12 жыл бұрынғы Шаңырақ ауылындағы оқиғаны қазір ешкім еске алмайды. Сонда жергілікті тұрғындар мен қарулы жасақ қақтығысып қалған. Биліктің бұйрығымен полиция заңсыз салынған құрылыс нысандарын қиратпақ болды. Туыстарының айтуынша, «Шаңырақ ісі» бойынша сотталып, түрмеде отырған үш адамды да қоғам ұмыта бастағандай.
Ғимараттар маңындағы бетонмен құрсауланған канал бір кезде жоқ еді. Қазір канал маңында алаңсыз ойнап жүрген балаларды жиі көруге болады. 2006 жылы шілденің 14-і күні Шаңырақ оқиғасы болған жердің қазіргі кейпі – осындай. Сол жылдары жылғамен жеткен су жыраларды жағалап ағатын, нөсер кезінде жақын маңдағы үйлерді су басатын.
Шаңыраққа барған Азаттық тілшісі сөйлескен жастар 12 жыл бұрын болған қасіретті оқиға туралы ештеңе білмейтін болып шықты.
ШАҢЫРАҚТАҒЫ ҚАНТӨГІС
2006 жылы шілденің 14-і күні полиция қызметкерлері қала шетіндегі сол кездегі Шаңырақ ауылына барып, сот заңсыз деп таныған үйлерді бұзу шешімін орындауды бақылауға тиіс болды. Тұрғындар арнайы жасақты тоқтатпақ болып, көшеге тосқауыл орнатты. Күш өкілдері арнайы құрал қолданды, ал «Шаңырақты қорғаушылар» жанғыш қоспасы бар шөлмек пен тас лақтырды.
Алматының 68 жастағы тұрғыны Әлихан Рамазанов (2006 жылы «Алға» тіркелмеген партиясының қалалық филиалын басқарды, 2012 жылдың желтоқсанында сот партияны экстремистік ұйым деп, қызметіне тыйым салды) 12 жыл бұрын Шаңырақ оқиғасына қатыспаса да не болғанын көзбен көрген.
Сол күні Шаңырақ тұрғындары жас полиция қызметкерін ұстап алып, бағанға байлайды. Әлихан Рамазанов сол бағанды көрсетті. Оқиға орнына құрылыс салынып кеткенімен, бағанға ешкім тимепті, сол күйі тұр.
- Біреу шығып полиция қызметкеріне бензин құйды да, топ ішінен тағы біреу жанып тұрған оттық лақтырып кеп қалды. Сол сәт лапылдап жана бастады, - деп еске алады Рамазанов қайғылы оқиғаны.
Полиция қызметкері Әсет Бейсеновты құтқарып қалу мүмкін болмады. Денесі күйіп қалған ол бірнеше күннен соң ауруханада қайтыс болды. Рамазановтың айтуынша, сол оқиға кезінде келіссөзге келгендер қолға түскен өзге полиция қызметкерлерін, соның ішінде жараланған басқа бір жас қызметкерді қайтаруға көндіреді
Сонда ашынған елмен келіссөз жүргізгендер арнайы жасақ әскерімен бірге келген, каскасы мен бронежилеті болмай, басына тас тигенде құлаған подполковникті де алып шығады.
Соның алдында ғана жылыстап жан-жаққа қашқан әскерилер подполковникті тастап кеткен болатын. «Шаңырақ қорғаушылары» оны жаралы күйінде командиріне алып барады. Шаңырақ оқиғасынан соң ол подполковник өз еркімен жұмыстан кеткен еді.
ҮШ АДАМ ӘЛІ ТҮРМЕДЕ ОТЫР
Шаңырақ оқиғасынан соң «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деген айыппен 25 адам қылмыстық жауапқа тартылды. Олардың төртеуі ұзақ мерзімге сотталды. Қазіргі кезде олардың біреуі ғана шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. Ол биыл мамырдың 31-іне қараған түні шықты. Алайда 14 жылдық жазасының үштен екісін есептегенде ол 2015 жылдың соңында мерзімінен бұрын шартты түрде босап шығуы керек болатын.
Алайда оны түрлі себеппен босатпады, айыппұлын өтемеген деп сылтауратты. Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюро заңгері Гүлмира Қуатбекова Азаттық тілшісіне Шаңырақ ісі бойынша сотталған 25 адамға Алматы қалалық сотының үкімімен салынған айыппұлды (соның ішінде ұзақ мерзімге сотталғандар бар) бірнеше танымал адамның бірлесіп төлегенін айтты.
Кейбір деректер бойынша, биыл маусым айында сот болған. Онда «Шаңырақ ісі» бойынша сотталған басқа адамды мерзімінен бұрын босатудан бас тартқан. 2016 жылдың 28-шілдесіне дейін ол мерзімнің үштен екісін өтеді, бірақ түрлі сылтаумен (бастысы – айыппұлды төлемеген делінеді), оның мерзімінен бұрын шартты түрде босатпады.
Алайда айыппұл төленгенін ескерсек, оның маусым айында босатуы керек болатын. Алайда айыпталушыны босатпау қоғамда түсінбестік тудырады. Азаттық осы іс бойынша Ішкі істер министрлігіне сұрау салғанда, министрлік айыпталушыны мерзімінен бұрын босатуды сот мекемелері шешетінін айтты. Ішкі істер министрлігі басқа ақпарат беруден бас тартып, заңмен қорғалатын жеке деректері бар «мәліметтерді жариялауға болмайтынын» алға тартты.
Айта кетерлігі, Азаттық бостандыққа шықпаған тұтқынның аты-жөнін атамауға мәжбүр болып отыр. Өйткені туыстары оны атауға үзілді-кесілді қарсы. Еркіндікке шыққан азамат та өзін атамауды сұрады. Оның себебін ол басқа тұтқындардың бостандыққа шығуына кедергі жасамаумен түсіндірді.
МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН ШАРТТЫ ТҮРДЕ БОСАТУДАН БАС ТАРТУ
Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған ақын, диссидент Арон Едігеев (әдеби бүркеншек аты – Арон Атабек) қазір Павлодардың тергеу изоляторында жазасын өтеп жатыр. Биыл шілденің 17-сінен кейін оны мерзімінен бұрын босатуға мүмкіндік бар. Сол кезде ол жаза мерзімінің үштен екісін өтеп бітеді.
Шілденің 9-ы күні Арон Атабекке барған Павлодар облысы бойынша қоғамдық бақылау комиссиясының жетекшісі Наталья Ковлягина Азаттыққа Атабектің жеке ісіне тіркелген құжатта 50-ден астам тәртіп бұзушылық бар екенін айтты.
Түрме әкімшілігі Арон Атабекке мерзімінен бұрын босату туралы ескертпек. Бірақ Ковлягинаның айтуынша, сотталушының өзі мерзімінен бұрын босатудан бас тартпақ. Ол мерзімінен бұрын еркіндікке шықсам, айыпты мойындаған болып саналамын деп ойлайды екен.
Оқи отырыңыз: Шағымданбайды, берілмейді. Диссидент Арон Атабек 65 жасқа толды
Наталья Ковлягинаның сөзіне сенсек, Арон Атабек өте жақсы көңіл-күйде, денсаулығына шағымданбайды. Құқық қорғаушы Арон Атабектің қоғам өзін ұмыта бастағанына алаңдайтынын жеткізді. Сыртқа жіберген қолжазбалары әлі жарық көрмеген. Тоғыз айдан бері отбасынан хат алмапты.
Арон Атабектің жұбайы Жайнагүл Айдархан соңғы жарты жылда одан хат келмейтінін айтып, алаңдап жүргенін жеткізді. Қазір ол еріне қысқа ақпараттық телеграмма жібереді, себебі түрме басшылығы хатын оқығанын қаламайды. Бірақ сол телеграммалар жетпей жатыр ма деп уайымдайды. Жайнагүл Айдарханның айтуынша, кері байланыс жоқ. «Мерзімінен бұрын босатуға қатысты Арон Атабектің ұстанымы нық әрі бұлжымайды», - дейді ол.
- Кешірім сұрап, мерзімінен бұрын шығуды ол ойға сыймайтын әрекет санайды. Әу баста өзін толық ақтауды талап еткен, әлі де соны талап етеді. Қажет болса қамауда қалады. Қаншалықты ауыр шешім болса да, біз және достары оның шешімін құптаймыз және қабылдаймыз, - деді Арон Атабектің әйелі. Атабек әйелінің билікке өтініш беріп, босату туралы сұрауына түбегейлі қарсы екен.
Жайнагүл Айдарханның айтуынша, қоғам «Шаңырақ қорғаушылары» ісіне немқұрайлы қарай бастады, Арон Атабектің 60 жасын атап өтсе де биыл 65 жасқа толғаны елеусіз қалды.
ӨТЕГЕНОВТІҢ МЕРЗІМІН ҰЗАРТТЫ МА?
16 жылға сотталған 42 жастағы Алматы тұрғыны Құрманғазы Өтегенов Павлодарда қатаң тәртіпті колонияда мерзімін өтеп жатыр. Ол Азаттыққа түрмедегі таксофон арқылы хабарласып, қоғамға өз мәселесі туралы ақпарат жеткізуді сұрап тұрады.
2006 жылдың 23-шілдесінен бері түрмеде отырған ол жазасының үштен екісін 2016 жылдың 23-наурызына дейін өтеген болатын. Алайда, Өтегеновтың айтуынша, жазасын өтеп жатқанда мекеме әкімшілігінің талабына қасақана көнбеді деп тағы екі жыл алты ай қосып берген.
Азаттықпен телефон арқылы сөйлескен Құрманғазы Өтегенов соңғы төрт жылда өзін жазаламағанын, бірақ көтермелеу де жоқ екенін айтты. Себебі ол әлдебір «терроршылар тізіміне» ілініпті, енді мерзімі жеткенде уақытынан бұрын бостандыққа шығуым қиындай ма деп алаңдайды.
Өзінің айтуынша, осы жағдай Алматы облысындағы Заречной ауылындағы түрмеге ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандыруға кедергі келтіруі мүмкін. Өтегенов денсаулығына да шағымданады: сол аяғында ауыратын ісік пайда болыпты, ұзақ уақыттан бері сол мазалап келеді. Түрме дәрігерлері көмек көрсете алмай отыр.
Құрманғазы Өтегеновтың жағдайына орай Азаттық Ішкі істер министрлігіне сұрау салғанымен, оған толыққанды жауап алмады. Министрлік Өтегеновтың жағдайы туралы мәліметті құпия, жариялауға болмайтын ақапарат санатына жатқызып отыр.
Жақында Азаттық тілшісі Өтегеновтың қызы – Нұрхатша Ибаділдамен кездесті. Ол кездесуге жұбайымен және екі айлық қызымен келді. Нұрхатша әкесін қатты сағынғанын айтады. Оны босатудың аяғы созылып кетсе, Павлодарға барып әкесімен кездескісі келеді. Сол үшін кішкене қызының өсуін күтіп отыр.
Құрманғазы Өтегеновтың отбасы туралы аз жазылды. Құрманғазының Алматыда Нұрхатшадан бөлек, 14 жастағы қызы мен 12 жастағы ұлы бар, оларды бұрынғы әйелі тәрбиелеп отыр. Оның 2014 жылы Құрманғазы Өтегеновпен ажырасқаны айтылады.
Құрманғазы Өтегеновтың әкесі – Ибаділда 2009 жылы 70 жасында дүние салды. Анасы – 70 жастағы Баян Досбергенова Жамбыл облысының Жаңатас қаласында тұрады. Құрманғазының ата-анасы жеті бала тәрбиелеп өсірген. Құрманғазы - жанұядағы төртінші бала. Бауырларының бірі алты жыл бұрын өндірісте қаза тапты. Басқа аға-қарындастары Жаңатаста тұрады, тек кіші інісі Алматыда, құрылыста жұмыс істейді.
ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫ: БОСАТУ МӘСЕЛЕСІ ӨЗЕКТІ БОЛЫП ТҰР
2006-жылы шілденің 14-і күні Шаңырақ оқиғасы орнында болған Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис «Шаңырақ ісі» бойынша сотталғандардың айыптары дәлелденбегенін айтады.
Жовтис адам өмірі – абсолюттік құндылық саналуға тиіс дейді және әр айыпталушының айыбы нақты дәлелденуі керектігін айтады.
- Олар айыпты немесе айыпсыз демеймін. Менің түсінігімде оларға қатысты процесс әрқайсының істеген ісіне сай талап бойынша өткен жоқ. Яғни, олардың айыптары жеткілікті деңгейде дәлелденбеді, - деген Евгений Жовтис қазіргі кездегі ең өзекті мәселе ұзақ мерзімге сотталған «Шаңырақ қорғаушыларын» босату екенін айтады.
2006 жылы шілденің 14-інде Шаңырақтағы жүздеген үйдің тұрғыны мен полиция арасындағы қақтығыстан бір апта бұрын Алматының екінші бір шетінде – Бақай ауылында тұрғын үйлерді бұзу әрекеті болған еді.
Бақай тұрғындары таң ата келген полиция қызметкерлеріне қапелімде жауап бере алмай қалды. Ал Шаңырақтағы оқиға қақтығысқа ұласты.
Ал Шаңырақта қарулы күш өкілдері аяусыз тойтарысқа тап болды. Қайғылы оқиғадан соң Шаңырақ тұрғындарына басып алған жер телімдерін заңдастыруға рұқсат етті. Қала шетіне коммуникация тартып, инфрақұрылым жасады, содан кейін Алматыда жаңа Алатау ауданы құрылды.