Ақтөбе облысы имамын ауыстырудың террорлық әрекетке қатысы бар ма?

Ақтөбе облысының жаңа имамы Әбдімүтәліп Дәуренбеков. Ақтөбе, 23 мамыр 2011 жыл.

Ақтөбе облысына жаңа имам келді. Оның аты-жөні – Әбдімүтәліп Дәуренбеков. Бұрынғы имам Бауыржан Есмахан өзін басқа облысқа ауыстыратынын айтады. Кейбір ақтөбеліктер «бұл ауыс-түйіс террорлық оқиғамен байланысты» дейді.

Өткен жұма күні, мамырдың 20-сында Ақтөбе облысының жаңа имамы Әбдімүтәліп Дәуренбеков жұмысына кірісті. Ол Ақтөбедегі орталық «Нұр ғасыр» мешітінің бас имамы және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Ақтөбе облысындағы өкіл имамы болады.

БЕЙРЕСМИ МҰСЫЛМАН ТОПТАРЫ

Ақтөбеде имамдарды ауыстырудан үш күн бұрын, мамырдың 17-сінде алғашқы терроршы-жанкешті – 25 жастағы Рахымжан Махатов Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) облыстық департаменті ғимаратында өзін-өзі
Өзін-өзі жарған Рахымжан Махатовтың студент шағында түскен суреті.

жарған еді. Ол оқиғадан жанкештінің өзі опат болып, үш адам жараланды. Биліктегілер бұл оқиға «террорлық акт емес – қылмыстық әрекет, Рахымжан Махатов өзінің қылмысы үшін жауапкершіліктен қашу мақсатында осындай әрекетке барды» деп хабарлады.

Алайда бұқаралық ақпарат құралдары Рахымжан Махатов ресми мешіттердің ұстанымын мойындамайтын шағын мұсылман тобының мүшесі болғанын анықтады. Ақтөбе облысында бейресми мұсылман топтарының белсенділігінің артып келе жатқандығы белгілі. Бұған дейін де осындай консервативтік топтардың бірнеше адамы терроризмге қатысты айыпталып, түрмеге жабылған. Бірақ сотталушылардың қорғаушылары мен туыстары «бұл қылмыстық істер ойдан шығарылған» деп отыр.

ИМАМДАР МЕН ТРАКТОРШЫЛАР

Ақтөбе облысының жаңа имамы Әбдімүтәліп Дәуренбеков 1969 жылы туған, үйленген, бес баласы бар. Ол Алматыда ҚМДБ ағарту бөлімін он жыл басқарған.

Азаттық радиосының тілшісімен болған әңгімеде Ақтөбе облысының жаңа имамы халық арасында ағарту жұмыстарын жүргізуге даярлығын айтты. Әбдімүтәліп Дәуренбеков исламды халыққа дұрыс түсіндіру қажет деп есептейді:

– Біздің ата-бабаларымыз исламды салт-дәстүрімізбен тығыз байланыстыра отырып ұстанды. Қазір мұсылман қыздар хиджабты ойлап тауып, бет-ауызын түгел тұмшалап алады. Бұған тиым салынбаған, бірақ дұрыс емес. Одан гөрі қазақтың ұлттық киімдерін кигендері дұрыс болар еді.

Әбдімүтәліп Дәуренбеков Ақтөбедегі жергілікті имамдар арасында да ауыс-түйістер болатынын жоққа шығармады. Жақын арада ол жағдаймен танысу үшін Ақтөбе облысының аудандары мен шалғай ауылдарына барып қайтпақ.

Әбдімүтәліп Дәуренбековтің айтуынша, 1990 жылдары мешіттер саны күрт өскен, алайда медреселер білікті мамандарды даярлап үлгере алмай қалған.

– Маманның жоқтығынан ауылдарда ата-бабасы, туыстары молда, емші болған бұрынғы тракторшыларды, зейнеткерлер мен жұмыссыздарды имамдыққа қоя бастады. Осының салдарынан тұрғын халық арасында
Ақтөбедегі орталық «Нұр ғасыр» мешіті. Ақтөбе, 23 мамыр 2011 жыл.

исламды түсінуге қатысты сауатсыздық белең алды. Қазір исламды түрліше, қате түсіндіреді. Сондықтан халық арасында ағарту жұмыстарын жүргізу керек. Бірақ, менің пікірімше, дәстүрлі исламның ешқандай ағымдары жоқ. Ол – бәріне біреу-ақ, – дейді Әбдімүтәліб Дәуренбеков.

Жаңа имам қазір жергілікті мұсылмандардың өмірімен, ресми тіркелген мешіттердің және тұрмыс-тіршілігімен танысып жатқанын айтты. Ақтөбеде ресми тіркеуден өткен сегіз мешіт бар.

«БҰНЫҢ ТЕРРОРЛЫҚ АКТІГЕ ҚАТЫСЫ ЖОҚ»

Ақтөбе облысының бұрынғы имамы Бауыржан Есмахан Азаттық радиосының тілшісімен болған әңгімеде қазір уақытша еңбек демалысында жүргенін айтты.

– Әзірге уақытша демалыс алдым. Демалыстан соң мені оңтүстікке немесе Талдықорған облысына ауыстыратын шығар. Алматы облысына бас имам болып бару туралы ұсыныс түсіп қойды. Бірақ соңғы сөзді елдің бас мүфтиі айтады, – дейді Бауыржан Есмахан.

Ақтөбе тұрғындарының арасында «ҚМДБ-ның Ақтөбе облысындағы өкіл имамының жұмыстан кетуі жақында ғана Ақтөбедегі ҰҚК департаменті ғимараты жанында болған террорлық актімен байланысты» деген әңгімелер айтылады. Террорлық әрекетті жасаған Рахымжан Махатов – намаз оқитын, бейресми мұсылман тобының мүшесі болған адам.

Ақтөбе облысының бұрынғы имамы Бауыржан Есмахан өзінің террорлық оқиғаға байланысты жұмыстан кеткендігі жөніндегі сыбыстарды жоққа шығарды:

– Мен бұл жас жігіттің әрекетін жария түрде айыптадым. Исламда адамдарды өлтіруге бағытталған қандай да бір әрекеттерге тиым салынған. Бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтіргенге тең саналады. Бірақ менің кетуімнің бұл жарылысқа қатысы жоқ. Бұл әдеттегідей кадрлардың ауыс-түйісі. Сондықтан бұның астарынан әлдебір саясатты іздеудің қажеті жоқ, – дейді бұрынғы имам.

Бауыржан Есмаханның айтуынша, мұндай «ауыс-түйістер» тек Ақтөбе облысында ғана болмаған.

– Қазақстанның сегіз облысында имам ауысты. Егер тек мені ғана ауыстырса, онда ҰҚК ғимаратындағы жарылыспен байланысты деп айтуға болар еді, – дейді Ақтөбе облысының бұрынғы имамы.