Өртенген базар сатушылары қиналып жүргендерін айтады

Your browser doesn’t support HTML5

«Барахолкадағы» кей базарлар толықтай, кейбірі жарым-жартылай бұзылып жатыр. Алматы, 26 қараша 2013 жыл.

Күзден бері үш рет өрт шыққан «Барахолканың» бірнеше базары күреліп жатыр. Мүліктері өртенген саудагерлер енді орындарынан да айрылғанына наразы.
Алматыдағы жұрт «Барахолка» деп атайтын сауда-саттық аумағында 26 қараша күні тағы өрт болып, «Алатау-2» базарындағы бірнеше контейнер жанды. Бұл – осы базарда биыл күзде шыққан үшінші өрт.

Қазір «Барахолкадағы» кей базарлар толықтай, кейбірі жарым-жартылай бұзылып жатыр. «Жол түсетін аумақта тұр» деген уәжбен шеткі қатарлары күреліп жатқан базарлардың арасында 17 қарашада өртенген «Арал» базары да бар.

«ЖОЛ САЛАДЫ ДЕП КҮРЕП ТАСТАДЫ»

Он жылдан бері «Арал» базарында сауда жасап келе жатқан, үш баласы (біреуі – студент, екеуі – оқушы) бар жалғызбасты ана Ирина – базардағы өрттен кейін «жол түсуі тиіс» деп белгіленген аумақта тұрған контейнері күреліп кеткен саудагерлердің бірі.

– Мен «Арал» базарында осы қараша айына толық аренда төледім. Аренда құны 25 мың теңге тұрады. Бірақ қарашада бір күн жұмыс істеген жоқпыз. Төлеген

Бұзылып жатқан "Арал" базары. Алматы, 21 қараша 2013 жыл.

ақшамызды да қайтармады. Біздің орнымызды «жол салады» деп күреп тастады. Бірақ баратын жер тауып берген жоқ, – дейді Ирина.

Оның сөзінше, «қазір көп сатушылар орын таппай жүр, табылғанының арендасы – 30 мың теңге». Қазір өзі «Алматы–1» теміржол вокзалы маңындағы базарлардың бірінен сауда жасайтын орын жалдаған Ирина қиналып жүргенін айтады.

– Менің ешқандай кредитім жоқ. Соның өзінде қайтадан жалға орын алуға қиналып кеттім. Ал менен басқаларының тең жартысы кредит алған. Не айналымда тауарлары, не қорларында ақшалары жоқ. Кейбір қыздар маған звандап, 1000 теңге сұрап жатыр. Әрине, бұл кейбіреулерге күлкілі болуы мүмкін. Бірақ шын мәнінде жағдай солай, – дейді Ирина.

Ол – базар өртеніп жатқан кезде ішке баса-көктеп кіріп, контейнердегі тауарын аман алып қалған бірен-саран сатушылардың бірі. Иринаның сөзінше, базардағы

«Құлагер» базарындағы өрт кезінде жүктерін алып бара жатқан азаматтар. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.

саудагерлер тамаққа күніне 2 мың теңге жұмсап, басқа ақшасына тауар сатып алып отырған.

Ирина сауда-саттық жасаған «Арал» базары әкімшілігінің өкілі Бақытбек Омарбековтің сөзінше, «бес қатар жол өтетіндіктен бұл базардың бірінші қатары бұзылып жатыр».

– Сатушыларға ескертілген. Қалған тауарларын алып кетіп жатыр. Бірақ қайда баратындары айтылған жоқ, – деді ол.

Азаттық тілшісі базарларға байланысты жоспарын білмек болып, «Барахолка» орналасқан аумаққа иелік ететін Алатау аудандық әкімдігіне хабарласты. Бірақ әкімдік «сұрақтарыңызға толық жауап береді» деп сипаттаған адам (кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бастығы Дәурен Дәулетұлы) сауалды естісімен телефонын өшіріп тастады.

«БАЗАР ӘДЕЙІ ӨРТЕЛГЕН»

«Барахолка» базарының бірнеше бөлігі – Құлагер», «Арал», «Еуразия» базарлары 17 қарашада өртеніп кеткен еді. Бұл оқиғаны тексерген төтенше жағдайлар министрлігі 25 қараша күні «базар әдейі өрт қою кесірінен өртенгенін»

"Барахолкадағы" өртке қарап тұрған адамдар. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.

мәлімдеді. Министрліктің дерегінше, «өртенген заттардың күліне сараптама жасалып, оларда тез тұтанғыш және жанғыш сұйықтықтың болғаны анықталған».

Министрлік «өрт болған жердегі электр желілері мен электр құрылғыларының өрттің тұтануына еш қатысы жоқ» екенін айтады.

Қала билігі 2012 жылы қазанда «Барахолканың» «Солтүстік айналма жолды кеңейтуге бөгет болып тұрған 34 базары тұрғындардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік ыңғайлылық үшін» жабылуы мүмкін екенін ескерткен еді. Содан бері әкімшілік пен кәсіпкерлер ортақ шешімге келе алмаған.

2013 жылы сәуірде «Құлагер», «Арал», «Аягөз», «Дәстүр», «Адам» базарларының саудагерлері осы базарлардың жабылуына наразылық танытып, бизнестерінен айрылмайтындарын айтқан. Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Сергей Куяновтың айтуынша, Алматы соты бұл базарлар өрт қауіпсіздігі мәселесіне байланысты «жабылуы тиіс» деген шешім шығарған.

«Барахолка» базарлары соңғы бірер айда үш рет өртенді. 26 қараша күнгі өртте «Алатау-2» базарындағы бірнеше контейнер жанды. 17 қараша күнгі өрттен «Құлагер», «Арал» және «Еуразия» базарлары зардап шексе, оған дейін 13 қыркүйек күні «Олжа», «Аян», «Керемет», «Алатау» базарлары өртенген.

Алматыда базарлардың басым көпшілігі 1990 жылдары ашылған. Қалалық әкімшіліктің сөзінше, «ол базарларда құрылыс және санитарлық ережелер мүлдем сақталмаған, әрі базарлар көлік жолына кедергі жасайды».