Кәмелетке толмаған төрт баласы бар Мүсәпіровтер отбасы бұрынғы заманда салынған ескі үйдің бір бөлмелі пәтерінде тұрады. Бұл – отағасының үлкен ағасының үйі. Шаңырақ иесі – 44 жастағы Мақсаттың жоғары білімі де, тұрақты жұмысы да жоқ. Ауылда туып-өскен ерлі-зайыптылар «жағдайымыз түзелер» деген үмітпен Алматыға көшіп келген. Бірақ, толассыз қымбаттаған баға мен дүркін-дүркін дағдарыстың кесірінен жиырма жылдан бері не тұрақты жұмыс таппай, не өз баспанасына қол жеткізе алмай жүр.
– Күйеуім жұмысқа орналасса болды, бір айдан кейін не фирма жабылып қалады, не әлдебір түсініксіз себептермен жұмыстан шығарып жібереді, я болмаса мүлде жалақы төлемей қояды. Он жылдан бері көрген күніміз осы, - дейді 40 жастағы Мира Мүсәпірова Азаттыққа.
Әйелдің айтуынша, отағасы Мақсат – үйде сұлап жатпайтын адам, үнемі жұмыс істейді. Бірақ, бірер мәрте ғана «дені дұрыс жалақы» әкелген. Төрт баланың анасы «ақыры өзімнің еңбектенуіме тура келеді» деп шағынады.
Мираның инженерлік жоғары білімі бар, бірақ кішкентай балаларына қарайлап, мамандығы бойынша жұмыс істей алмаған. Қазір сәті түскен жұмысқа шығып, ақша табуына тура келеді. Ақшалы адамдарға үй қызметшісі, бала күтушісі болып жалданып, мейрамханаларда ыдыс-аяқ, еден жуады. Бірақ, Мираның айтуынша, бұл уақытша әрі жалақысы да тұрақсыз маусымдық жұмыстар.
ФОТОГАЛЕРЕЯ: Мүсәпіровтер отбасы
Мүсәпіровтер отбасының үлкен ұлы Сағадат сегізінші, Сәкен – төртінші, қызы Ақнұр – екінші сыныпта оқиды, кішкентай Өркен небәрі үш жаста. Жуырда мектептегі тегін тамақты тоқтатып тастағаннан кейін бұл отбасының жағдайы тіпті қиындай түскен. Балалардың айтуынша, мектеп асханасында дені дұрыс тамақ бермейді. Кейде мерзімі өтіп кеткен йогурт, ашып кеткен сүт береді, балаларға бәліш тимей қалатын күндер де болады. Мира «мүлде аш қалмасын деп үшеуіне 200 теңгеден беруге тура келеді» дейді.
– Қазір бір мың теңгеге не сатып аласың? Бір күннен артылмайтын сүттің литрі 250 теңге, қант – 230 теңге, сары май – 300 теңге, нан – 65 теңге, печенье – 350 теңге тұрады. Етті айтпай-ақ қояйын, бірақ жеміс-көкөніс, дақылдар керек қой. Біз үшін олар жеңсік асқа айналып барады, - дейді Мира Мүсәпірова Азаттыққа.
Әйел балалары киер киім мен мектепке керекті заттарға мұқтаж екенін айтып, уайымдайды.
– Балаларға оқу-жазу құралдары керек, былтырғы аяқ киімдері де тозып қалды, мектепке киетін формаларын да жаңартып тұру керек. Қыс болса келіп қалды, тіпті не істерімді білмеймін, - деп қамығады Мира Азаттыққа.
Балалар тамақ сұрап жылаған кезде жүрегім қатты ауырады. Қазір азық-түліктің бағасы қымбаттап кетті, енді қалай күн көреміз, білмеймін.Мира Мүсәпірова, көпбалалы ана
Оның үстіне, үй иесі пәтерді босатуды сұраса, бұл отбасы қайда баратынын білмейді. Ал үй иесі бұл жайлы әңгіме қозғап, екі жылдан кейін баласы үйленетінін ескерткен. Мүсәпіровтер отбасының жиған-терген ақшасы да, сатып алып қойған әлдебір жер телімі де жоқ. Көп балалы отбасына достары мен туыстары да көмектесе алмайды.
– Балаларға жеміс, ет сияқты тамақтар керек қой, бірақ не істеймін, оларды қайдан аламын? – дейді Мира.
Азаттық тілшілері келген кезде отағасы жұмыста, үйдің үлкені сабақта екен. Сұхбат барысында көп балалы ана «менің жағдайымды түсініп, көмек қолын созатын қайырымды жандар табылар» деп үміттенеді. Бұған дейін көмек сұрап, талай мекеменің табалдырығын тоздырған отбасы енді мемлекеттен қайыр күтпейді.
Жуырда отағасы жақсы жұмыс тапқан, бірақ Мира «тағы уақытша жұмыс шығар» деп уайымдайды. Ол балаларының тек қытай кеспесін талғажу еткен, кейде құр сүт ішкен күндер болғанын айтады.
– Балалар тамақ сұрап жылаған кезде жүрегім қатты ауырады. Қазір азық-түліктің бағасы қымбаттап кетті, енді қалай күн көреміз, білмеймін. «Балаларды неге тудың?» деп мені жазғыратын жандар көп, әрине. Оларды өзім үшін тудым, енді асырап, жеткіземін деп үміттенемін. Жер қазып, тау қопарсам да балаларымды адам етіп шығарамын, - дейді Мира.
Балалар еденде ұйықтап, ас ішетін үстелде сабаққа дайындалады. Көп балалы ана «кейде өмір сүргім, нақтырағы бұлай күн кешкім келмей кетеді» деп қамығады. Шарасы таусылып, еңсесі түскен кезде Мира балаларын құшақтап, келер күнді жаңа үмітпен күтеді.