Бүгін Алматы қалалық ішкі істер департаментінің (ІІД) баспасөз қызметі азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбетәлиннің 12 қазанда қамауға алынуына қатысты ақпарат таратты.
«Олардың ұсталуына әлеуметтік желілерде ұлт араздығын туғызу, ұлттың қадыр-қасиеті мен ар-намысын қорлау белгілері айқын көрінетін хабар таратуы себеп болды» дейді ІІД. «Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-тармағына сай» делінген бұл ақпараттан кейін олардың тұрған жерлерінде прокурор санкциясымен тінту жасалып, заттай айғақтар алынғаны, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқаны хабарланды.
Белсенділердің ұсталғаны туралы Facebook әлеуметтік желісі арқылы хабар таратқан құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина ол екеудің бірі – Ермек Нарымбаевты кеше қамауға алу туралы тергеуші қаулысын көргенін айтады.
– Аты-жөні белгісіз адам түнгі сағат 12-ден ауа ішкі істер департаментінің сенім телефонына хабарласып, Ермек Нарымбаевтың әлеуметтік желі арқылы ұлттық, діни және әлеуметтік алауыздық туғызатын материалдар таратқанын хабарлаған. Белгісіз адамның сөзінен кейін дереу тексеріс пен тінту жасап, Ермек Нарымбаевты күдікті ретінде қамауға алды, – дейді ол.
БІР КҮНДЕ ТАРАҒАН ЕКІ МӘЛІМДЕМЕ
Кеше Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбетәлин қамалар қарсаңда интернетте бір сарындағы екі мәлімдеме тараған.
Оның біріншісі – «Желтоқсан қоғамы» бірлестігінің бас прокурор Асхат Дауылбаев пен ішкі істер министрі Қалмұқанбет Қасымовтың атына жолдаған хаты. Ұйымның алты мүшесі (Б. Сайфолда/Кусбеков, Р.Қозыбаев, К.Байбатыров, Н.Куанбаев, Ж.Тастекеев, Г.Жүніс) қол қойған ол хатта «Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбетәлин Қазақстан мұсылмандар одағы қоғамдық ұйымының жетекшісі Мұрат Телібековтің «Ветер с улицы» кітабындағы қазақ халқын қорлайтын үзінділерді әлеуметтік желі арқылы таратқаны» айтылған. Хат авторлары Нарымбаев мен Мәмбеталиннің «қазақты басқа елдің алдында масқара еткенін» айта келе, «бұған заң аясында тиісті шара қолдануды» сұраған.
Кеше интернетте тараған мәлімдеменің екіншісі ақын Мұхтар Шаханов басқаратын «Қазақ ұлттық кеңесі» атынан жасалған. Онда да Мұрат Телібековтікі делінген «Ветер с улицы» кітабы жайлы сөз болады. Ұйым құқық қорғау органдарынан «масқара кітап жазған Телібеков Мұратты және әлеуметтік желілерде осыны таратып, халқымыздың ар-ожданына кір келтіріп жүрген Нарымбаев Ермек сияқтыларды жауапкершілікке тартуды» сұраған.
Азаттық тілшісі «Желтоқсан қоғамы» қоғамдық бірлестігінің кешегі хатта аты-жөні аталған алты мүшесінің бәрімен бірдей тілдесе алмады. Олардың бірі Нұрлыбек Қуаңбаев «аты-жөні хат жазушылар арасына қалай кіріп кеткеніне таңырқайтынын» ғана айтты.
Органдарға жазған ешқандай хатқа қол қойған жоқпын. Өйткені Мәмбеталин мен Нарымбаевтың не істеп жүргенінен еш хабарым жоқ."Желтоқсан қоғамы" бірлестігінің мүшесі Нұрлыбек Қуаңбаев.
– Мені кеше Гүлбаһрам Жүніс баспасөз мәслихатына шақырды. Бейсенбек Құсбеков шығып, Нарымбаев пен Мәмбетәлин туралы екі-үш ауыз сөз айтты. Баспасөз соны іліп әкетті. Органдарға жазған ешқандай хатқа қол қойған жоқпын. Өйткені Мәмбеталин мен Нарымбаевтың не істеп жүргенінен еш хабарым жоқ. Сондықтан ұйымның кей мүшелері мені арандатты деп есептеймін, – дейді Нұрлыбек Қуаңбаев.
Бірақ «Желтоқсан қоғамы» бірлестігі мүшелерінің бірі Бейсенбек Құсбеков (Сайфолда) бас прокурор мен министрге жазылған ол хат баспасөз мәслихаты кезінде ұйым мүшелеріне таныстырылғанын айтады.
– Хатта айтылған «бұған заң аясында тиісті шара қолдануды сұраймыз» деген сөз Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбетәлинге емес, Мұрат Телібековке бағытталған, – дейді Бейсенбек Құсбеков.
Ал «Қазақ ұлттық кеңесі» ұйымының мүшесі, кинорежиссер Еркін Рақышев кеше таратқан мәлімдемені дайындаған адам өзі екенін, оны жариялауға ұйым жетекшісі Мұхтар Шахановтан «телефон арқылы рұқсат алғанын» растады.
– «Қазақ ұлттық кеңесінің» кеше өткен кезекті отырысында Мұрат Телібековтің кітабы да айтылып, одан үзінді таратып жүргендер сыналды. Мұхтар Шаханов Мұрат Телібековтің кітабына қатысты мәлімдеме жобасын жасауды маған тапсырды. Бірақ мәлімдемені Шаханов оқыған жоқ, «Рақышевтің жеке пікірі» деп ойлап қалыпты, – дейді Еркін Рақышев.
«Қазақ ұлттық кеңесі» ұйымының төрағасы Мұхтар Шаханов «белсенділерді қамату жөнінде ойламағанын, бұл арада бір қателік кеткенін» ғана айтумен шектелді.
Екі ұйым – «Желтоқсан қоғамы» да, «Қазақ ұлттық кеңесі» де – кешегі мәлімдемелерін таратарда бір-бірлерінің істерінен бейхабар болғандарын айтады.
МҰРАТ ТЕЛІБЕКОВ: «ОЛ КІТАПТЫ ЖАРИЯЛАҒАН ЕМЕСПІН»
Азаттық тілшісі «кітабынан Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбетәлин үзінді келтірді» деген адамға – Қазақстан мұсылмандар одағы қоғамдық ұйымының жетекшісі Мұрат Телібековке де хабарласты. Оның сөзінше, «23 жыл бұрын «Ветер с улицы» кітабын шығармақ болғанда билік тыйым салған, бірақ ол кітапта қазақ ұлтын қорлайтын сөздер айтылмаған».
– Ол кітапты интернетте де жариялаған жоқпын. Қайдан тауып алғанын Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбетәлиннен сұрау керек. Солай бола тұра олардың қамауға алынуы – өкінішті. Сөз, ой-пікір бостандығына тыйым салынбауы керек, – дейді Мұрат Телібеков.
Бұл кітаптың еш жерде жарияланбағанын құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина да растайды. Оның сөзінше, белсенділер интернетте Мұрат Телібектің авторлығымен әртүрлі нұсқалары жүрген жазбаларды көрген.
– Мұрат Телібековтің кітабын алға тартуы – желеу ғана. Шын мәнінде билік Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбетәлиннің әлеуметтік желілердегі еркін ойларын тежегісі келіп отыр. Өйткені екеуі де – биліктің саясатын сынап жүрген белсенділер, – дейді ол.
Бақытжан Төреғожина белсенділерге қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-тармағына сай «ұлт араздығын туғызу, ұлттың қадыр-қасиеті мен ар-намысын қорлау» жайлы айып тағудың ақыры ауыр саяси айыпқа айналуы мүмкін деп қауіптенеді.
Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев Қазақстан билігін сынағаны үшін бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылған. 2010 жылы Алматыда өткен демократиялық күштердің жиынында «Назарбаев, кет!» деп ұрандаған ол көп ұзамай төрт жылға бас бостандығынан айырылған.
Серікжан Мәмбетәлин өзі басқарып келген «Руханият» партиясы 2011 жылы 15 қаңтарда өткен парламент сайлауынан шеттетіліп, партия төрағасы қызметінен түскен соң билікке сыни көзқарасын әлеуметтік желілер арқылы жиі білдіре бастаған.
Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, қауымдық немесе діни алауыздықты қоздыру» деп аталатын 174-бабының 1-тармағы бойынша екi жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеу не дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. «Әлеуметтік араздық туғызу» айыбы белсенділерге Жаңаөзен оқиғасынан соң жиі тағыла бастаған.
Your browser doesn’t support HTML5