Бастамашыл топ жетекшісі референдумды қолдап екі жарым миллион қол жиналғанын айтады

Президент Назарбаев туралы әлеуметтік жарнамалардың бірі. Алматы, 7 қаңтар 2009 жыл

Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың айтуынша президент Назарбаевтың өкілетін ұзарту туралы референдум өткізу ұсынысына қол қою демалыс күндері де қарқынды түрде жалғасқан. АҚШ үкіметі бұл ұсынысты кері кету деп бағалап отыр.

Қаңтардың 4-і күні Азаттық радиосына сұқбат берген Ерлан Сыдықов Қазақстан президентінің өкілетін 2020 жылға дейін ұзартуды қолдайтын бастамашы топтың жетекшісі ретінде 2011 жылдағы алғашқы 9 күн ішіндегі жұмыс нәтижесін жариялады.

«Бүкіл Қазақстан бойынша, 2 миллион 595 мың адамның қолы жиналды. Бірден осылай көбеюінің себебі - бастамашыл топ демалыс күніне, Жаңа жылға, аязға қарамай белсенді жұмыс істеді. Оның үстіне демалыс күндері олардың қолдары бос болды», - деді топ жетекшісі, Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов.
Мұның бәрі тексерілген қолдар саны ғана, әлі жүздеген мың адамның қолы тексеріліп жатыр.

Сыдықовтың айтуынша мұның бәрі тексерілген қолдар саны, әлі жүздеген мың адамның қолы тексеріліп жатыр. Бастамашыл топ жетекшісі қол жинау науқанын қаңтардың 10-ы немесе 11-і аяқтап, төрт миллионға жуық қол жинап бір-ақ тоқтамақшы. Ол, әсіресе, студент жастардың белсенділігіне разы екенін атап өтті.

АҚШ ҮКІМЕТІНІҢ РЕАКЦИЯСЫ

Қаңтардың 4-і күні бұқаралық ақпарат құралдарына таратылған хабарламада АҚШ үкіметінің Қазақстан азаматтары мен лауазымды тұлғаларының президент Н.Назарбаевтың өкілеттік мерзімін 2020 жылға дейін ұзарту мәселесі бойынша референдум өткізу жөніндегі ұсынысын мұқият қадағалап отырғаны жазылған.

Мәлімдемеде желтоқсанның басында Астанада Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының саммитін өткізе отырып осы ұйымның төрағасы ретінде Қазақстан демократия жолында ілгері қадам басу жөніндегі міндеттемесін қайта қуаттады делінген.

«Қазақстанның конституциясы кепілдік берген президент сайлауының орнын алмастыратын республикалық референдум Қазақстан демократиясы үшін кері шегініс болады деп санаймыз. Қазақстан үкіметі мен азаматтары өздерінің халықаралық міндеттемелеріне құрметпен қарап, еркін және әділ сайлау өткізуге күш салуын маңызды деп есептейміз», - деп жазылған АҚШ үкіметінің ресми ұстанымын көрсететін құжатта.
Республикалық референдум Қазақстан демократиясы үшін кері шегініс болады

Астанадағы АҚШ елшілігі баспасөз бөлімінің хабарлауынша, бұл ақпарат БАҚ-қа арнайы таратылған АҚШ үкіметінің ресми ұстанымы, һәм осы мәселе бойынша соңғы сөзі.
Бастамашыл топ жетекшісі Ерлан Сыдықов бұл мәлімдемеге қатысты «Азаттық» радиосына былай деді:

- Әр ел өзінің пікірін білдіруге міндетті, әр ел өз ойындағысын сол өз елінің заңы бойынша атқаруға құқылы. Бұл демократияның көрінісі. Біздің атазаңымыз бар. Өз тағдырымызды өзіміз шешуге қолымыз жетті. Ең басты құндылық сол. Біз бұл жерде ешқандай да демократияны бұзып отырғанымыз жоқ. Ешқандай да ата заңымызды бұзып отырғанымыз жоқ. Қалыптасқан, қабылдаған заңымыздың аясында жұмыс істеп отырмыз.

ЖЕТІ АДАМНЫҢ ҚҰДЫРЕТІ

Былтырғы желтоқсанның 23-і Өскеменде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізуді қолдаушылар қоғамдық жиын өткізіп, бастамашыл топ құрған еді. Бастамашыл топтың референдум өткізуді қолдап қол жинау туралы өтінішін желтоқсанның аяғында бір-ақ аптаның ішінде әділет министрлігі қарап, парламент мақұлдап, орталық сайлау комиссиясы куәландырып үлгірген еді.
Қол жинау туралы өтінішті бір-ақ аптаның ішінде әділет министрлігі қарап, парламент мақұлдап, орталық сайлау комиссиясы куәландырып үлгірген.

Азаттық радиосына сұқбат берген Ерлан Сыдықовтың айтуынша бұл бастама жоғарыдан берілген тапсырма емес, шығыс қазақстандық жеті адамның идеясы. Бұл жеті адам өз қаржысына басқа да облыстарды аралап, ниеттес адамдардың көп екеніне көз жеткізген. Сосын арнайы қор құрып, өздері Өскеменге шақырған кейбір делегаттардың шығынына дейін көтеріп алған.

Қазақстан республикасы конституциясының 44-ші бабының 10-шы тармағына сәйкес референдумды өткізу, я өткізбеу бойынша түпкілікті шешімді президент қабылдайды. Егер референдумда бұл мәселе мақұлданса, онда Қазақстанда 2012 жылы өтуі тиіс президент сайлауы болмай, Нұрсұлтан Назарбаев тағы он жылға билік басында қала береді.

Ерлан Сыдықовтан алынған сұхбатты алдағы күндері жарияламақпыз.