Қазіргі экономикалық қиындықтар билікті «бюджетті түзетуге» мәжбүрлеп, кезек Алматы іргесіндегі шатқалда салынуы тиіс «Көкжайлау» тау шаңғысы курорты жобасына да жетіп, оны уақытша тоқтату ұйғарылған. Бұл шешім қазан айының ортасында «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы депутаттары фракциясының қала бюджетін оңтайландыру мәселелері қаралған әрі Алматы әкімі Бауыржан Байбек те қатысқан жиынында қабылданған. Отырыста кәсіпкерлік және өнеркәсіп жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы, партия филиалының бақылау-ревизиялық комиссия мүшесі Сергей Козлов тау шаңғысы курорты жобасы мәселесін арнайы қозғаған.
«Нұр Отан» партиясы сайты Сергей Козловтың «Қоғамда «Көкжайлау» тау шаңғысы курортын салуға қатысты әрқилы көзқарастар болғанын білесіздер. Туризмді дамыту, қосымша жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, салауатты өмір салтын дамытып, қала тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру жолында мұның ұтымды жоба болатынына дау жоқ. Бірақ қазіргі ғаламдық дағдарысқа байланысты құны қымбатқа түсетін бұл жобаны қоя тұру керек деп санаймын» деген сөздерін келтірген.
ПАРТИЯ НҰСҚАП, ӘКІМДІК ҚАУЛЫ ЕТТІ
Алматы әкімдігі сайтының хабарлауынша, қала әкімі Бауыржан Байбек қатысқан мәслихат сессиясында 2015 жылға арналған бюджет нақтыланған. «Алматы ипподромы» спорт-сауық кешенін сатып алу, «Көкжайлау» тау шаңғысы курорты құрылысы сияқты ауқымды әрі шығынды жобаларды уақытша тоқтату ұйғарылған.
Facebook әлеуметтік желісінде топқа біріккен тау шаңғысы курорты құрылысының қарсыластары жобаны тоқтата тұру шешіміне қатысты көзқарастарын белсенділікпен жариялады. Олардың реакциясын қуаныш, үміт, сенбестік, күмән сияқты сөздермен бейнелеуге болады. Біреулер тау шаңғысы курорты жобасына қатысты қоғамның әрқилы көзқарасының «Нұр Отан» фракциясы отырысында ескерілуін «кәдімгі пиар-амал, аңқауларға арналған шоу» деп болжайды. Олар мұны Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің шығындарды қысқарту туралы хабарламасындағы «қоғамдық пікірді ескере отырып» деген сөздерге байланысты жазған.
Азаттық редакциясы бірнеше нақты сұрақ қойып, тау шаңғысы курорты жобасын іске асыруға жауапты Алматы туризм басқармасына ресми сауал жолдаған. Олардың ішінде «Жоба құрылысы қандай мерзімге тоқтатылды?», «Құрылыс жұмыстары қашан жалғасады?», «Жобаға жеке инвесторлар әлі де қатыса ма?» деген сұрақтар бар.
Басқарма бастығы Тимур Дүйсенғалиев қол қойған жауап өте қысқа болып шықты. Екі ауыз сөйлемде «Көкжайлау» тау шаңғысы курортының инфрақұрылымын салуға бюджеттен қаражат бөлінген жоқ. Инвесторлар қаражат салса, жоба іске асуы мүмкін» деп жазылған.
ҚОСАЛҚЫ СТАНЦИЯ ҚҰРЫЛЫСЫ
Тау шаңғысы курорты жобасын тоқтата тұру туралы ресми шешім қабылдағаннан кейін азаматтық белсенділерден «таудағы жұмыстар тоқтаған жоқ» деген ақпарат түсті. Олар Көкжайлаудың батыс жағындағы қосалқы электр станциясы құрылысын айтады. Бұл нысанның құрылысы тау шаңғысы курортына қарсыластары үшін күтпеген жерден басталып, 2014 жылдың жазында шұңқыр қазылып, кейін станция іргетасы құйыла бастаған. Экобелсенділер былтыр шұңқырдың ішінде бірнеше флешмоб өткізіп, оны символикалық тұрғыда қолдарымен қайта көміп, шұңқырдың түбіне мата қиықтарымен STOP деп жазған.
Қосалқы станция құрылысы тау шаңғысы курортынан бөлек жобаланған. Оның қоршаған ортаға әсерін бағалау жөнінде ешқандай қоғамдық тыңдау өткен жоқ. Былтыр «жасыл» белсенділердің қолына әлгі станцияға қатысты кейбір құжаттардың фотокөшірмелері түскен. «Көкжайлауды қорғайық» қозғалысы белсенділерінің қолындағы әлгі құжаттардың фотокөшірмесіне қарағанда, Көкжайлау шатқалында салынып жатқан қосалқы электр станциясы болашақта «Көкжайлау» тау шаңғысы курортын энергиямен қамтамасыз етуі тиіс.
Қазанның аяғында Азаттық тілшісі қосалқы станция салынып жатқан жерге аттанды. Ол жаққа жол шалғай, тау-таспен сегіз километр жүру керек. Оның үстіне, тау арасындағы сүрлеу мен жолдар қар аралас мұз басқан тайғақ, кей жері батпақ болды.
Қосалқы станцияны салу жұмыстары расында тоқтамаған болып шықты. Төрт жұмысшы арматура бекітіп жатыр екен. Қосалқы станцияға жыл бойы көліктер цемент тасыған еді. Олардың доңғалағы батпаққа батып қала берген соң жолдың біраз бөлігіне бетон плиталар төселіпті. Цемент таситын көліктер құрылыс басына әлі келіп жүр ме, жоқ па - мұны нақты анықтау мүмкін болмады. КамАЗ-дар жанынан өтіп жүрген «Құмбел» қонақүйінің күзетшісі оларды он шақты күннен бері көрмегенін айтады. Ол «жол тайғақ болғандықтан, қазір келмей жүр» дейді. Ал қосалқы станция жұмысшылары КамАЗ көліктері әлі келіп жүргенін айтады.
Тау шаңғысы курортының тағы бір инфрақұрылымдық нысаны - Алмарасан шатқалындағы экологиялық бекеттен Көкжайлау шатқалына апаратын автомобиль жолы. Тамыз девальвациясына дейін оның құны шамамен 16 миллиард 500 мың теңге деп бағаланған. Оның жобасы да тау шаңғысы курорты жобасынан бөлек дайындалған. Оны талқылау үшін 2015 жылдың қаңтарында қоғамдық тыңдау өткен. Қазір әлгі жолдың салынып жатқанын көрсететін ешқандай белгі байқалмайды.
Қосалқы электр станциясын салуға тапсырыс беруші мекеме - Алматы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы. Азаттық тілшісі комментарий сұрап, басқарма бастығының орынбасары Маржан Базарбаевамен телефон арқылы сөйлесті. Оның айтуынша, электр қосалқы станциясын салуға биылғы жылға ғана екі миллиард теңге бөлінген, ол ақша қазіригеріліп жатыр. Келесі жылы республикалық бюджеттен ақша бөліне ме, жоқ па - белгісіз, басқарма мамандары мұны әзірше білмейді. Бірақ 2016-2018 жылдарға арналған бюджеттен қаражат қараыстыруға өтініш берген.
Маржан Базарбаеваның айтуынша, курорт құрылысын қаржыландыру уақытша тоқтағанымен, инженерлік желілер жайлы еш жерде айтылмаған. Қосалқы станцияның құрылысын 32 айда аяқтау жоспарланған. Басқарма қызметкерінің айтуынша, мердігерлермен келісім-шарт бекітілгендіктен, басқарма құрылысты өздігінен тоқтата алмайды.
Көкжайлауға апаратын жол құрылысын салуға тапсырыс беруші - Алматы автомобиль жолдары басқармасы. Азаттық қоңырау шалып, жол құрылысы әлі басталмағанын анықтады. Тұтқаны көтерген ер адам (жоспарлау және перспективалық даму бөлімінің аты-жөнін атағысы келмеген қызметкері) жол салуға ақша әлі бөлінбегенін айтты.
ЭКОБЕЛСЕНДІЛЕР СОТҚА ЖҮГІНДІ
Тау шаңғысы курорты жобасын қаржыландыру уақытша тоқтағаны туралы ақпаратқа қарамастан, оның қарсыластары жобаны түпкілікті тоқтатуға тырысқан әрекеттерін доғарған жоқ. Интернетте «Көкжайлау» курорты құрылысына қарсы ашық хатқа қол жинау әлі жалғасып жатыр. Тау шаңғысы курорты құрылысын жүргізуге қарсы уәж-дәйектер келтірілген хаттар елдің заң шығару және атқару билігіне қазан айында қайта жолданды.
Азаматтық белсенділер өз мүдделерін сотта да қорғап жүр. Қазан айының соңғы аптасында «Көкжайлау» тау шаңғысы кешеніне жол салу» жобасының «Қоршаған ортаға әсерін бағалау» мемлекеттік экологиялық сараптамасының ұйғарымын заңсыз деп танып, оның күшін жою туралы «Зеленое спасение» (Жасыл қорғау - ред.) экологиялық қоғамының талап-арызы бойынша сот отырысы өткен. Белсенділер әлгі талап-арызды сотқа шілденің 8-і түсірген. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот арызды қабылдамай қойған соң қоғамдық экологтардың Алматы қалалық сотына жүгініп, арнайы шешім шығартуына тура келген. Қарашаның 5-і күні өткен қорытынды отырыста сот белсенділердің талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты. Енді «Зеленое спасение» қоғамы мұның себебі негізделген жазбаша шешімді күтіп отыр.
Тау шаңғысы курорты жобасын уақытша тоқтату шешімі шыққаннан кейін «Зеленое спасение» қозғалысы белсенділері Көкжайлау шатқалындағы орман қорына зиян келтіру мен курорт салынатын жердегі Қызыл кітапқа енген ағаштарды (Сиверс алма ағашын) отауға байланысты іс қозғауды талап етіп прокуратураға арыз берген. Қозғалыс мүшелері тау шаңғысы курорты жобасын мүлде тоқтатып, Іле Алатауы ұлттық табиғи бағы айналасында арнайы қорғалатын аймақ құруды және Көкжайлауды осы бақтың құрамына қайтаруды талап етеді.
Мақаланы қазақ тіліне аударған - Айжан Оралғазина.