Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ ауылында Әділхан Ешниязов жерленді. Ресми болжам бойынша, ол өзін-өзі өлтірген. Бірақ марқұмның жақындары «Әділхан полиция бөлімшесіндегі азаптаудан соң қайтыс болды» деседі.
Әділхан Ешниязовтың әулетімен таныс Айгүл «марқұмның үйі бірнеше рет тінтілгенін» айтады.
– Ештеңе таба алмады. Шілденің 12-сі күні кешке оны полиция бөлімшесіне шақырып алған. Бірнеше сағаттан соң үйіне еңбектеп әзер жетті. Полиция бөлімшесінде азаптап, скотчпен буындырып, бүйрегінен ұрғанын айтып келді. Мойнындағы жараны өз көзіммен көрдім. Түні бойы көз ілмеді. Таңертең балабақшада аспаз болып істейтін әйелі Гүлбибі жұмысына кетті. Түстен кейін демалайын деп жантайыпты. Күйеуі үйде екен. Сіздер, тілшілер, кеше жерлемей тұрып келгендеріңізде, марқұмның мойнындағы жарақатын көрсетер едік. Гүлбибі «енді қайыр жоқ» деп, ештеңе айтпайды. Мүмкін, қорқатын шығар. Білмеймін, – дейді Айгүл Азаттық тілшісіне.
Оның айтуынша, 44 жастағы Әділхан Ешниязов екі ай бұрын бала бақшаға күзетші болып орналасыпты. Айлығы 30 мың теңге екен.
– Әділхан тоғыз жылдан бері намаз оқитын, жұма сайын Шұбаршидегі мешітке баратын. Онымен сөйлескен соң біраз жастардың намаз оқығанын айып қылып тағыпты. Бастықтар оны ылғи «жұмыстан шығып кетсеңші» деп үгіттейтін. Артында екі баласы қалды. Әділханды бүгін жерлеп отырмыз, – дейді Айгүл.
Әділхан Ешниязов Шұбаршидегі Азамат Кәрімбаев салған «Ақмешіт» мешітіне барып жүретін дейді Айгүл.
Оның айтуынша, полициямен атысып қаза тапқандардың көбі – жұмыссыз жастар.
– Бәрін жақсы танитынмын. Әрине, қару қолданғандарын құптамаймын. Ересектердің бірі азғырған шығар. Ондай балалар емес еді, – дейді Айгүл.
Кеңқияқ ауылының тұрғыны Әділхан Ешниязовты шілденің 13-і күні өліп жатқан жерінен тапқан.
Ақтөбе облысы ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Алмат Иманғалиевтың айтуынша, марқұм өзіне-өзі қол жұмсаған.
– Өзі үйінде асылып өлген... Онда енді немене... Қорада ма, бағанаға ма...
Ақтөбе облысы ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Алмат Иманғалиев. Ақтөбе, 4 шілде 2011 жыл.
Өзім түсіріп алдым. Маған оның керегі не? Асылса, асылған шығар, – деді Алмат Иманғалиев.
Ақтөбе облысы ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Алмат Иманғалиев Темір ауданында арнайы операция кезінде екі полицей, екі арнайы жасақ сарбазы қайтыс болып, бес адам жараланғанын растады.
– Қарулы топтан тоғыз адам өліп, екеуі ұсталды. Қазір жаңа мәлімет жоқ, – дейді Алмат Иманғалиев.
Кеңқияқ тұрғындарының айтуынша, қазір әскерилер кешке таман жаппай құжат тексеріп, «күдіктілерді» ұстайды.
Шілденің 1-інде Ақтөбе облысы Кеңқияқ ауданында екі полицейді өлтірген қарулы топқа қарсы арнайы операция басталған еді. Шілденің 8-інде басталған атыстан 9 адам мерт болды. Билік көз жұмғандар «дінді желеу етіп, мұнай ұрлаған топтың» мүшелері дейді. Қаза тапқандар – Сарыкөл, Шұбарши, Кеңқияқ ауылдарының тұрғындары.