға тікелей қатысқандары» үшін, 18-і – «дайындалып жатқан қылмыс туралы хабарламағаны» үшін, екеуі – қылмысты жасырып қалғандары үшін екі жылдан бастап өмір бойына дейінгі бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.