Желтоқсан оқиғасы кезінде үнсіз қалған ақпарат құралдары одан кейін «ұлтшылдық пен жікшілдікті айыптайтын» мақалаларды көбейтті. Оны жазған адамдар кейін өз сөздеріне өздері таңғалды.
1986 жылы 17-18 желтоқсанда Алматыда болған оқиға туралы Қазақстан ақпарат құралдары «Кеше кешкісін және бүгін күндіз Алматыда ұлтшыл элементтер арандатып салған оқушы жастар тобы, бұзақылар, арамтамақтар және қоғамға жат басқа да адамдар правоға қарсы әрекеттер жасады, азық-түлік магазинін, жекеменшік автомобильдерді өртеді» дейтін ТАСС арқылы түскен ақпаратты таратумен шектелді.
«БҮГІНГІ КҮННІҢ ШЫНДЫҒЫ...»
«Социалистік Қазақстан» газеті Желтоқсан оқиғасының ертеңіне «Мал қыстату – жауапты кезең» деген бас мақала басты. Бұл айдағы одан кейінгі «Социалистік заңдылық» (23 желтоқсан), «Еңбек өнімділігі – ең басты көрсеткіш» (24 желтоқсан), «Балалар мекемелері» (25 желтоқсан), «Советтік өмір салты» (28 желтоқсан), «Біртұтас советтік семьяда» дейтін бас мақалалар да республиканың «бейбіт өмірінен сыр шертті».
Мәскеу арнайы жіберген өкіл Михаил Соломенцевтің сапары «Алматыда орын алған жосықсыз көріністерге орай кәсіпорындар мен оқу орындарын
Ресми ақпараттардан өзге, жыл соңына дейін шыққан мақалалардан да төтенше оқиға туралы толық мағлұмат табу қиын еді. 1986 жылдың «тағылымы мен шындығын» сөз еткен мақалалар да кешегі оқиғаны айналып өтті.
«Қоғамды ең алдымен моральдық тұрғыдан тазарту – өмірдің өзі ұсынған үлкен мәселе болып табылуда. ...Жастарды азаматтық, патриоттық, интернационалдық рухта тәрбиелеуде театрдың берері көп» деп жазды Досхан Жолжақсынов 1986 жылы 31 желтоқсанда «Лениншіл жаста» жарық көрген «Бүгінгі күннің шындығы» деген көлемді мақаласында.
«Биылғы жылдың ең шоқтығы биік оқиғасы – партиямыздың 27-съезі бізге берген үлкен тағылым – жауырды жаба тоқымай, шындықты айту, – деп жазды белгілі журналист Нұрмахан Оразбеков те осы газеттегі «Жыл тағылымы» мақаласында: – Біріккен Ұлттар Ұйымы бейбітшілік, тыныштық жылы деп жариялаған осынау жылда дәл Совет Одағындай, социализм дүниесіндей көп шаруа тындырған, көп нәрсені аңғартқан, көп шындықты ұқтырған бірде-бір ел болған емес».
Ақпарат құралдары 1986 жылы желтоқсан айының 31-інде Әбіш Кекілбаев, Оралхан Бөкеев, Морис Симашко, т.б. өнер адамдарына Қазақ ССР-інің мемлекеттік сыйлығын беру туралы Колбин мен Назарбаев қол қойған қаулыны жария етті.
«БӘРІ ӨЗГЕРЕ БАСТАДЫ...»
1987 жылдың қаңтарынан бастап Мәскеудегі орталық басылымдар Қазақстандағы «ұлтшылдықты, жершілдік пен жікшілді айыптайтын» мақалаларды бірінен кейін бірін шығара бастады. Іле-шала бұл мақалаларды Қазақстан газеттері де көшіріп басты.
«Правда» газеті 7 қаңтарда «Тағы да ескі байланыстар туралы» деген мақала жариялады. «Комсомольская правда» газетінде 10 қаңтарда «Лениншіл жас» тілшісінің «Ащы сабақ» деген мақаласы жарық көрді.
«Шырмауықтың» авторы Вячеслав Щепоткин жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «60-жылдардың аяғы мен 70-жылдардың басына дейін кімнің қай рудан екеніне біз мән бермейтін едік. ...Ал содан кейін бәрі өзгере бастады» деген сөзін мысал етеді.
«Архитектура-құрылыс институтында байырғы ұлт студенттерінің саны 78 процент болды. Халық шаруашылығы институтында орыс студенттерінің саны 17,8 процентке дейін қысқарды, ал қазақ студенттерінің саны 73,7 процентке дейін өсті, Қазақ университетінде – тиісінше 18,8 және 75,8 процент. Ауылшаруашылық институтында – 10,9 және 79,6 процент, зоотехникалық-мал дәрігерлік институтында – 6,1 және 90,4 процент болды» деп жазады Щепоткин.
11 ақпанда «Правдада» жарияланған «Мардамсудың зардабы» деген көлемді мақала авторы Есілбаев Қазақстанның барлық газет-журналдарына шолу жасап, қазақ басылымдарының «интернационалдық тәрбие берудегі өрескел қателіктерін» тізіп шықты.
КПСС Орталық комитетінің басылымдарында жарық көрген сын материалдарға республика басшылығы жауап беруі тиіс еді. Осыған орай Геннадий Колбин «Принциптілік көбірек болсын» деген жауап мақаласының бірінде (10 наурыз 1987 жыл) «кінәлілерді жазаланып жатқанын» жазды.
Сол сияқты, советтік Қазақстанда орыс тілінде шыққан республикалық екі ірі басылым - «Казахстанская правда» мен «Ленинская смена» газеттерінде де Алматыдағы алаңда қарсылық акциясына қатысқандарды барынша қатаң жазалауға шақырған ұрдажық мақалалар жарық көре бастады. Жастардың бұл шеруін советтік баспасөз «зиянды, теріс әрекет», «ұлтшылдықтың көрінісі» және «жаппай тәртіпсіздік» ретінде баса көрсетті.
«АДАСҚАНДАР МЕН АҚЫМАҚТАРДЫҢ ІСІ»
«Еңбекшілерге, әсіресе жастарға идеялық-адамгершілік, интернационалдық және патриоттық тәрбие беру мәселесіне» Қазақстандағы белгілі тұлғалар да кірісіп, ашық хаттар жазды.
«Социалистік Қазақстан» газетіне 10 жыл бас редактор болған Сапар Байжанов 1987 жылы 24 қаңтарда «Лениншіл жас» газетінде шыққан «Жас досқа хат» деген эссесінде алаңға шыққандарды «адасқандар мен ақымақтар» деп атады.
«...аңғырт жастарды көшедегі жүгенсіз қылықтарға айдап салып, өздері жымысқыланып жүрген сәуегейлердің қисындары тіптен жаңа емес. Ниеті
Жазушы Дихан Әбілев сәуір айында «Социалистік Қазақстан» бетінде «Тамыры терең туыстық қазақ халқының Россияға өз еркімен қосылуының түп-төркінінен басталатын» жазды.
Ал тарих ғылымының докторы, профессор Ержанов «жүзшілдік, рушылдықпен күресті белгілі бір бір аймаққа қатысы жоқ, белгілі бір жүзге, не руға жатпайтын, ұлт мәселесінде берік партиялық позиция ұстанатын қайраткер жүргізе алатынын» айтты.
«...Партия біздің республикамызға жаңа басшы жібергенде ең алдымен, міне, осыны негізге алғанын ұмытпауымыз керек. Мұның дұрыстығын уақыт өзі көрсетіп отыр» деп жазды ол маусым айындағы «Партияның ұлт саясатының таптық мәні» деген мақаласында.
Ондайлар тойғаны мен толғанын, жеткені мен жетілгенін көтере алмады. Социализмнің шүпілдеп тұрған дәулетін үріп ішіп, ұрттап төксе де, соған қанағаттанбады
Жазушы Әзілхан Нұршайықов 1987 жылы 13 маусымда «Социалистік Қазақстан» газетіне «Санаңды қайта құрмай сапқа тұрма» деген мақала жазып, «...Ұлы Октябрь революциясының жеңісі нәтижесінде, Абай айтқан дүниенің кілті – орыс ғылымы мен өнерінің арқасында өзге одақтас республикалармен бірге Қазақстан да адам танымастай боп қарыштап өсті емес пе?» деді.
«... достық туралы сөздерін бүгін ел есіне салудың ерекше мәні болып тұр. Шынын айтайық, базбіріміз асқақтап кеттік. Ондайлар тойғаны мен толғанын, жеткені мен жетілгенін көтере алмады. Социализмнің шүпілдеп тұрған дәулетін үріп ішіп, ұрттап төксе де, соған қанағаттанбады» деп жазды Әзілхан Нұршайықов.
«ҚАЙШЫЛЫҚ ТУҒЫЗУЫ ЫҚТИМАЛ СУРЕТТЕР»
Әзілхан Нұршайықовтың мақаласынан соң үш күн өте, яғни 16 маусым күні Желтоқсан оқиғасына қатысқан бір топ жастарға (араларында Қайрат Рысқұлбеков те бар) байланысты үшінші рет сот болған еді. Осы сотта ҚазТАГ фототілшісі түсірген сурет «Жетісу», «Огни Алатау» және кәріс,
«Ұлт аралық қатынаста қайшылық туғызуы ықтимал суреттер берген» ҚазТАГ жетекшісі Жұмағали Ысмағұлов пен фотосуретті жариялаған газеттердің басшылары қызметтерінен босатылды.
Ал «Социалистік Қазақстан» газеті 25 маусымда «Кадрларды іріктеу мен орналастыру принциптерін өрескел бұрмалады, тамыр-таныстық пен жерлестік ұрығын септі, оқытушылар құрамы мен студенттер контингентін сыңаржақ жасақтады» деген айып бойынша бірқатар басшы қызметкерлермен бірге Қазақ университетінің ректоры Өмірбек Жолдасбековтің де партия қатарынан шығарылғанын егжей-тегжейлі жазды.
«ОСЫНЫ ЖАЗҒАН ӨЗІМІЗ БЕ?»
Алаңға шыққан жастарды айыптау сарыны Колбин қызметінен кеткенге дейін жалғасты. Ал Желтоқсан оқиғасы ақталған кезде, керісінше «ол оқиғаға қолдау көрсетіп едік» дегендер көбейе бастады.
1986 жылы «қоғамды моральдық тұрғыдан тазарту» жайлы мақала басқан «Лениншіл жастың» бас редакторы болған Уәлихан Қалижан: «Қазақ ұлтшылдығы туралы орталық және республикалық орыс тілді газеттер апта аралатпай көл-көсір материал жариялап жататын да, Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің идеология бөлімінен баспасөз секторы арқылы «көшіріп басыңдар» деген қаһарлы нұсқаулар түсіп жататын» деп жазады.
Ол бірде баспасөз секторы қоңырау шалып, Колбиннің тікелей тапсырмасы бойынша «Асқар Тоқпанов, Балтағұлов, Шона Смаханұлы дейтін ұлтшыларды әшкерелейтін» мақала басуды тапсырғанын айтады.
«Зиялы азаматтарды қаралап, 37-нің кебін кигенше не болса да мойынға түскенді көтеретін шақ екенін ұқтым» деп жаза келе, материалды
Журналист Нури Муфтах: «Әрине бүкіл ел болып, басшымыз да, қосшымыз да өре түрегеліп қарсы тұратын болсақ, жалғыз «шүрегей» қазақ халқына қырғидай тие алмас еді. Бірақ, әлбетте, елді бүлдіретін өз ортамыздан шыққан жағымпаздар мен жандайшаптар ғой. Ел басына қарақошқыл бұл үйірілген 37-жылдары да арыстардың ажалдарына себеп болған – солар. Г.Колбин Қазақстанға келіп-кеткен аралықта республика баспасөзінде жарияланған «әшкере» мақалаларды бүгін оқып қарасаң, жаның түршігеді, «Осыны жазған өзіміз бе, беті бүлк етпестен қазір қатарымызда жүрген қаламгерлер ме?» деп ойлайсың» деп жазды 1996 жылы «Азапқа толы ақиқат» деген мақаласында.
Биік мінбеден адалдықты, абзалдықты уағыздап, айнала беріп арамза ісін жалғастырған... Мұндай адамдарға жүрегіңнің түбінде ешқандай аяныш сезімі оянбайды.
Алайда 1986 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне Асанбай Асқаров жөнінде «Құдыреттің күйреуі» атты мақала жазып: «Биік мінбеден адалдықты, абзалдықты уағыздап, айнала беріп арамза ісін жалғастырған... Мұндай адамдарға жүрегіңнің түбінде ешқандай аяныш сезімі оянбайды. Тек «осынша уақыт қалайша шыдадық екен» деген ащы сұрақ жаныңды жегідей жейді» деген газет тілшісі Нури Муфтахтың өзі де «әшкерелеушілердің» бірі болған еді. Бірақ ол кейін Асқаровты ақтау ісіне де араласты.
Қоғамдық формация өзгерді – бірақ 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде үнсіз қалған, одан кейін республикадағы саяси қуғын-сүргін қаруына айналған, ал Қазақстан тәуелсіздік алған соң сол оқиғаны мақтаған ақпарат құралдарының тасқа басылған сөздері жоғалған жоқ.