Қыркүйектің 21-і Байтұрсынов пен Қарасай батыр көшелері қиылысында трамвай 14 көлікті соғып өтіп, төрт адам зардап шекті. Қазанның 13-і Мақатаев көшесінде трамвай тағы 14 көлікті соғып, үш адам ауруханаға түсті. Жансақтау бөліміне жатқызылған бір адамның миына ауыр зардап келгені хабарланды.
Қазанның 30-ы күні «Алматы электротранс» мекемесі трамвай депосы жұмысы қазанның 31-інен бастап тоқтағанын мәлімдеді.
Жергілікті блогерлермен кездесуінде қала әкімі Бауыржан Байбек 78 жыл тарихы бар трамвай депосы жұмысын тоқтату шешімін «ескірген трамвайлар қазір қауіпті» деп, «адам өлгенше күтіп отыра алмайтынымен» түсіндірді.
Оқи отырыңыз: Алматы трамвайының тарихы
Қала әкімдігі трамвай депосының жұмысын тоқтатуға «қазан айында жүргізілген тексеріс қорытындысы себеп болғанын» мәлімдеген болатын. Тексеріс нәтижелеріне қарағанда, «трамвай рельстерінің бірігер тұстары 50 миллиметрге дейін алшақтап, рельстер 2-2,5 сантиметрге дейін жұқарған, ағаш шпалдары шіріген. Трамвай вагондарының да доңғалақтары желінген. 2014 жылы вагондар 20 рет рельстен шыққан. Ал биыл сегіз айда 43 рет рельстен шығып кеткен».
Оларды тоқтату шешімін «трамвайдан қорқа бастаған» кейбір тұрғындар құптаса, кейбірі қарсы болды. Мәселен, Алматыда тұратын 62 жастағы зейнеткер Бақыт Тойшыбекова трамвайдың тоқтағанына «қайран қалғанын» айтады.
- Қалада трамвай жолы бар көше бірнешеу ғана. Әсіресе таңғы және кешкі көлік кептелісі кезінде жұмысқа барып-қайтуға ыңғайлы еді, - дейді ол.
Ақсай ықшамауданынан қала орталығындағы жұмысы мен Көк базарға трамваймен қатынап келген Бақыт Тойшыбекова оны «қауіпсіз көлік» санайды, әрі «үйреншікті трамвайларын» қимайды.
ТҰРҒЫНДАР ХАТЫ МЕН БАЙБЕКТІҢ «ЖОСПАРЫ»
Қазан айының соңында Алматы тұрғындары трамвайды сақтап қалу жөнінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдау үшін қол жинай бастағаны интернетте жария болды. 100-ге жуық қала түрғыны қол қойған хатта олар трамвайды одан әрі дамытуды сұраған. Хат авторлары тіпті «трамвайды тоқтату идеясын аумағы төрт гектар депо орналасқан жерге көзі түскендер шығарған болуы мүмкін, сондықтан депо орнында сауда орталығы пайда болса таңғалуға болмайды» деп те болжайды.
Әзербайжан фотографы Мирнаиб Хасаноглудің «Соңғы трамвай» фотогалереясы (Баку қаласы трамвайдан 2004 жылы бас тартқан):
Сан-Францискодағы трамвай (фотогалерея):
Алматы қалалық жолаушылар көлігі басқармасы бастығы Дәурен Әлімбеков таяуда БАҚ-қа берген сұқбатында бұл қауесетті жоққа шығарып, «болашақта трамвай депосы жұмысы қайта жандануы мүмкін» екенін айтты. Бірақ оның орынбасары Ерлан Әділов қарашаның 3-і күні Forbes.kz сайтына берген сұқбатында трамвай жолын қалпына келтіруге қанша қаржы жұмсалатынын айта алмай, «оның орнына 50-70, тіпті одан да көп автобус сатып алған тиімдірек екенін» тұспалдаған.
Ал қала әкімі Бауыржан Байбек сөзінен оның трамвайды қоғамдық көлік санамайтыны аңғарылады. «40 минут сайын жүретін екі трамвай бағыты – өткенді аңсау, тарихи құндылық. Бірақ Ол көлік құралы емес» деген Байбек осы «тарихи құндылықтың» бір тармағын (трамвай маршрутын - ред.) ғана сақтап қалу туралы айтқан. Ол осы тармақтың өзін жаңартуға «екі миллиард теңге кететінін», ал ол қаражатқа «50 жаңа автобус сатып алуға болатынын» ескертіп, Төле би көшесі бойындағы маршрутты (12 трамвайымен қосып – ред.) сақтап қалу шешімі «тұрғындар көңілінен шығады деп ойлайтынын» білдірген. Алайда қала әкімі де бұл болжамының қашан іске асатынын нақты айтпады.
САРАПШЫЛАР ПІКІРІ
Азаттық тілшісімен сөйлескен сарапшылар трамвайдың экологиялық таза көлік екенін айтады. Мұхамеджан Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникация академиясының көлік тасымалын ұйымдастыру, көлік қозғалысы және оны пайдалану кафедрасының меңгерушісі Лейла Вахитова «тасымалдау мүмкіндігі жоғары және экологиялық тұрғыдан таза» екенін айтқанымен, Алматы трамвайының қазіргі жағдайында оны жөндеудің шығыны көп екенін мойындайды.
Кесте уақытынан кешікпей жүретін Прага трамвайлары (видео):
Your browser doesn’t support HTML5
- Әрине, Алматының қазір тозып тұрған трамвай паркіне көп шығын шығаруға тура келеді. Бірақ кейін ол өзін-өзі ақтайды деп ойлаймын. Өйткені Алматы қаласында жолаушылар көп, - дейді ол.
Ал теміржол тасымалын ұйымдастыру саласы маманы Мәдениет Көбдіков «Алматыда трамвайдың уақыты өтті» деп есептейді. Оның сөзінше Алматыда соңғы жылдары жолайрықтар салған кезде трамвай жолы ескерілмеген.
- Трамвайды қаланың бас жоспарымен бірге дамыту керек еді. Алайда көлік кептелісін жою үшін салған жолайрықтар керісінше трамвайға кедергі болды. Сондықтан, трамвай жолы ұзару орнына қысқарды. Көше ортасындағы трамвай жолына артық жол ретінде қарайтын көзқарастар пайда болды, - дейді ол. Оның сөзіне қарағанда, «трамвай тасымалын доғарып, метроға арқа сүйеген дұрыс болуы мүмкін».
Астанадағы көлік және коммуникация комитетіне қарасты теміржол көлігін бақылау-қадағалау басқармасы қызметкерлері «трамвай көлігі жергілікті әкімдіктер құзырына берілгенін» айтады. Ал Алматы қалалық әкімдігі өкілдері телефон арқылы жауап беруден бас тартып, хат жолдауды сұрады.
Теміртау қаласында трамвай 1959 жылдан бастап жүреді (видео):
Your browser doesn’t support HTML5
Алматы қалалық жолаушылар көлігі басқармасына хабарласқан Азаттық тілшісі трамвай депосы қызметінің қашан іске қосылатыны және оның қаржылық мәселелеріне қатысты сауалдарына жауап ала алмады. Аты-жөнін атамаған әкімдік өкілі трамвай қызметкерлерінің ендігі тағдыры не болатыны жөніндегі сұрақты да жауапсыз қалдырды. Алматы әкімі Бауыржан Байбек жоғарыда аталған сұхбатында «Депо қызметкерлері еңбекақысын сақтаймыз, жұмыс тауып беріп, қайтадан кәсіби дайындықтан өткіземіз. Қазір біз 200 троллейбус сатып алдық... Оларды өзіміз қайта оқытамыз және оқу мерзіміне еңбекақы төлейміз» деген еді.
Азаттық тілшісі Алматы қаласының Гоголь және Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы трамвай депосына да барды. Бұрын бір трамвай кіріп, екіншісі шығып жататын қарбалас депода тырс еткен қозғалыс көрінбеді. Деподан шыға берістегі теміржолды қалың сары жапырақ басқан. Депо сыртында отырған екі қарауыл Азаттық тілшісін «кіруге болмайды» деп, қақпа алдынан қайтарды.
1937 жылы Октябрь төңкерісінің 20 жылдығы қарсаңында Алматыда төрт трамвай бағыты ашылып, жол ұзындығы жеті жарым шақырым болған. 1985-1993 жылдары 12 маршрутқа дейін көбейіп, трамвай жолының ұзындығы 93 километрге, трамвай саны 198-ге жеткен. 2009 жылы Алматыдағы трамвай жолы үш бағытқа дейін азайса, депо жұмысы тоқтардың алдында №4 және №6 бағытында жүретін 12 трамвай ғана қалған болатын.