Нүкіс қаласының абақтысында жатқан 27 ақтөбелік азаматтың туған-туыстары АҚШ президенті Барак Обама мен Ресей президенті Дмитрий Медведевке үндеу жолдап, туыстарының тағдырына араша түсуді сұрады. Олар Өзбекстан президенті Ислам Каримовпен сөйлесіп, ұсталғандарды елге қайтаруға көмектесуді өтінді.
БҰЛ - ОЛАРДЫҢ СОҢҒЫ ҮМІТІ
27 ақтөбелік азаматтың Нүкіс түрмесінде жатқанына 3 айға жуық уақыт өтті. Содан бері олардан еш хабар жоқ. Сәуірдің басында Нүкіске барғандар абақтыдағы туыстарымен жолыға алмады, тергеу барысы жөнінде де мүлдем ақпарат жоқ. Нүкіс прокуроры Шымкенттен келген қорғаушыны іске жолатпағасын, абақтыдағылардың артынан іздеушілер Ташкенттен қорғаушы жалдайды. Әлі күнге дейін өзбекстандық қорғаушы да тергеудегі азаматтармен бірде-бір рет жолыға алмапты.
Нұрлан Мәмбетов Нүкіс абақтысында жатқандарды қинап, азаптап жатқандығы туралы ақпарат жеткенін хабарлады. Ол ақпарат көзін ашып айтпады, бірақ жақындарының тағдырына қатты алаңдаулы. "Біздің азаматтарды бөліп-бөліп тастаған, оларды бір-біріне жолатпайды. Әр камерада 6 адамнан отыр: бес өзбекстандықтың ішіндегі жалғыз адам біздің азамат,-"дейді ол.
Алдын ала белгілі болғанындай, мамырдың 10-15 аралығында сот процесі өтуі керек еді. Бірақ белгісіз себептермен кейінге қалдырыпты. Өзбекстан жағы 27 қазақстандықты қылмыстық кодекстің біреше баптарымен айыптап отыр. Шекараны заңсыз кесіп өту, ұрлық жасады деген салмақты айыптаулар бар. Ақтөбедегі туыстары болса, олар боранды күні адасып жүріп, басқа мемлекеттің аумағына кездейсоқ кіріп кетті деп отыр.
«Қазақстан мен Өзбекстан арасында ешқандай да шекара сызығы, шекара бағаналары болмаған. 27 КамАЗ басқа мемлекеттің аумағына өтіп бара жатқанда, біздің шекарашылар мен кеденшілер қайда болды?»- дейді «Азат» партиясының кеңсесіне жиналғандар.
ҚАЗАҚСТАННАН БАРҒАН ҚОРҒАУШЫ ДА, ТЕРГЕУШІ ДЕ ІСКЕ ЖІБЕРІЛМЕГЕН
Өткен аптада 4 әйел Астанаға барып, президент Әкімшілігі жетекшісі Аслан Мусинмен, Сыртқы істер және Ішкі істер министрлерімен кездесуге әрекет жасады. Ақтөбеден барған әйелдерді бірінші басшылар қабылдамаған. Ислам Каримовке әсер етудің жолын іздеп, АҚШ және Ресей президенттеріне үндеу жазудан басқа амал қалмағанына таусылып отыр олар.
Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің мәлімдеуінше, өткен аптада Нүкіске екі ішкі істер қызметкері аттанған. Департаменттің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бастығы Айдос Сыдықов Нүкіске келгеніне бір апта болса да, абақтыдағылармен жолыға алмапты. Енді Облыстық ІІД бастығы Патрис Нокин телефон арқылы өз қызметкерінің тергеу материалдарымен танысу мүмкіндігін қарастырып, рұқсат алуға әрекеттеніп жатыр.
Өзбекстандық полицейлер Қазақстаннан барған тергеушіні де жолатпай отыр. Мұнымен бір кезде облыстық ішкі істер департаментінде қылмыстық Кодекстің «экономикалық контрабанда» бабымен іс қозғалып, Өзбекстан сапарына себепші болған жергілікті екі кәсіпкерді қамап тастады. Біреуінің есімі – Жәнібек, екіншісі – Төлеген. Осы екі азамат ақпанның 20-ы күні Шалқар ауданының Бозой елдімекенінің төңірегінен темір-терсек жинауды ұйымдастырушылар.
Нүкіс абақтысындағы жағдайдан бейхабар жұрт туыстарын өзбек заңымен ұзақ жылға соттап жібере ме үрейленіп отыр. Нүкіс прокуроры ұсталғандардың бөгде мемлекет азаматтары екенін мүлдем ескермей, тіпті Ақтөбеден барған құқық қорғау қызметкерлерін де жолатпады.
«Басқа мемлекеттің аумағына заңсыз кіріп кеткеннен басқа жазығы жоқ сорлылардың тағдыры не болады? Бұлар қанішер қылмыскер немесе терроршылар емес қой? Өзбек жағы неге осындай саясат ұстанып отыр?» - дейді шарасыздықтан уайым жеген жұрт.