Ақтөбеде «облыстық ҰҚК департаменті ғимаратында өзін-өзі жарған Рахымжан Мақатовтың сыбайласы» деп айыпталған 12 адам сотталды.
Сотталған азаматтардың барлығы – Ақтөбе облысының тұрғындары, жастары 25 пен 42 аралығында, жетеуі – жоғары білімді. Олар қылмыстық кодекстің «лаңкестік топ құру», «лаңкестікті насихаттау» «қару сақтау» секілді бірнеше ауыр бабымен айыпталған. Араларында «осы топ мүшелерін қаржыландырды» деген күдікке ілінген адамдар да бар.
ҮКІМ
Жабық сот процесі 2 аптаға созылып, Ақтөбедегі тергеу изоляторында өтті. Үкім шыққанша мәжіліске төрағалық етуші судья Дәмеш Әбдәлінің аты-жөні де құпия болды. Процесс өтіп жатқан тергеу изоляторы 2 апта бойы айрықша қорғауға алынған. Сәрсенбі күні сот үкімі сол изолятордың тар бөлмесінде жарияланды.
Айыпталушы Есет Мақуов – 17 жылға, Алмас Жолбаев пен Асхат Бегаманов – 10 жылға, Әнуар Сүйінтаев – 8 жылға, Игілік Сағынаев пен Марат Палтоев – 5 жылға, Жанболат Сәрсенбаев, Нұрлыбек Мусин, Ғани Еңсепов, Біржан Алдамжаров, Хабидолда Жаңбыршин, Әлібек Бердібаев – 3 жылға сотталды.
«ОРТАҚ ДІНИ КӨЗҚАРАС» ЖӘНЕ «ЖАМАҒАТ»
Ақтөбе облысы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Дәмеш Әбдәлінің сөзіне қарағанда, «лаңкестік топ құрып, оған жетекшілік еткен» Есет Мақуовты тергеу қылмыстық кодекстің 9 бабы бойынша айыптаған екен. Сот процессі
«Лаңкестік топ құрып, оған жетекшілік етті» деп айыпталған Есет Мақуов - 42 жаста, үйленген, 6 баласы бар.
Есет Мақуовтың адвокаты Жұмабай Арыстанов сот үкімімен келіспейтінін, жоғарғы сотқа аппеляция беретінін айтты.
– Есет Мақуовқа қылмыстық кодекстің 233-бабының 4-бөлімі бойынша айып тағылған. Бұл – «лаңкестік» деп аталатын бап. Тергеу Мақуовты «мамырдың 17-сі күні Ақтөбе ҰҚК департаменті ғимаратында лаңкестік жасады» деп айыптаған еді. Бірақ ол айып дәлелденген жоқ, – дейді адвокат Жұмабай Арыстанов.
Сот процессі кезінде Есет Мақуов «жамағат құрып, діни көзқарасы ортақ адамдардың басын қосқанын» мойындаған. Бірақ оның адвокаты Жұмабай Арыстанов «діни бірлестік құру мен лаңкестік жасау – екі түрлі нәрсе» дейді.
«ӘДІЛ ШЕШІМ»
Сот үкімі бойынша 3 жылға сотталған азаматтың бірі, 41 жастағы Хабидолла Жаңбыршин – 2 баланың әкесі. Ол тұтқындалар кезде Шұбарқұдық кенті мен Ақтөбе қаласының аралығында жеке көлігімен жолаушы тасып, отбасын асырап жүрген.
– Бауырым мамырдың 17-сі күні тұтқынға алынды. Бар айыбы –
Гүлнәр Жаңбыршина сот процесі барысында прокурордың Хабидолла Жаңбыршинді 16 жылға соттауды сұрағанын айтып: «Судьяға ризамын. Әділ шешім шығарды. Қатты қуанып тұрмын» деді.
Сотталған азаматтардың енді бірі, 3 жылға бас бостандығынан айырылған Әлібек Бердібаев қылмыстық кодекстің 4 бабы бойынша айыпталған екен. Бірақ тергеушілер оның үйін тінту кезінде ешқандай айғақ зат таппаған.
– Бұл – лаңкестік топ емес, жай ғана діни көзқарасы ұқсас адамдардың бірлестігі, – дейді Әлібек Бердібаевтың адвокаты Сергей Маков.
Бүгінгі сот – Ақтөбедегі терроризмге байланысты үкім шығарған үшінші оқиға. Әуелі қазанның 6-сында Ақтөбе облысы сотының баспасөз хатшысы Гүлнар Симатова «1984 және 1985 жылы туған сотталушылар - өмір бойы, 1987 жылы туған сотталушы - 14 жылға, 1990 жылы туған сотталушы - 6 жылға бас бостандығынан айырылды» деп хабарлаған. Сотталған азаматтар «1 шілде күні Шұбаршиде полицейді өлтірді» деп айыпталған.
Екінші сот үкімі бойынша желтоқсанның 1-інде Ақтөбе облысының 8 тұрғыны 4-тен 19 жылға дейін сотталған. Оларға «террористік әрекет жасады, қару-жарақ пен жарылғыш заттарды заңсыз сақтады және алып жүрді, қылмысты мәлім етпеді» деген айып тағылған.