Алматыда Үкілі Ыбырайды еске алу кеші өтті

Үкілі Ыбырай өмірін зерттеуші Жұмабай Есекеев Ыбырай әнін айтып тұр. Алматы. 3 маусым, 2012

Репрессияның құрбаны болған дәстүрлі әнші «айдауда кетіп бар жатса да, үкіметті мойындамай, өзінің қарсылық өлеңдерін айтудан танбады» деді еске алу кешіне жиналғандар.
«Ханнан да қадірлімін туған елге» деген атпен маусымның 3-і күні Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қорының ұйымдастырған әнші Үкілі Ыбырайға арналған ән кеші өтті.

«ГӘККУ» ӘНІ ХӘКИМАҒА АРНАЛҒАН»

- Көкшетау өңірінен шыққан әйгілі төрт әнші-композитордың бірі - Үкілі Ыбырайдың бүгінге жеткен 46 әні бар. Тағы да бес-алты әні анықталып жатыр, - деді әнші, әрі дәстүрлі ән зерттеушісі Ерлан Төлеутай.

Оның айтуынша, Үкілі Ыбырайдың бір «Гәкку» әнінің алты нұсқасы бар екен.

– 1936 жылы Мәскеуде қазақ өнерінің 10 күндігінде Күләш апамыз осы «Гәкку» арқылы қазақ әнінің сұлулығын, кеңдігін, тереңдігі мен жарқындығын Еуропа халқына танытты. Ал «Гәкку» Хәкима есімді қызға арналып шығарылған, - деді зерттеуші.

Әнші Сәуле Жанпейісова Үкілі Ыбырай әнін айтып тұр. Алматы, 3 маусым 2012 жыл


Ерлан Төлеутай Үкілі Ыбырайдың анық туған жылы белгісіз екенін айтады. Деректерде 1858 бен 1860 жылдар шамасы деп көрсетілген. Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданы Сырымбет ауылында дүниеге келген Үкілі Ыбырай 1930 жылғы қарашаның 4-і күні «халық жауы» ретінде тұтқындалған.

Зерттеушінің айтуы бойынша «Үкілі Ыбырайдың нақты қай жерде атылғаны белгісіз».

ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН АҢЫЗДАР

- Ыбырайдың тергеу ісін сол тұстағы ГПУ-дің бастығы Жұмабай Шаяхметов жүргізген болатын, - деді Ерлан Төлеутай.

Көкшетаудан аталған ән кешіне арнайы келген қарт журналист Жұмабай Есекеев «Шаяхметов Ыбырайды ақтап алғысы келгендігін, бірақ екеуінің тіл табыса алмағандығын» айтты.

- Жұмабай оған: «Әй, шал, бетіңнен қайтып, мына үкіметті мақтап бір-екі ауыз өлең айтып жібер» деген екен өзінің құтқарғысы келіп отырғанын білдірмей. Сонда Ыбырай:

«Тұлпарларды мінгізген,
Жал-жаяны жегізген,
Барқыттан киім кигізген,
Сұлуларды сүйгізген,
Идраномайт Николай.

Зерттеуші Жарқын Шәкәрім Үкілі Ыбырайдың ән кешінде сөйлеп тұр. Алматы. 3 маусым, 2012 жыл.

Мәстектерді мінгізген,
Тайынша-торпақ жегізген.
Түрегелтіп с...ген,
Кенептен шалбар кигізген,
Спасибо, көменес» депті алған бетінен қайтпай, - деді Жұмабай Есекеев.

– Әншінің алған бетінен қайтпайтындығын көрген Шаяхметов еріксіз айдатып жіберіпті. Айдауда кетіп бара жатып әнші:

«ГПУ деген сотыңыз,
Жүріп тұр ғой ход-ыңыз.
Өңкей шалды айдатып,
Қисайды ма к...ңіз» депті, - деп қосып қойды сөзінің соңында ол.

«Жетпіс жасында «халық жауы» болып атылып кеткен үкілі Ыбырайдың соңғы әні еді» деп Жұмабай Есекеев:

- Айқайлап ән саламын халқым енді,
Кең заман маған тарын дүние болды.
Атығай-Қарауылға тегіс сәлем,
Тыңдаған жан болса егер бұл өлеңді, - деп басталатын «Қоштасу» әнін орындады.

Your browser doesn’t support HTML5

Үкілі Ыбырайдың "Қоштасу" әні