Шілденің 31-інде Ақтөбеде маңындағы Қызылжар ауылындағы саяжайда болған атыста көз жұмған полиция офицері Рүстем Кенжалинді соңғы сапарға шығарып салды. Осы атыста қарсы жақтан қаза тапқан азаматты жас діндарлар алып кетті.
Шілденің 31-і күні қаза тапқан полицей Рүстем Кенжалинді жерлеуге жүздеген адам келді. Қоштасуда Ақтөбе облыстық ішкі істер басқармасының бастығы Патрис Нокин және басқалар сөз сөйледі. Сөз сөйлеушілер Рүстем Кенжалиннің қызметін, батылдығын еске алды, экстремистер мен бейбітшілік туралы да айтты.
ПОЛИЦИЯ ОФИЦЕРІНЕ АЛТЫ ОҚ ТИГЕН
Қаза тапқан Рүстем Кенжалиннің туысы, 80 жастағы Қанат Қазмағамбетов Рүстемнің полиция мектебін бітіргеннен кейін ішкі істер органдарында төрт жыл жұмыс істегенін айтады.
– Мен соғысты көрген, қиын кезеңді бастан кешкен адаммын. Бірақ бейбіт күнде мұндай жағдайды бірінші рет көріп отырмын. Экстремистер аш-жалаңаш Қазақстанның гүлденіп келе жатқанын көргісі келмейді.
Оларды басқа мемлекеттерден біреулер қолдап отыр. Іштен шыққан жау сыртқы жаудан жаман болады. Мен елімізде жастардың бейбіт өмір сүргенін қалаймын. Бізде 130 ұлт тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Рүстем бейбіт тұрғындарды қорғады. Рүстемнің әйелінің айтуына қарағанда, ол қарсы жақпен тілдесуге берен кеудеше кимей барған. Басына, жүрегіне және аяғына алты оқ тиген. Мұндай жағдай қайталанбауы керек, – дейді Қанат ақсақал.
Рүстем Кенжалиннің туыстары оның бала кезінен милиция болуды армандағанын, фуражка кигенін айтады. Тәрбиелі болған, жақсы оқыған. Биыл қараша айында оған майор шені берілу керек еді десті. Рүстем Кенжалин өткен жылы үйленіпті. Әйелі тұңғыш баласын бүгін-ертең босануы керек. Кенжалиндер екі апта бұрын ғана Ибатов көшесіндегі бес қабатты үйдегі пәтерге көшкен екен.
«БАЛАЛАРЫМЫЗ БІРІН-БІРІ ӨЛТІРІП ЖАТЫР»
Өзінің атын атамауды өтінген отставкадағы полиция офицерлерінің бірі Ақтөбе облысындағы полиция қызметкерлерімен қақтығыс жалғаса береді деген ой айтады.
– Адамды күштеп, мәжбүрлеу арқылы өзі таңдаған сенімінен бас тартқызуға болмайды. Өйткені сенім кез-келген діндардың жүрегінде
орнығады. Рүстемді ата-анасы жақсы адам етіп тәрбиеледі. Рүстем қайсар, білімді жан болды, бірақ өз міндетін орындап, жастай өлді. Бұл – қантөгістің басы, енді ол жалғаса береді. Балаларымыз бірін-бірі өлтіріп жатыр. Экстремистерді ата бермей, экстремизммен күресудің басқа тәсілін табу керек, – дейді отставкадағы офицер.
ҚАҚТЫҒЫС БОЛҒАН ЖЕР
Ақтөбедегі бұрын белгісіз болып келген қарулы топ пен полицияның қақтығысы 30 маусымнан бері жалғасып келеді. Ол күні екі полиция қызметкері өлтірілген еді. Билік «оқиға діни идеяларды жамылған қылмыстық топтың әрекетінен туындап отыр» дейді.
Полиция офицері Рүстем Кенжалин осы топпен қақтығыстың тағы бір құрбаны болды. Ол қала маңындағы Қызылжар ауылындағы саяжайда 29 шілдеден бері жалғасып келе жатқан арнайы операция кезінде ашық атыстың астында қалған. Жергілікті ақпарат құралдарының жазуларынша, қарулы топтың Марат Рыспаев есімді мүшесі қаза болған. Тағы бір белгісіз азамат ауыр жараланып, ауруханаға түскен. Кейбір мәлімет көздері оның сол ауруханада қайтыс болғанын айтады.
Қарулы қақтығыс Марат Рыспаевтың бала-шағасы тұрып жатқан үйде болған. Үй Марат Рыспаевтың өзінік ме, әлде жалға алған ба – ол жағы белгісіз. Атысқа куә болғандардың бірі үйді гранатометпен атқанын айтады. Ал билік «үйді шабуыл жасағандардың өздері іштен жарып жіберді» деп мәлімдеді.
Марат Рыспаевтың әйелі тұтқынға алынған. Тамыздың 1-інде оқиға орнына барып қайтқан Азаттық тілшісі Марат Рыспаевтың балаларының қайда екендігін біле алмады.
Жарылыс болған үйдің маңайынан діндар жас төрт жігіт Марат Рыспаевтың денесінің қалдықтарын көк түсті барқыт кенепке салып, жеңіл көлікпен алып кетті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми бағытын мойындамайтын бұл мұсылмандар жайында өздерінен сұрамақ болдық. Алайда олар мұндай әңгімеге бара қоймады, өз аты-жөндерін айтпады. Тек қаза тапқан жолдастары Марат Рыспаев жайлы аздап айтты.
– Марат Ақтөбеге Атыраудан келген. Басында жұмыссыз болды. Сосын базарда ұялы телефондарды жөндеумен айналыса бастады. Өзі мейірімді адам еді. Артында екі баласы қалды. Қазір әйелі қалалық ішкі істер департаментінде тұтқында отыр. Біз енді адвокат жалдамақпыз. Әйтпесе
Қираған үй маңында Бенджамин Споктың «Ребенок и уход за ним» деген кітабы жатыр. Ақтөбе, 30 шілде 2011 жыл.
күйеуінің орнына әйелі жауап бере ме екен? Біз – бір бауырмыз, бір-бірімізге көмектесуге міндеттіміз, – дейді жас діндарлардың бірі.
Жарылыстан үй қабырғасының бір жағы мен ортаңғы бөлмедегі пеш қана аман қалыпты. Далада ұялы телефондардың қосалқы бөлшектері мен Бенджамин Споктың «Ребенок и уход за ним» деген кітабы, ал оқ тиіп өлген сиырдың жанында қаза болған адамның денесінің қалдықтары шашылып жатты. Үйдің қираған үйіндісінің жанында Марат Рыспаевтың атына жазылған салық төлемдерінің түбіртегі жатыр.
«Қаза тапқан адам расымен Марат Рыспаев па? Оның әйелі тұтқында отыр ма?» деген сұрағымызға Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Алмат Иманғалиев:
– Тергеу мақсатында оның аты-жөнін айтпаймыз. Біз оның әйелін тұтқынға алдық, бірақ тергеу мақсатында ол жайлы хабар бере алмаймыз, – деп қысқа жауап берді.