Алматының комсомолдық топономикасы

Оқушылар сарайының маңында Орталық Азия мен Қазақстанда комсомол ұйымын құрушылардың бірі Ғани Мұратбаевтың ескерткіші тұр. Алматы, 10 маусым 2011 жыл.

Советтік Қазақстанда комсомол ұйымы 95 жыл бұрын құрылды. Азаттық тілшісі Алматы мен қала төңірегіндегі комсомолды еске түсіретін орындарды аралап қайтты.

Бүкілодақтық лениншіл коммунистік жастар одағы (ВЛКСМ) 26 жыл бұрын таратылғанымен, бұрынғы комсомолдар оның құрылған күнін ұмытпай, виртуалды кеңістікте жұрттың есіне салып тұрады. Одақтас республикалардың ЛКСМ-дері (лениншіл коммунистік жастар одағы – ред.) оның аймақтық бөлімшелерінің ең ірілері болды. Республикалық ЛКСМ-дердің әрқайсысының өз құрылған күні бар. РКСМ-нің (Ресей коммунистік жастар одағы) бірінші бүкілқазақтық съезі 1921 жылы шілденің 7-сі күні өткендіктен, осы күнді Қазақстан комсомолы құрылған күн деп саналады. Ол кезде Орынборға Қазақстанның 21 мың комсомолы атынан 126 делегат барған.

КОМСОМОЛ «МҮЙІСІ»

Чайковский көшесінің Бөгенбай батыр мен Әйтеке би көшелері арасындағы бір бөлігі - Алматыда Қазақстан ЛКСМ тарихын еске салатын ең белгілі жер. Совет аудандық КПСС комитеті мен комсомол комитеті екеуі Бөгенбай батыр көшесіне (совет заманында – Киров көшесі болған) жақын маңдағы бір ғимаратта отырған. Ал бір квартал төменірек тұста Қазақстан ЛКСМ орталық комитетінің ғимараты болған. Қазір онда БҰҰ өкілдігі орналасқан. Совет заманында ЛКСМ орталық комитеті аппаратында басшы қызметтерде жұмыс істеген қазіргі Қазақстанның талай саясаткері әлгі ғимараттың дәліздері мен кабинеттерінің «жадында» сақталып қалған. Мысалы, Серік Әбдірахманов, Бірғаным Әйтімова, Сергей Дьяченко, Әміржан Қосанов, Қырымбек Көшербаев, Қуаныш Сұлтанов, Иманғали Тасмағамбетов.

Алматыдағы Төле би және Чайковский көшелерінің қиылысындағы Қазақстан ЛКСМ орталық комитетінің ғимараты. Қазір мұнда БҰҰ өкілдігі отыр. Алматы, 21 қазан 2015 жыл.

1971-1978 жылдары Қазақстан ЛКСМ орталық комитетін басқарған саясаткер Зақаш Камалиденов естеліктер кітабында комсомол орталық комитетінің Алматыдағы ғимараты мемлекет қазынасы емес, комсомолдың өз қаражатына салынғанын жазады.

Ол ғимараттың СССР мен комсомол күйрегеннен кейінгі тағдырына қынжылып «Әлгі ғимаратты неліктен қазіргі жастар ұйымдарына бермегені біз үшін әлі жұмбақ. 70 жылға жуық тарихымызды осылай лезде жойып жібереміз бе?» деп жазады.

Оны ЛКСМ орталық комитеті ғимаратынан бір жарым квартал төмендегі тұрғын үйдің бірінші қабатында болған Қазақстанның комсомол даңқы музейінің тағдыры да алаңдатқан. Ол 1971 жылы ашылған. Қазір әлгі мұражай жоқ. Зақаш Камалиденов оның тағдыры жайлы «Аса құнды экспонаттар, фотосуреттер, құжаттар, тарихи бұйымдар мен тарихи қайраткерлердің жеке заттары із-түзсіз жоғалып кеткен. Олардың қайда кеткенін ешкім білмейді, мұражайды ойрандағаны үшін ешкім ешқандай жауапқа тартылған жоқ. Республиканың комсомол ұйымы наградталған Ленин ордені қайда кетті?» деп жазады.

Әлгі орында мұражай болғанын қазір 50 қадам жердегі желбіреген ту түрінде жасалған, беті тұтастай қызыл түсті өрнекпен нақышталған монумент еске түсіреді. Оның түбіне ағаш, бұталар өсіп кеткен, бірақ монументтің беткі жағынан балға мен винтовканың бейнесін көруге болады. Бұдан монумент комсомолдың жауынгерлік және еңбек даңқына қойылған ескерткіш екенін аңғаруға болады.

Бұрынғы Қазақстан комсомолы даңқы музейінен 50 қадам жерде тұрған комсомолдың жауынгерлік және еңбек даңқына арналған ескерткіш. Алматы, 13 қазан 2013 жыл.

Сәл әріректе екі тұғыр тұр. 1990 жылдардың басына дейін олардың бірінде алғашқы тың игерушілердің тракторы тұрған еді. Оның қайда кеткені белгісіз. Екіншісінде 1941-1945 жылдары Балтық флотының флагманы болған, Қазақстан комсомолы қамқорлығына алған «Киров» крейсерінің 100 миллиметрлік кеме зеңбірегі орнатылған мұнара қойылған. Әскери кемені комсомол 1943 жылдың наурызында қамқорлығына алған. Ол кезде шайқаста қаза тапқан қазақстандық теңізшілердің орнына 50 комсомол өз еркімен соғысқа кетіп, «Киров» экипажы үшін азық-түлік тиелген алты вагон жөнелткен. «Кировшылар» әлгі азық-түлікті қоршаудағы Ленинград балаларымен бөліскен.

Соғыс біткеннен кейін және СССР күйрегенге дейін «Киров» крейсеріне (сол кездегі атауы мен туы сақталған ядролық крейсерге) Қазақстан ЛКСМ орталық комитеті жолдамасымен жыл сайын 50-60 жігіт қызмет етуге аттанатын. 1990-жылдардың басында кеме зеңбірегі тұрған әлгі мұнараны 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябаққа көшірген.

КОМСОМОЛ ШЫҢЫ МА, НҰРСҰЛТАН ШЫҢЫ МА?

Өзге таулардан асқақ көрінетін бұл шың Алматы аудандарының көбінен, әсіресе шығыс бөлігінен жақсы көрінеді. Бұрын ол Кіші Алматы өзені мен шатқалы сияқты Кіші Алматы шыңы деп аталған. Адам оның басына алғаш 1929 жылдың тамызында көтеріліп, қала тұрғындарына көрінетін тұсына қызыл ту тіккен. 1935 жылдың шілдесінде әлгі шыңға алғашқы бұқаралық Альпиниада ұйымдастырылды. Автогужтрестің комсомол ұйымының бастамасын қалалық комсомол комитеті құптаған. Альпиниаданы дайындау штабын Виктор Зимин басқарып, ал комиссары болып қалалық комсомол комитетінің хатшысы Константин Комаров тағайындалған.

Комсомол шыңының қаладан қарағандағы көрінісі. Суретте шың ортада тұр.

Үш күннен кейін Кіші Алматы шыңын Комсомол деп атау туралы үкімет қаулысы шыққан. Ал бірер күннен кейін шың басына өлкелік комитеттің бірінші хатшысы Қайсар Тәштитов бастаған Қазақстан комсомолының 14 белсендісі шыққан. Шыңның жаңа атауы комсомолдың Қазақстандағы бұқаралық альпинизмді дамытудағы рөлін көрсетеді.

Комсомол шыңына кейін тағы талай бұқаралық альпиниадалар ұйымдастырылған. 1983 жылғы «Алма-Ата» энциклопедиясындамұндай 20-дан аса альпиниада ұйымдастырылғаны жайлы дерек келтірілген. СССР күйрегеннен кейін алғашқы альпиниада 1995 жылы өтті. Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойына орай оны Абай шыңында өткізді. Тауға шыққандар тобы ішінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та болған. 1997 жылы шілде айының басында Комсомол шыңында бұқаралық Альпиниада өтті. Сол кезден бері Альпиниада жыл сайын дерлік өтеді. Ресми түрде ол Астана күніне арналған.

Комсомол шыңының Нұрсұлтан шыңы деген атауын мақала авторы алғаш 1997 жылы естіген еді. Спорт саласы функционерлері мұны ел президентінің альпинизмді дамытуға қосқан үлесін елеу деп негіздеген. Альпиниадаларды ұйымдастырушылар енді «Нұрсұлтан» деп атап жүрген шыңға президенттің өзі көтерілген жоқ.

Бірақ шың атауын өзгерту туралы ешқандай ресми құжат жоқ. Егер Комсомол шыңын Нұрсұлтан шыңына ауыстыру туралы ресми құжат болса, үкімет жанынан құрылған мемлекеттік ономастика комиссиясы бекіткен Қазақстан Республикасының 32 томдық географиялық атауларының мемлекеттік каталогында (2002-2010 жылдары құрастырылған) шыңның жаңа атауын келтірер еді. Бірақ Алматы облысына арналған томда 7588 нөмірмен Комсомол шыңы белгіленген әрі әлгі томда Нұрсұлтан шыңы деген ешқандай атау жоқ.

2010 жылы Алматыда ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев мақұлдаған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шыққан кітаптар топтамасына кіретін «Қазақстан топономикасы» деген 816 беттік анықтамалық басылым жарық көрді. Оның авторлары 11 адам, оның үшеуі – филология ғылымы докторы, үшеуі – филология ғылымы кандидаты, ал қалғандарын энциклопедистер деп қана көрсеткен.

202- бетте Талғар ауданындағы (Алматы облысына арналған бөлім) Комсомол шыңы туралы мақала бар. Авторлар әлгі шыңның атауын әлдебір саяси, идеологиялық сауатсыздықтан емес, Комсомол шыңын Нұрсұлтан шыңы деп ауыстырған құжат мүлде жоқ болғандықтан келтірген сияқты. Сондықтан «Комсомол шыңы» - бұрынғысынша ресми атау, ал «Нұрсұлтан шыңы» - бұқаралық Альпиниада ұйымдастырушылары шығарып алған ресми емес атау.

ҚАЗАҚ ЧЕ ГЕВАРАСЫНА ЕСКЕРТКІШ

Іле Алатауында Комсомол шыңына шығатын жолда оңтүстік жағынан әуелі Комсомол асуына көтерілу керек. Альпиниадаға қатысушылар Комсомол өзені ағып шығатын Богданович мұзартынан бастайды. Ол бірер километр төмендеп барып Сол Талғар өзеніне құяды.

Ал Алматының өзінде «комсомолдық» топономиканың қандай іздері бар? Қаланың негізгі транспорт магистральдарының бірі 1990 жылы атауын Төле би деп өзгерткенге дейін 70 жылға жуық, яғни 1927 жылдан бері Комсомол көшесі деп аталған.

Богданович мұздығынан Комсомол өзені шығады. Алматы облысы, 3 шілде 2016 жыл.

Кезінде комсомолдың мерейтойлары құрметіне аталған көшелердің атаулары қазір өзгерген. Мысалы, Қазақ комсомолының 10 жылдығы (Жұбан Молдағалиев көшесіне), Қазақстан комсомолына - 60 жыл (Бекен Жамақаев көшесіне). Ақан сері көшесі совет заманында Қазақстан ЛКСМ-нің баспа органы «Ленинская смена» газетінің құрметіне Ленинская смена көшесі деп аталған.

Қазақстан комсомолы қайраткерлерінің құрметіне аталған атаулар да комсомол тарихымен байланысты. Алматы көшелерінің бірі Орта Азия мен Қазақстан комсомолын ұйымдастырушылардың бірі Ғани Мұратбаевтың (1902-1925) есімімен аталады.

Жоғарыда өлкелік комсомол комитеті хатшысы Қайсар Тәштитов жайлы айтылған. Ол сталиндік террордың миллиондаған құрбандарының біріне айналып, 1938 жылы 38 жасында атылған. Оны 1957 жылы ақтаған. Қазір Алматының Түркісіб ауданында Тәштитов атындағы көше бар.

1970 жылдардағы Қазақстанның бұрынғы бас комсомолы Зақаш Камалиденов өз естеліктерінде қай заманда болсын, жастарға кумир, ұйытқы болатын идея қажет деп жазады. Латын Америкасы жастарының пірі - Че Гевара. Зақаш Камалиденовтің пікірінше, революция идеялары мен жастар қозғалысын қалыптастыру үшін өмір сүрген Ғани Мұратбаев Қазақстан жастарының кумиріне айнала алар еді.

Алматыда Мұратбаевтың құрметіне аталған көше бар екені жоғарыда айтылды. Осы көшеде оның құрметіне мүсіншілер Төлеген Досмағамбетов, Ольга Прокопьева және архитекторлар Шота Уәлиханов пен Арыстан Қайнарбаев жасаған ескерткіш орнатылған. Биіктігі 4 метрдей болатын қола ескерткіш 1985 жылы бұрынғы республикалық пионерлер сарайы жанына жайғасқан.

Комсомолдың құрметіне орнатылған ең жақын ескерткіш осы кезге дейін Алматы-Қапшағай трассасының 22-километрінде (Азамат соғысы кезінде ерлік көрсеткен комсомолдарға арналған архитектуралық ансамбль, 1974 жыл) болған.

Қазақстан комсомолының Алматы мен оның төңірегінде қалдырған іздері тақырыбы мұнымен бітпейді. Комсомол жетекшілік еткен студенттік құрылыс жасақтары (ССО) қозғалысы - жеке қарауға лайық тақырып. Қаладағы кей ғимараттар мен кешендердің (Медеу селден қорғау бөгеті, ҚазМУ қалашығы, Мұхтар Әуезов атындағы драма театры, республикалық пионерлер сарайы және т.б.) құрылысына студенттік жасақтар қатысқан. «Медеу» спорт кешені сияқты комсомолдық екпінді құрылыстар да комсомол тарихының бір бөлігі саналады.

Мақала жазу кезінде Зақаш Камалиденовтың «Өмір жолдары» кітабының орыс тіліне аударылған нұсқасы («Дорогами судьбы»), Юрий Накатковтың «История туризма Казахстана» (2001 жыл) кітабы пайдаланылды.