Жезқазғанның «жиһадшылары» кімдер?

"Сирияға барған қазақстандық жиһадшылармыз" деген адамдар. (YouTube видеосынан алынған скриншот).

«Сириядағы жиһадшы қазақстандық топ» туралы видеоға түскендердің бірнешеуі Жезқазған қаласынан болып шықты. Азаттық тілшісі олардың діни ортасы мен көзқарасын зерттеп көрді.
Қарағанды облысына қарасты Жезқазған қаласына барған Азаттық тілшісі қазан айында YouTube желісінде жарияланған «Сирияға қоныс аударған қазақстандық ондаған жиһадшының» видеосына түскен жас жігіттердің қандай діни топқа жататынын, қандай әлеуметтік ортада қалыптасқанын білуге тырысты.

Видеоны алғаш желіге орналастырған Toran Wahood есімді қолданушы Ирак пен Сириядағы саяси режимдерге қарсы соғысушы салафилік жиһадшы топ – «Ирак пен Шамдағы мұсылман мемлекеті» (ISIS) атты ұйымның белгісін логотип ретінде пайдаланады. Видеоға түскен «жиһадшы қазақстандықтар» да сол таңба салынған ту ұстап тұрады.

ҚАРА ТУДЫҢ ИЕСІ

Азаттық бұған дейін тұлғасын анықтаған «жиһадшылар видеосында» көрінген жезқазғандық Жасұлан Сәрсенбек есімді жігіттің «Мой мир» әлеуметтік желісіндегі кейбір «достары» да дәл осы туды ұстап фотоға түскен. Олардың ішінде Теймур Балакишиев есімді қолданушы да бар. Азаттық тілшісімен сөйлескен жергілікті

Теймур Балакишиев (оң жақта) пен белгісіз жігіт ISIS-тің туын ұстап тұр. (Теймур Балакишиевтің "Мой мир" әлеуметтік желісі парағындағы сурет).

бірнеше жас тұрғын жезқазғандық Теймур Балакишиев есімді жігітті «Сирияға жиһадқа кеткендердің» бірі деп атаған еді. Азаттық тілшісі Теймурдың қаладағы бір кафеде ыдыс-аяқ жуушы болып жұмыс істейтін шешесімен сөйлескен кезде аты-жөнін айтқысы келмеген әйел «баласының Сирияда емес екенін, Египетке оқуға кеткенін» айтты. Ал «1994 жылы туған», «Жезқазғандағы 13-мектепте оқыған» Теймур Балакишиев есімді «Мой мир» қолданушысы бір суретінде балдаққа сүйеніп, бір жолдасымен құшақтасып, ISIS-тің «Лә иләһә иллә аллаһ» («Алладан басқа құдай жоқ») деген жазуы бар қара түсті туын ұстап тұр.

«Ирак пен Шамдағы мұсылман мемлекеті», яғни ISIS ұйымы 2013 жылғы сәуір айында құрамын кеңейтіп қайта құрылған, «Әл-Қаида» ұйымының радикалдық-сүнниттік, салафилік жиһадшыл қанаты деп саналады. Ұйымның басшысы – кезінде «Әл-Қаиданың» Ирактағы жетекшісі болған Әбу Бакр әл-Бағдади. Ұйым мүшелерінің нақты саны белгісіз. Бірақ сапында мыңдаған шетелдік жиһадшы бар деп сипатталады.

Қазір ISIS Ирактан гөрі Сириядағы соғыс қимылдарына көбірек қатысып жүр. Ұйым мүшелері негізінен Сирияның Түркиямен шектесетін солтүстік аймағындағы шағын қалаларын бақылауына алған. ISIS Башар Асадты

Сириядағы көтерілісшілер иеленген аймақтар. ISIS ықпал ететін маң жасыл түспен боялған (BBC сайты суретінен жасалған скриншот)

хас дұшпаны деп таниды, шиизмді Исламнан тыс көреді. Сол себепті Сирияның үкіметтік әскерімен және Асадты жақтайтын Иран мен Ливаннан келген шиит жиһадшылармен соғысып жатыр.

Бірақ ISIS соңғы уақытта «шииттік-алавиттік» әскермен ғана емес, өздері сияқты Асадқа қарсы басқа да көтерілісші сүнниттік топтармен қақтығысып қалып жүр. BBC-дің жазуынша, ISIS ұйымы өзіне діни идеологиясы ұқсас болса да, «Әл-Нусра майданымен» және Батыс қолдайтын сүннит көтерілісшілер құрған «Азат Сирия Армиясымен» ара-тұра келіспей қалады. Мысалы, биылғы шілде айында «Азат Сирия Армиясы» командирлерінің бірі ISIS-тің қолынан оққа ұшты деген хабар бар. Ұйымның Сириядағы соғыс аймағының қай аудандарында басым күшке айналғанын жоғарыдағы картадан көруге болады.

ISIS сияқты Сириядағы ондаған жиһадшыл топтың бірі неліктен Жезқазғанның өздерін «салафилік исламды ұстанушылар» деп атайтын жастарының арасында танымал болған? Шалғайда жатқан бұрынғы облыс орталығының тұрғындары кім арқылы осы ұйымға кіріп, кейін қандай жолмен Сирияға жеткен? Азаттық тілшісінің жауап іздеген негізгі сауалдары осы еді.

«КЕТКЕНДЕРГЕ ТІЛ ТИГІЗУГЕ БОЛМАЙДЫ»

Азаттық тілшісімен Жезқазған қаласындағы Ахмет ишан атындағы мешітте танысқан Талғат Сатов өзін «исламды толық ұстанушы салафи жолындағы мұсылмандар» қатарына жатқызады. Қазір қала орталығындағы ірі дүкендердің бірінде ұялы телефон сатады. Дүкендегі әңгіме кезінде ол «Сирияға жиһадқа

Талғат Сатов, Жезқазған қаласының тұрғыны. Жезқазған, 24 қазан 2013 жыл.

кеткен қазақтардың» бірсыпырасын танитынын айтып берді. Соның бірі Мақсат Аймаханов туралы Азаттық мақала жариялаған болатын.

– Сириядағы жағдайды интернеттен көретінбіз, көмектесу керек деген сөздер ауызекі айтылатын. Құранда «Кімде-кім Алла жолында мүлкімен, жанымен күрессе, Аллаһ оған сауап береді» деген аят бар. «Кімде-кім Аллаһпен кездесуге асықса, Аллаһ та онымен кездесуге асығады» дейтін хадис бар. Интернетте жарияланған видеода олар сол аяттарды айтып отыр. Ал бірақ «жиһадқа кету үшін әуелі әке-шешеңнің ризалығын ал» дейтін де хадис бар. Жиһадқа кетпей қалғандар сол хадиске тоқтады деп ойлаймын, – дейді Талғат Сатов.

Талғат Сатов «жиһадшыларды» еш айыптамайды, ашық түрде қолдайтын да түр көрсетпейді. Оның сөзіне қарағанда, Сирияға «жиһадшылар» Қырғызстан, Ауғанстан мен Иран арқылы баруы мүмкін. Ол Сирияға Түркия арқылы оңай жетуге болатынын да айтады. Бірақ «жиһадшылардың» Жезқазғандағы ұстаздарының кім екені және Сириядағы топтармен қалай байланыс орнатқаны туралы нақты сұрақтар қойылған кезде барынша жалпылама жауап қата бастайды.

Азаттық тілшісі жинаған мәлімет бойынша жезқазғандық «салафилер» жергілікті такси компаниясында, наубайханаларда, «Қазақмыс» компаниясына (қаладағы негізгі жұмыс беруші – ред.) қарасты мекемелерде топтасып бірге жұмыс істейді, шағын сауда-саттықпен айналысады. Азаттық тілшісі діни топ мүшелерімен

"Сирияға жиһадқа барған қазақстандықтар" екенін айтушылар. (YouTube видеосынан скриншот)

әңгімелесе жүріп олардың ішіндегі жетекшілерінің бірі – бұрын «Қазақмыс» корпорациясының әлеуметтік қорғау департаменті директорының орынбасары болғанын айтқан, Атырау облыстық құрылыс инпекциясында қызмет еткен 47 жастағы Марат Лекеров екенін анықтады. Азаттық тілшісі онымен Жезқазған қаласындағы діни заттар сататын дүкенінде сөйлесті.

– Жиһадқа кеткендермен бірге жүргенбіз. Ешкімге де «Сирияға бар» деп айтпаймын. Өйткені Сирияда үлкен саясат жүріп жатыр. Діннің қатысатын жері емес. Бірақ кеткендерге тіл тигізуге болмайды. Олар курортқа барған жоқ, біразы сол жақта қайтыс болды. Жаралылар да көп. Ата-аналары баласы болған соң жоқтайды. Ал кеткендер Қазақстанға қайтса, органдар тыныштық бермейді, түрмеде шірітеді. Олардың жарақаттанғандарын, жетім-жесірлерін әкелуге көмектесер едім, – деді Марат Лекеров.

Марат Лекеров жезқазғандықтардың Сирияға қандай жолмен, кім арқылы кеткені туралы сұраққа «Аллаһ өзі жеткізіп отыр» деген бір ауыз сөз айтты да қойды.

«САЛАФИЗМДІ МЕМЛЕКЕТ МОЙЫНДАСЫН»

Марат Лекеровтің ойынша, Қазақстандағы салафилерді мемлекет ресми түрде мойындап, өз алдына мешіт пен діни құрылым құруына рұқсат етпей діни ахуал дұрысталмайды.

– Үкімет христиан дінінің Қазақстанда бірнеше тармағын мойындап отыр. Сол секілді салафияны да мойындауы керек, – дейді Марат Лекеров.

Оның сөзіне қарағанда «салафилік жолды» оған сырттан келіп ешкім үйретпеген. «Мүфтият өкілдерінің сөзі мен ісі шариғатқа сәйкес келмейтінін», «сүннетті жойып жатқанын» көргесін өзі үйренген. Азаттық тілшісімен әңгіме кезінде ол ҚМДБ-мен қатар, аймақтағы әлеуметтік ахуалға қатысты да наразылығын білдірді.

– Фабрика жабылып жатыр, шахта жабылып жатыр. Үкімет қоғамдағы әділетсіздікті шеше алмаса, шетелге тағы да кететіндер табылады, – деді Марат Лекеров.

«Қазақмыстың» аймақтағы ең ірі жұмыс беруші компания екені Жезқазғанда айқын сезіліп тұрады. Әр отбасының кемінде бір туысы я танысы осы ​компанияның бір кәсіпорнында жұмыс істейтін болып шығады. «Салафилік жолды ұстанушылардың» да бірқатары «Қазақмысқа» қарасты мекемелер мен кеніштерде жұмыс істейді. Олардың арасында Марат Лекеров сияқты жаппай қысқартуға наразылары да аз емес.

«ДӘСТҮРШІЛДЕРДІҢ» БОЛЖАМДАРЫ

Азаттық тілшісі Жезқазған қалалық мешітінің Берік есімді наиб-имамынан Марат Лекеровтің сөзіне орай пікір сұрағанда ол: «Египеттегі әл-Азхар университетінде төрт мазхаб бір мешітте қатар тұрып намаз оқи беретінін, басқа діни құрылым құруға мемлекет жол бермейтінін» айтты. Наиб-имам өзінің бұл қызметке таяуда ғана келгенін, ал «Сирияға кеткендермен бұрынғы имамдар жұмыс істегенін» ескертті.

Жұма намаздан кейін мешіт ішінде кідіріп тұрған бір топ жас Азаттық тілшісіне өздерін «дәстүрлі дін жолында жүргендер» ретінде таныстырды. Бұлар да

Жезқазған қаласының мешітіндегі уағыз. 23 қазан 2013 жыл.

«Сирияға жиһадқа кеткендерді» танитын болып шықты. «Салафилер» туралы құлшына әңгімелеп берген бұл жастар фотоға түсіруге қарсы болды, «салафилерден сескенеміз» десті.

– «Салафилердің» көпшілігі Египетке, сосын Түркияға кеттік дейді. Олардың қайда кетіп бара жатқанын өздерінің араласып жүрген бауырлары біледі. Ақша, материал жинап береді. Соңдарынан әйелдерін жібереді. Ақша таба алмай кредит алғандары да болған. «Жиһад үшін кредит алуға рұқсат етілген» деген пәтуа шығарып беріпті шейхтары, – деді 19 жастағы Мадияр Әбдіқожа.

Ал Сымбат Садықовтың айтуынша, «Сирияға кеткен жиһадшылардың бәрі де «салафиміз» деп жүргендермен араласқан». Оның сөзіне қарағанда «салафи жолына» түсушілердің Ділмұрат, Назратулла, Уктам, Ринат, Әбу Мұхаммад дейтін шетте тұратын қазақстандық «дағуатшылары» (уағызшылары – ред.), Шейх Мұхаммед Хасан деген араб ұстаздары бар. Олар Skype және тағы басқа арнайы бағдарламамен қашықтан дәріс береді.

– Дарын Мубаров (дәстүршілдер «салафилердің ұстаздарының бірі» деп сипаттаған уағызшы – ред.) осы мешітке келіп сабақ беретін. «Қой» деген ешкім болған жоқ. 2005 жылдары «салафилердің» Ахмад деген ұстазы мешітке келіп, ​тақтаға жазып тұрып түсіндіретін. Жеті жыл бойы оларға «қой» деген ешкім жоқ. Енді ғана орталықтан имамдар келіп уағыз айтып жатыр, – деді Жанат Ізтілеуов есімді тағы бір «дәстүршіл» жігіт Азаттық тілшісіне.

Ал Мақсат есімді ұлы биылғы қаңтарда ұшты-күйлі жоғалып, кейін «Сирияға кеткендердің видеосынан» көрінген Ешмұрат Аймаханов «жиһадшыларды Жезқазғанда, Қарағандыда, бәлкім одан да жоғары жақта ұйымдастырушы адамдар бар» деп санайды. Бірақ болжамнан артық ақпараты және жоқ.

Азаттықтың «Сирияға барған жиһадшылар» туралы сауалына Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті «Бейнежазбадағы адамдарды анықтау және олардың шетелге шығу себептерін тексеру жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан Республикасы «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Заңына сәйкес тексеру материалдары жария етуге жатпайды» деген жазбаша жауап жіберді.

Биылғы маусым айында ҰҚК бірінші рет жүзге тарта қазақстандықтың Пәкістан-Ауғанстан шекарасынан табылғаны туралы және Сирияда соғысып жүрген Қазақстан азаматтары бар екені жөнінде ресми ақпарат таратқан. Арнайы қызмет орындары мен сыртқы істер министрлігі әзірше олардың нақты кімдер екені жайында мәлімет бермей отыр. Қазан айында YouTube желісінде Сириядағы салафилік жиһадшы ұйымға қатысы бар аккаунт иесі жариялаған видеоға ондаған қазақстандық түскен болып шықты. Азаттық олардың бірнешеуінің кім екенін анықтады.